Саңлақтарды күткен сын көп

1 294 рет оқылды
0

Ел спортшылары үшін сәтті өткен мешін жылы тарих қойнауына еніп, тауық жылының жаңа парақшалары ашылды. Бұл жыл да Қазақстан спортшылары үшін жеңісті боларына үміт мол. Қазақ спортшыларын 2017 жылы бірқатар айтулы жарыстар күтіп тұр.

Биылғы жылы Қазақстанның былғары қолғап шеберлері бокс­тан әлем чемпионатына қатысады. Ұлттық құрама бұл додадан алтын медальсіз оралмайды деген сенім бар. Биылғы жылғы бокстан әлем біріншілігі Германияның Гамбург қаласында өтпек. Айта кетейік, Германия биыл үшінші рет әлем чемпионатын қабылдайды. Бұған дейін 1982 жылы Мюнхенде, 1995 жылы Берлинде әлем біріншілігі өткен болатын.

Велоспорттан «Астана» шабан­доз­дарына да артылар сенім  мол. Өткен жылдың қараша айын­да Халықаралық велоспорт қауым­дас­тығы әлемдік додаларға қатысатын командаларға лицензиялар таратты. Халықаралық ережелер мен барлық талаптарға сай 17 команда анықталған болатын. Бұл тізімнің арасында «Астана» велокомандасы да бар. «Астана» командасының 2017 жылға қойған мақсат-міндеттері – Гранд турлардың бірінде жеңіске жету. Ең алдымен, Италия жеріндегі «Джирро д’Италия» жарысы. Қазақстан бұл додаға нағыз мықтыларын қосқалы отыр. Ал «Тур де Франсқа» команда капитаны болып Якоб Фульсанг шығады. Винченцо   Нибалидің өзге командаға ауысуына байланысты биыл ұжымды тағы да 10 шабандоз толықтырды. Олардың мақсаты Милан-Сан-Ремо, Тур Фландрия және Льеж-Бастонь-Льеж турларында топ жару. Әлемдік турға «Астана» велокомандасынан 28 спортшы қатысады. Олардың қатарында Фабио Ару, Жандос Бижігітов, Пельо Бильбао, Матти Брешель, Михаэль Вальгрен, Оскар Гатто, Андрей Гривко, Дмитрий Груздев, Лауренс Де Вриз, Артем Захаров, Андрей Зейц, Арман Камышев, Дарио Катальдо, Танел Кангерт, Бақтияр Қожатаев, Мигель Анхель Лопес, Алексей Луценко, Риккардо Минали, Морено Мозер, Луис Леон Санчес, Микеле Скарпони, Никита Стальнов, Паоло Тиралонго, Руслан Тілеубаев, Даниил Фоминых, Якоб Фульсанг, Йеспер Хансен және Сергей Чернецкий бар.

Ал президенттік «Astana Motor­sports» командасы халықаралық «Дакар-2017» ралли-марафонын сәтті бастады. «Дакар-2017» ралли-марафоны 15 қаңтарға дейін жалғаспақшы. Жарыстың алғашқы күні «MAN TGS» жолтаңдамайтын автокөлігімен Т-4  сынында жарысқа түскен Артур Ардавичус экипажы жалпы есепте сегізінші орыннан көрінді. «Toyota Land Cruiser 200» автокөлігін тізгіндеген Денис Березовский мен Алексей Никижев жұбы Т-2 «Production» категориясында төртінші келді. Бұл жалпы есептегі 61-ші орын.

Сонымен қатар, қазақстандық спорт­шылар биыл студенттер ара­сындағы қысқы Универсиада ойын­дарына қатысады. 28-ші Бүкіләлемдік универсиада еліміздің оңтүстік астанасы – Алматы қаласында 29 қаңтар мен 8 ақпан аралығында өтеді. Студенттерге арналған ойындар болғанымен, универсиаданың спорт әлемінде маңызы аса жоғары. Қысқы универсиада күнде болып жатқан жоқ, әрі біздің елде бірінші рет өткелі отыр. 23 күннен кейін басталатын шараға биыл 50 елден 5 мың спортшы келеді екен. Иә, биыл Қазақстан үшін сын сағаты болғалы тұр. Универсиадаға қатысушы елдер өздерінің бірінші номерлі спортшыларын алып келеді. Кезекті қысқы студенттік ойындарды Алматыда өткізу туралы ресми шешім 2011 жылдың аяғында Брюссельде Халықаралық студенттік спорт федерациясы дауыс беру арқылы қабылдаған еді. Жастар ара­сын­да бұқаралық спортты дәріптеу мақсатында соңғы 50 жылдан бері ұйымдастырылған спорттық дода – еліміз үшін де абыройлы шара.

