Үшінші жаңғыру өңірлердің өрлеуінен басталады

359 рет оқылды
0

Кеше «Нұр Отан» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары жұмыс сапарымен Павлодар облысында болды. Мұхтар Құл-Мұхаммед облыс әкімі Болат Бақауовпен бірге еңбек ұжымдарымен кездесті. Сапардың негізгі мақсаты – Президенттің Қазақстан халқына Жолдауын түсіндіру.

Еркін экономикалық аймақ аумағындағы күйдірілген мұнай коксын өндіру зауытының қызметкерлерімен кездесу кезінде «Нұр Отан» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары Президенттің тапсырмасы бойынша Қазақстанда бастау алған Үшінші жаңғырудың негізгі бағыттарын белгіледі. Ол «Мемлекет басшысы Тәуелсіздік жылдарында бизнестің дамуы үшін барлық қажетті мүмкіндіктерді туғызды, енді жаңа экономикалық нақтылық жағдайларында оның технологиялық жаңғыруын іске асыру керек» екендігін баса айтты.

Мұхтар Құл-Мұхаммед Елбасы халыққа Жолдауында отандық экономика өсуінің сапалы жаңа орындарын ашудағы кәсіпкерліктің ерекше рөлін атап көрсетіп, экономиканың қай салаларына үміт артатындығын түсіндірді. «Павлодардағы сияқты дәл осындай еркін экономикалық аймақтар біздің экономикамызға ғаламдық бәсекеге қабілеттілікті қамтамасыз етуге арналған өндірістің неғұрлым заманауи деңгейіне өту үшін ең қолайлы база болып табылады», – деп қорытындылады «Нұр Отан» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары. Кокс өндіру зауыты 2015 жылы ашылған болатын. Ол Павлодардың мұнай-химиялық кешенінің құрамына кіреді. Кәсіпорынға шамамен 23 миллиард теңге жұмсалды. Ол 300 адамды жұмыспен қамтамасыз етіп отыр. Зауыт алдыңғы қатарлы экологиялық стандарттарға сәйкес салынды. Өндіріс барысында пайда болатын түтінді газдар құрылысшылар қажет ететін гипсті қоспаға арналған қалдықтар өндіре отырып, оны 95 пайыздан артық тазалайды. Бұдан басқа, кәсіпорын жыл сайын аймаққа 95 мың мегаватт электр энергиясын береді.

Мұхтар Құл-Мұхаммед барған тағы бір алдыңғы қатарлы компания – темірбетон бұйымдары зауыты. Ол өткен ғасырдың 80-жылдарында салынған ескі цехтың базасында құрылған болатын. Өндіріс ұзақ уақыт жартылай жұмыс істеп тұрған күйде еді, алайда 2013 жылы «Бизнес жол картасы-2020» бағдарламасының арқасында зауыт толығымен жаңғыртылды, заманауи және бәсекеге қабілетті өнім – ғимараттар құрылысына арналған жиналмалы темірбетон құрылымдары мен бұйымдарын шығару жолға қойылды. Оның өндірістік қуаты – жылына 80 мың шаршы метр тұрғын үй. Алайда жұмыс көлемін ұлғайту үшін мүмкіндік бар. Кәсіпорындағылар Қазақстандағы Үшінші жаңғыру шеңберінде экономиканың нақты секторына жаңа инвестициялар келіп, отандық өндірушілердің көбеюі үшін мүмкіндіктер ашылады деп есептейді. «Нұр Отан» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары таяуда ғана Нұрсұлтан Назарбаев жария еткен ел дамуының жаңа жоспарының қазақстандық зауыттарды көтеруге бағытталғанын түсіндірді. Бірақ, Мұхтар Құл-Мұхаммедтің атап өткеніндей сұранысқа ие, оның ішінде экспортқа да бағытталған өнім шығаратын өндірістердің ғана келешегінің зор бола алатын мүмкіндігі мол.

Үй құрылысы комбинатының арқасында Павлодардағы тұрғын-үй құрылысы жаңа серпін алып, қалада ескі мөлтек аудандарды сүру жұмыстары басталды. Олар жұмысшылардың уақытша тұрағы ретінде сонау совет заманында салынған болатын. Өмір сүруге қолайсыз бұл үйлердің тозығы жеткеніне ондаған жылдар өтті. Қазір оларды құлатып, адамдар жаңа стандартпен салынған ыңғайлы жаңа тұрғын үй кешендеріне көшуде. Аймақта таяу жылдарда ескі үйлердің мәселесін толық шешу жоспарланып отыр. «Бұл Президент іске қосқан еліміздегі ауқымды жаңғырудың тағы да бір жағымды мысалы», – деп атап өтті Мұхтар Құл-Мұхаммед.

Сұлтанмахмұт Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінде өткен облыстың ғылыми зиялы қауымымен және жастарымен кездесуі кезінде «Нұр Отан» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары «жаңғыру 3.0» — дің бес негізгі бағыты туралы егжей-тегжейлі әңгімелеп берді. Мұхтар Құл-Мұхаммед сапалы білім Президенттің халыққа Жолдауындағы қойылған стратегиялық мақсаттарын тиімді жүзеге асырудың кепілі болып табылатынын еске салды. Ол Қазақстан дамуы жаңа кезеңінің дәл осы отандық жоғарғы оқу орындарын жаңғыртудан бастау алатынына сенім білдірді.

Республикамызда басталған ауқымды өзгерістерді жүзеге асыруда «Нұр Отан» партиясына да зор сенім артылып отыр. Партиялықтармен кездесу барысында Мұхтар Құл-Мұхаммед Павлодар өлкесінің экономикалық қана емес, әлеуметтік көрсеткіші жағынан да көш бастап келе жатқан өңірлердің қатарына кіретінін атап өтті. Атап айтсақ, облыс балаларды мектепке дейінгі біліммен қамту жағынан республикамыз бойынша бірінші орында тұр. Облыста бұл мәселе жүз пайызға шешілген.

Сонымен бірге «Нұр Отан» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары таяуда Мемлекет басшысы өткізген Үкіметтің кеңейтілген отырысында барлық өңірлердің алдында Үшінші жаңғырудың тиімді болуы сол мәселелердің шешілуіне байланысты бірінші кезектегі міндеттердің тұтас топтамасының белгіленгенін жеткізді. Мұхтар Құл-Мұхаммед партияның облыстық филиалына Елбасы тапсырмасының басым бағыттарының орындалуын қатаң бақылауға алуға және оның мәнісін әр павлодарлыққа жеткізуге тапсырды

comments powered by HyperComments