Наурызды қалай тойлаймыз?

188 рет оқылды
0

Күн мен  түннің  теңесіп,  жаңа  күннің  келер басы  – Наурыздың  табалдырықты  аттайтын сәтіне  де  санаулы-ақ  күндер қалды.  Жыл құсындай  сағынысып көрісетін бұл мерекеге  деген жұртшылықтың  ықыласы  тіптен  ерекше. Шығыстың  осынау  Жаңа  жыл мерекесін қызықты  өткізуде  соңғы  оншақты  жылда  біршама  тәжірибе  де  жинақтала  бастады.  Осыны  ескерген Үкімет біраз жыл бұрын жаңа  заң  қабылдап,  Наурыз мерекесін үш күн тойлау  туралы  шешім  шығарды. Сондықтан осы  орайда  қазақтың  қандай  жақсы  дәстүрлері  бар,  соның  жақсысын қабылдап,  наурыз айында  көрсетуіміз керек-ақ. Алайда  ойласып шешер,  көп болып кеңесіп пішер олқы  тұстарымыз да  жоқ емес.  Сондықтан да,  Ұлыстың  ұлы  күні  – Наурыз мерекесін қай  деңгейде  өткізу  керектігі,  қалай  еткенде  ұлттық мерекеміздің  ұлттық ерекшелігі  айшықтала  түсетіні төңірегінде  ой-пікір ұсынысымызды  бүкпесіз ортаға  салғанымыз жөн болар.

Наурыз ұлттық мереке болғандықтан, осы  тойда  біркелкі ұлттық киім  киіп  шықсақ,  қандай  ғанибет?! Өйткені  қазақтың киімін талғаммен  әрі қонымды етіп кие білсек, мәдениеті жоғары  моданың отаны  деген елдердің киім үлгісінен бір кем  емес. Сондықтан ұлттық киім  үлгілерін қалпынан айнытпай тігіп, ұлттық мерекемізде  киіп шығып,  насихаттай  білгеніміздің  ешқандай  да сөкеттігі жоқ шығар.  Олай болса  тарихымыз бен мәдениетіміздің,  талғамымыздың белгісіндей ұлттық киімді көздің қарашығындай сақтау,  ғасыр тереңінен сыр толғайтын үлгілеріне  қиянат жасамау, келістіріп тігіп кие  білу – баршамыздың парызымыз. Мұны тәптіштей айтып отырған себебіміз, жыл сайынғы Наурыз мерекесінде ұлттық киімімізді таба алмай, тани алмай, әйтеуір оюмен әдіптелген шапан мен тақияны киіп  шыға салуға мәжбүр болып жүргеніміз жасырын емес.

Сондай-ақ, Наурыз мерекесінде ағаш отырғызу мен көшелерді, үйлердің  айналасын тазалауды да қолға алу керек. Наурыз сайын шағын аудандар мен көшелер арасында тазалық үшін шаралар өткізілсе, үйлер үлгілі ұсталар еді, көше аулалары  таза  болар еді. Ал тазалық – денсаулық кепілі екені айтпаса да белгілі.

Сонымен қатар, өткен жылды  қоры­тын­ды­лауды да Наурыздан бастаған ләзім. Жылдың  үздік  адамын таңдап, жылдың таңдаулы шығармаларын анықтауды да  Наурыздан бастаған жөн. Осы  үрдістің бәрі наурыз айында жүзеге  асса, сонда ғана бұл мерекенің маңызы артар еді.

Тағы бір ескерер жай,  бүгінде  көптеген қазақ қыздары  ұлттық тағамдарды  жасай  алмайды.  Олай  дейтін себебіміз – әр елдің  ұлттық тағам  даярлау технологиясында  көптеген өзгешеліктер бар. Мәселен, қазақ бұрын бір сүттің  өзінен қанша  тағам  жасаушы  еді: қатық,  айран,  балқаймақ, құрт, уыз, ақ ірімшік, сары  ірімшік, сүзбе, тұз құрт, егежей, сықпа, сірке  қымыз, шұбат, томыртқы… Сол сияқты еттен, ұннан, жемістен сан алуан тамақтың түрлерін дайындаушы еді. Ал наурыз көжені тоя ішу «жыл бойына  тоқшылық болсын» деген ұғымға  саяды. Әдетте  наурыз күні  қасиетті  дәмнен алыс сапарда жүрген адамдарға сыбаға  сақталады.

