Қазақ хандығының құрылуы: Керей мен Жәнібек хан. Бұрындық пен Қасым хан .

1 640 рет оқылды
0

Қазақ хандығының пайда болуы Қазақстан жерінде 14-15 ғғ. болған әлеуметтік-экономикалық және этникалық-саяси процестерден туған заңды құбылыс. Өндіргіш күштердің дамуы, көшпелі ақсүйектердің экономикалық қуатының артуы, феодалдық топтардың тәуелсіздікке ұмтылуы, осы негізде Әбілхайыр хандығы мен Моғолстан арасындағы тартыстың өршуі, әлеуметтік қайшылықтардың үдеуі 15 ғ. 2 жартысында бұл мемлекеттердің құлдырап ыдырауына апарып соқтырды.

pogudx4k1pu9taj31-2c8a14b0Әсіресе Әбілхайыр(1428-1468) ЖошыШайбан— Дәулет-Шайх оғланның ұлы хандығы өте нашар еді. Территориясы батысында Жайықтан бастап, шығысында Балқаш көліне дейін, оңтүстігінде Сырдың төменгі жағы мен Арал өңірінен, солтүстігінде Тобылдың орта ағысы мен Ертіске дейінгі жерді алып жатты. Бір орталыққа бағынған мемлекет болмады. Көптеген ұлыстарға бөлінді. Олардың басында Шыңғыс әулетінің әр тармақтағы ұрпақтары, көшпелі тайпалардың билеушілері тұрды. Әбілхайыр билік еткен кезде халық өзара қырқыс пен соғыстан шаршады. 30 жж. ол Тобыл бойында Шайбани ұрпағы Махмұт Қожаханды талқандады. Сыр бойындағы далада Жошы әулетінің Махмұтханы мен Ахметханын(Тоқа Темір тұқымы) жеңді.

1446 жылы Әбілхайыр Темір ұрпақтары мен Ақ Орда хандары ұрпақтарынан Сыр бойы мен Қаратау баурайындағы — Сығанақ, Созақ, Аққорған, Өзгент, Аркүк сияқты қалаларды басып алады.

1457 ж. Үз-Темір тайшы бастаған ойраттардан (жайылым жер іздеген) Түркістан өңірінде жеңіліп қалды. Масқара ауыр шарт жасасып, ойраттар Шу арқылы өз жерлеріне кетті. Ал Әбілхайыр өз ұлысында , қатал тәртіп шараларын орнатуға кіріседі. Бұл халық бұқарасының оған деге өшпенділігін күшейтті. Нәтижесінде халықтың жартысы Шығыс Дешті Қыпшақтан Түркістан алқаптарына және Қаратау бөктерлерінен Жетісудың батыс өңіріне көшіп барулары еді. Оны Жәнібек пен Керей басқарды.

Дешті Қыпшақ пен Жетісудағы көшпелі бұқара феодалдық қанаудың күшеюіне, соғыстарға наразылық ретінде, хандар мен феодалдардың қол астынан көшіп кетіп, қоныс аударды. Сөйтіп, 15 ғ. 50-70 жж, яғни 1459ж. Әбілхайыр хандығынан Жетісудың батысына Есенбұға хан иелігіне Шу мен Талас өзендерінің жазықтығына көшіп келді. Олардың қоныс аударуының бір себебі, оларды Шыңғыс әулетінен шыққан Керей хан мен Жәнібек ханның жаңа қалыптасып келе жатқан қазақ халқының дербес мемлекетін құру, оның тәуелсіз саяси және экономикалық дамуын қамтамасыз ету жолындағы қадамы мен қызметі өз ықпалын тигізді. Жетісу рулар мен тайпалар мемлекет бірлестігінің орталыпына айналды. Олардың саны 200 мың адамға жетті. Моголстан ханы Есенбұға өзінің солтүстік шекарасын қорғату үшін, сондай-ақ өзінің бауыры Тимурид Абу Саид қолдап отырған Жүністің шабуынан батыс шекарасын қорғату үшін пайдаланғысы келді. Жәнібек қазақ хандығының тұңғыш шаңырағын көтерген Барақ ханның ұлы, ал Керей оның ағасы Болат ханның баласы. Барақтан басталатын қазақтың дербес мемлекеттігі жолындағы күресті оның туған ұлы мен немересінің жалғастыруы табиғи құбылыс. Мырза Мұхамед хайдар Дулати Қазақ хандығының құрылған уақытын хижраның 870 жылына (1465-1466 жж.) жатқызады.

