«Нұрлы жер» – үй алудың жаңа тетігі

569 рет оқылды
0

ҚР Үкіметінде қазақстандық отбасылар үшін баспана мәселесін шешудің жаңарған тетіктері қамтылған «Нұрлы жер» бағдарламасы талқыланды.

Ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаевтың айтуынша, бағдарлама аясында ипотекалық қарыздарды субсидиялау, құрылыс компаниялары үшін қарыз мөлшерлемесінің бір бөлігін жабу жолымен жеке құрылыс салушыларды ынталандыру, Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің салымшылары және әкімдіктерде кезекте тұрған азаматтар үшін несиелік тұрғын үй құрылысының көлемін ұлғайту шаралары қолданылатынын айтты. Сондай-ақ, бағдарлама аясында халықтың әлеуметтік жағынан осал топтары үшін сатып алу құқығынсыз жалға берілетін тұрғын үйдің өңірлік қорын құру, қажетті инфрақұрылым жүргізу арқылы жеке тұрғын үй құрылысын дамыту жоспарланған.

«Нұрлы Жер» бағдарламасын жүзеге асырудың нәтижесінде 1,5 млн. шаршы метр тұрғын үй салынады, оның ішінде 2017-2019 жылдары 274 мың шаршы метр тұрғын үй салу жоспарланған.

«Бұл жерде Ресейдің оң тәжірибесін мысалға келтіруге болады. Көрші елде ипотекалық кредит үлесі айтарлықтай жоғары, ал ипотеканы өтемеу мөлшері 5 пайыздан төмен. Бағдарламаның алдыңғы редакциясында Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорындағы қаражат есебінен банктерді қорландыру тетіктері қарастырылған болатын. Бірақ бұл тетіктер Ұлттық банктің ескертулерінен кейін алынып тасталды. Өкінішке қарай, қазіргі уақытта банктер жай да ипотека беруге мүдделі емес», — дейді А.Рақымбаев.

Оның айтуынша, банктердің ұзақ мерзімге берілетін арзан ақшасы болмағандықтан, бағдарламада ұсынылып отырған шараларды жаппай қолданысқа енгізу мүмкін болмайды.

Ал бағдарлама тұжырымдамасында 2017 жылдан бастап халыққа 17 пайызбен берілетін екінші деңгейдегі банктердің ипотекасын субсидиялау жоспарланып отыр. Нәтижесінде қарыз алушы үшін сыйақы мөлшерлемесі 10 пайызды құрайтын болады.

Субсидиялар бойынша қаражатты тиімді пайдалану үшін Астана және Алматы қалаларында тұрғындарды несиелендірудің 15 жылға дейін 20 млн. теңгеге дейінгі, ал аймақтарда — 15 млн. теңгеге дейінгі шекті сомасы белгіленетін болады. Осы шарттармен несие бойынша орташа ай сайынғы төлем Астана және Алматы қалаларында – 158 мың, аймақтарда – 116 мың теңгені құрайтын болады. Сонымен қатар жеке құрылыс салушыларды ынталандыру үшін қолжетімді несиелік ресурстарды пайдалану мақсатында мемлекет банктер беретін несиелер бойынша пайыздық мөлшерлеменің бір бөлігі субсидияланады.

comments powered by HyperComments