Отынға айналған ормандар

700 рет оқылды
0

«Тойдың болғанынан боладысы қызық» демекші, көптен күткен Жаңа жыл мерекесі өз мәресіне жетті. Мейрамның көрігін қыздырамыз, балаларды қуантамыз деп жанталасқан ата-ана дастарқанға тәттінің түр-түрін қойды, Аяз атаның, Ақшақардың кейпіне енді, қызылды-жасылды отшашуларды аспанға атты. Дәстүрден жаңылмай шаңырақтың төріне шамшыраққа оранған шыршалар орнатты. Оның әдемілігінде дау жоқ. Бірақ адамның бір сәттік қуанышы үшін қылқан жапырақты орман алқаптары орны толмас шығынға ұшырап жатқанын ескере бермейміз.

Жылына нақты қанша шыршаға балтаның жүзі тиетінін ешкім дөп басып айта алмайды. Бірақ Жаңа жыл мерекесінде қай үйге кірсеңіз де, шыршасы жоғын кездестіру қиын. Соңғы жылдары бағасы арзандау жасанды шыршалар қолданысқа енгенімен, «нағыз мерекені сезіну үшін табиғи шырша қажет» дейтіндер әлі де жетіп-артылады.  Ең өкініштісі – «Бір тал кессең, он тал ек» деген қағиданы ұстанбайтынымыз. Қыста кесілген шыршаның орнына көктем туа жас көшет егіп жатқан ешкім жоқ.  Тіпті, әр кесілген шыршаның орнына жаңа көшет отырғызған күннің өзінде табиғи шығынның орнын толтыра алмас едік. Өйткені шырша – өте баяу жетілетін, әрі күй талғайтын ағаш. Оның жыл сайын 30 см қарқынмен өсуі үшін 15-20 жыл қажет.

picea_schrenkiana_forest

Адамның уытты қолынан қылқан жапырақтыларды қорғау үшін Үкімет тарапынан нақты ереже  қабылданған. Биылғы жылдың 17 қарашасында Ауыл шаруашылығы министрлігінің Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті мемлекеттік орман қорының аумағында қылқан жапырақты ағаш тұқымдарының жас шыбықтарын заңсыз кесудің алдын алу және болдырмауға бағытталған іс-шараларды белсендіретін №258 бұйрық шығарды. Сол бұйрыққа сәйкес жаңажылдық шыршалар тек арнайы плантацияларда ғана дайындалуы қажет. Яғни, Жаңа жыл мерекесіне арнап арнайы плантацияларда шыршалар өсірілуі қажет.  Сондай-ақ, орманды санитарлық тазарту мақсатында кесілген шыршаларды пайдалануға болады.  Ал мектеп, балабақша сынды әлеуметтік нысандар мен басқа да мекемелерде мәдени шараларды жүргізу үшін шыршаны кесуге Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің рұқсат қағазы керек. Ұйымдар мен мекемелерге жаңажылдық шыршалар тек өтінімдер бар болған кезде ғана босатылуы шарт. Алайда бұл бұйрыққа құлақ асқандар ілуде біреу. Мереке қарсаңында шыршаларды аяусыз кесу, заңсыз сатылымға шығару сынды тәртіп бұзушылықтарға тоқтам болған жоқ.

– Қылқан жапырақты ағаш тұқым­да­рының жас шыбығын қазір ерекше қорғалатын табиғи аумақтар коммуналдық орман шаруашылығы мемлекеттік меке­мелерінің орманды қорғау қызметкерлері, орман және аңшылық шаруашылығы жедел ден қою отрядының инспекторлары, полиция қызметкерлері қор­ғайды. Қылқан жапырақты тұқым­дар­дың жас шыбықтарын заңсыз кесуден қорғау мақсатында ағымдағы жылдың қараша айының соңында орман алқаптарына апаратын негізгі жолдарда бақылау-өткізу пункттері ұйымдастырылды, жұмылдырылған топтар құрылды, – деді Шығыс Қазақстан облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі инспекциясы бөлімінің басшысы А. Морозов.

Елімізде қылқан жапырақты ағаш­тар­дың 70 пайызы Шығыс Қазақстан өңірінде өседі. Жаңа жыл мерекесінің қарсаңында өңір орманшылары шыршаларды кесуге қарсы күресті күшейтті. Әрбір аудан-қалалардың кіреберісіне арнайы тексеру бекеттері орнатылды. Өскемен орман шаруашылығы 3 бекет және 60 мобильдік топ құрды. «Шырша-2016» шарасы барысында табиғат қорғау полицейлері бірнеше заң бұзушыны ұстап, айыппұл салды.

