Шығармашылық адамына кешіріммен қарау керек

540 рет оқылды
0

Көрнекті актер, Қазақстан Республикасының халық әртісі, ҚР Еңбек сіңірген өнер қайраткері, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, бар өмірін өнерге арнаған Райымбек Ноғайбайұлының жарымен сұхбаттасу біраздан ойда жүрген тірлік еді. Райымбек даңғылы мен Жангелдин көшесінің қиылысында орналасқан Республикалық Тері-венерологиялық ғылыми-зерттеу институты ғимаратының екінші қабатындағы қызмет бөлмесіндегі әңгімеміз, әрине, Нинель Малдыбаеваның актермен қалай танысқанынан басталды.

– Менің қызмет орным С. Асфендияров атындағы Алматы медицина университеті. Медицинада қазақтілді оқулықтар мен мамандардың аздығынан зейнеткерлікке шықсам да, жарты айлықпен әлі күнге қызметтемін. Болашақ дәрігерлерге тек қана дәріс оқып қана қоймай, олармен тәжірибе жүзінде де іс жүргізу қажет-ақ. Сондықтан да, осы ғылыми-зерттеу институтында студенттермен бірге сырқаттарды көзбе-көз көріп, қандай ем-шара жүргізіліп жатқанын бақылап, тәжірибе-сабақтар жүргізіп отырамыз. Медицинаның теориясын ғана біліп қоймай, практика жүзінде оқылған дәріс пен сырқаттардың арасында жүріп, білікті маман болып шығуына жұмыс істейміз. 1963 жылы мединститутты бітірдім де, содан бері осы саладамын ғой.

Ал Райымбекке келетін болсақ, әрине, жалғыз біздің ғана емес, талайлардың тағдырына арқау болған, себеп болған Алматы ғой. Мектеп бітірген соң, Алматы медицина институтының емдеу факультетіне түстім. Үшінші курста ғой деймін, қасымда құрбым бар, кешкі серуенге шықтық. Ол кезде қала бойынша Панфиловшылар паркінде ғана би алаңы болатын. Студенттердің кешкі серуен құратын жері де, танысатын жері де, жиі бас қосатын жері де осы саябақ. Біз де келіп, бірақ биге кірісіп кетпей шет жағында студенттердің биін тамашалап тұрғанбыз. Анандай жерде екі жігіт тұр, біз жаққа қарағыштай береді. Соны сездім де, құрбыма «кетейікші, ана екі жігіт бізге тиіскісі келіп тұр» деп едім, биге құмарлау құрбым кеткісі келмеді. Айтқанымдай, әлгі жігіттер жақындап келіп: «Қыздар, танысайық, неге билемейсіздер?» деп еді, жұлып алғандай: «Жоқ, біз кеткелі тұрмыз» дедім. «Онда сіздерді шығарып салайық» – деп автобустың аялдамасына дейін шығарып салды.

Студенттерді егін жинауға, құрылыс жұмыстарына жіберетін. Тамыз айының басы болуы керек, ауылдан келіп, ауылшаруашылығы жұмысына дайындалу үстіндеміз. Құрбым Майраның үйінде тұрамын. Жолға дайындалып, азық-түлік алайық деп базарға келсек, Райымбек те жүр. Жағдай сұрастық та, өз жөнімізге кеттік. Ертеңінде вокзалға келсек, ығы-жығы студенттердің арасында тағы да Райымбек жүр. Сөйтсек, біздің институтта нағашы ағасы оқиды екен, соны шығарып салуға келіпті-міс.

Бұл үшінші кездесу. Бір айдан кейін сабақ басталды, келдік. Ол кезде хат-хабарды тек Бас поштадан ғана аламыз ғой. Біраз уақыт қалада болмай қалған кездері студенттердің бәрі поштаға ағылады-ай кеп. Біз де бардық. Бірнеше хат келіпті. Әрине, ауылдан, солардың ішінде бөтен бір жазу көзіме оттай басылды. «Бұл кімнен болды екен» деп асыға ашсам, Райымбектен. Олар да гастрольдік сапармен Нарынқол жақта жүрсе керек, сол жақтан жазылған екен.

