Экстремизмге қатысы бар 16 күдікті ұсталды

472 рет оқылды
0

21 желтоқсан күні Ұлттық қауіпсіздік комитеті еліміздің аумағын «Ат-Такфир уаль-Хиджра» діни-экстремистік ұйымдарынан тазарту бойынша арнайы операциясы басталды. «Жедел іс-шаралар Алматы, Ақтөбе, Атырау облыстары мен Алматы қаласында бір мезгілде жүргізілуде.

Діни алауыздық тудырып, тыйым салынған ұйымның іс-әрекетіне қатысы бар деген күдікпен 16 адам ұсталып, ҰҚК аумақтық органдарына жеткізілді», — деп жазылады ҰҚК сайтында. Мәлім болғандай, қазіргі таңда олардың тұратын жерлерінде тінту жұмыстары жүргізіліп, басқа да жедел-іздестіру және іс жүргізу шаралары өткізілуде. Аталмыш ұйым мүшелері «сенімсіздікке айыптау» немесе «такфир» ұстанымын насихаттайтыны белгілі болды. Дәл осындай идеология негізінде «Әл-Каида», «ДАИШ» және басқа да террористік топтар құрылған. «Ат-Такфир уаль-Хиджра» ұстанушылары Сирия мен Ирактағы лаңкестік іс-әрекеттерді қолдап, елдің билік жүйесі мен конституциялық заңнамаларын мойындамайды. Аталмыш ұйым 2014 жылы сот шешімімен экстремистік деп танылып, оның қызметі Қазақстан аумағында тыйым салынды. АҚШ, Ресей, Қытай, Египет, Ливия, Марокко, Тәжікстан, Өзбекстан мен басқа да елдерде террористік ұйымдар тізіміне енгізілген. Ұлттық қауіпсіздік қызметі операция барысы мен тергеу нәтижесі  туралы хабарлайтын болады.

comments powered by HyperComments