Керей хан

kerey-han-1Керей хан Кирай, Гирей (туған, өлген жылы белгісіз – 1473) – Қазақ хандығының негізін қалаушы ұлы екі тарихи тұлғаның бірі, алғашқы қазақ ханы. Ақ Орданың ханы Ұрыстың ұрпағы. Ұрыс ханнан Тоқтақия, одан Болат, одан Керей хан тараған.

«Тауарих-и Гузида-йи Нусратнаме» дерегі бойынша, Керей хан – Болаттың жалғыз баласы. 15 ғасырдың ортасына дейінгі тарихи оқиғаларда Керей хан туралы мәліметтер кездеспейді. Мұхаммед Хайдар Дулатидың «Тарих-и Рашиди» атты еңбегінде Керей хан туысы Жәнібек ханмен бірге 15 ғасырдың 50-жылдарының аяғында Қазақ хандығының құрылуына қатысты оқиғаларда алғаш рет атала бастайды. Онда Керей хан мен Жәнібек ханның Әбілхайыр хандығынан бөлініп, Моғолстанның батысындағы Шу бойы мен Қозыбасы өңірі аралығына келіп қоныстанғаны туралы баяндалады. Бұл аймақ – сол жылдардағы Моғолстан билеушісі Есенбұға хан мен оның туған ағасы Жүніс хан иеліктерінің арасы болды.

Соңғы жылдары ғылыми айналымға енгізілген аңыз мәліметтері бойынша, Керей хан мен Жәнібек хан қол астындағы ру-тайпалармен 1457 жылдың күзінде Шу өңіріне көшіп келген. Ал 1458 жылдың көктемінде Керейді хан етіп көтерді. Аз уақыт ішінде Қазақ хандығындағы халықтың саны 200 мыңнан асып кетеді. Керей хан мен Жәнібек ханның арқасында Есенбұға хан ағасы Жүніске қарсы күресте сенімді, әрі мықты одақтас табады. Жүніс 146162 жылы Есенбұға хан қайтыс болғанға дейін Моғолстан тағына қарсы ешқандай әрекет жасай алмайды. 1461/621469 жылдары Моғолстан ханы Досмұхаммедтің мәнсіз, мағынасыз жүргізген саясаты салдарынан Керей хан Жүніске қолдау көрсете бастайды. Ақыры, 1469 жылы Досмұхаммед хан қайтыс болғаннан кейін, Моғолстандағы билік басына еш қиындықсыз Жүніс хан келеді. Керей хан тұсында негізі қаланған Қазақ-Моғолстан қатынасы 16 ғасырдың 30-жылдарына дейін достық, бейбіт сипатта болады. Әбілхайыр хан Керей хан мен Жәнібек хан ықпалының күшейе бастағанынан қауіптеніп, оларды дер кезінде талқандау мақсатымен 1468/69 жылы жорық ұйымдастырады. Жорық кезінде Әбілхайыр хан ауырып, қайтыс болады да, әскері кейін оралады. Көп ұзамай Көшпелі өзбектер мемлекетінде билік үшін талас-тартыс басталып кетеді. Кешегі Әбілхайыр ханның қарсыластары – Ахмет пен Махмұт хандар, ноғай мырзалары Мұса мен Жаңбырлы, Сібір ханы Ибақ, шайбанилық Берке сұлтан және қазақ хандары Әбілхайыр ханның мұрагері Шайх Хайдар ханға қарсы шығады. “Тауарих-и гузида-йи нусратнаме” дерегінде қазақ хандары ретінде Керей хан мен Жәнібектің есімдері аталса, “Фатхнама”, “Шайбанинаме” деректерінде тек қана Жәнібек ханның есімі кездеседі. Дегенмен Керей хан есімі тарихи деректерде соңғы рет 147273 жылдары, Жүніс хан ордасына Бұрыш оғлан деген сұлтанның шабуыл жасауына байланысты аталады. Соған қарағанда Керей хан 1470 жылдың бас кезінде қайтыс болған. Аңыз бойынша, Керей хан Қазақ хандығын 10 жылдай билеген және Хан тауы етегінде жерленген.

