Әділбек Ниязымбетов: Әлі бағындырмаған биігім бар

/  1 376 рет оқылды
0

Әділбектің есімін алғаш рет 2007 жылы естідім. Балуан Шолақ атындағы спорт сарайында бокстан жастар арасындағы Азия чемпионаты өтіп жатқан. Сол сынға жиналған жанкүйерлер де, бапкерлер де, комментаторлардың да аузында бір ғана боксшы болды –  Әділбек Ниязымбетов. Оның бауырдан жасайтын жойқын соққысына тәнті болғандар Ниязымбетовтің бокс көгінде әлі-ақ жарқырайтынын сезген. Жанкүйерлердің үміті алдамапты. Сондағы балаң жігіт бүгінде екі Олимпиаданың финалында айқасқан нағыз саңлаққа айналды.

Рио олимпиадасынан кейін Ния­зымбетов не істеп жүр? Оның бокс­пен біржола қоштасатыны рас па? «Түркістан» оқырмандарының бұл сауалдарын боксшы жауапсыз қалдырған жоқ.

 

– Әділбек, екінші Олимпиаданы күміспен аяқтаған соң көңіліңіз түскенін байқадық. Риодағы марапаттау сәтінде көз жасыңызға ерік бердіңіз. Дегенмен, бүгінгі көңіл-күйіңіз жаман емес сияқты. Финалдағы өкініші өзекті өртеген кезекті жеңілістен соң өзіңізді қалай жұбаттыңыз?

– Рас, ер жігіт болсам да, қолымнан алтын сусып кеткен соң көзіме жас келді. Тұғырда қасқайып тұрып, елімнің Әнұранын шырқатсам деп барып едім. Бұйырмады. Қазақтың «бұйырмады» деген бір сөзі бүкіл сұраққа жауап болатын сияқты. Спортта екінші және төртінші орын алғандарға бәрінен де ауыр соғады. Ал екі мәрте Олимпиаданың финалына шығып, екеуінде де жеңілудің қаншалықты қиын екенін бағамдай беріңіз. Дегенмен, мені қолдаған қазақ халқына рахмет. Күмісті алтынға теңеп, аяғымды жерге тигізген жоқ. Осының бәрі Рио төріндегі жеңілісті аздап ұмыттырғандай болады.

– Финалдағы қарсыласыңыз Хулио Сесар Ла Крузды талайдан бері білесіз ғой. Сіздің салмақтағы нағыз тісқаққан боксшы. Өзіңізді бірнеше рет ұтып кеткен соң, оған қарсы дайындығыңыз ерекше болған шығар?

– Мойындаймын, мықты боксшы. Бірақ мен де одан осал емеспін. Бүгінге дейін екеуміз төрт рет жолығып, үшеуінде оған есе жіберіппін. Ең өкініштісі, әрине, Риодағы жеңіліс… Өзім финалда, бірінші раундта Ла Круздан ұтылғанымды білемін. Ал екінші және үшінші раундтарда оны жеңдім деп санаймын. Тап сол финалда өмірімдегі ең соңғы кездесуге шығатындай бар-күш жігерімді, бокстағы бар тәжірибем мен білігімді салдым. Бірақ жеңіс үшін мұның өзі жетпей қалды.

– Боксты жіті қадағалайтын жа­н­күйер­лер соңғы кездері сіздің босаңсып кеткеніңізді айтып қалып жүр. Олимпиада алдында өткен ірі бәсекеде сізді нашар өнер көрсетті деп айыптағандар да бар. Рионың алдында мұндай әңгіме неліктен тарады?

– Барлығы Қарағандыда өткен Ғалым Жарылғапов турнирінде бас­тал­ды. Мойындаймын, бұл сынға барымды салып дайындалған жоқпын. Өйткені бар ойым Олимпиадаға жолдама жеңіп алу еді. Әйтсе де, сол бәсекедегі  қарсыластарымды таза ұттым деп ұялмай айта аламын. Әли Ахмедов атты боксшыны мен үш раунд бойы жеңіп келе жаттым. Тек, соңғы раундта оның соққысы бетіме дәл тиді. Осы кезде жанкүйерлер қиқулап, төреші мені нокдаун алды деп ойлады. Шын мәнінде, титтей де есеңгіреген жоқ едім. Маған не үшін нокдаун жазғанын түсінбей далмын.

Ахмедов те есесін жібергісі келмеді. Осыдан соң кімнің жеңгенін айтпай, бізді шаршы алаңнан шығарып жіберді. Төрешілер ақылдаса келе мені жеңімпаз деп тапқан екен. Келесі жекпе-жекте  Арман Рысбек есімді боксшыны жеңдім. Үш раундта да басым болғанмын. Бір қызығы, төрешілер адам сенгісіз шешім қабылдап, жеңісті қарсыласыма берді. Бұл әділетсіздікке төзе алмадым. Марапаттау рәсіміне қатыспастан Ақтауға кетіп қалдым. Мұндайға жол беретін болса, соңымнан осындай әңгіме еретін болса, маған сенімсіздік танытса Олимпиадаға бармаймын деп қолымды бір сілтедім. Мен үшін абырой бәрінен де қымбат. Елдің намысы таразыға түсерде менен де мықтылар шығып жатса, олардың да Олимпиадаға қатысу құқығы бар емес пе?

