Алматыда Наурыз дүбірлі тойға ұласады

188 рет оқылды
0

Алматыда 22 наурызда алғаш рет салтанатты шаралар бірден екі алаңда: «Астана» алаңы мен Атлеттер ауылында өтеді, деп хабарлайды Алматы қаласы әкімінің баспасөз қызметі.

«Ұлы даланың Наурызы» мерекелік шарасына 700-ден астам әртіс қатысады. Олардың арасында шығармашылық ұжымдар, ағаш аяқтар (ходулис), дәстүрлі театр актерлері, солистер, би топтары бар. Бұлардан өзге бұқаралық «Көрісу» би флеш-мобы да өтеді. Концерттерге «Ялла» тобы, Айқын Төлепберген, Мөлдір Әуелбекова, Әли Оқапов, Әлішер Каримов, Маржан Арапбаева, Индира Еділбаева, «МузАРТ», «Аюми», «Voice» топтары, Рамазан Стамғазиев, Жасұлан Сақаев, Нұржан Жанпейісов, Еркін Шүкімәнов, «Сазген Сазы» фольклорлық- этнографиялық ансамблі, Айгүл Қосанова,«Қоңыр» тобы, «БАХЫТ KIDS» балалар хоры, «Отырар сазы» фольклорлық -этнографиялық ансамблі, «Алашұлы» тобы, «Жорға» би тобы, «Туған жер» би ұжымы, «Алан» тобы, Мәлика Есмұханбетова, «МузАРТ лайф»  тобы және басқалары қатысады.

Астана алаңына киіз үйлер, әр түрлі қостар, шатырлар тігіліп, Наурыз тақырыбына орай жасалған инсталляциялар орнатылады. Мерекеде «Мүшел» атты театрландырылған көрініс көрсетіліп, қазақтың көнеден келе жатқан «Самалық», «Түлік жыры» атты салт-дәстүрлі, ритуалды ән-жырлары орындалады.

Екі мерекелік алаңда да музыка аспаптарының, бүркіт пен тазының көрмесін көрсету жоспарланған. «Наурыз» мерекесі барысында бауырсақ пен «Наурыз көже» тегін беріледі. Мереке соңы кешкі бағдарлама мен отшашуға ұласады.

comments powered by HyperComments