ТҮРКІЛЕРДІҢ ТАРИХЫ МЕН ТАҒДЫРЫ TWESCO НАЗАРЫНДА

464 рет оқылды
0

 

Осы аптаның басында ҚР Ұлттық академиялық кітапханасында Түркі академиясы халықаралық ұйымының (TWESCO) ұйымдастыруымен үш бірдей іс-шара өткізілді. Онда жойылып бара жатқан түркі тілдері, экологиялық апатқа ұшыраған Арал теңізі және Монғолиядағы көне түркілер тарихына қатысты мәселелер басты назарда болды.

«Жойылу қаупіндегі  түркі тілдері»

«Жойылу қаупіндегі түркі тілдері». ЮНЕСКО-ның шешімімен «Халықаралық ана тілі күні» деп жарияланған 12-ші ақпан қарсаңында басылып шыққан бұл сүбелі еңбек Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің қолдауымен жарық көрген. Түрлі-түсті фотосуреттермен көркем безендірілген бұл көптомдық туралы TWESCO басшысы толығырақ әңгімеледі. Бұл жинақ – ЮНЕСКО-ның арнайы бағдарламасы аясында Академияның жойылу қаупі төнген түркі тілдерін зерттеп, мәдени мұраны насихаттау, қорғау, өткеннен ащы сабақ алу, тағылым түю мақсатында жүргізген ауқымды ғылыми жобасының нәтижесі. Түркиялық профессор Суер Екердің ғылыми жетекшілігімен іске асқан жобаға әлемнің 26 елінен 130 ғалымның, барлығы 132 зерттеуі топтастырылған. Кітапқа енген мақалалар ағылшын, түрік, орыс, қазақ, өзбек және т.б түркі тілдерінде жазылған.

2010 жылы ЮНЕСКО «Жойылып бара жатқан әлем тілдерінің атласын» жария етті. Ол атласқа 2500 тіл мен диалект кірген. Ал ЮНЕСКО жүргізіп отырған жойылу қаупіндегі «Тілдердің Қызыл кітабына башқұрт тілі секілді кейбір түркі тілдері де еніпті.

Кітап шығарушылардың айтуынша, жинаққа зерттеулері енген мамандар әлемнің түрлі елдерінде, әр түрлі университтер мен ғылыми ұжымдарда жұмыс істейді. Сол себептен де олардың қолы жеткен деректер мен зерттеу тәсілдері, ғылыми бағыттары, көзқарастары да әр алуан. Төрт томдық жинақ бүгінгі заманауи тілтанымдық зерттеулер кешенін құрап, алуан түрлі ой-тұжырымдардың басын қосып тұр деуге болады.

Айта кету керек, Академия саны аз түркі халықтарына ерекше мән беріп келеді. Сібірдегі шорлардың «Ак кан» эпосы мен Сібірдегі түркі халықтарының мифологиясына арналған кітап дайындалды. Еңбек алдағы күндері жарық көретін болады. Сонымен бірге Академия 2014 жылы Моңғолиядағы аз санды тыва, хотон түркілеріне жасаған экспедиция нәтижелерін арнайы ғылыми зерттеу етіп жариялауды да жоспарлап отыр.

«Арал теңізі: өткені, бүгіні және келешегі»

Осындай атпен Орталық Азия мемлекеттерінің ғана емес, күллі адамзаттың экологиялық проблемасына айналған Арал теңізіне арналған деректі фильмнің таныстырылымы шара қатысушыларына ерекше әсер етті деуге болады. Өйткені Арал экологиясы  бір ғана елдің не бір ғана өлкенің емес, тұтас ғаламның басты проблемасына айналып отырғаны анық.

 

Бұл туралы Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев 2016 жылғы 27-ші қыркүйекте БҰҰ-ның Нью-Йоркте өткен Саммитінде: «Жойылып бара жатқан Арал теңізінің мәселесі біздің өңірге ғана емес, бүкіл әлемге қатер төндіреді. Теңіздің тартылуы салдарынан жыл сайын 75 миллион тоннаға дейін шаң мен улы тұзды жел көтеріп, оның тозаңы қазірдің өзінде Еуропа мен Антарктидадан табылып отыр», – деген болатын.

