Боздақты бағалай білдік пе?

/  987 рет оқылды
0

Қазақтың алғашқы инженер-геологы, мемлекет қайраткері Әшір Бүркітбаевтың туғанына – 110 жыл

2016 жылдың 23 желтоқсанында Қ.Сәтбаев атындағы Алматыдағы Қазақ Ұлттық техникалық университет ұжымы  қазақтың алғашқы инженер-геологының бірі, мемлекет қайраткері, Қазақ тау-кен институтының (қазіргі ҚазҰТУ) алғашқы ректоры  Әшір Бүркітбаевтың туғанына  110 жылдығын кеңінен атап өтті.

Әшір Бүркітбаев 1906 жылдың 17 желтоқсанында Жамбыл облысының Сарысу ауданының Жон өңіріндегі Қаратас ауылында қарапайым шаруа отбасында дүниеге келіп, жастайынан жетім қалып, қиындық пен озбырлыққа ұшырады. Өзінен небары екі жасар үлкен Досай ағасы екеуі бай-манаптың қозысын бағып, қойын қайырып күн көріп, аш-жалаңаш өсіп, көп тауқымет көрген. Байдан әбден қорлық көрген екі жас бала ауылдан қашып шығып, 1919 жылы жаз айында Ташкент шаһарына бара жатқан саудагер-арбашыларға еріп, сол қаладағы, мектеп-интернатқа орналасқан. Оқу мен білімге құштар балаң жігіт Ташкент қалалық ФЗО-сына түсіп, оқумен қатар трамвай депосында токарь болып жұмыс істеген. Еті тірі, өжет Әшір мектепте білімге зеректігін көрсетіп, жастарға үлгі болып, 1920 жылы комсомолға, 1925 жылы Коммунистік партия қатарына өткен.

1927 жылы комсомолдық жолдамамен Қарағанды облысындағы Қарсақпай кентіне  жіберіліп, онда токарь болып істеді. Негізгі жұмыстан қолы қалт еткен кезде ол жұмысшылар мен жастар арасында КПСС-тің идеялары мен жолдауларын насихаттап, алдыңғы қатарлы іскер, білікті коммунист бола білді. Ол қазақтың оқымысты ұлдары Әлихан Бөкейханов,  Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов, Тұрар Рысқұлов, Ораз Жандосовтың еңбектерін оқыды. Ертеректе Мұстафа Шоқайды оқығаны бар. Оның: «Қазаққа бәрі қажет… есемізден ұтылып, есебімізді жібермеу үшін» деген сөзі Әшірдің өмірлік қағидасына айналды. Риддерде қалалық партия комитетінің хатшысы болып қызмет еткен жылдары орыс және басқа ұлт өкілдерінен шыққан инженер-техник қызметкерлерін көріп, қазақтың байлыққа толы ен даласын игеру үшін елімізден де осындай білімді азаматтар көп шықса екен деп армандады.

1928 жылы Қазақстанның сол кездегі астанасы Қызылорда қаласында өткен республикамыздың комсомолдар конференциясына қатысып, оның хатшысы болып сайланды.

Білімге деген құштарлық Әшірді Ресейдің Свердловск қаласында Тау-кен және металлургия инженерлерін даярлайтын академияға алып келді. Оны қызыл дипломмен бітіріп келген Ә.Бүркітбаевқа рес­публикада алғашқы техникалық жоғары оқу орны Қазақ кен-металлургия институтын  ұйымдастыру тапсырылды және оның алғашқы директоры болды.

Белгілі ғалым, профессор, Ұлттық академияның корреспондент-мүшесі Ақжан Машанов Ә.Бүркітбаев жайлы ойын кезінде былай түйіпті:

«Алматыдағы  Қазақ кен-металлургия институтының негізін салған Әшір Бүркітбаев еді.   Ол бұрын комсомолда істеген екен. Жас жағынан қарағанда екеуміз құрдас болып шықтық. Бірде ол мені шақырып алып «Сен екеуміз жасты екенбіз, яғни құрдаспыз. Өзің студент жас­тар арасында ересек көрінесің және жақсы оқиды екенсің. Сен маған студенттер арасында  тәрбиелік жұмыс істеуге көмектес», – деп өтініш жасады. Мен ол кезде үйлі-балалы едім, директор жатақханадан бір бөлме берді. Оған дән риза болып, студент-жастар арасында коммунистік тәрбие жұмысына қызу араластым».

Қазақ политехникалық институтының 1939 жылғы түлегі, доцент М.Медведев былайша ой қозғайды:

«Әшір Жаналыұлы бала кезінен жарқын тұлға болатын. Өндіріс тәжірибесі де мол  еді. Ол әдеттен тыс қабілетті, еңбексүйгіш, білімге құштар, мінезді адам болды, жастарды өзіне  ілестіре  білді. Ол үнемі өз замандастырының  арасында  жаңашылдыққа, өз заманының жаңа талаптарын  білуге, мақсатқа жетуге  деген құлшынысымен ерекшеленді.