Ең алғаш Италияның Турин қаласында алғашқы халықаралық ірі спорттық ойын өткізілген. Енді 23 күннен кейін Алматы қаласы спорттық доданың астанасына ай­нал­мақ. Соңғы 5 жылда үздіксіз жүр­гізілген дайындық жұмыстары аяқталды. Бірнеше спорттық ны­сандар салынып, олардың барлығы тест­тік жүйеде тексеруден өтіп үлгерген. Халықаралық студент­тік спорттық федерация дайын­дық­қа жоғары баға бергенімен, кейбір кемшіліктерді түзетуге уақыт бар. Халықаралық спорт додасына бастапқыда республи­ка­лық бюджеттен 32 млрд теңге қарастырылған. Алайда оңтайлан­дыру барысында, шараны толық­тай атқаруға 17 млрд 900 млн теңге жеткілікті деген шешім қабыл­данған. Ұйымдастырушылар универ­сиаданың логотипін, спорт­шы­ларға арналған киімдер мен еріктілерді іріктеу шараларын аяқтауға жақын. Қаңтардың 29-ы мен ақпанның 8-і аралығында 11 күн бойы өткізілетін жарыстар спорттың 13 түрінен өтеді. Олардың қатарында мәнерлеп сырғанау, шорт-трек, тау шаңғы спорты, сноубординг, биатлон, шаңғы жарысы, шайбалы хоккей, керлинг. Қосымша спорт түрлері – шаңғымен тұғырдан секіру, шаңғы қоссайысы, фристайл, конькимен сырғанау жарысы, бенди, яғни допты хоккей. Универсиаданың елде өтуі  қысқы спорт түрлерінің дамуына сеп болмақ.

Ал кезекті қысқы Универсиадада Қазақстан құрамасы шорт-тректен бірнеше қашықтықта жүлде алудан үмітті.  Бұл жөнінде бұған дейін Қазақстан ұлттық құрамасының мүшесі Нұрберген Жұмағазиев мәлімдеді. Нұрберген Жұмағазиевтің өзі бұл сында 500, 1000, 1500 метр қашықтықта бақ сынайтын болады. Сонымен қатар, Абзал Әжіғалиев, Айдар Бекжанов және Денис Никишамен бірге 5 мың метр қашықтықта эстафеталық жарыста Қазақстан қоржынына медаль салуға мүмкіндік бар. Дегенмен қарсыластар да осал  емес. Универсиадада Корея, Ресей, Канада, Голландия сияқты елдер мықты  шорттрекшілерін бәйгеге қоспақшы.  «Универсиададан кейін бірден Минск қаласына, әлем кубогы кезеңіне аттанамыз. Жекелей сын өз алдына, эстафетадан әлем чемпионатына қатысу үшін әлем кубогы кезеңдерінің қорытындысы бойынша үздік сегіз команданың қатарына ілігу керек. Мен  өзім шорт-трекпен он төрт жылдан бері айналысып келемін. Оралда жабық  мұз айдыны сарайы ашылғаннан кейін-ақ осы спорт түріне көңіл бөлініп, Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы Мәдіғали Қарсыбеков бізді жалықпай баптай бастады. Біз табысқа жетсек, алдымен осы кісінің арқасы деп білемін», – дейді отандық басылымдарға берген сұхбатында Нұрберген Жұмағазиев.

2016 жыл қазақстандық шорттрек­ші­лер үшін жемісті болды. АҚШ-тың Солт-Лейк-Сити қаласында өткен әлем кубогы кезеңінде Абзал Әжіғалиев  500 метр қашықтықта алдына жан салмай, қазақстандық шорттрекшілер арасында тұңғыш рет алтын медальді иеленді. Одан кейін Оңтүстік Кореяның  Каннын қаласында Нұрберген Жұмағазиев  1000 метр қашықтықта чемпион атанды.

Сондай-ақ, үстіміздегі жылдың 27-29 қаңтары аралығында Джиу-джитсу спортынан Халықаралық рейтингтік турнир өтеді. Мамандар пікіріне сүйенсек, мұндай сайыс бұрын-соңды елімізде болмаған.«Kazakhstan National Pro Jiu-Jitsu Championship-Gi» турнирі Астана қаласында ұйымдастырылады. Бұл сайыстарда жеңіске жеткен спортшыларды «Abu Dhabi World Professional Jiu-Jitsu Championship 2017» турнирі күтіп тұр.

Одан бөлек қазақстандық фут­бол­­шылар Ресейде өтетін әлем чемпионатының іріктеу матчтарына қатысады. Сондай-ақ, «Астана», «Қайрат», «Ордабасы» және «Ертіс» футбол командалары еурокубоктарда ел намысын қорғайтын болады.

Ал әлем бойынша биылғы жыл­ға жоспарланған байрақты бәсеке­лер­дің қатары аз емес. Мәселен, 2017 жылдың 14 қаңтары мен 5 ақпаны аралығында футболдан Африка кубогі өтеді. 16-29 қаңтар аралығында теннистен  Australian Open жарысы ұйымдастырылмақ. 5-21 мамыр аралығында хоккейден әлем чемпионаты өтсе, 3 маусым күні футболдан чемпиондар лигасының финалы болады. 17 маусым мен 2 шілде аралығында аяқ доп шеберлері футболдан Конфедерация кубогін сарапқа салады. Ал шілде айының 1-і мен 23-і аралығында велоспорттан «Тур де Франс» көпкүндігі өтеді. Жеңіл атлетикадан әлем чемпионаты үстіміздегі жылдың 4-13 тамыз аралығына жоспарланған.

Биылғы жылы қазақ спорт­шы­ларының ел мерейін асыратын талай мүмкіндігі болмақ. Спортшыларымыз байрақты бәсекелерде көк Туымызды көкте желбіретеріне сенім білдірейік.

comments powered by HyperComments