Академияның тапсырысымен түсірілген фильмде апат аймағын бақылауға алып, Аралды құтқаруға бағытталған нақты қадамдар мен олардың нәтижелері жөнінде, оның ішінде Солтүстік Аралды (Кіші Арал) қайта қалпына келтірудің қазақстандық моделі баяндалған.

Аралға Біріккен Ұлттар Ұйымы сынды халықаралық іргелі ұйымдардың назарын аудартқан алғашқы ресми қадам – Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың ұсынысымен Орталық Азия басшыларының 1993 жылғы 26 наурызда Қызылорда қаласында өткен Арал теңізі мәселелері жөніндегі 1-конференцияда жасалған келісім болғаны мәлім. Келісімді орындаудың алғашқы шарты есебінде Халықаралық Арал қоры құрылды. Фильмде сол келісім аясында қабылданып, табысты жүзеге асқан «Сырдария арнасын реттеу және Арал теңізін сақтау» (САРАТС) бағдарламасы бірінші кезеңінің аяқталуы мен САРАТС-тың екінші кезеңін жоспарлау идеясы айтылады. Адамзат тағдырына айналған Арал мәселесін шешуге қатысты қазақстандық, қырғызстандық, өзбекстандық, ресейлік және тәжікстандық білікті сарапшылардың пікірлері мен ұсыныстары келтірілген. Айта кету керек, сәтті жүзеге асқан САРАТС жобасы нәтижесінде Солтүстік Арал арнасындағы су деңгейі едәуір көтеріліп, аймақтағы тіршілік қайта жандана бастаған. Экологиялық апат жылдары Арал қаласынан 75 шақырымға алыстаған теңіз бүгінде шахардан небәрі 12 шақырым қашықтықта қайта тулап жатыр.

Таныстыру рәсімінде Қырғыз Республикасының бұрынғы Мемлекеттік хатшысы, Халықаралық Манас қырғыз-түрік университетінің профессоры Осмонакун Ибраимов өркениетті қоғамды алаңдатқан апатқа қатысты өз ойларымен бөлісіп, баяндама жасады. Шараға мемлекет және қоғам қайраткерлері, Әзербайжан, Венгрия, Қырғызстан, Моңғолия, Түркия, Өзбекстан мемлекеттерінің Қазақстандағы елшілері, халықаралық ұйымдардың басшылары, ұлттық-мәдени орталық жетекшілерімен бірге қазақстандық және шет елден келген көрнекті ғалымдар мен зиялы қауым өкілдері қатысты.

«Тәңіртаудан Өтүкенге дейін»

Түркі академиясы халықаралық ұйымы (TWESCO) ұйымдастырған тағы бір шара – Моңғолиядағы көне түркілердің «Шивээт улаан» ғұрыптық кешенінде жүргізілген «Тәңіртаудан Өтүкенге дейін: Ұлы дала көшпенділерінің тарихи-мәдени  қазыналары» атты ІІ халықаралық экспедициясының ғылыми жаңалықтары мен қорытынды нәтижелерін жұртшылық назарына ұсынуы болды..