Әшір толқынды қара шашты, қалың қасты, сымбатты да әдемі жігіт  ретінде есте  қалды. Сол кездегі  құрдастары Әшірді түпкілікті  халық жастарының көпшілігі зор ықыласпен  тыңдап  қана қоймай, оған сене білген шешен әрі дарынды комсомол жетекшісі болған деп  әңгімелейді. Оның әдемі сөз орамы, сөйлеу  мәнері оның орыс әдебиетін  жақсы білгенін дәлелдейді,  сол кездегі мәртебелі оқу орны –  Орал өндіріс  академиясында оқып, оны үздік  бітіруі де тегін емес еді. Бізге, студент-оқушыларға директорымыз Ә.Ж.Бүркітбаев өте сауатты, кішіпейіл, елгезек, мейірімді болатын. Ол мезгіл-мезгіл жастардың жатақханасына келіп, олардың хал-жағдайымен танысып, қолдан келген көмегін аямайтын. Өмірінің соңғы жылдарын ол ғылыми, оқу-тәрбие жұмыстарына, республикада жедел дамып келе жатқан өнеркәсіптерге инженер кадрларын даярлау ісіне арнады. Коммунистік партияның тәрбиесін көрген Әшір Бүркітбаев терең ойлы, жаны жайсаң, таза жүректі нағыз коммунист болды. Ол біздің көңілімізде, жүрегімізде солай сақталып қалды».

1937 жылдың 1 желтоқсаны күні Әшір Бүркітбаев «халық жауы» деген жаламен  ұсталып, абақтыға жабылды. Қай-қайдағы «Контрреволюциялық ұйым мүшесі», «Отанын сатқан жапон тыңшысы», «Ұлтшыл буржуазиялық партия мүшесі» тағы басқа адам миына кіріп-шықпайтын жала жабылды. Сөйтіп, 1938 жылдың ақпан айында Алматыдан 35 шақырым жердегі «Жаңалық» аулының түбінде НКВД-нің жандайшаптарының оғына ұшты.

Қуғын-сүргін құрбаны Әшір Бүркітбаев­тың артында 8 жасар Әсия, 5 жасар Сәния,  2 жасар Болатбатыр есімді қыздары мен баласы қалды. Қабырғасы қайысып, көзі жасқа, жүрегі мұңға толып, жастай қосылған қосағы – 24 жастағы сүйген жары Ғарифа Мүрсәлімова қалды.  Елдегі Досай ағасына ”халық жауының бауыры”  деген қара дақ жағылып, өлместің күнін көріп, замандастарының жүзіне тік қарай алмай тіршілік етті (ол өткен жүзжылдықтың 60-шы жылдары қазіргі Сарысу ауданындағы Түркістан ауылында өмірден озды)…

Осындай сәтте, егер сол бір жан түрші­гер­лік қуғын-сүргінге толы күндер болмаса жерлесіміз – республика комсомолының жетекшісі (сегізінші хатшысы), арагідік республикалық жас­тар газеті ”Лениншіл жастың” (қазіргі ”Жас алаштың”) он төртінші редакторы болып қызмет атқарған, қазіргі Қазақ ұлттық техникалық Қ.Сәтбаев атындағы университеттің негізін қалаған және оның алғашқы ректоры болған Әшір Бүркітбаев уақыт өте келе еліміздің белді ғалымы, университет немесе өндірістің басшысы, партия жетекшісі немесе мемлекетіміздің білгір ұйымдастырушылары қатарында болып, халқымыздың ірі тұлғаларының бірі болар еді-ау деп ойлайсың. Кім біледі, әттең НКВД-нің қанды қылышы болашағынан үлкен үміт күттірген өрімдей талантты, ұйымдастырушы жастың өмірін ерте (бар болғаны 31 жасында) қиып кетпегенде?

…Сарғайған құжаттарды парақтай отырып, тағы бір қағазға көзіміз түсті. Одан: «1958 жылдың 25 наурызында КСРО-ның Жоғарғы соты (әділет полковнигі Цирлинскийдің төрағалығы етуімен) Әскери бас прокурор подполковник Базыкиннің Қазақ тау-металлургия институтының бұрынғы директоры Ә.Бүркітбаевтің ісі бойынша тергеу-зерттеу қортындысын тыңдап, онда Жоғарғы соттың әскери алқасының 28.02.1938 жылғы үкімі қайта қаралып, сотталушы Ә.Бүркітбаевқа ату жазасы негізсіз берілген деген шешімге келді. Сондықтан Жоғарғы соттың 28.02.1938 жылғы ол үкімі күшін жойып, сотталушының іс-әрекетінде қылмыс құрамының болмауы себепті ақталсын”, – деп жазылған.

