Түркіменстанда айлық 10 пайызға, азық-түлік 100 пайызға өсті

549 рет оқылды
0

2017 жылдың 1 қаңтарынан бастап Түркіменстанда бюджеттік мекеме қызметкерлерінің еңбек ақысы, зейнетақы мен шәкіртақы және жәрдемақы 10 пайызға өсті. Алайда азық-түлік бағасы, өндіріс тауарлары мен коммуналды төлемақылар 100 пайызға қымбаттаған деп хабарлайды centralasian.org.

Түркіменстандық шолушы Аманмурад Бугаевтың сөздерінше, соңғы 6 айда Ашхабадта тауар мен қызмет көрсету бағалары кемінде 100 пайызға көтерілді.

«Бағалардың қымбаттауы 6 ай бұрын, президент жаңа жылдан бастап еңбекақы, өтемақы, зейнетақы және шәкіртақы 10 пайызға көтеріледі дегеннен кейін басталды. 2015-2016 жылдары баға біршама өсті. 2016-2017 жылдары қымбаттау қатты байқалады. Айлық өскенімен, бағалар 100-120 пайызға өсіп кетті», — дейді Бугаев.

Екі апта бұрын түркімен билігі дүкен сатушыларына қысым көрсетіп, азық-түлік бағасын ұстап тұруға тырысты. Бірақ сатушылар дүкендерде зат бағасын арзан етіп көрсеткенімен, шын мәнінде қымбатқа сатып келеді.

Түркіменстан 2016 жылдың қаңтарынан бастап ұлттық валютаны АҚШ долларына айырбастауды толығымен тоқтатты. Осыдан кейін елдің барлық аймағында тауар бағасы өсе бастады. Елде сонымен бірге қант, өсімдік майы, ұн, жұмыртқа және тауық етіне тапшылық байқалады.

 

 

 

comments powered by HyperComments