Әзербайжан Республикасының Төтенше және Өкілетті елшісі Рашад Маммадов, Түркі кеңесі бас хатшысының орынбасары Абзал Сапарбекұлы, Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің Өкілетті кеңес төрағасы Мұса Йылдыз сынды лауазымды тұлғалар мен дипломаттар, Түркиядан, Қырғызстаннан келген және қазақстандық көрнекті түркітанушы, тарихшы ғалымдар қатыстқан айтулы жиынды ашқан Академия басшысы Дарқан Қыдырәлі Моңғолия Ұлттық Ғылым академиясы жанындағы Тарих, археология институтымен бірлесіп, түркиялық TİKA ұйымының қолдауымен ұйымдастырылған Өтүкендегі ІІ халықаралық экспедиция жұмысының мақсаты мен маңызына тоқталды. Яғни, көне түркі дәуірінің қайталанбас бірегей әрі дара «Шивээт улаан» ғұрыптық кешенінің құрылысын, оның бітімі мен жалпы жобасын анықтау, археологиялық экспонаттарды айқындау, кешен құрамындағы таңбатас, адам және жануардың тасмүсіндерін ғылыми талдау мақсатындағы археологиялық қазба зерттеулері 2016 жылдың 2 шілде – 28 тамыз аралығында 58 күн бойы жүргізілген. Эспедиция тобы археологиялық қазба зерттеулерімен қатар, жаңа ескерткіштерді іздестіру, барлау жұмыстарын да жүргізген. Экспедиция құрамында Әзірбайжан, Қазақстан, Қырғызстан, Түркия, Татарстан, Башқұртстан, Тыва елінен және Моңғолиядан қырыққа жуық ғалым қатысты. Сондай-ақ, экспедиция аясында «Шивээт улаан» ғұрыптық кешенінде «Ұлы дала көшпелілері: тарихи-мәдени үндестіктер» атты ІІ түркі-моңғол археологтарының дала семинары болып өткен болатын.

Осы тұста, TWESCO 2015 жылы Астана қаласында дәлме-дәл ғылыми көшірмесін орнатқан түркі ру-тайпалардың таңбасы қашалған «Мәңгі тастың» дәл осы «Шивээт улаан» ғұрыптық кешенінен табылғанын да айта кету керек. Мәңгі тастың тегістелген бет жағында 60-қа жуық түркі ру-тайпаларының таңбалары бәдізделген. Таңбалы тастың тарихына тоқталған Академия басшысы түбі бір түркі тайпаларының таңбалары қашалған Мәңгі тас – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Мәңгілік ел идеясының айқын көрінісі және бабалар мұратының Ұлы Далада Қазақстан тәуелсіздігімен бірге қайта жаңғырғанын көрсететінін де айтып өтті.

Бұдан кейін бірлескен экспедицияға Академия тарапынан қатысқан ғалым Нәпіл Базылхан арнайы баяндама жасап, көпшілікке қысқаша ғылыми есеп ұсынды. Осылайша, Түркі академиясының жобасы аясында жүргізілген қазба жұмыстары ең алдымен «Шивээт улаан» ғұрыптық кешенінің құрылымын анықтап берген. Кешен құрылысының жалпы өлшемі 120х45 метр. Жалпы құрылымы таспен қаланған, төртбұрыш созылыңқы пішінді 11 кішігірім мұнаралы қамал қабырғалардан құрылған. Бұдан бөлек, бас құрылыстың сегіз қырлы бөлігінің төртбұрыш текше іргетасты болғаны анықталып отыр. Жалпы, осы археологиялық зерттеулер барысында кешеннен 9 адам бейнелі, 4 жыртқыш аң бейнелі, 1 қозылы қой бейнелі, 3 қошқар бейнелі тасмүсін табылған.

Аталған ғұрыптық кешен бұрын да фин, орыс, моңғол зерттеушілері тарапынан зерттелген. Алайда, кешенде алғаш археологиялық қазба жұмыстарын жүргізген Академия ұйытқы болған экспедициялық топ болып отыр. Аталған кешен мен Мәңгі тас туралы зерттеулерді Д.Қыдырәлі мен Г.Бабаяр «Түркі Мәңгі тасы: Шивээт Улаан таңбалы ескерткіші» атты ғылыми еңбек етіп жариялаған болатын.

Алқалы басқосуда сөз алған белгілі мемлекет қайраткері Мырзатай Жолдасбеков бұрынғы түрік дәуірінің асқақ өркениет болмысын танытатын зерттеулердің бүгінгі бүтін Түркі әлемі үшін зор маңызға ие екенін айтты.

 

 

comments powered by HyperComments