Жәнібек хан

14532011107i3in-725xӘз-Жәнібек хан, Жәнібек Әбусаид (туған жылы белгісіз — 1480) — Қазақ хандығы мен қазақ хандары әулетінің негізін қалаушы, Барақ ханның ұлы, Ұрыс ханның шөбересі. 15 ғасырда өмір сүрген. 1450 жылға дейінгі өмірі мен қызметі туралы нақты деректер жоқ.

Әбілқайыр хан өлімінен кейін хан тағы үшін болған өзара қырқысулар Дешті-Қыпшақта өрши түсті, оған туған жерге оралуды көздеп жүрген Жәнібек хан мен Керей хан да араласып кетті. Олар Әбілқайыр мұрагері Шейх-Хайдар ханмен кескілескен шайқасқа түсті. Өз әміршілері тарапынан ешқандай көмек ала алмаған Шейх-Хайдар билік үшін күресте жеңіліске ұшырады. Бұдан кейін Дешті-Қыпшақтағы билік Орыс ханның тұқымдары — Жәнібек хан мен Керей ханның қолдарына өтті. Олар тағы да отыз жыл бойы шайбанилықтармен табан тіресе шайқасты.

Биліктің Орыс хан тұқымдарының қолына өтуі де «Көшпелі өзбектер мемлекетіндегі» саяси жағдайды өзгерткен жоқ. Дегенмен, бұл оқиға «Көшпелі өзбектер мемлекеті» атының Дешті-Қыпшақ болып өзгеруіне ықпал етті. Бір кездері Моғолстанға қоныс аударған адамдар Өзбек ұлысында «қазақтар» деп атала бастады және бұл атау бүкіл хандыққа тарай бастады. Билік үшін күрес Жәнібек хан мен оның үзеңгілестері қазақтардың бірігуі мен Қазақ хандығының құрылуына үлес қосты.

15 ғасыр орта шанінде ежелден Жетісу өңірін мекендеген түркі тайпалары бір этникалық топқа біріге келе, қазақ халқын құрады. Жәнібек хан мен Керей хан Жетісу өңірі, Шу мен Талас өзендерінің бойын мекендеген қазақтардың басын қосуда көп еңбек сіңірді. Бұл мақсатпен олар өзара қырқысуларды басып, ірі феодалдарды маңайына топтастырды.

Жәнібек ханның Дешті-Қыпшаққа оралғаннан кейін билігін күшейткені туралы, өмірінің соңғы жылдары мен өлімі туралы деректер жоқ. Оның есімі тарихи деректерде соңғы рет 1473 жылы кездеседі. Бұдан кейінгі жылдары Керей хан туралы ғана айтылған. Жәнібек хан жиі болатын шайқастардың бірінде қаза тапқан деп болжауға болады. Сақталып қалған халық аңыздары мен өлеңдерінде Жәнібек ханды Әз Жәнібек деп атаған.

Бұрындық хан

20161215163750Бұрындық хан — 1480-1511 ж.ж. аралығында Қазақ хандығында билік құрған Керей ханның үш ұлының бірі.

Бұрындықтың қашан дүниеге келгені белгісіз. Орта ғасырлардағы жазба деректердің үзік-үзік мәліметтеріне сүйене отырып, оның өмірінің 40-50 жылдық кезеңін қалпына келтіруге болады.

Бұрындық ханның өмірі Қазақ хандығы тарихының алғашқы дәуірімен тығыз байланысты. Сондықтан да хандық тарихындағы ірі оқиғалар мен дамулар оның өміріндегі белестер болып есептеледі. Жазба деректердің өте тапшылығына қарамастан, Бұрындық хан өмірінен бірнеше белесті айқын көруге болады.