7 қараша жалпыхалықтық мереке еді ғой, алаңға парадқа шығатынбыз. Сол күні тағы да кездесіп қалдық. Осылай басталған таныстық – сыйластыққа, сүйіспеншілікке ұласты. Біздің кезімізде жастардың баратын жері – театр болатын. «Беу, қыздар-айдың» қызу жүріп жатқан тұсы.

1964 жылы үйлендік. Ел арасында ­­«әртіске тұрмысқа шығу» деген құлаққа түрпідей тиетін кез. Өзімнен кейінгі інім студент, хабарды содан айтып, ауылға жібердік. Әке-шешем: «әртісі несі, күйеусіз өтсе де рұқсат жоқ» – деп, қуып шығыпты. Дегенмен, қай ата-ана баласының бақытына қуанбайды дейсің, баталарын берді. Кейін әкем Райымбекті өте жақсы көріп кетті. Екеуі тез тіл табысып, күн-түн әңгімелері бітпейтін. Райымбек өте сабырлы, біртоға, салмақты еді, әңгімесі де солай болатын. Әңгімешіл еді.

– Актердің ойнаған рөлдерін, қойған дүниелерін көрдік. Тамашаладық. Әсіресе, поэтикалық жанрға көп көңіл бөлетін-ді…

– Өйткені ол өте ақынжанды азамат еді. Қазақ поэзиясын керемет жақсы көрді, іздеп жүріп, жаттап оқитын. Қазақтың біртуар ақыны Қадыр Мырзалиевпен сыйлас дос болды. Мұхтар Шаханов, Фариза Оңғарсынованың шығармаларын жатқа оқитын. Қасым Аманжоловтың туындыларын жаттап өскен. Өзінің жаны қалаған, жүрегіне жақын ақындардың жырларын, поэмаларын жаңылмай оқитын-ды. Мақтағаным, асыра айтқаным емес, жалпы Райымбекке дейін де, кейін де дәл Райымбектей жыр оқитын кісі болмаған десем, ешкім өтірік дей қоймас! Өлең-жырды жанымен сүйді, жан-тәнімен беріліп кететін. Біз қатысқан жиын-тойларда бір өлең оқылмай, жыр оқылмай тарамайтын. Дауысы қандай! Мәнерлеп, мән-мазмұнын, ырғағын бұзбай оқып, тыңдаушысын үйіріп әкететін. Сондықтан да болар, Абайдың өлеңдері мен қарасөздерінің негізінде «Қалың елім, қазағым» атты поэтикалық драма жазып, Ғ.Мүсірепов атындағы Балалар мен жас­өспірімдер театрында қойды. Сол сияқты Қадыр, Мұхтардың бірнеше поэмалары бойынша да драмалық шығармалардың авторы. Бір өкініштісі, Мұхтар Шахановтың өлеңдерінен басқасы жазылмай қалыпты. Қазақ радиосының Алтын қорында 49 жазбасы бар екен, бірақ әлгіндей оқылған өлеңдері жоқ. Спектакльдерден де жоқ, жазылмаған, «Міне, мына дүниесі былай жазылды, былай сахналанды» дейтіндей қолда дерек болмаған соң, еш жерде таспаға басылып қалмаған соң, талайлары аталмай жатады. Қазақ өнері, сахна өнері үшін маңдай терін аямай төккені рас, «бірақ, міне атқарған шаруасы» деп көрсететіндей, ауыз толтырып айтатындай дерек жоқ. Айналып келіп, анда-санда сол жалғыз «Беу, қыздар-ай» көрсетіліп жатады. Бірақ қойылған спектакльдері жайлы жазылған рецензиялар мен мақалалар баршылық, соған да шүкір дейміз. Әрине, оған ешкімді кінәлауға да құқымыз жоқ, ол кезде қазіргідей техника жоқ, тапшы.

