Қонақты қызықтыра білу де өнер

/  91 рет оқылды
0

Жуырда «New York Times» газеті 52 мемлекеттің тізімін жасап, 2017 жылы туристерге аталған елдерге баруға кеңес беріпті. АҚШ басылымы әзірлеген тізімде Қазақстан Республикасы 26-шы болып тұр. Ал еліміздің бұл тізімге енуіне биылғы жылы Астана қаласында ЭКСПО халықаралық көрмесінің өтуі себеп. Демек, 2017 жылы Қазақстан бұрынғыға қарағанда көбірек турист қабылдайды деген сөз. Ал әлемнің түкпір-түкпірінен келген туристерді қабылдауға дайынбыз ба? Еліміздің бүгінгі туристік әлеуеті қандай деңгейде?

ЭКСПО ел туризмін дамытуға үлес қоспақ

«New York Times» басылымының шешімі бойынша туристерді қызықтыратын 52 елдің қатарына енген мемлекеттердің көш басында Канада, Чили, Үндістан, Швейцария бар. Ал әлемдік деңгейдегі басылым Қазақстан туралы сөз қозғағанда, ең әуелі ЭКСПО көрмесіне тоқталып, ЮНЕСКО-ның Дүниежүзілік мұралар тізіміне енген Тянь-Шань тауларын да тілге тиек етеді.  Шын мәнінде де, халықаралық мамандандырылған ЭКСПО көрмесі еліміздің абыройын асқақтатын шара болғалы тұр. Қазірдің өзінде ЭКСПО көрмесі кезінде шетелдік туристердің міндетті түрде баратын орындары айқындалды. Тіпті, өткен жылдың қыркүйек айында арнайы ақпараттық турлар ұйымдастырылып, шет мемлекеттердің 100-ден астам тур-операторлары ел өңірлерін аралап, басты мақтаныштарымызбен танысты. Статистикалық деректерге жүгінсек, ЭКСПО көрмесін өткізгеннен кейін Кореяға келушілердің саны – 9,5,  Қытайды көргісі келетіндердің көрсет­кіші – 27,5, ал Миланда болғысы келетіндердің саны – 4,5 пайызға артыпты. Ал Францияның сим­волына айналған париждегі Эйфель мұнарасы – 1889 жылы дүниежүзілік көрменің негізінде француздарға жеткен мұра. Сол мұнара бүгінде қаншама туристерді үйіріп отыр. Ірі мәдениет және көрме орталығы болып саналатын Гран-Пале сарайы 1900 жылы өткен көрмеде пайда болған. Сол жылы Париж кереметтерінің бірі III Александр көпірі салынды. 1929 жылы өткен көрмеден кейін Испания алаңы, Барселонада көздің жауын алатын субұрқақтар пайдалануға берілді. Бүгінде мұнда әлемнің әр түкпірінен туристер ағылып жатады. Осыдан-ақ, ЭКСПО-дан кейін елімізге келетін туристердің қатары арта түсетініне сеніммен қарауға болады.

Демек, біздің де елімізге келетін туристердің қарасын қалыңдатуға мүмкіндігіміз бар. Әрине, ол үшін еліміздің туристік әлеуетін арттырып, түйткілді мәселелердің шешімін ертерек табу қажет. Қыркүйек айындағы ақпараттық тур кезінде нидерландық тур-операторының директоры Адрианус Матеус Николас: «Қазақстан шетелдіктер үшін ашылмаған арал секілді таңсық жер. Оның құпиясы мен қызығы көп. Біздің азаматтар сіздердің елдеріңізге қатты қызығады, көп адам мұнда келгісі келеді. Олардың армандары келесі жылы ақиқатқа айналады», – деген сенім білдірген еді. Нидерландық азамат өз сөзінде Қазақстанның туризм саласындағы олқылықтарын да назардан тыс қалдырмай, Маңғыстау мен Алтайдың инфрақұрылымын дұрыстау қажеттігін атап өтті. Қазіргі уақытта аталмыш кемшіліктерді жою үшін жұмыстар жүргізілуде.