«Егер шырша заңсыз кесілген болса, Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің 340-бабына сәйкес қылмыстық жауапкершілікке тартылады. Яғни 200 айлық есептік көрсеткіште айыппұл төлейді, не болмаса 60 күндік қамауға алынады», – дейді Табиғатты қорғау бөлімшесінің аға инспекторы Асан Қадыров.

ІІД хабаралағандай, «Шырша-2016» шарасы барысында бір ғана Өскемен қаласында шыршаны заңсыз саудалаудың 18 дерегі анықталса, ағаштарды заңсыз кесудің 6 фактісі тіркелді. Мәселен, қалада белгісіз біреулер жеке кәсіпорын жанында өсіп тұрған он метрлік шыршаны кесіп, ұрлап кеткен. Фирма директоры дереу полицияға жүгінді. Жедел іздеу шаралары барысында 37 жастағы ер адам ұсталды. Ол кінәсін мойындады. «Факті бойынша әкімшілік емес, қылмыстық іс қозғалды. 199-баптың 2-бөлігі бойынша ол 5 жылға бас бостандығынан айырылады не 3 мың АЕК дейін (6 миллионнан астам) айыппұл төлейді» , – деп нақтылады тәртіп сақшылары.

Сондай-ақ, жуырда шыршаны заңсыз кескен Зырян тұрғынына қатысты сот өтті. Ол өзі тұратын көпқабатты үйдің ауласындағы шыршаны кесіп, ағашты қоқыс салатын контейнерге тастаған. Нәтижесінде мемлекетке 85 мың теңге көлеміндегі зиян келтірілді. Зырян аудандық сотының материалдары бойынша ер адамға қатысты қылмыстық іс қозғалды. Заң бұзушы келтірген шығын көлемін толық өтеген соң ғана сот бітімгерлікпен аяқталып, қылмыстық іс тоқтатылды.

Алматы облысында да шырша­ отаушылардың қатары жылдан-жыл­ға көбейіп келеді. Солардың бірі – желтоқ­санның соңында Тянь-Шань тауларының 20 шыршасын заңсыз алып бара жатқан жерінен ұсталған Ұйғыр ауданының 42 жасар тұрғыны.

«Орман шаруашылықтары, саябақ­тар­мен қатар базарлар мен сауда орындарын, яғни заңсыз кесілген ағаштар саудалануы мүмкін орындарды тексерген соңғы рейд барысында Көлсай шатқалының маңында Тянь-Шянь тауларының 20 шыршасы тиелген жүк көлігі ұсталды. Көліктің жүргізушісі ағаштарды кесуге рұқсат беретін қандай да бір құжаттарды көрсете алмады. Қазір осы факті бойынша қылмыстық іс қозғалды. Мемлекетке келген шығын 336 000 теңгені құрап отыр», – деп хабарлады ІІД-нің Табиғатты қорғау қызметінің өкілдері.

Тынысым ашылсын десең – тал ек

Осыдан мыңдаған жыл бұрын жердің құрғақ бөлігін тегіс ормандар жауып жатқан екен. Бүгінде оның 31 пайызында ғана ағашты алқаптар қалды. Бұған қарап, орманды біз ғана отап жатпағанымызды түсінеміз. Бірақ өзге елдер қауіпті дер кезінде бағамдап, әрекет етуге кіріскен. Мысалы, Біріккен Ұлттар Ұйымының мәліметінше, 2005-2010 жылдар аралығында әлемнің 80-ге жуық елінде орманды алқаптар көбейген. Испания, Италия, Норвегия, Уругвай, Чили, Куба, Тунис, Морокко сияқты мемлекеттерде орман алқаптарының аумағы ұлғайған. Біздің құрлықта Қытай, Үндістан, Вьетнам мен Филиппин бастаған елдер табиғатты ерекше қорғауға алған көрінеді, соның есебінен оң нәтижеге қол жеткізген.