Ә.Бүркітбаевқа республика үшін ең ауыр, жалпы халықтың 65 пайызы, оның ішінде  қазақ халқының 40 пайызы ғана сауатты болған кезінде жұмыс істеуге тура келді. Осыған қарамастан тұңғыш инженерлік-техникалық жоғары оқу орнын жасау және дамыту, студенттер контигенті мен профессорлар-оқытушылар құрамын, материалдық-техникалық базаны, өнеркәсіп кәсіпорындарымен байланысты қалыптастыру, ғылыми-зерттеу жұмыстарын жетілдіру қажет болды. Оның үстіне, бұл тоталитарлық режим репрессия жасап, қазақ интеллигенциясы өкілдерін аяусыз қырып-жойып жатқан уақыт еді.

Қазір Алматы қаласында зұламат заманда ғұмыры қырқылған арыстардың  бірі Ә.Бүркітбаевтың екі немересі – Асанова Гүлсім Қасымқызы мен Меркібаева Сәуле Қожақанқызы тұрады, шөбересі – Асанов Тимур Асқарұлы АҚШ-тағы университеттердің бірінде жоғары білім алған, қазір Дубай қаласында тұрып жатыр. Олар атасының жарқын істерін жалғастырып, әрдайым ерекше мақтанышпен, ыждаhаттылықпен оның есімін еске алып отырады.

Қазақ тарихының бесігі атанған киелі Қаратаудың төсінде сонау қиын-қыстау заманда дүниеге келіп, қазақтың алғашқы бір топ зиялыларының қатарында болып, халқының жарқын  болашағы мен елінің өркендеп гүлденуі үшін беріле адал еңбек еткен, бірақ зұламат жылдардың қаһарына ілігіп, жазықсыз жазаланған Әшір Бүркітбаевтың аты оның туған өлкесі Сарысу өңіріндегі Андреевка ауылы бұл күндері Әшір Бүркітбаев ауылы деп аталып, ескерткіш-бюст орнатылды. Қайраткердің 100 жылдығы қарсаңында ҚазҰТУ-нің бір институтына университет негізін қалаған Әшір Бүркітбаевтың аты берілді. Шымкент қаласының бір көшесі де оның есімімен аталды.

Ата тау – Қаратудың Көсегесінің көк жонында туып, асқақ Алатаудың етегінде мәңгілік орын тепкен Әшір Бүркітбаев 13-14 жасында арман қуып елден жырақ кеткен қарасирақ баладан, ата ұлынан халқының ұлына, мемлекет және қоғам қайраткеріне  айнала білді.

– 2006 жылдың желтоқсан айында Әшір Бүркітбаевтың 100 жылдық мерейтойын атап өту аясында Қазақ ұлттық техникалық университетімізде талай-талай игі іс-шаралар ұйымдастырылды: ер есімі кеңінен дәріптелді, университетіміздің Металлургия және полиграфия  институтына Ә.Бүркітбаев есімі берілді, кеуде-бюсті қойылды, университет қызметкері, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, доцент Таңдай Кенеев Әшір атамыздың қысқа да жарқын өмірі мен еліне сіңірген ерен еңбегі жайлы «Өмір өлшемі» деп аталатын деректі повесть жазып, баспадан шығарды, университетіміздің «Рас» газетінде, өзге де мерзімді басылымдарда Ә.Бүркітбаевтың өмір жолын дәріптейтін деректі мақалалар жарық көрді. Әр жылдары жазған еңбектері мұражайлардан қарастырылып жеке кітап болып шықты. Біздің Қ.И.Сәтбаев атындағы ҚазҰТУ ұжымы оқу-тәрбие жұмысы барысында Әшір Бүркітбаев есімін үнемі жаңғыртып, оның тәрбиелік мәні зор тағылымды шараларын жалғастырып келеді.  Үстіміздегі оқу жылында университет Ғылыми кеңесінің шешімімен  «Университеттің дамуына ерекше үлес қосқан ҚазҰТУ қызметкерлері мен демеушілері үшін тұңғыш ректор Әшір Бүркітбаев атындағы сыйлық және медаль туралы ереже» бекітіліп, ол бойынша жыл сайын  университет күніне орай осы сыйлық пен медаль  үшін конкурс жарияланатын болады. Сонымен қатар, оқуда озат, үлгілі студент үшін Ә.Бүркітбаев атындағы 5 шәкірақы, қайраткер туған Сарысу ауданының озат оқушылары үшін 2 грант тағайындалады,– деп еді 2001-2008 жылдардағы университет ректоры, академик Досым Сүлеев.

Бұл күндері мемлекет қайраткері, ұлты­мыз­дың алғашқы инженер-геологтарының бірі Әшір Бүркітбаевтың есімі Тараз қаласының бір көшесіне берілсе артық болмас еді, шіркін. «Өлі риза болмай, тірі байымайды» деген халық даналығы бекер айтылмаған. Саяси қуғын-сүргіннің құрбаны болған Әшір Бүркітбаев сияқты жасындай ағып өткен Алаштың белгілі тұлғаларының есімі ұмытылмай,  жадымызда жаңғырып тұрғаны өте орынды.

 

   Сағындық ОРДАБЕКОВ,

медицина ғылымдарының профессоры,

Көлбай Адырбекұлы,

Ақпарат саласының үздігі

comments powered by HyperComments