ОҚО-да 265 млрд теңгенің мүлкі мен ақша жария етілді

1 189 рет оқылды
0

Аймақтық коммуникациялар қызметінде Қаржы басқармасының басшысы Кеңесбек Мендебаев пен ОҚО бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің басқарма басшысы Әбдісалан Сағымбектің қатысуымен өткен брифингте мәлім болды.

Қаржы басқармасы басшысының айтуынша, жария етілгендердің ішінде құны 108,8 млрд. теңгені құрайтын 11711 жылжымайтын нысан заңдастырылған. Оның 43.7 млрд. теңгесі Шымкент қаласына тиесілі болса, 65,1 млрд. теңге аудан-қалалардың үлесі. Жария етілгендердің ішінде құны 75,2 млрд. теңгені құрайтын 10225 тұрғын үй, 33,6 млрд. теңгелік 1486 коммерциялық және басқа да нысандар бар.

Ал, Қазақстан Республикасынан тыс жерлерде орналасқан, жалпы құны 422,3 млн. теңгені құрайтын 50 жылжымайтын мүлік, 12 заңды тұлғалардың жарғылық капиталына қатысу үлесі және 3 бағалы қағаздар бойынша қабылданған өтініштер заңдастырылды. Сонымен қатар 155,9 млрд. теңге жария етілді.

– 2016 жылдың 30  желтоқсанында еліміздегі мүліктер мен қаржыларды жария ету жұмыстары аяқталды. Қорытындысында жоғары көрсеткіштерімен белсенділік танытқан Оңтүстік Қазақстан облысы елімізде төртінші орынды иеленді. Енді осы заңдастырудың нәтижесінде жыл сайын облыс бюджеті 55 миллион теңгеге салық түсімдерімен көбейіп отыратын болады. Жылжымайтын мүліктерін банктерге кепілге қою арқылы несиелер алып бизнесін кеңейте алатын азаматтардың қатары көбейді. Олардың кәсіпкерлікпен айналысып, өндіріс ұлғайтуға, табысын еселеуге мүмкіндіктері мол. Мұның облысымыздың экономикасын тиімді дамытуға көмегі көп болатыны сөзсіз, – деді Кеңесбек Нүсіпқұлұлы.

– Енді елімізде заңдастырылмаған мүлік үшін ешқандай ескертусіз бірден 530250 теңге (250 АЕК) айыппұл салынады. Ал, егер бұл талап бір жыл ішінде орындалмаса, заңсыздық жойылмаса, 500 АЕК көлемінде айыппұл төлетіледі. Мүлкі мен қаржысын заңдастырып үлгермегендерді осындай жаза күтіп тұр. Ал, осы үш кезеңде барлық дүниесін жария еткендер туарлы мәлімет ешкімге берілмейді және олар мемлекет тарапынан барлық жағынан қорғалады, – деді Әбдісалан Жораұлы.

Қазақстан азаматтары 2020 жылдан бастап жаппай табыс декларациясын тапсырады.

comments powered by HyperComments