Универсиаданың «Алау сақтаушылары» алау тасымалдауды үйренуде

/  74 рет оқылды
0
Алматыда «Air Astana» әуе компаниясының өкілдері Қысқы универсиаданың «Алау сақтаушыларына» арнап оқу семинарын өткізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат. Техникалық мамандардан құралған арнайы топ Универсиада алауын сақтайтын колбаны эстафета кезінде бүкіл Қазақстан арқылы тасымалдауға көмектесетін болады. Оның ішінде ұшақпен қауіпсіз тасымалдауға басымдық берілді.

Топ мүшелері ұшақпен тасымалдау кезінде жолаушылар салонында арнайы құралдар көмегімен колбаны қалай дұрыс бекіту қажет, төтенше оқиғалар кезінде қандай қадамдар жасау керек екенін үйренді. Оқу жаттығу ұшақ салонына ұқсатып салынған арнайы бөлмеде өтті. Универсиада алауы арнайы колбада немесе «Дэви шамында» тасымалданады. Дэви шамы 19 ғасырда Англияда жасап шығарылып, шахтада жұмыс жасау кезінде қолданылған. Қазіргі заманғы Дэви шамының жезден жасалынған берік металл корпусы, отынға арналған герметикалық бөлігі және отқа жанбайтын шынысы болады. Шамның жоғарғы бөлігінде газ шығып кеткен жағдайда оттың таралуына жол бермейтін арнайы тор орнатылған. Осы шамның көмегімен 2014 жылы Сочиде өткен Қысқы Олимпиаданың алауы тасымалданған болатын.

«Қазақстанның әрбір өңіріне және Астана қаласына біз осындай шамның біреуін жібереміз, оның көмегімен Универсиада алауын Алматыға жеткіземіз. Алау өңірлерде тұтатылады, Универсиаданың ашылу салтанатын осы алаумен өткіземіз», — деді Алматыдағы 28-ші Дүниежүзілік қысқы Универсиада алау эстафетасының техникалық маманы Сергей Вьярд. Универсиада «Алау сақтаушылары» — арнайы іріктеуден және дайындықтан өткен, эстафета кезінде Универсиада алауын тасымалдап, онымен ілесе жүретін топ. Өткізілген семинарға 15 адам қатысты, олардың әрқайсысы алау эстафетасын өткізу үшін Қазақстанның түрлі аймақтарына жіберіледі. «Алау сақтаушылар» тобына спортпен шұғылданатын әртүрлі университеттердің студенттері кірді. Әрбір облыс орталығы, Астана және Алматы қалалары аймақтағы ең ірі жоғарғы оқу орнында Алауды тұтатуға арналған өз салтанатты шарасын өткізеді. Өңірдің ең үздік студенті алауды Алматыға жеткізіп, Универсиаданың ашылу салтанатының шарықтау сәтінде 16 облыстан әкелінген алаудың барлығы бір уақытта біріктірілетін болады. 

comments powered by HyperComments