Қалай десек те, ЭКСПО көрмесі еліміздің туризм саласына дем беретіні анық. Алдын ала жасалған болжамдарға сүйенсек, ЭКСПО халықаралық көрмесінің ең арзан туристік пакеті – 40 мың, ең қымбаты – 125 мың теңге. Сарапшылар жүргізген зерттеу бойынша, 2017 жылы Қазақстанға 500 мың шетелдік азамат келеді. Олардың әрбірі елімізде шамамен 1 мың АҚШ долларын қалдырады. Сондықтан, Қазақстан үшін ЭКСПО көрмесін өткізу – әлемдегі ірі туристік орталықтардың біріне айналудың мүмкіндігі. Бүгінде еліміз Астана қаласында өтетін ЭКСПО көрмесін халықаралық деңгейде насихаттау мақсатында түрлі шаралар ұйымдастыруда. Мәселен, 2017 жыл – Қытайдың Қазақстандағы туризм жылы болып бекітілді. Осы орайда, жуырда ғана Бейжіңдегі ШЫҰ Бас штаб пәтерінде Қазақстанның көркем жерлері, соның ішінде Астанадағы ЭКСПО халықаралық көрмесінің мүмкіндіктері таныстырылды. Осы кездесу барысында көрменің ресми туроператоры қытайлық екі бірдей үлкен туристік агенттікпен өзара әріптестік жөнінде келісімге қол қойды. 2017 жылы ЭКСПО көрмесін тамашалауға қытайлықтар көптеп келеді деген үміт зор. Қытайлық туристер өткен жылы шет елге сапарларына 165 млрд доллар жұмсаған екен. Сол үшін де еліміз қытайлық туристерді Қазақстанның нарығына тартуға қызығушылық білдіріп отыр. Қазақстан қытай туристері үшін 2017 жылы Дания, Австралия, Швеция сияқты мемлекеттермен таласқа түседі. Өйткені бұл елдер де біздің ел сияқты 2017 жылды Қытайдың туризм жылына арнап отыр.

Қазақстанның туристік әлеуеті 2016 жылдың соңында Үндістанда да таныстырылды. Дели қаласында Қазақстанның Үндістандағы елшілігінің қолдауымен «Welcome to Kazakhstan. Country of Nomads» интерактивтік туристік көрмесі өтті. Соңғы статистикалық мәліметтерге сәйкес, Үндістаннан шығатын туристік ағын  2015 жылмен салыстырғанда  35 пайызға көбейді. Үнділіктердің басым бөлігі Астана мен Алматы қалаларына келуді қалайды.

Қара алтыннан қымбат құндылықтар бар

Қазақстанның туристік әлеуеті зор десек те, елімізде шетелге демалуға құмар азаматтардың қарасы қалың. Елімізде қазір туризмнің сауықтыру-емдеу саласынан бастап, спорттық, танымдық және діни түрлері бар.  Қожа Ахмет Ясауи кесенесі, Таңбалы тас петроглифтері, Сарыарқа (Солтүстік Қазақстанның даласы мен көлдері), Наурызым және Қорғалжын қорықтары ЮНЕСКО-ның бүкіл әлемдік мұралары тізіміне енгізілген.  Бірақ неге ел тұрғындары Бурабайға, болмаса өзге де көрікті жерлерге бармай, турагенттіктердің табылдырығын тоздырып, шетелге жолдама алуға  құмар? Жаңа жыл басталысымен қазақстандықтардың біразы шетел асып, теңіз жағасына демалуға кетті. Бұл үрдіс жазда да қайталанады. Неге отандастарымыз еліміздегі көрікті жерлерге барып, демалудан қашады?

Ең жиі еститініміз – еліміздегі демалыс орындарындағы бағаның қымбаттығы және қызмет көрсету сапасының төмендігі. Еліміздегі демалыс орындарындағы баға шынында да қымбат. Көпшілік Бурабай мен Алакөлге барғаннан гөрі өзге елге барғанды қалталарына қол көретіні шындық. Қымбат бағаға нашар қызмет көрсету, кәсіби кадрлардың жетіспеушілігі, жарнаманың жоқтығы демалушылардың наразылығын туғызатыны жасырын емес. Мамандардың айтуынша, бізде қызмет көрсету деңгейі ғана емес, туризммен байланысты кәсіпкерлік жұмыстар да дұрыс жолға қойылмаған. Мәселен, естелік сувенирлердің сатылымы, ұлттық бұйымдар жасаудан мастер-класстар өткізу, демалыс орны жайлы толық ақпарат беретін қысқаша бейне-презентациялар мен оны көрсететін видеокафелердің болмауы, демалыс жолдамаларын сатудың дұрыс жолға қойылмауы. Міне, осы себептердің барлығы ішкі туризмнің дамуына кері әсер етуде.

Алып Қытайда сырттан туристерді тарту үшін қолданылатын туризмнің негізгі үш бағыты бар екен. Олар: табиғат нысандарының, тарихи және мәдени ескерткіштердің болуы, ұлттық  дәстүрдің көрініс табуы. Қазақстанда аталған бағыттардың барлығы да бар: ортағасырлық көне қалалар Отырар, Сауран тарихи жазба беттерінен ерекше орын алады. Бүгінде Түркістан қаласындағы тарихи орталық аумағы 88,7 гектарды құрайды. Бірақ сол байлықтарымыз туризм индустриясында дұрыс ұсынылып жатпаған тәрізді. Дегенмен Қазақстанда туризмді әрі қарай дамыту үшін лайықты инфрақұрылымы мен білікті кадрлары бар жаңа қонақүйлер, санаторийлер мен пансионаттар, спорттық-сауықтыру нысандары, жағажайлар салынуы керек.