Тағы бір айта кетерлік, жыл сайын 12 наурызда  Қытай елі ағаш егу мерекесін атап өтеді. Бұл мереке Қытай және Тайвань елдерінде мемлекеттік мәртебеге ие. 1981 жылы V Қытай халқының ұлттық конгресінің төртінші отырысында «Ерікті ағаш егу шарасы» туралы шешім қабылданған. Нәтижесінде «Ағаш отырғызу күні» деп 12 наурыз бекітілген. Бұл шешім талқыланған кезде 11 жастан 60 жасқа дейінгі әрбір дені сау, ақыл-есі дұрыс азамат бір жылда бес ағаш егіп, олардың өсіп кетуіне ықпал етуі тиіс деген талаптар қарастырылған болатын. Егер де белгілі бір себептерге байланысты ағаш егу мүмкіндігі болмаса, ол өзге ағаштарды суару, әктеу, жан-жағындағы арам шөптерін жұлу, қопсыту сияқты жұмыстарға атсалысуға міндетті деп белгіленген.

Бүгінде жаппай ағаш отырғызу шарасы бірқатар елдерде әртүрлі мезгілде жүргізіледі. Тал егу акциясы Америка, Украина, Оңтүстік Корея, Алжир, Мысыр, Жапония, Бразилия, Германия, Португалия, Бельгия, Италия елдерінде жыл сайынғы үрдіске айналған. Өкінішке қарай, ағаш отырғызу белсенділігі жөнінен көш бастап тұрған мемлекеттердің тізімінде Қазақстан жоқ. Тал-дарақтарды аяусыз отай бермей, біздің елімізге де ағаш егуді дәстүрге айналдыратын кез жетті.

Алматының ажарына қиянат

Бір кездері ит тұмсығы батпайтын ну ормандарымыздың қазір құр елесі ғана қалған. Әсіресе, елдегі орман алқабының қырық пайыздан астамын алып жатқан Алтай аймағы мен қайың-терегі көз қызықтырар солтүстік облыстардағы орман көз алдымызда құрып, жойылып барады. Еліміздің эколог мамандары қанша рет дабыл қақса да, табиғатқа жанашырлық танытуға келгенде әлі де селсоқпыз. Басқаны жылы жапсақ та, кешегі күнге дейін талайды жасыл желегімен баураған Алматының жасыл желексіз қалуына жол беруге болмайды. Соңғы 5 жылда ару қаламыздағы ағаштың саны 100 мыңға азайғанын біреу білсе, біреу білмес. Өткен жылы Алматы қаласы әкімдігі таратқан мәліметке сүйенсек, 2010 жылы Алматыда 1 470 000 ағаш болса, қазір 1 360 000 түп қалған. Егер осы қарқынмен жалғаса беретін болса, 60 жылдан соң Алматы ағашсыз қалуы мүмкін дейді мамандар. Қазірдің өзінде экологиясы сын көтермейтін қаланың 60 жылдан  кейінгі тірлігін елестетудің өзі мұң. Мәселен, бүгінде Алматы ауасының құрамындағы оттегінің үлесі 17 пайызға әзер жетеді екен. Экологтардың шырылдайтындайы бар. Белгілі эколог Мэлс Елеусізов қалада шамамен 30 мыңнан астам ағаш кесілгенін, оның салдары қандай болғанын айту үшін қайсыбір жылы бірнеше ақпарат құралының есігін қақты. Оның: «Алматыда Кеңес Одағы кезінде егілген ағаштың жартысынан азы қалды. Кесілген ағаштың орнын толтырып жатыр ма, жоқ па – оны ешкім бақыламайды. Норма бойынша оталған бір ағаштың орнына он ағаш егу керек болатын. Бұл норманы үнемі бақылап отыратын болса, Алматының айналасы қазір орман болып кетер еді», – дегені есте.

Расында да, соңғы кездері Алматы қаласында ағаштарды жаппай отау жиі орын алып кетті. Жергілікті басқарушы билік өкілдері «біз тек түбі шіріген, ұзақ жасаған ағаштарды ғана кесудеміз. Алматыдағы жасыл желектің 80 пайызы 125 жыл болған ескі ағаштар, оларды бағалы тұқымды ағаштарға алмастыру қажет» дейді. Соған қарамастан, сол кесілген ағаштардың орнына егіліп жатқан тал-дарақ тағы жоқ. Әйтпесе жерге шыбық қадасаң терекке айналатын, топырағы құнарлы, жер жаннаты саналатын Жетісу өңірінде бес жылдың ішінде ағаш саны осылайша кемімес еді.