  • Оның Қазақ хандығы құрылуының екінші кезеңдегі атқарған рөлі, бұл шамамен 1469-1472 жылдарда болған;
  • 1472-1473 жылдардан XV ғасырдың 90 жылдарының ортасына дейін, қазақ хандығының батыста ноғай мырзаларымен және оңтүстікте Сыр бойы қалалары мен өңірлері үшін күрестегі атқарған рөлі;
  • XV ғасырдың 90-жылдарының ортасынан XVI ғасырдың алғашқы 10 жылдығы ішіндегі Қасым сұлтанмен арадағы қайшылықтар, Шайбани ханмен одақтасу, қазақ қоғамындағы беделін жоғалтып, елден кетуі.

Бұрындықтың хандықтың құрылу үрдісіне қатынасуы 1469-73 жылдардағы оқиғалардан көрінеді. Осы жылдары Қазақ хандығына қатысты мынандай оқиғалар болған еді: 1469 жылы Әбілқайыр хан Моғолстанның батыс жағындағы Қазақ хандығына қарсы жорық ұйымдастырып, сол жылдың қараша-желтоқсан айларында орта жолда қайтыс болды.

Керейден соң хандық билік Жәнібек ханға өтті. Ал Бұрындық болса ұлыс басқарып, Жәнібек ханның жарлықтарын орындап жүреді. Дәл осы жылдарда алғаш рет Бұрындық есімі «хан» деген лауазыммен жазба дерек мәліметіне енеді. Шайх-Хайдарға қарсы Қазақ хандығы тарапынан күресті басқарушы Жәнібек хан болса, ал оны іске асырушы Бұрындық болған. Бұл жөнінде дерек мәліметі былай деп баяндайды:

Жәнібек хан адамдары ішінен Бұрындық хан өз ұлысын жиып, Әбілқайыр хан ұлдарына тарпа бас салды. Олардың қарсыласуға күштері жан-жаққа бытырай қашты. Бұрындық кейін қайтқан соң, олар қайта жиналып бас қосты.

Дерек мәліметі бойынша, Бұрындық Жәнібек хан тапсырмасын орындаушы, жорықтың мақсаты — Дешті Қыпшақтағы шайбанилық сұлтандарды жою болған. Жорық біршама сәтті аяқталғанымен, негізгі түпкі мақсат орындалмаған секілді. Бұрындықтың кері оралуымен, бас сауғалап қашқан Әбілқайыр ұлдары қайта жиналады. Соған қарамастан Бұрындықтың бұл жорығы оны тарихта қалдырады. Сөйтіп ол Қазақ хандығының құрылу кезеңіне, әсіресе оның екінші кезеңіне өз үлесін қосады.

Бұрындық ханның қазақ тарихында аты жарқырап көрінген тұсы — XV ғасырдың 70-90 жылдары болды. Бұл жылдар қазақ хандығы үшін күшею, нығаю және қазақ халқының этникалық территориясын біріктіру жолындағы күрес дәуірі еді. Дәуірдегі ең басты оқиғаға көрсетілген жылдар ішіндегі Қазақ хандығының Сыр өңірі үшін Мауреннахрлық билеушілерімен, шайбанилық сұлтандармен және Моғолстан хандарымен жүргізген ұрыстары жатты. Осы ұрыстарда тарих сахнасына қазақ хандарының екінші буыны: Бұрындық, Қасым хандар шығып, қазақ мемлекеттігінің одан әрі күшейіп, нығаюына өз үлестерін қосады.

Сыр өңірі үшін болған күрес жылдары Қазақ хандығын Бұрындық хан билеп тұрды. Жәнібек ханның қашан қайтыс болып, Бұрындықтың қай жылдардан бастап билік құра бастағаны белгісіз. Ол туралы ешбір дерек жазбаған.