Міне, төртжылдық әлемдік спорт тойының басталуына санаулы уақыт қалғанда Олимпиадаға қатысуымның өзі екіталай еді. Оның үстіне, әлем чемпионатындағы жеңіліс те менің соңымнан сөз еруіне себеп болған сияқты.

Кейін бапкерлер Әли Ахмедовті дайындай бастады. Бірлесе жаттығу үшін Қазақстанға Ұлыбритания құрамасы келіп, Ахмедов белгілі боксшы  Джошуа Буатсимен кездеседі. Сол жекпе-жекте Ахмедов қарсыласынан 4 рет нокдаун алып, кездесу мерзімінен бұрын ағылшын жігітінің жеңісімен аяқталыпты. Ал сол Буатсиді мен Риода оңай жеңдім. Бапкерлер жолдама үшін таласқа кімді жіберерін білмей, Әли екеуміздің арамызда шешуші спарринг өткізді. Шешуші сында мен жеңдім, кейін Қытайда жолдама ұтып алдым. Риоға барар жол осылай болды.

– Рио олимпиадасында «таза емес» төрешілердің көп кезіккенін жақсы білесіз. Әділқазыларға ренжіп, шаршы алаңнан жылап кеткендер қаншама… Бір ғана Левит пен Тищенконың жекпе-жегі көп нәрсеге дәлел болатын сияқты…

– Төрешілер тарапынан қателіктер кетті. Дегенмен, олардың жұмысын сынау менің міндетім емес. Мен боксшымын. Мен үшін басты міндет – төрешіге күмән қалдырмай, таза жеңу. Сенің мықтылығың көзге ұрып тұрса, жеңісті жұлып алмайды деп ойлаймын. Ал сенің басымдығыңа көз жұма қарайтын болса… Спортта мұндай мәселе бұрыннан бар. Бұған қатысты қандай да бір пікір айта алмаймын.

– Бразилияда өзбек боксшыла­ры­ның қарқыны қатты болды. Риода үш алтын алған олар біздің Сиднейдегі жеңісімізден де асып түсті. Ал  танымал бапкер Тұрсынғали Еділов қазақ боксшыларының өзбектерді алдағы бірнеше жылда жеңе алмайтынын айтып қалды. Жалпы, қазақ пен өзбек боксшыларының арасындағы осы бір «текетірес» туралы не айтасыз?

– Қазақ пен өзбек боксшыларының арасындағы тартыс жанкүйерді ерекше қызықтыратыны рас. Осы жолы аздап есеміз кетті дейтіндер де табылуда. Бір-ақ нәрсе айтқым келеді. Қазақ бокс­шылары көрші елдегі әріптестерінен еш осал емес. Тек, төрешілер араласпай, бәрі әділ шешілетін болса, біз оларды жеңеміз. Біздің жігіттер өзбек боксшыларынан асып түспесе, кем түспейді. Иә, Риода олар үш алтын алды. Мұндай жетістікке көршілеріміз қаншама жылдан кейін қол жеткізіп отыр. Ал біз бокстағы бай тарихымыз мен мықты мектебіміздің арқасында әр Олимпиададан алтынсыз келген емеспіз. Сондықтан, Риоға қатысып, өзбек боксшыларымен жолыққан командаластарымды таза ұтылды деуге аузым бармайды.

– 1996 жылы Олимпиада чемпионы атанған Василий Жировты бапкері Александр Апачинскийдің қалай жаттықтырғанын көпшілік аңыз қылып айтып жүр. Тіпті, жылдамдығын арттыру үшін Васяның артына қабаған итті айтақтап қосқан кезі де болған екен. Сізді жаттықтыратын Марат Жәкиевтің осыған ұқсас құпиялары бар ма еді?

– Марат ағам маған айтақтап ит қосқан жоқ (күлді). Дегенмен, бапкерімді биіктен көрінуіме өлшеусіз үлес қосқан  адам ретінде ерекше  құрметтеймін. Ол кісі менің спорттағы, тіпті, өмірдегі әкемнің міндетін атқарды. Үйге барсам туған әкем, түзде жүрсем Марат ағам бағыт көрсетіп, тура жолға салатын. 2009 жылы көзімнің көруі нашарлаған кезде де жанұшыра жүгірген осы Марат ағам. Сол кісінің үйінде тұрып жаттықтым. Мені туған ұлындай көріп, қиындық пен қуанышта бірге болғаны, бар білгенін маған үйретуден жалықпағаны ол кісінің бапкер ретіндегі миссиясын адал атқарғанын көрсетеді.