Шетелде жол салу үшін бір ағашты айналып өтетінін халықаралық ақпарат құралдары арқылы естіп те, көріп те жүрміз. Ал ресми һәм бейресми деректер біздегі жағдайдың бұған қарама-қайшы екенін айғақтайды.  Алматыда алты жолайрықты салу үшін жалпы саны 3900 ағаш кесілген. Оның орнына 9500 тал отырғызылатыны айтылған. Алайда берілген уәденің, жоспарланған істің орындалуы кемшін. Қала ішін қойып, қала сыртындағы ағаштарды да отап барамыз. Мәселен, «Көк-Жайлау» тау-шаңғы курорты салынатын аумақта 23 мыңға жуық ағаш кесілген. Компания сарапшыларының есептеуінше, 21,5 гектар орманды алқапта небары 22 644 ағаш өсіп тұр.

Алматының «жасыл тәжі» Көктөбе де айтақырға айналар түрі бар. Өткен жылы онда 400-ден аса ағаш заңсыз кесілген. Әсемдікке жасалған бұл қиянат үшін ешкім жауапкершілікке тартылған жоқ. Саябақ әкімшілігі айыппұлмен құтылды. Аталмыш мекеме кесуге рұқсат сұрамақ түгіл, кесілген ағаштардың орнына басқа жерден ағаш егу туралы ойламаған да. Айта кетер жайт, Көктөбені тықырлап отырғанымыз бірінші рет емес, Yvision.kz блог-платформасында жарияланған Google Earth мәліметтеріне сүйенсек, 2013 жылдан бері Көктөбеде 1,7 гектар көшет кесілген көрінеді. Жаза жеңіл болған соң әркім ойына келгенін істемей қайтсін? Әсіресе, қалталылар үшін ағаштың қалың өскенінен гөрі сол жасыл желекті отап тастап, орнына табыс жақсы түсетін мейрамхана немесе ойын-сауық орталығын салған әлдеқайда тиімді болып тұр.

Ағаштың жауы – адам мен балта

Аяусыз оталған ағаштардың барар жері біреу: отынға айналады. Еліміздің түкпір-түкпірінде жаппай кесілген ормандардың пайдаға асқаны, бір үстел, болмаса бір жапырақ қағазға айналғаны некен-саяқ. Ағаш шикізатының біздегі жағдайын әлем елдерімен салыстыруға келмейді. Мәселен, Канада жылына 227 млн куб орман кесілсе, соның тек 2 пайызы ғана сапасыз болып шығады екен. Ресейлік орманшылар отаған 180 млн куб орманның 30 пайызы, Швейцарияда кесілген 6 млн куб орман-тоғайдың 1,5 пайызы ғана іске жарамсыз екен. Ал Қазақстанда оталған 200 мың куб ағаштың 70 пайызы отынға айналатын көрінеді.

e788976235aa43cd4c1dc612a6e616a0_xl

Соңғы кездері Алматыға кіреберіс жол­дардағы жағалай орналасқан ағаштардың айтар­лықтай азайғаны байқалады. Жол жиегіндегі кафе иелерінің кәуап пісіру үшін де, жақын жердегі тұрғындардың отынға тамызық қылу үшін де жол жиегіндегі ағаштарға балта алып жүгіре беруінің соңы Алматы айналасының жалаңаштануына ықпал етіп отыр. Ағаш отаушыларға қатаң жазаның жоқтығы осылайша жасыл желектің оталуына себеп болуда. Жаңа жылдың бір күндік сауығы үшін таудағы шыршаны аяусыз кесіп әкеле салатындар да жетерлік. Бір шаңыраққа бір шыршадан дегеннің өзінде ғасыр бойы өсетін қылқан жапырақтылардың қаншамасы қырқылып кетіп жатқанын есептеу қиын емес. Қазақстан ормандарының тек 1-2 пайызын ғана бағалы саналатын қылқан жапырақты ағаштар алып жатқанын,  жыл он екі ай өңін жоғалтпайтын ағаштар жылына санаулы ғана сантиметр өсетінін біле тұра шыршаға заң жүзінде ара түсе алмай отырмыз.

Кейбір дамыған елдерде өсіп тұрған бір ағашқа немесе өз бетінше көктеген кез келген өскінге заңсыз қол тигізе алмайсың. Өйткені олардың әрбір қылтанақты қорғайтын арнайы заңы бар. Олардың әр қадамы құжат бетінде дәйектелген. Ал бізде бір ағаш түгілі, мыңдаған гектар ормандар оталып жатса да, сұрауы жоқ. Заң күшейіп, жаза қатаңдатылса, бұл жүгенсіздікке тоқтау болар, бәлкім.  Әйтпесе, ауаны тазартып, тынысты ашатын, ебін тапса өндірістің өрісін кеңейтетін жасыл желек, орман-тоғайларымыздың қадіріне жетер түріміз көрінбейді.

 

 

comments powered by HyperComments