Сыр бойы деп отырғанымыз — Сырдария өзенінің орта ағысы бойындағы жерлер. XIV-XVI ғ.ғ. жазба деректер өңірді Түркістан аймағы деп атайды. Аймақ — ХІ ғасырдан бері Дешті Қыпшақтың ажырамас, құрамдас бөлігі және онымен бірге біртұтас шаруашылық, мәдени, этникалық, діни, тілдік кеңістікті құраған. Тек кей тарихи кезеңдерде Сыр өңірі саяси жағынан Мауреннахрға уақытша қарады. Дешті Қыпшақ пен Мауреннахр билеушілері арасындағы XI-XV ғ.ғ. қарым-қатынастың негізгі нысаны Түркістан аймағы болып саналады. Дәлелді болуы үшін ХІ-ХІІ ғасырлардағы қыпшақ хандығы мен Хорезм мемлекеті, ХІІІ ғасырдағы Орда Ежен ұлысы мен Шағатай ұлысы, Орыс хан мен Ақсақ Темір, Тоқтамыс хан мен Ақсақ Темір, Барақ хан мен Ұлығбек, Әбілқайыр хан мен Ақсақ Темір ұрпақтары арасындағы саяси қатынастарды айтсақ та жетіп жатыр. Саяси қатынастар Қазақ хандығы құрылғаннан кейін де жалғасын тапты. Аймақ үшін күрестің басталуы Бұрындық ханның билігі тұсына сай келеді. Оның қазақ тарихында алатын рөлі де осы Сыр бойы үшін күресте көрінеді.

Сыр бойы үшін жүргізілген күрестің себебін айттық, ал басталуына түрткі болған оқиғаға Әбілқайыр ханның немересі Мұхамед Шайбани ханның Мауреннахрдың қол астындағы Түркістан аймағына келіп бекінуі болды. Осы жылдары өзара феодалдық соғыстарды бастан өткеріп жатқан Мауреннахр билеушілерінде Түркістан аймағын қорғайтындай күш жоқ болатын. Сондықтан оларға Қазақ хандығының негізгі жауы — шайбанилық сұлтандарды қазақтарға қарсы қою өте тиімді еді.

Қазақ хандығы Мауреннахр билеушілерінің бұл әрекетіне бірден қарсы шығады. Қыс мезгіліне қарамастан Бұрындық хан бастаған қазақ әскерлері Мұхаммед Шайбани хан бекінген Сығанақ, Сауран және Созақ өңірлерінде ұрысқа түседі. Бірнеше рет болған ұрыстарда жеңіген Шайбани хан қашуға мәжбүр болады. Аймақтың басқа да өңірлерінен айырылу қаупін сезген аймақтың әкімі Мұхаммед Мазид-тархан Шайбани ханды Самарқанға кетуге көндіреді. Осылайша күрестің алғашқы кезеңі Қазақ хандығы үшін сәтті басталып, аймақтың солтүстік өңірлері Қазақ хандығына өтеді. Орны келгенде айта кету керек, бүкіл хандықты Бұрындық басқарып, алғашқы жеңістерге қол жеткізілсе де, деректерде атап өтілгеніндей, Жәнібек хан ұлдары Қасым, Жиренше, Махмұд сұлтандар ерекше көзге түседі. Бұл ұрыстар шамамен алғанда, 1470- жылдардың ортасында өтеді.

Ал XV ғасырдың 80-жылдарында Шайбани мен Мауреннахр, билеушілеріне арқа сүйеп, аймаққа тағы да еніп, солтүстік өңірді басып алады. Бұрындық хан және Жәнібек хан ұлдарының қарсы қолданған әрекеттері нәтижесінде Әбілқайыр ханның немересі Түркістан аймағынан кетуге мәжбүр болады. Ал қазақ хандығы болса аймақтың солтүстік өңірін қорғап қана қоймай, аймақтың орталық және оңтүстік өңірлерінде өз ықпалын күшейте бастайды. Негізінен аймақта Жәнібек ханның 9 ұлының ықпал-әсері өседі. Олардың ұлыстары кеңейіп, қалалар мен жақсы қысқы жайылымдар солардың иелігіне көшеді.

