Әбілязовты қолға түсіру шаралары жалғаспақ

308 рет оқылды
0

Бас прокуратура Әбілязовты тұтқындап, еліміздің заңдары аясында жазаламақ. Бұл туралы аталған ведомствоның баспасөз қызметінен хабарлады.

«Қылмыстық істі тергеу аяқталған жоқ. Өйткені, Әбілязов және оның бірқатар сыбайластары сот әділдігінен жалтарып кетті. Қылмыстық іс жүргізу заңнамасының талаптарына сәйкес, айыпталушы тұлғаларды құқыққорғау органдары тарабынан қылмыстық қудалау — оны сотқа тапсырғанға дейін жалғасуы тиіс. Сондықтан Қазақстан Бас прокуратурасы қай юрисдикцияда болса да айыпталушыларды ұстау, тергеуді аяқтау, әділ сот төрелігін қамтамасыз ету және келтірілген шығынның орнын толтыру үшін заңда көзделген барлық шараларды қабылдайтын болады», — делінген ақпаратта.

Сонымен қатар Бас прокуратура Әбілязовқа тек Қазақстан, Ресей және Украинада ғана емес сонымен бірге бірқатар Еуропалық мемлекетте, оның ішінде Швейцарияда іздеу жарияланғанын, ал Ұлыбритания оны сырттай 22 айға бас бостандығынан айырғанын атап өтті.

Еске салайық, 10 желтоқсан күні Францияның жоғары әкімшілік соты — Мемлекеттік кеңесі Мұхтар Әбілязовті Ресейге экстрадициялаудан бас тарту туралы шешім қабылдаған еді. Әбілязов Парижден оңтүстікке қарай Флери-Мерожи коммунасындағы түрмеде отыр. Бұл Еуропадағы ең ірі пенитенциарлық мекеме болып табылады. Бірақ кейін Әбілязовтың отбасы оның босап шыққандығынан түсінік беретін фотоларды әлеуметтік желілерді жариялады.

Бұған дейін хабарланғандай, БТА банкінің бұрынғы басшысы Мұхтар Әбілязов Қазақстанда, Ресейде және Украинада барлығы 11 бап бойынша айыпталды. 2009 жылдың 6 наурызында Әбілязов халықаралық іздеуге жарияланды. Себебі оған және ол басшылық еткен қылмыстық топқа сеніп тапсырылған мүлікті иемденгендігі және талан-таражға салғандығы, алдау және сенімге қиянат келтіру арқылы бөтен мүлікті ұрлағандығы, заңсыз жолмен табылған ақша қаражаттарын заңдастырғандығы, банк қаражаттарын заңсыз пайдаланғандығы, өкілеттікті асыра пайдаланғандығы және қылмыстық топқа басшылық еткендігі бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 176-бабы 3-бөлігінің «б» тармағымен, 176-бабы 3-бөлігінің «а», «б» тармақтары бойынша — 24-бабының 3-бөлігімен, 177-бабы 3-бөлігінің «а», «б» тармақтарымен, 193-бабы 3-бөлігінің «б», «в» тармақтарымен, 220-бабының 1-бөлігімен, 228-бабымен, 235-бабы 3-бөлігімен қарастырылған) айыптар тағылған болатын. Барынша көлемді және күрделі қылмыстық істердің бірі болып табылатын бұл қылмыстық істің көлемі екі мың томнан асады және 150-ден астам эпизодтан тұрады. Ұйымдасқан қылмыстық топтың жасаған әрекеттерінен келтірілген шығынның анықталған сомасы 7,5 млрд. АҚШ долларынан асады. Қылмыскерлердің іс-әрекеті тек Қазақстан аумағымен ғана шектелмеген, қылмыстардың елеулі бөлігі Қазақстанда бастау алып, басқа елдер аумағында, соның ішінде Ресей Федерациясы мен Украинада аяқталған. Олар қылмыстық әрекеттерімен түрлі шетелдік мемлекеттер мен заңды тұлғалардың мүдделеріне нұқсан келтірді. Атап айтқанда, Ресей Федерациясында Ресей Орталық банкінің ірі тұрақтандырғыш займдары мен жеке тұлғалардың салымдары ұрланды. Қылмыскерлердің Ресей мен Украинада келтірген шығындарының сомасы миллиардтаған доллармен есептеледі. Осыған байланысты, шетелдік мемлекеттердің бірқатары өздерінің ішкі құқықтық және әкімшілік жүйелеріне сәйкес дербес ұлттық мүдделерін басшылыққа ала отырып, ұйымдасқан қылмыстық топты қылмыстық қудалауды жүзеге асыруда.

comments powered by HyperComments