«Тұмар» жүлдесі 12 аталым бойынша табысталады

212 рет оқылды
0

Елімізде алғаш рет ұйымдастырылған «Тұмар» телевизиялық жүлдесі 12 аталым бойынша табысталады.

Атап айтқанда, деректі кино, ақпараттық, ақпараттық-талдамалы, музыкалық бағдарлама, әлеуметтік жоба, ток-шоу сынды номинациялар бар. Жеңімпаздан бөлек әр аталым бойынша 4 жүлдегерлерден марапатталады.

Байқау жарияланғалы 1 ай өтті. Елдің түкпір-түкпірінен 200-ден аса эфирге шыққан телевизиялық жобалар келіп түскен. Олардың бәрі сұрыпталды, сарапталды. Жеңімпаздар жасырын дауыс беру арқылы анықталды. Әрине, үздіктерді іріктеу оңай іс емес. Телевидениенің жілігін шағып, майын ішкен нағыз майталмандар қазылық етті.

Әділқазылар алқасы 13 адамнан тұрады. Олардың арасында публицист Ғаділбек Шалахметов, Президент телерадиокешенінің Бас директоры Ерлан Бекхожин, Қазақстандық баспасөз клубының президенті Әсел Қараулова, танымал журналист Нұртілеу Иманғалиұлы және Мәжіліс депутаты Ирина Аронова мен сенатор Жабал Ерғалиев, Арман Шораев, Бибігүл Жексенбай, Александр Аксютиц сынды сала мамандары бар.

Айта кетейік, «Тұмар» бәйгесі туралы бастаманы көтерген – Ақпарат және коммуникациялар министрлігі. Жобаның мақсаты – жегені жаңтақ, арқалағаны алтын ақпарат саласының қызметкерлерін жігерлендіріп, отандық телевидениенің дамуына серпін беру. Елімізде бұрын-соңды телевизия саласында мұндай ұлттық деңгейдегі байқау өткізілмеген.

comments powered by HyperComments