«Әумин» дегені үшін сотталды

261 рет оқылды
0

Жаңаөзен қаласы тұрғындарының атышулы ісі мамандандырылған ауданаралық сотында қаралды. Қорғаушы Ғалым Нұрпеисовтің айтуынша, тәртіп бұзушыларға айыппұл салынған деп хабарлайды Sputnik Қазақстан

«Біз тек қарарлық бөлігін ғана естідік, сот дәйектемесі туралы білмейміз. Бірақ, сот олардың бәрін айыпты деп тауып, әкімшілік құқық бұзушылық жасағаны үшін 409 баптың 2 бөлімі “заңды діни қызметке кедергі келтіру” бойынша айыпталған. Олардың әрқайсына 50 АЕК, яғни, 113,5 мың теңге көлемінде айыппұл салынды”, – дейді қорғаушы.

Оның айтуынша, мемлекет ҚМДБ-мен бірлесе отырып дәстүрлі емес діни ағымның өкілдерімен күрес жүргізіп жатыр.

Алайда айыпталушылар «әумин» сөзін намаздан соң ғана айтқандарын алға тартыпты. Нұрпейісов тап осы мәселеге бола істің сотқа жеткеніне қайран қалған. Сол себепті де ол өз қорғалушыларының ісін қайта қозғап, шағым түсіруге дайын.

Айта кетейік, бұған дейін Жаңаөзен мешіттерінің бірінде намазға жығылғандардың бірі «әумин» деп дауыстап айтқаны үшін, сот оны 113 мың теңге айыппұл төлеуге мәжбүр еткен болатын.

Жергілікті имамның айтуынша, жамағат дауыстап «әумин» десе, Ханафи мәзһабының дәстүрін «бұзатын» көрінеді. Осыған шамданған имам әлгі жігіттің үстінен сотқа шағым түсіріпті.

comments powered by HyperComments