XV ғасырдың 90-жылдарында Бұрындық хан мен Жәнібек хан ұлдары арасында қайшылықтар туа бастайды. Қайшылықтың негізіне Сыр өңірінде Жәнібек хан ұлдарының ықпалының өсуі мен нығаюы жатыр. Ішкі саяси өмірдегі осы қайшылық сыртқы саясатқа да өз салқындығын тигізеді. Сол себепті де 1493-96 жылдары Түркістан аймағы үшін болған ұрыстар қиын да ауыр, ұзақ болады. Шайбани хан бірде Моғол ханы жағына, бірде Мәуреннахрлық билеушілер жағына шығып, өз бағытын өзгертіп отырады. Тіпті ол негізгі қарсыласы — Бұрындық ханмен де жақындасуға ұмтылады. Жәнібек хан ұлдарымен арадағы қайшылықтың одан әрі шиеленісуі Бұрындықты Шайбани ханмен одақтас еткізеді. Сөйтіп, 1496 жылы үш жылға созылған ұзақ ұрыстардан соң соғысушы жақтар келісімге келеді. Келісімнің қорытындысы бойынша Түркістан аймағы үшке бөлініп, оның солтүстігінде қазақ хандығы, оңтүстігінде Моғолстан, орталығында Шайбани хан билік жүргізуге тиіс болады.

Сонымен бірге Бұрындық хан мен Жәнібек хан екеуі арасындағы одақтастықты тереңдету үшін екі қызын шайбанилық екі сұлтанға ұзатады. Мұндай одақтастыққа қарсы Жәнібек хан ұлдары Моғолстан ханымен жақындасып, қарсы одақ құрады. Қасым сұлтанның ағасы Әдік сұлтан Моғол ханының қарындасына үйленеді. Осылайша, қазақ қоғамындағы хандық әулет ішінде бір біріне қарама-қарсы күштер қалыптасады. Бұрындық хан тұсында XV ғасыр соңында Қазақ хандығындағы саяси күштер екіге бөлініп, ол хандықтың сыртқы саяси жағдайына әсерін тигізеді. Бірақ қалыптасқан жағдай Бұрындыққа абырой әкелмейді. Хан ретінде мемлекеттегі барлық саяси күштердің басын қосудың орнына, керісінше олардың бір-біріне қарсы тұруына, ол күштердің бірінде өзі болуы — оның беделінің құлдырауының басы болды. Бұрындық хан өмірінің қайғылы жағы да осында еді.

XVI ғасырдың алғашқы 10 жылдығында Бұрындық хан өміріне түбегейлі бетбұрыс әкелген күрделі ірі оқиғалар болып өтті. Ол оқиға тағы да Мұхаммед Шайбани хан есімімен байланысты еді. 1500- жылдың жазында Самарқан тағына келген шайбанилық сұлтан айналасы 3-4 жыл ішінде бүкіл Мауреннахрды біріктіріп, Моғолстанның қол астындағы Ташкентті моғол ханынан тартып алды. Моғол хандары Сұлтан Махмұт пен Сұлтан Ахмет хандар қолға түсіріледі, бірақ Шайбани хан оларды босатып жібереді. Әбден күшейген Мұхаммед Шайбани хан 1505-жылдан 1510-жылға дейін қазақ хандығына қарсы 4 рет жорық ұйымдастырады. Жорықтардың алдына қойған саяси және экономикалық мақсаттарына қазақ хандығын бағындыру не әлсірету және Түркістан аймағын Мауреннахрға қосу жатты. Бұрындық хан дәл осы жорықтар кезінде үлкен қателіктер жіберді деп есептейміз. Оған дәлеліміз мынадай: Алғашқы үш жорық кезінде Бұрындық хан жауға қарсы ешқандай шара қолданбайды. Шайбани хан емін-еркін Жәнібек хан ұлдары: Жаныштың, Тыныштың ұлыстарыын ойрандап, мыңдаған мал-жанды олжалайды. Тіпті 1509-жылдың қысында болған үшінші жорық кезінде, өз ұлысына қарай жау әскерінің келе жатқанынан хабардар болып, ешқандай қарсылық көрсетпей, қашуға мәжбүр болады. Бұрындық ханның шарасыздық ісін, оның әдейі жасаған жоспарлы ойы деп түсінеміз. Жәнібек хан ұлдары неғұрлым әлсіресе, соғұрлым оның күші өсуі тиіс еді. Бірақ бәрі керісінше шықты. 1510-жылдың қысында жау тағы да қазақтарға жорық жасайды. Бұл жолғы жорық бағыты Қасым сұлтан ұлысына қарсы бағытталады. Қасым ресми хан болмаса да, осы жылдары оның беделі Бұрындық ханнан да күшті еді.