Қазір наурыз көжені де дұрыстап пісіре  алмайтын қыз-келіншектеріміздің осы жағын ойлағандары жөн. Өйткені ұлттың рухани саулығын сақтау  үшін ана  тілің  қандай  қажет болса,  тән саулығын сақтау  үшін ұлттық тағамды  тұтынудың маңызы соншалықты. Осы ретте дастарқанымызда ұлттық тағамымыздың мол болғаны жөн дер едік.

Сондай-ақ, кейбір қыз-келіншектеріміз  киіз үй  тігудің  өзіне  шорқақ екенін де  жыл сайынғы  Наурыз мейрамына дайындық барысында  байқап  та, көріп те жүрміз. Әрине, салт-дәстүрді  қайта  жаңғыртып жатқан уақытта жастарымзға  осының бәрін үйретуге тиіспіз.

Наурыз мейрамында тігілген киіз үйлерге  «комиссия» келеді  деп ешкімді  кіргізбей   немесе  үйдің  ішіне   сол «комиссия» мүшелерін толтырып,  есікті  ішінен жауып алатын да  жағымсыз әдеттеріміз әлі  қалмай  келеді.

Әдетте  Наурыз күні  адамдар бақай  есеп,  пендешілік  атаулыдан тазарып,  ар-ұжданы  алдында  арылуы  керек.  «Ұлық күні  алдыңа  келсе,  атаңның  құнын кеш», «Жақсылыққа жақсылық – жай  адамның  ісі,  жамандыққа  жақсылық – ер жігіттің  ісі» секілді  нақылдарды  өзек етіп,  ту  көтерген билер, ақсақалдар ат құйрығын кесісіп,  араға  жік  түскен  бауырлас  ел,  руларды,  ағайын,  дос-жарандарды, бір дастарқаннан  дәм  татқызып, табыстырған,  осылайша  ел бірлігін күшейткен.

Үйелменін тентіретіп жібергендерді  қайта  қосып,  жалғыз-жарым жетімдерді  үйлендіріп,  жеке отау қылған. «Сүйекке  таңба,  бетке  шіркеу  болмасын» деп,  кембағал,  мүгедектерді  жақын туыстарының қарауына арнайы  міндеттеп  тапсырған.

Алайда дастарқанға  қойылатын ұлттық жеті  түрлі  тағам  қатарына  сегізінші түрі  етіп арақ-шарапты да араластыра қоюды  әлі  де  ұмытпай  келеміз. Бұл мереке – араққа  сылқия  тойып  алып, көше ортасында  қисаңдап  жүретін мереке  емес.

Керісінше,  ел-жұрттың  көңілі  тоқ,  қайғысы  бір сәтке  ұмытылып,  әзіл-қалжың,  күлкісімен, ән-би,  өзге де ұлттық ойындар салтымен  ерекше  тойланатын мереке.  Алтыбақан басында  жастар түнімен  дәстүрлі  ойындар ойнайды,  айтысады. Бұл кеште айтылмаған ән, тартылмаған күй,  танылмаған шешен қалмайды. «Наурыз бата»,  «Наурыз-тілек» секілді ұлттық әдет-ғұрыптар дәріптеледі.

Қазіргі  кезде  ағайынды жақын­дас­тыратын әдет-ғұрыптар бұрынғы деңгейінде сақталмай  жүр. Кез келген дүниеден қазақтың ұлттық бояуы  өшіп барады. Сахнада  өнерін көрсетіп  жүрген әншілер де халық әндерін нақышына келтіріп айтамыз деп қожыратып барады. Рухы, діні, ділі мығым қазақ ұрпағы домбыраның  үнімен  өсуі  керек. Ұлттық аспаптың әуені  әрбір қазақтың  құлағында  жаңғыруы тиіс.  Қазір тіпті  әлемге қазақтың атын әйгілі еткен Қорқыттың  қобызының үні де құмығып естіледі. Осыны  қайта жаңғырту ләзім.

Иә, Наурыз мерекесін қай деңгейде  тойлағанымыз жөн?

 

Болат Шайманұлы,

Қазақстан Журналистер одағы

сыйлығының  лауреаты

comments powered by HyperComments