Шығыс Түркістанның үш шаһары немесе 4 күнде 2340 шақырымды қалай жүріп өттік?

270 рет оқылды
0

Биылғы жыл біздер үшін сәтті басталды. Өткен жылдың соңында қазақ тарихының сорабын іздеп, Мажар еліне іссапарға барған болатынбыз. Наурыз айының басында аяқ астынан Қытай еліне жолымыз түсті. Төрт күнге созылған сапар барысында біршама тың деректерге қол жеткіздік.

Астана мен Үрімші арасындағы қашық­тықты қоспағанда, 2340 шақырымға созылған Қытай сапарынан қоржынымыз тың деректермен біраз толықты. 8 наурыз күні Астанадан шығып, екі сағатта Үрімшіге жеткен соң, тікелей мұнайлы өлке Қарамай қаласына тарттық. Тақтайдай тегіс жолмен зырғып отырып, Шығыс Түркістандағы мұнайлы қалаға үш сағатта жеттік. Жүргізуші Серікпен сөйлесіп, үш жүз шақырымдық ұзақ жолдың қалай қысқарғанын байқамай қалыппын. Серіктің атасы кезінде Үрімші қаласының полициясын басқарған тұңғыш қазақ екен. 1992 жылы дүние салған Ақтай ақсақалдың жолын қуған ол жеті жылдай полиция академиясында тәлім алып, бір-екі жылдай осы салада тер төгіпті. «Кейінірек бизнеске ауысып кеттім. Қытай мен Қазақстан арасындағы іскерлік қатынасқа дәнекер болып жүрмін» деген оның сөзі құптамауға тұрарлық еді.

Қарамайда бізді қала прокурорының бірінші орынбасары Мәден бекетке келіп, арнайы күтіп алды. Қонақүйге жайғасып болған соң, «Ақ Орда» деп аталатын жергілікті қазақтардың дәмханасына барып, жергілікті қазақтармен етене-жақын таныстық. Көңілге жылу ұялатқан бір жайт, 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күнін тойлап жатқан қазақтың қыз-келіншектерінен бізде ұмыт бола бастаған әйелдер айтысын, ән сайысын көріп, таспаға түсіріп алдық. Ертесіне осындағы кәсіпкер Сейсенхан ағамыздың шаңырағында қонақ болып, Қарамай мұнай музейіне жол тарттық. Ашық аспан астындағы музей ғажап-ақ. Ашық аспан астында мұнай көздері бұлақ секілді бұрқ-сарқ қайнап жатыр. Осы қоймалжың сұйықтық үшін қаншама адамның қаны төгіліп жатыр деген ойға батып біраз тұрдым. Атам замандарда қазақтар бұл жердегі мұнайды өзгеше тәсілмен өндіріп, арбаларын майлап, қойларын құрттап, сапалы мұнаймен майшам мәселесін оңай  шешіпті. Бертініректе Сәлім дейтін дұңған-ұйғыр ұлтының өкілі «мұнай орнын тапқан мен» деп бар атақты өзіне теліп кетсе керек. Есегіне мініп, дутарын қолына ұстаған Сәлім ескерткіші енді Қарамай қаласындағы мұнай музейінің төрінде тұр. Тарихқа қиянат деген осы шығар, бәлкім?

Қарамайда бір күн аялдап, Үрімшіге көлікпен кері қайтып, Құмыл қаласына сапар шектік. Алты жүз шақырым аралықты жүрдек пойызбен үш жарым сағатта бағындырдық. Қауіпсіздік пен қызмет көрсету өте жоғары деңгейде. Теміржол бекетіне кіру үшін төрт, ішке кірген сәтте екі тексерістен өтіп, біраз шаршадық. Заманауи үлгідегі пойызда бар жағдай жасалған. Теледидар, түрлі сусын, желдеткіш пен жайлы орындықтарды көргенде, «Шіркін-ай, осындай пойыздар кең даламыздың батысы мен шығысын, солтүстігі мен оңтүстігін жалғаса» деген тәтті арман көңілде қылт етіп, қайтқанша маза бермеді. Қытайша «Хами» деп аталатын қалада бір күн болдық. Шағын болғанымен, таза әрі көркем қала көрінді. Мұнда соғылып жатқан көп қабатты үйлерде есеп жоқ және олардың барлығы қаңырап бос тұр. Жергілікті жұртпен тілдескенде ұққаным – Ішкі Қытайдан біраз халықты осы маңайға әкелмек екен. Міне, саясат қайда жатыр?

Жергілікті «Құмыл алқабы» жур­на­лы­ның Бас редакторы Биғабыл ағамыз ерекше ықыласпен күтіп, бізбен біраз сұхбаттасты. Ертесіне тау асып, Баркөл қаласына жеттік. Хантәңірі тауының ара­сын тесіп, айналма жол соққан Қытай үкіметіне таң қалмасқа шараң жоқ. Ой-шұқыры көрінбейтін асфальт жолдан ақау таппасыңыз анық. Осының ар­қа­сында жүз елу шақырым қашық жатқан Баркөлге бір жарым сағатта жеттік. Теңіз деңгейінен 1600 метр биіктікте жатқан қазақ қаласы есте жоқ ескі заманда көне Ғұн империясының жаз жайлауы болған деседі.