Қазақ хандығының құрылуы кезінде белсене араласып, одан кейінгі кезеңдерде хандықтың күшеюіне өз үлесін қосқан Бұрындық хан XVI ғасырдың алғашқы жылдарында үлкен, мемлекеттік дәрежеде көрегендік көрсете алмайды. Елдік мүддеден жеке, тар мүддеге көшу оның беделін түсіртті, атақ-абыройын жоғалтты. Бұрындық ханның тағдыры әркімге де тарихи сабақ бола алады.

Қасым хан

13059681_1001821016575085_1086884266_n-e1461230520343-520x245

Қасым хан (14451521) — қазақтың ұлы хандарының бірі, Қазақ хандығының негізін қалаушылардың бірі — Әз-Жәнібек ханның ортаншы баласы. Шешесі Жаған-бегім Шайбани әулетінің атақты ханы Мұхаммед Шайбанидің інісі Махмұд сұлтанның шешесінің туған сіңілісі

Бұрындық хан Самарқанға кетуге мәжбүр болып, жат елде қаза болған соң, Қасым хан билікті өз қолына алды. 1511 жылы Қасым хан билікке қол жеткізгеннен кейін, Қазақ хандығы Қасым хандығы деп атала бастады. Қасым хан тұсында Қазақ хандығы саяси ықпалын күшейтіп, ірі және қуатты хандыққа айналды. Қасым хандығының аумағы батыста Сырдарияның оңтүстік жағалауларына дейін, оңтүстік-батысында Түркістан қалаларына дейін, оңтүстік-шығысында Жетісудың солтүстік бөлігінің таулары мен таулы бөктерлеріне дейін созылып жатты. Кейбір мәліметтер бойынша, Қасым хан тұсында Қазақ хандығының шекарасы солтүстік-шығыста Ұлытау қыраттары мен Балқаш өзенінің жағалауын қаитып, ал солтүстік-батыста Жайық өзеніне дейін жететін. Қасым тұсында Қазақ хандығы халқының саны бір миллионнан асатын.

