Еңбек нарығын жаңғырту – бәсекеге қабілеттілік бастауы

197 рет оқылды
0

«Нұр Отан» партиясының Саяси талдау және стратегиялық зерттеулер орталығында Елбасының «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» Жолдауы аясында «Еңбек нарығының жаңғыруы және мемлекеттік жұмыспен қамту саясатының басымдықтары» тақырыбында сараптамалық дөңгелек үстел өтті.

Партия хатшысы Фархад Қуанғанов Елбасы Жолдауында халықты жұмыспен қамту мен жаңа жұмыс орындарын ашу туралы нақты мақсаттар қойылғанын атап өтті. «Президент Жолдауында әлеуметтік-экономикалық жаңғыру саласында халықтың жұмыспен қамтылуы, өмір сүру деңгейінің жоғарылауы басты назарға алынған. Сонымен бірге, экономикалық дамудың жаңа моделін құру міндеттелген болатын. Ол қосымша жұмыс орындарының көптеп ашылуын қамтамасыз етіп, азаматтардың кірісін өсіреді. Жаңа индустрияларды салып, дамыту үшін 20 мың жұмыс орны қажеттігі болжанып отыр. Агроөнеркәсіп кешенін экономиканың жаңа бастаушысы ретінде дамытуға 500 мың үй шаруашылығы мен шағын фермалар қарастырылмақ», – деді партия хатшысы.  Сондай-ақ, Фархад Қуанғанов 2050 жылға қарай ЖІӨ бойынша елдерде шағын және орта бизнестің үлесін 50 пайызға жеткізу мақсаты алға қойылғанын тілге тиек етті.

«Сауап» жобалық-сараптамалық орталығының директоры Мүслім Хасенов еңбек нарығының жаңғыруы үшін тек қысқа мерзімді ғана емес, ұзақ мерзімді де жоспар керегін айтты. «Бұған өзін-өзі жұмыспен қамтитын топты институттандыру мәселелерін, алдағы 5-10 жылда еңбек нарығындағы нысанның өзгеруін, сондай-ақ, жаңа технологиялар мен демографиялық еңбек нарығының трансформациялану процестері мен мемлекеттік жоспарлау, болжау құралдарының әсерін жатқызуға болады. Демографиялық процесс халықтың табиғи өсімімен және кемуімен тікелей байланысты», – деді М.Хасенов.

Оның айтуынша, халықтың табиғи өсімінің биік нүктесі деп 1990-1992 жылдар мен 2008-2015 жылдарды атауға болады. Осы уақыт арасында халық өсімі 200 мыңнан 269 мың адамға дейін өскен. Ал ең төменгі нүктесі деп 1997-2001 жылдарды атады. Бұл уақытта халық өсімі 68 мыңнан 73 мыңға дейін ғана өскен. Ол жұмыс күші қажеттілігін осы тенденцияға сүйене отырып есептеу қажеттігін айтты.

«Қазіргі қоғамның зерттеу институты» ЖШС-нің директоры Мейрам Зекешұлы ұжым арасындағы әлеуметтік мәселелерді шешу жолдарына тоқталды. «Былтыр жаңа еңбек кодексі қабылданғаннан кейін ұжымдық келісімшарт нормативтік құжатқа айналды. Ұжым мүшелері мен жұмыс беруші мәселені ортаға алып, оны аталмыш нормативтік құжатқа байланысты шешуге міндетті. Бұл көптеген мемлекеттерде сол сала деңгейінде, тіпті, үкімет деңгейінде қолданатын институт. Еңбек кодексінде жалпы 52 бап болса, оның 15-і жұмыскерлердің әлеуметтік жағдайын көтеруге, жұмыспен қамтамасыз етуге бағытталған», – деді ол.

Отырыс аясында қысқартылған жұмысшыларды қайта даярлау, артық күші бар өңірлерден басқа жерге және ауылдардан қалаларға жұмыс күшін ұтымдылықпен тартуға қолдау көрсету, жұмыспен қамту орталықтарын реформалау ұсынылды. Сонымен қатар, барлық бос жұмыс орындары мен бүкіл елді мекендерде бірыңғай онлайн платформа қалыптастыру мәселелері қарастырылды.

comments powered by HyperComments