24 рудың басын біріктірген ғұн елінің көзі саналатын «Ғұн сайын» көзбен көріп, тариxты тікелей түйсіндік. Кітаптан оқыған бір бөлек, көзбен көргеннің әсері тіптен  басқа. Заманында Баркөл Күнби патшалығының да ордасы болып, біраз дүркіреген. Бүгінде қазақ аутономиялық ауданының орталығы. Қалада шамамен алпыс мыңдай адам тұрса, соның үштен бірі – қазақтар.

Барын алдымызға тосқан баркөлдік ағайындардың ықылас-пейіліне разы болып, құрылысына 1 млн 300 мың юань жұмсалған осы өлкедегі жалғыз қазақ музейінде біраз бөгелдік. Тек кітаптан оқып, атын естіген қазақтың қаншама мұрасын көзбен көріп, қолмен ұстадық. Құмай құстың терісінен тігілген шекпенді көрдік. Басқа жерде мұндай жәдігер кездесе қоймас. Қазақта «кебін киген келмейді, кебенек киген келеді» деген сөз бар. Кебенек дейтін киімді де  осы музейден көрдік. Екі иығына жылқының қылын қосып тіккен сырт киімді қазақтар жаңбырлы күндері киген екен. Манат дейтін суретші осы музей үшін біраз жүгіріпті. Қазір осы мекеменің директоры. Мамандығы музей саласына қатысты болмаса да, қазақтың өткеніне деген қызығушылық оны әуесқой суретшіден кәсіби музей маманы етіп шығарған. Нәтижесінде – қазір бірегей  музейдегі он үш адам өткен күндердің жәдігерлерін бүгінге жеткізумен айналысып отыр. Ал Манат аға мұнымен тоқталып қалмай, қазақ этнографиялық саябағының құрылысымен де жүгіріп жүр екен. Сол үшін Қытай үкіметі әжептеуір қаржы бөліпті. Жалпы байқағаным, «Хансу елі» қазақ мәдениеті мен тариxын сақтауға ерекше көңіл бөліп отырған сияқты.

Баркөлдегі бар шаруаны бітіріп, Құмыл қаласына келіп, тағы бір күн аялдағанымызда Үрімшіден филантроп Оралбек Ботбай мырза келіп жетті. Кәсіпкер ағамызды жергілікті ағайындар өте жақсы қарсы алды. Құмкөл өлкесінің тарихы қанға толы тарих.

Мысалы, 1924 жылы дүниеге келген Қапан Сәмбілұлы – 1938 жылы Ганьсу өлкесіндегі дүнгендерді сағалап барған қазақтарға жасалған зорлық- зомбылықты  көзбен  көрген, қанды оқиғалардың бүгінгі тірі куәгері. Жергілікті дүнгендер қазақтардың жылқыларын «үйретеміз», ержеткен 800-ге жуық ұлдарын «оқытамыз» деп сыпыра жинап алады. Сол 800 баланың 200-ге жуығы ғана тірі қалады. Қалғаны зауыттарда мата тоқып, биттеп-құрттап, аштықтан қырылады. Зауыттан қашқан қазақ балаларын ұстап алып, тізелерінің сіңірлерін кесіп, тобықтарын балғамен ұрып, тірідей мүгедек еткен. Мұндай тарихты қалай жазбауға болады? Осының бәрін басынан өткізген Қапан атамыздың айтқандарын естігенде жыламай тыңдау мүмкін емес.

Ал жасы 90-ға келген Мүсірепxан апамыз 10 жасар кезінде әкесін көз алдында қылышпен кескілеп, анасын атып тастайды. «Таңертең басталған қырғын кешке дейін жалғасты. 1 жасар інімді кеудеме қысып, көкем мен апамның қан-қан мәйіттеріне қарап, көз байланғанша үнсіз жылап жаттым» деген апамыз бір әулеттің оты сөнбесін деп, бір дүнгеннің есігінде күң болып, бауырын аман алып қалады. Апамыздың бауыры ержетіп, үйленген соң, Түркия асып кетеді.

Айта берсең, бұл жақтың тариxы терең. Әттең, уақыт тығыз болып, көп нәрсені жазып ала алмадым. «Шіркін-ай, 1-2 ай жүрер ме едік, біршама тариxты жазар едік» деген біздерді Оралбек ағамыз: «Жазға жуық тағы бір келеміз. Иран, Үндістан, Пәкістан қазақтарын бірге аралаймыз», – деп жұбатып қойды. Иә,  бұл қазақтың басынан қандай қиын күн өтпеген. Жеті қазақ дүнгендерден қашып келе жатып, қоршауға тап болып, тұтқынға түспейміз деп өздерін атқанда алтауы өліп, оқ жетпей тірі қалған Алтынбек ақсақалдың өмірінің өзі неге тұрады?!

Бұл сапардан басты түйгенім – қазақтай қиыншылық пен қорлықты көп көрген қайсар xалық жер бетінде әй, жоқ шығар?! Тариxымыз бен түбімізді зерттей берсең, таусылмайтын кен секілді, қазған сайын шыға береді.

P.S. Бұйырса, жазға таман Қытай еліне тағы бір келуіміз мүмкін. Қашқар мен Құлжа, Шәуешекті аралау жоспарға жазылып қойды. Бәлкім, бұдан да қызық деректер табармыз.

 

Олжас БЕРКІНБАЕВ,

Астана-Үрімші-Қарамай-Құмыл-Баркөл-Астана

comments powered by HyperComments