Кәсіпкерлер: Балабақша ашуға қойылатын санитарлық талаптар қысқартылса

422 рет оқылды
0
Қазақстанның мектепалды білім беру қауымдастығы шағын жекеменшік балабақшаларға арналған санитарлық талаптар көп, сондықтан, олар үшін арнайы талап əзірленуі керек дейді. Бүгін кəсіпкерлер мен мемлекеттік органдардың өкілдері жиналып, Қазақстандағы жекеменшік балабақшалардың проблемаларын талқылады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Жиналысқа келген кəсіпкерлердің айтуынша, бүкіл талапқа сай болу үшін үлкен балабақша салу керек. Ал, үлкен балабақша салу көп жағдайда тиімсіз дейді олар. Мектепалды білім беру қауымдастығының Талдықорған қалалық филиалының директоры Маржан Ахмеджанованың айтуынша, Қазақстанда санитарлық ережелер мен нормаларды үшке бөлу керек. Ахмеджанованың айтуынша, бірінші топқа — типтік нысандарды, екінші топқа — балабақша ашуға болатын, бірақ, басқа мақсаттағы нысандарға арналған ұйымдарды, үшінші топқа — тұрғын үйлердің бірінші қабатында орналасқан нысандарды жатқызу керек.
«Талап пен ережелердің көбі әлі де болса зерделей түсуді қажет етеді. Мысалы, қазір жекеменшік балабақшалардағы медициналық кабинеттер міндетті түрде лицензия алуы жəне балаларға арналған емханалармен келісімшарт жасауы керек. Алайда, лицензия алуға қажетті құжаттар тізімі көп, оны толтырып біту мүмкін емес. Екіншіден, балалардың емханалары келісімшарт жасауға келіспей отыр, өйткені оларға да лицензия алу керек. Ал, тағы бір ережеге сай, істен шыққан лампаларды осы саладағы лицензиясы бар ұйымдар ғана алып шығып, залалсыздандыра алады. Бірақ, облыс орталықтарында мұндай қызмет көрсететін ұйымдар жоқ. Ауылдағы балабақшалар қалай болады?»,-дейді Ахмеджанова.
Ал, ҚР Ұлттық экономика министрлігі Тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитетіне қарасты Санитарлы-эпидемиологиялық бақылау басқармасының басшысы Марал Рақымжанованың айтуынша, көп норманы алып тастаса, балалардың денсаулығына қауіп төнеді. «Бүгінде көптің қоятын сұрағы — балабақшаға барған балалар неге көп ауырады? Себебі, баланы ұйықтатын жеке бөлме жоқ. Қазір қысқартылған 25 шаршы метр аумаққа жиһаз да, шкаф та, ойыншық та, ыдыс-аяқ та қойыла береді. Балалар ас ішетін бөлмеге жатып ұйықтайды. Сол тамақ ішкен столдарына сурет салып, түстен кейін сол бөлмеде билей береді. Ережелер мен нормаларды бұдан артық қысқартсақ, не болады?»,-дейді ол. Дегенмен, Ұлттық кəсіпкерлер палатасы кəсіпкерлердің ұсыныстарын тыңдап, 5-10 балаға ғана арналған балабақшаларға қатысты нормаларды қарау керек деген тұжырымға келді. 

comments powered by HyperComments