– Олимпиададан соң сіз бокс­тан кетеді деген қауесет тарады. Ал жақында Конфедерация кубогына қатысып, өз облысыңызға жеңіс сый­ла­дыңыз. Спортта қалатын болдыңыз ба, әлде…

– Бокстан әзір кетпеймін деп шештім. Әлі бағынбаған биігім, қайтаратын есем бар. Денсаулығым жақсы болса Токиоға да барып қалармын. Әрине, бәрі Алланың және алдағы уақыттың еншісіндегі дүние. Дегенмен, жақын арада шаршы алаңнан кетпейтінім анық.

– Жақында сіздің салмағыңызға 75 келідегі әлем чемпионы Жәнібек Әлімханұлы  ауысты. Бүгінде ерінбеген адамның барлығы екеуіңізді салыстырып жатыр. Әлімханұлының 81 келіге өтуін қалай қабылдадыңыз?

– Жәнібек менің командалас досым, соңымыздан ерген талантты боксшы. Оны өзімнің інімдей көремін. Талай сында ел намысын абыроймен қорғадық. Жәнібектің Олимпиадаға барғанға дейін салмағы 75 келіден асып кететінін біліп жүрмін. Сондықтан, оның 81 келіге ауысқаны мен үшін жаңалық емес. Қандай да бір қорқыныш та тудырған жоқ. Біз өмірде жақсы сыйласамыз, ал рингте кім мықты екенін жекпе-жек көрсетеді.

– 2012 және 2016 жылдар. Лондон мен Рио. Екі Олимпиаданың да финалындасыз. Өміріңіздегі ең маңызды екі кездесуді салыстырып көріңізші…

– 2012 жылы Лондон олимпиадасының ақтық сынында мен қателік жібердім. Тәжірибем аз болды, салмағым да 81 келіге жетпейтін. Бір сөзбен айтқанда, нағыз бабымда болған жоқпын. Жекпе-жегіме жаңа леп жетпейтіндей көрінетін. Сол себепті, Лондондағы жеңіліске кешіріммен қарадым. Риода түзетемін деген оймен өмір сүрдім. Ал Риода… Риода жеңіс үшін барымды салдым. Күш-қуатымның бәрін сарқыдым. Төрт жыл бұрынғы кезіммен салыстырғанда соққым да, тәжірибем де жақсарып қалған еді… Жоғарыда айтып өттім ғой, алтын бұйырмады маған. Күміске де шүкірлік етемін.

– Лондонда сізді алтыннан қаққан Егор Мехонцев Риодағы жеңіс Әділбекке тиесілі депті. Тіпті, Ла Крузды клоунға теңегені де бар…

– Иә, ресейлік Мехонцевтің бұл пікірін естідім. Барлық кубалық бокс­шылар секілді, Ла Круздың мақтанып кететін тұсы бар. Бір-біріміздің тілімізді түсінбегендіктен көп сөйлеспейміз. Тек марапаттау рәсімінде қол алысып, құттықтадық. Жалпы, өзім шаршы алаңда сабырлы кейпімнен көп айнымайтын адаммын.

– Сіздің шаршы алаңда дұға тілеп оты­ратын суретіңіз интернетті шарлап жүр. Барлық кездесуіңізде осылай дұға тілейсіз бе?

– Негізінен, ірі жарыстардан соң шаршы алаңда тіземді бүгіп, Алладан дұға тілеймін. Өзім үшін тағы бір үлкен сынның аяқталғаны үшін шүкірлік етемін.

– Жақында сіздің сыйақыңызды 85 миллионға көбейтіп, алтын жүл­де­гер­лер лайықты сомаға жеткізді. Осыдан соң сізден ақша сұрап, көмектесуді өтінгендер көбейгенін естідік…

– Ол рас. Қолымнан келгенше көмектесуге тырысамын. Бірақ ақша сұрап шектен шығып кететіндер де болады. Әрине, мен бұған қарсы ештеңе де айтпаймын. Әлеуметтік желіде менен тек ақша сұрауды білетіндер бар. Журналистер қауымы да қаржыны қайда жұмсайсыз деп жатады. Бір сөзбен айтқанда, барлығын ақша қызықтырып тұр (күлді). Мысалы, Олимпиададан кейін менің денсаулығымды сұраған бір журналист кезіккен жоқ. «Әділбек, денсаулығың қалай, өте тартысты кезеңнен соң өзіңді қалай сезінесің», – деп сұраса, қуанып қалушы едім. Ақша келіп-кететін нәрсе ғой. Бастысы, абыройымызға дақ түспесе болды.

– Әңгімеңізге рахмет!

 

Сұхбаттасқан

Ақырыс Сейітқазы

comments powered by HyperComments