– Сіздің Райымбек ағамен жарысып кітап оқитын жақсы қасиетіңіз жайлы естіген едік. Бұл кітапқұмарлық па, әлде?..

– Әрине, біздің тұстастардың барлығы дерлік кітапқұмар жастар болды десем, қателеспеймін. «Абай жолынан» бастап кез келген қазақ прозасындағы көркем дүниелерді оқып өстік. Роман, повесть, әңгімелер болмаса, драманы, пьесаны дәл мендей шұқшия оқыған пендеңіз жоқ шығар. Райымбек оқитын шығармаларды жарысып мен де оқитынмын. Ерінбей-жалықпай соңына дейін оқитынмын. Оқып қана қоймаймын, сол пьесаның сахнадағы нұсқасын бірге көріп, артық-ауыс тұстарына сын айтып отыратынмын. Спектакль бітіп, үйге жеткенше, үйге келіп, дастарқан басында да өз пікірімді білдіріп, таласып отырушы едік. Ол кейде келіседі, кейде қызыл кеңірдек болып таласып қалатынбыз.

Райымбек көбіне түнде жұмыс істейді. Тіпті түн баласы көз ілмейтін. Ол ұйықтамаса, маған қайдағы ұйқы. Әсіресе, режиссурамен айналысқан жылдары, кейде тіпті авторлардың өзі де біздің үйге қона-жастана жұмыс істейтін. Сонымен, шығарма дайын. Ең қызығы премьерадан кейін басталатын-ды. Не режиссер, не актер немесе авторы болсын көл-көсір дастарқан жаятын. Әңгіменің көкесі де сол жерде айтылатын: қызу пікірталас, сын да, мін де айтылып, отырыстың сәні кіретін. Бірінен бірі оза сөйлеп, тіпті бір-бірін тыңдамай кететін де, бірте-бірте сабаларына түсетін. Керемет кездер екен ғой, қазір ойлап отырсам, қайталанбайтын қимас шақтар!

Актердің үйдегі тірлігі, бос уақыты қалай өтетін?

– Райымбек қай жағынан алсаң да, адами жағынан, отағасы, әке жағынан болсын өте ерекше, жаратылысы бөлек жан еді. Не болса соған күйіп-піспейтін, сабырлы болды. Үй тірлігіне мүлдем икемсіз, үйде не бар, не жоқ, не ішіп, не жеп жатсың, кімге не керек, шаруасы жоқ. Бала тәрбиесі, олардың балабақшасы, мектебі, бәрі-бәрі – менің мойнымда. Оның арасында келімді-кетімді қонағың, дүкенің… жұмысың тағы бар. 47 жыл бірге тұрып, бірде-бір рет базарға бірге бармаппыз. Не отбасымен бірге суретке де түспеппіз. Таңнан қара кешке дейін театрда, репетиция, кешке спектакль… арасында қалт етсе иығына спорт сөмкесін, конькиін іліп алып стадионға тартып отыратын. Спортты жақсы көрді. Жолдастары да кіл спортшылар еді. Әбдісалам Нұрмаханов, Тимур Серікбаев, Омарғали, Амангелді сынды спортқа жақын жігіттермен қоян-қолтық араласты. Қазақша күреспен, бокспен айналысты.

Тумысынан кірпияз, тазалықты сүйетін. Ұқыпты еді. Бір көйлекті екінші рет кимейтін сәнқойлығы бір басына жетерлік. Ақ көйлек, галстуксіз жүрмейтін-ді. Әйтпесе, әртістер шенеуніктер секілді емес, еркін киінуіне болады ғой. Тамаққа да солай болды. Таңдап-талғап жейтін, ысырапшылдықты ұнатпайтын. Дәмді болғанын қалайтын. Мен де соның ыңғайына жығылып, көңілі қалаған, тәбеті тартқан ас-суын әзірлеп отыратынмын.

– Өмірінің соңғы жылдары Түркістанда өтті. Ештеңеге қарайламай, сол жаққа кету себебін айтпас па екенсіз?