Қасым хан (1445 – 1521 жылдары) – Қазақ хандығының ханы (15111521), Әз-Жәнібек ханның ұлы. Тарихта Қасым ханның есімі Қазақ хандығының күшеюі және нығаюымен тікелей байланысты. Жазба деректерде Қасым хан 15 ғасырдың 70 – 90 жылдары Қазақ хандығының Сыр бойындағы қалалар мен өңірлер үшін жүргізген күрестерге белсене қатысады, басшылық етеді. Бұл кезде қазақ ханы Керейдің ұлы Бұрындық, қазақ әскерінің қолбасшысы Қасым хан болды. Осы кезеңдегі оқиғаларды баяндайтын деректер Қасым ханды «белгілі сұлтан және атақты баһадүр» деп атайды. Ширек ғасырға созылған Сыр бойы үшін күресте Қасым хан және Әз-Жәнібек ханның басқа да ұлдары Сығанақ, Сауран, Отырар,Сайрам түбінде бірнеше рет Шайбани хан әскерін тас-талқан етіп жеңеді. 15 ғасырдың 90 жылдары жасалған бейбіт келісім бойынша Қазақ хандығына Сығанақ пен Сауран өтеді. Бұл қалаларда Жәнібек хан ұлдары билік жүргізеді. 15 ғасыр басында Мауераннахрды бағындырып, үлкен күшке ие болған Мұхаммед Шайбани хан 1506 – 10 жылдары үздіксіз төрт рет қазақтарға жорық ұйымдастырады. Бұрындық хан Шайбани ханның алғашқы үш жорығына тойтарыс ұйымдастыра алмайды. Оның беделі төмендейді. Ал жазба деректерде «бұл кезде Қасым хандық билікте болмаса да, оның беделі ханнан күшті болды» және «өзін дербес ұстау үшін Бұрындық ханнан алыста көшіп-қонып жүрді» делінеді. 1510 жылы Шайбани ханның соңғы, төртінші жорығы Ұлытау өңіріндегі Қасым ханның ұлысына бағытталады. Қасым хан әскері Шайбани хан әскерін тас-талқан етеді де, жауды Сыр бойынан қуып шығады. Осы жеңістен соң, ешкім де Бұрындық хан туралы ойламай, Қасым хан билігін мойындайды. Бұрындық болса Самарқан жаққа кетуге мәжбүр болады. 1511 – 13 жылдары Қасым хан Шайбанилар ісімен айналысады. 1512 – 13 жылы ерте көктемде Қараталдағы Қасым ханға Сайрам қаласының әкімі Қаттабектен адам келіп, Қасым хан билігін алуын сұрайды. Қасым хан Қаттабектің ұсынысын қабыл алып, ол жаққа бір әмірін жібереді де, өзі Тараз жаққа бағыт ұстайды. Қаттабектің ұсынысымен Қасым хан Ташкентке жорық жасайды. Бірақ жорық сәтсіз болып, Қасым хан Сайрам маңына қайта оралады. 1513 жылы жазында Шу бойындағы Қасым хан Ордасына Әндіжаннан моғол ханы Сұлтан Сайд хан елшілікпен келеді. Оның мақсаты – Ташкенттегі Сүйініш ханға, жалпы Мауераннахрдағы шайбанилар әулетіне қарсы бірігіп күрес ұйымдастыру еді. Қасым хан бұл ұсынысқа дипломат. жолмен жауап береді. Сұлтан Сайд хан мақсатына жетпесе де, Қасым ханның көрсеткен құрметіне өте риза боп қайтады. 1517 – 21 жылдары Қасым хан Қазақ хандығының батысында белсенді саясат жүргізеді. Ноғайлардың бір бөлігі қазақтарға қосылып, шекара Еділге дейін жетеді. Орыс деректері бойынша Қасым хан 1521 жылы қыста қайтыс болады. Денесі Сарайшықта жерленеді. Қасым хан тұсында қазақ атты әскерінің саны 300 мың, халқының саны 3 млн-ға жетеді. Шекара батыста – Еділге, оңтүстікте Ташкентке дейінгі жерлерді қамтыды. Қасым хан өз тұсында берік және адал хандардың бірі болды.

Қасым ханның тарихта үш ұлының аты қалған. Олар: Мамаш, Хақназар хандар және Әбілқайыр сұлтан. Мамаш хан Қазақ хандығының тарихындағы аласапыран кезеңде билік етіп, қақтығыс кезінде қаза тапқан. Ал Хақназар хан қазақ халқының тарихында ұлы билеуші ретінде қалғаны белгілі. Әбілқайыр сұлтан Иран шахымен болған шайқаста 1511 жылы қаза болған.

«Қасқа жол» — деп аталатын заң, қазақ арасында бұрыннан қалыптасқан әдет-ғұрып ережелері негізінде Қасым хан тұсында жасалған. Оның жасалуына себеп болған жағдайлар мыналар:

  • Қасым ханның билігі тұсында Керей, Жәнібек және Бұрындық хандар кезіндегі қазақ қоғамы анағұрлым жоғары сатыға көтерілді;
  • Қазақ халқының этникалық территориясы толығымен біріктірілді;
  • Хандық билік этникалық территорияға толық тарап, рөлі артты;
  • Қазақ хандығының жаңа қалыптасқан жағдайына бұрынғы әдет-ғұрып заңы сай келмейді.

Қазақ хандығының құрылуы мен нығаюы ішкі феодалдық қырқыстар мен аласапыранқылықты аяқтатты, үнемі ер өліп, өріс бұзылып отыратын тайпалық талас-тартыстарға тыйым салды. Ел ішінде бейбіт береке орнады. Мұның өзі көшпелі шаруалардың бұрыннан қалыптасқан дағдылы дәстүрге бай мал жайылыстарынан мерзім бойынша тиімді пайдалануын, кезінде өріс-қоныс, жайлау-қыстауларына көшіп-қонуын, бейбіт өмір өткізіп, өндіріспен шұғылдануын қамтамасыз етті. Сөйтіп, әлеуметтік өндіргіш күштерді өсірді.

 

comments powered by HyperComments