Шымкенттегі «Даңқ» мемориалы ТМД аумағындағы ең биік ескерткіштердің бірі

165 рет оқылды
0

Шымкенттегі Даңқ мемориалының жалпы аумағы 2 гектарды алып жатыр. Мұны соғыс ардагерлерінің құрметіне орнатылған ТМД аумағындағы ірі ескерткіштердің қатарына жатқызуға болады.

Аумағы 20 мың шаршы метрді қамтыған тарихи кешенде оңтүстік өңірден сұрапыл соғысқа аттанған барлық жауынгерлердің есімдері тасқа қашалып жазылған, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Жеңістің 65 жылдығында салынған кешеннің ортасына «Жұлдыз» ескерткіші орнатылып, айналасындағы гранит қабырғаға облыстан шыққан Кеңес Одағының 51 Батыры мен Даңқ орденінің 8 иегерінің есімі жазылған. 140 000-нан астам есім жазылған жан-жағындағы тақтайшалардың көлемі 200 метр болатын Даңқ Аллеясы композицияны жалғастырады. Жауынгерлердің тізімінен қан майданда хабарсыз кеткен жауынгерлердің де аты жөнін табуға болады.

Себебі, Екінші дүниежүзілік соғысқа Оңтүстік Қазақстан облысынан 140 мыңдай адам аттанған болса, соның жартысына жуығы қан майданнан оралған жоқ. Соғысқа қатысқандардың тізімін толықтыруға қажетті мәлімет тірнектеп жиналған. Облыстың әскери комиссариаты Ресейдегі мұрағаттармен байланысып, Оңтүстік Қазақстандық ардагерлерге қатысты барлық мәліметті алуға тырысқан. Композицияны кәдімгі жауынгерлік ұшақ жалғастырып тұр.

Барлық соғысқан оңтүстікқазақстандық жауынгерлердің есімін қара гранитке түсіру сол кездегі облыс әкімі Асқар Мырзахметовтің ұсынысы болатын. Ол ұсынысты облыстың барлық кәсіпкерлері қолдап, жалпы құны 220 млн. теңге болған ескерткіштің құрылысына ақша бөлген еді. Мемориалға жақын маңда Ауғанстан соғысында опат болған жауынгерлердің құрметіне арналған әскери техникалардың ашық аспан астындағы мұражайы орналасқан. Осылайша 2010 жылы облыс орталығынан Даңқ мемориалының ашылуы Оңтүстік Қазақстан облысының ардагерлері үшін үлкен сыйлық болды.

Тарихи кешенді жаңғыртып, үлкейтуге қазынадан 262 миллион теңге жұмсалған болатын. Ескерткіш кешен бүгінде Шымкенттегі көрнекті орындарының бірі ғана емес, тұрғындардың тағзым ететін жеріне айналып отыр.

 

 

comments powered by HyperComments