– Бірнеше жыл Жастар театрын басқарды ғой. Қызметте жүрген соң, оның үстіне басшылық жұмыста болған соң түрлі жағдайлар болатыны тағы белгілі. Сондай бір келеңсіз жағдайдан кейін, біраз уақыт министрлікте жүрді де, шығармашылық ортаны сағынған болар, М.Әуезов атындағы драма театрына барды. Бір күні «режиссерліктен актерлікке ауыссын» деген бұйрықты көреді де, қатты ренжиді. Бірақ онысын не әріптестеріне, не бізге білдірмеді. Сол жылы жазда Түркістанға, елге бардық. Түркістандағы қазақ-түрік университетінің жаңадан ашылған кезі, президенті Мұрат аға Жұрынов. Ол кісіге кіріп, амандасып, көптен ойында жүрген ұсыныс-пікірлерін, университетте өнер факультетін ашу керек екенін айтады. Мұрат аға келісіп, алғаш өнер бөлімі болып құрылып, сосын факультет болып қалыптасты. Студенттер қабылдай бастады. Бір-екі жылдан кейін Түркістан драма театры өмірге келді.

Иә, өмірінің соңғы он екі жылын осы театрға арнады (Елу жылға таяу тату-тәтті жұбайлық ғұмыр кешкен Нинель Мырзакерімқызы жанарына келіп қалған өксікті іркіп, даусы дірілдеген күйі үндемей қалды).

Бәлкім, он екі жыл бөлек жүрмегенде, әлі де жүре берер ме еді,– деп ойлаймын кейде…

– Сіз неге Түркістанға бармадыңыз?

– Қызмет дедік, балалар дедік, осы жылы, келесі жылы деп жүріп, шынымды айтсам, он екі жылдың қалай өтіп кеткенін білмей қалыппыз. Оның үстіне, қолымда қарт анам болды да, тастап кете алмадым…

2007 жылы 12 қазанда телефон шалып, Айт мерекесімен құттықтады. Театрдың Шымкентке гастрольге шығатынын, содан кейін үйге біржола келетінін айтып қуантып тастады. Барып-келіп, бақылап отыратын болыпты. Біз де қуанып қалдық. Бірақ… жете алмады. Сол жылдың жазында жүрегі бір рет сыр беріп, сахнада құлап қалғанын уайымдамасын деп бізге айтпапты. Аяғын бір түрлі басып жүр екен, сонда «жәй құлап қалдым» дегеніне мен де сеніп қалыппын.

Бір өкінішім, осында жерленбегені… «Тірі адам тірлігін жасайды» екен, сол тірлік деп жүріп жылына бір рет демалысқа шыққанда ғана болмаса, басына барып қайтуға кейде мүмкіндік болмай қалып жатады. Осында жатса апта сайын болмаса да, айына бір рет барып, мауқымды басып қайтар едім ғой, Қадыр, Әшірбектің басына барған сайын ет-жүрегім езіліп қайтады. Бағыштап Құран оқытсаң қай жерде жатса да бәрібір ғой, дегенмен… өзегімді өртейтін өкінішім осы…

– «Орнында бар оңалар» демекші, артында қалған ұрпағы аман болсын. Актер, режиссер, өнер қайраткері Райымбек Ноғайбайұлының жолын қуған ұрпағы жайлы айта кетсеңіз орынды болар.

– Тұңғышым – Жанетта ҚазҰУ-де доцент, араб тілінің маманы. Ұлымыз Азат – актер. Театр-кино актері. Келінім – Данагүл де танымал актриса. Олардың екінші қызы Айым Т.Жүргенов атындағы Өнер академиясының екінші курсында оқиды, киноларға түсіп, жақсы көрініп келе жатқан жайы бар.

– Өнер адамына жар болу оңай емес, әйел ретінде қызғанған кездеріңіз болды ма?

