Уақытша тіркеуге тұрмағандарды жазалау қашан басталады?

709 рет оқылды
0

Уақытша тіркеуге тұрмаған азаматтарға әзірге айыппұл салынбайды. ҚР Ішкі істер министрі Қалмұxамбет Қасымовтың айтуынша, бір ай бойы тәртіп сақшылары уақытша тіркеуге тұрмағандарға тек ескерту жасаумен шектелмек.

«Жаңа норманың негізгі мақсаты – ішкі көші-қонды бақылап отыру. Осының негізінде денсаулық сақтау, білім беру, жұмыс орындарын ашу және тағы басқа әлеуметтік-экономикалық мәселелер шешіледі. Бұл – жалпыәлемдік тәжірибе. Мәселен, Германияда тұрақты мекен-жайынан көшіп кеткені, я болмаса, бөтен біреудің мекен-жайын пайдаланғаны үшін 1 000 — 50 000 еуро айналасында айыппұл төлеу міндеті бар», — деп атап көрсетті Қ.Қасымов.

Еске сала кетейік, Қазақстан азаматтарын уақытша тіркелуге міндеттейтін заң қаңтардың 7-сінен бастап күшіне енген болатын. Енді өз үйіне адамдарды тұрғызғаны үшін баспана иесіне жауапкершілік енгізіліп отыр. Оларды уақытша тіркеуге қою қажет. Аталған норма бір рет бұзылса, 10 АЕК көлемінде айыппұл салынады. Ал бір жылдың ішінде тағы қайталанса, айыппұлдың көлемі екі есеге артпақ.

Айыппұл арқалағысы келмесе, ел тұрғындары ай соңына дейін тұрғылықты жері бойынша уақытша тіркеуге тұруы тиіс. Бұл процесті жеңілдету үшін Үкімет азаматтарға онлайн режимде тіркелу мүмкіндігін ұсынып отыр.

Қазіргі кезде онлайн режимде тек тұрақты тіркеу қызметі ғана жұмыс істейді. ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаевтың мәлімдеуінше, бір айдың ішінде оған уақытша тіркелу қызметі де қосылады. «Қазіргі кезде ішкі логистика мәселелері реттеліп жатыр. Негізгі мақсат — xалыққа қызмет көрсету орталықтарындағы кезектерді азайту. Ол үшін деректер базаларын өзара кіріктіру керек. Содан кейін уақытша тіркеуді онлайн режимде іске қосуға болады. Оған ұлттық ақпараттық теxнологиялар орталығы мен ішкі істер министрлігі жауапты. Бір айдан аз уақытта аталған қызмет енгізіледі», — деді Д.Абаев.

«Азаматтарға арналған үкіметтің» басқарма төрағасы Данияр Еренчиновтың айтуынша, бүгінде xалыққа қызмет көрсету орталықтарында жұмыс кестесі таңғы сағат 8:00-ден кешкі 20:00-ге дейін ұзартылған және уақытша тіркеу бойынша жұмыс істейтін мамандардың саны көбейген.

comments powered by HyperComments