Қазіргі қазақ турфирмалары әлі күнге дейін шетелге турист жөнелтумен шұғылданып отыр. Бұл турфирмаларға туризмнің кез келген түрін қабылдай алатын, бағасы да аса қымбат емес және қызмет көрсету сапасы жоғары шетелдік турларды жарнамалаған оңтайлы дегенді білдірсе керек. Осының салдарынан Қазақстаннан қомақты қаржы сыртқа кетіп жатқандығын жасыра алмаймыз. Шет мемлекеттер Қазақстанды табиғи қорларға, әсіресе мұнайға бай ел ретінде мойындайды. Бірақ елімізге шетелден келетін туристер қатары аса көп емес. Себебі шетелдік туристерді елге тарту үшін жарнама жұмыстары жүргізіліп жатқан жоқ. Шетелдік туристер Қазақстан жайлы көп біле бермейді. Қазақстанда 600-ден астам туристік фирмалар жұмыс істейді, оның ішінде 14,5 пайызы ғана ішкі туризммен, ал қалғандары шет елге шығару туризмімен айналысады. Тіпті, еліміздің тамаша табиғаты мен ерекше орындарын, тарихи және мәдени орталықтарын көпшілікке таныстыратын мағлұматтар өте аз. Қазіргі уақытта ешкім энциклопедия ақтарып, бір елдің географиясымен танысып отырмайды. Ғаламтор дамыған бүгінгі жаһандану дәуірінде көпшілік барлық мәліметті интернет арқылы табады. Ал біздің көрікті мекенімізді жұртқа таныстыратын сайттар да жоқтың қасы. Қазақстандықтар шетелде демалу үшін ғаламторға кіріп, таңдаған елі туралы барлық мәліметтерді, тіпті, қонақүйлер мен демалыс орындарындағы қызмет көрсету сапасы мен құнын да интернет арқылы біле алады. Біздегі демалыс орындары шетелдік туристерге мұндай мүмкіндік бере алмайды. Сондықтан, еліміздің туристік әлеуетін дұрыс насихаттауды қолға алған абзал. Қазақ даласының мәдени, діни, тарихи құндылықтарын кәсіби тұрғыдан сауатты насихаттай білсек, шетелдік туристердің де елімізде демалуға қызығушылық танытатыны анық.  Туризм саласының дамуы үшін шетелдік туристерді тартудың маңызы ерекше.

Дегенмен де, елімізде туризм саласын дамыту үшін жұмыс жасалмады деп ауызды қу шөппен сүртуге де болмас. Тек бізді қынжылтатыны, қолға алған шаралардың нәтижесі көңіл көншітпейтіндігі. Соңғы жылдары ел үкіметі туризм саласын дамытуға негізделген мақсаттарды айқындап, әсіресе, бәсекеге қабілетті 30 елдің қатарына қосылу страгетиясы бойынша нақты міндеттемелер жүктеп отыр. Ұлттық туризм секторы жоғары деңгейдегі жан-жақты дамыған инфрақұрылым арқылы аталмыш стратегияның орындалуына өз септігін тигізе алады. Сондай-ақ,  мемлекет жүктеген тағы бір міндеттердің бірі – Орта Азия аймағындағы туристік орталыққа айналу. Бұл бағдарламаны дамыту үшін мемлекеттің бюджет қорынан 59 млрд теңге бөлінген.

Туризм саласы – Қазақстан эконо­ми­ка­сындағы қарқынды салалардың бірі. Халықаралық сарапшылардың пікіріне сүйенсек,  қазіргі кезде туризм әлемдік экономикадағы қарқыны төмендемейтін саланың біріне жатады. Туризм көп елдерде жалпы ішкі өнімнің қалыптасуына, қосымша жұмыс орнын қалыптастыруға, сыртқы сауда балансының белсенділігіне ықпал етеді. Соңғы жылдары туризм әлемдегі ең табысты бизнестің біріне айналып үлгерді. Туризм саласының жылдан-жылға маңызы артып, халықаралық байланыста және валюталық түсім көзі ретінде көп мемлекеттер аталмыш салаға баса назар аударуда. Міне, сондықтан, Қазақстан туризм саласын дамытуға ерекше назар аударып, еліміздің туристік әлеуетін қуаттандыру үшін нақты шараларды жүзеге асыруға тырысу керек. Үстіміздегі жылдың тамыз айында басталатын халықаралық ЭКСПО көрмесі осы міндеттерді жүзеге асырмақ. Халықаралық көрме кезінде елімізге келетін шетелдік туристерге барынша жақсы әсер қалдырып, бұл үрдістің ары қарай жалғасуы үшін барымызды салғанымыз жөн.

 

 

comments powered by HyperComments