Тазалық талаптарын сақтамаған ОҚО кәсіпкерлері 177 млн айыппұл төледі

148 рет оқылды
0

Оңтүстік Қазақстан облысында тазалық талаптарын сақтамағаны үшін кәсіпкерлерге 177 млн теңге айыппұл салынды деп хабарлайды ҚазАқпарат. 

Әсіресе жекелеген медициналық мекемелер мен қонақүйлерде, шаштараздар мен моншаларда  санитарлық тазалық талапқа сай емес. Бұл туралы бүгін Облыстық тұтынушылардың құқын қорғау департаментінің мамандары мәлімдеді.

Кәсіпкерлердің басын қосып, дөңгелек үстел өткізген мамандар жыл басынан бері осындай 4 мыңға тарта кемшілік анықталғанын айтады. Медициналық мекемелерде арнайы құрал-жабдықтар залалсыздандырылмай, қалдықтар қалай болса солай тасталып келіпті. Ал, мұндай кемшіліктер түрлі аурулардың тарап кету қауіпін тудыратыны белгілі.

Моншалар мен қонақүйлерде де жағдай мәз емес. Дер кезінде тазалық шаралары жүргізілмей, тұтынушыларға талапқа сай қызмет көрсетілмепті.

«Бүгінгі күнге дейін  кәсіпкерлерге 5467 дерек бойынша 177 млн теңге айыппұл салынды. Оның ішінде 1501 жоспардан тыс тексеру жүргізілді. Олардың барлығы тұтынушылардан шағым түскен соң қолға алынған жұмыстар. Біздің мекемеге азаматтардан осында арыз-шағымдар көптеп түсуде»,- дейді Облыстық Тұтынушылардың құқын қорғау департаментінің бөлім басшысы Наталья Бабякина.

 

comments powered by HyperComments