Сәтбаев қаласы маңындағы жарылыстар толастар емес

462 рет оқылды
0

Сәтбаев қаласының маңындағы Весовая ауылының тұрғындары үй маңында жөндеу жұмыстарына байланысты жарылыстарға наразылығын білдірді, — деп хабарлайды Tengrinews.kz

Тұрғындардың сөзінше, «Қазақмыс» компаниясының ашық кен орнында бассыздық болып жатыр. Өйткені олардың үйлерінің жанында жарылыс жұмыстары басталыпты.

«Жарылыс күші қатты сезіледі. Бізде үйлердің барлығы дерлік өте ескі, елуінші жылдары салынған. Баспаналарымыз мұндай дүмпулерге шыдамай, опырылып қалады. Тұрғындардың барлығы, әсіресе қариялар мен балалар пәтерде отыруға қорқады. Үй шайқалады да тұрады», — дейді Весовая ауылының тұрғындары.

Tengrinews.kz тілшісі Сатбаев қаласының әкімдігіне хабарласты. Әкімдік өкілдері мәселе жақын уақытта шешілетінін мәлімдеді.

«Мен білсем, Весовая аулының әкімдігі «Қазақмыс» компаниясымен келіссөз жүргізіп жатыр. Бұл ауылдан адамдарды көшіріп жатқанын айта кеткім келеді. Олар үшін үйлер салынып, пәтерлер жалға беріліп жатыр. 2017 жылы тағы 27 үйдің құрылысы аяқталуы керек. Сәтбаев әкімі бұл жағдай туралы біледі, мәселе шешіліп жатыр», — дейді Сәтбаев қаласы әкімдігінің баспасөз хатшысы Нұрия Ілиясова.

Қазіргі кезде Весовая ауылында бес мыңға жуық адам тұрып жатыр. Биліктің жоспары бойынша, барлық тұрғын Сәтбаев қаласына көшіріледі. Ал ауылдың өзі толықтай жойылатынын айтады әкімдік өкілдері.

comments powered by HyperComments