– Райымбек өте тұйық болды. Сондықтан жақсы, әдемі, желікпе сөздерге де сараң болатын. Әрине, отбасы болған соң, оның үстіне актердің жары болғандықтан, басымыздан талай оқиғалар өтті ғой. Сонда менің пайымдағаным, ешкімді «байлап-матап» ұстап отыру мүмкін емес. Оның әрбір қадамын аңдып, сөзін аңдып отырсам, баяғыда-ақ ажырасып кетер едік. Ажырасуға дейін барған сәттер де болды, оның несін жасырайын. Сәбира апа Майқанова, Хадиша апа Бөкеева, Шолпан Жандарбекова апаларым келіп, ер азаматтың басына нелер келіп, не кетпейтінін, Райымбектің адал, таза екенін айтып, сабамызға түсірген кездері бар. Сол өкпелеп жүрген шақтардың өзі бүгінде үлкен сағынышқа айналды десем, кім сенер?!

Шығармашылық адамына, талантты адамға кешіріммен қарау керек. Сахнада ғашықтықты, сүйіспеншілікті дәріптеп жүрсе, спектакль шынайы шығу үшін партнерлердің бір-біріне сезімсіз қарауы мүмкін емес қой. Ондай сәттерде адам жанын өртейтін ғашықтық сезім болмаса да, бір-біріне сүйіспеншілік туып қалуы әбден мүмкін. Бірақ сол сезімге қалай арбалмауға болады, әлде біржола шырмалып қалып қоя ма, ол енді актердің өз санасына, ұстамдылығына байланысты болар. Сезімге беріліп кетсе, сезімді тізгіндей алмаса, тағдыр тәлкегіне түскені, сондықтан да ойнаған образдан шыға білу керек. Ұнатып қалу, ғашық болып қалу – жүрегі бар пенденің бәріне тән қасиет, десек те сезімнің жетегінде кетуге болмайды.

– Уақыт емші, уақыт төреші деп жатамыз, амандық болса, Райымбек ағаның 80 жылдығы келе жатыр. Нендей жоспарыңыз бар?

– Иә, дұрыс айтасың, уақыт зымыран, апта түгілі айыңыз басталады… аяқталады… Райымбектің артында ұрпағы ғана емес, қалың елі – қазағы, талантты шәкірттері қалды. Сол шәкірттерінің бірі – Түркістан драма театрының басшысы Нұржан деген азамат театрға Райымбектің атын беру керектігін айтып, ұсыныстарын жасап еді, қайтыс болғанына бес жыл толуы керек екен, бес жыл емес он жыл толды. Бірақ әлі үнсіз. Өз қолымен шаңырағын көтеріп, керегесін керген театры еді ғой, мүмкін беріп қалар деп үміттенемін. Райымбектің 70 жылдығы театрдың 10 жылдығымен тұспа-тұс келді де, өзі жасақтаған ұжымы, жақсы көретін шәкірттері Нұржан Төлендиев бастаған азаматтар керемет еске алу кешін ұйымдастырды. Университет жанында мұражайы бар, өнерге байланысты кітаптарын Құлбек Ергөбектің басшылығымен орталық кітапханаға өткіздік. Қалған қолжазба, тағы басқа құжаттарын Мемлекеттік мұрағатқа тапсырдық. Алматыда Иманғали Тасмағамбетов әкім болып тұрған кезінде, қайтыс болғанына бір жыл толғанда, Қалқаман жақтан қысқа болса да бір көшені Райымбек атына берген. Азаматқа рахмет, оның алдына ешқайсымыз сұранып барған да емеспіз, өзі біліп, білгендігін көрсетіп кетті.

Өзі тұрған үйіне тақта қойсақ па дейміз. Жалпы, Райымбек көзі тірісінде де өзіне тиесілі барлық сыйлық-атақтарына кедергісіз жеткен емес еді… Қайдан білейін, ойда көп мақсат бар, оның орындалуы қалай боларын?!.

– Әңгімеңізге рахмет!

 

Сұхбаттасқан

Таңсұлу АЛДАБЕРГЕНҚЫЗЫ

comments powered by HyperComments