Жаңа жаһандық дәуірдегі басты міндет — индустрияландыру

506 рет оқылды
0

Астанада телекөпір барысында еліміздің барлық өңірінен 23 тікелей қосылым жүзеге асырылып, жұмыс істеп тұрған нысандар таныстырылды. Индустрияландыру картасының мейлінше ірі жобалары іске қосылды. Телекөпір индустрияландыру картасы бойынша ұйымдастырылып, ел экономикасына елеулі үлес қосқан талай кәсіпорынның тұсауын кесті. Аталмыш шара Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен ашылды, өз кезегінде Елбасы индустриялық даму еліміздің экономикасы үшін маңызды міндет болып саналатынын атап өтті.

– Біз экономиканы әртараптандыруға және шикізаттық емес саланы қарқынды дамыту жолына қарай айқын бағыт ұстадық. Үдемелі индустриялық-инновациялық дамудың 2010-2014 жылдары іске асырылған мемлекеттік бағдарламасы өз нәтижесін берді. Жаңа тарихымызда өңдеу өнеркәсібі алғаш рет тау-кен өнеркәсібіне қарағанда жеделірек дами бастады, – деді Қазақстан Президенті.

Елбасы атап өткендей, тиісті инфрақұрылымды дамыту бағытында ауқымды жұмыс атқарылуда. «Сенімді энергетикалық жүйе құрып, шығыстан батысқа және солтүстіктен оңтүстікке дейінгі көлік дәліздерін қалыптастырдық, бағдарлардың әртүрлі болуына және олардың бір-бірін өзара толықтыруына ден қойдық. Өңдеу өнеркәсібінің металлургия, химия, мұнай өңдеу, машина жасау және азық-түлік өндіру сияқты басымдығы бар салаларына зор мән беріліп отыр», – деді Мемлекет басшысы.

Индустрияландыру жылдары жалпы көлемі 4,6 трлн теңге болатын 1 мыңнан астам жоба жүзеге асқан. «100 мыңға жуық тұрақты жұмыс орны ашылды, «Глобал 2000» тізіміндегі 30-ға жуық трансұлттық корпорация іске тартылды. Теміржол машиналарын жасау саласы жаңадан қалыптастырылды. Экспорттық жаңа тауарлар, соның ішінде мұнай өнімдері, аккумулятор, трансформатор, металлургиялық жаңа тауарлар, машина жасау өнімдері және басқа да көптеген өнім түрлері шығарыла бастады», – деп түйіндеді сөзін Қазақстан Президенті.

Елбасы Дүниежүзілік банктің «Бизнес жүргізу жеңілдігі» рейтингінде республикамыз әлемнің 190 елі арасында 35-орынға көтерілгенін айтты. Сондай-ақ, жедел өзгеріп жатқан мына заманда сандық технологиялар алдыңғы орынға шыққанын атап өтті.

– Жаңа жаһандық технологиялық дәуірдің басталуымен бірге елді белсенді түрде индустрияландыру стратегиялық міндетке айналып отыр. Жалпы, біз жүргізіп отырған саясат әлемдік тәжірибеге сай келеді, оның барысында экономиканың қазіргі жай-күйі де, жаһандық үрдістер де ескерілуде, – деп қорытындылады Нұрсұлтан Назарбаев.

Елбасы мемлекеттің пәрменді қолдауына негізделген кең ауқымды индустрияландыру ісі Қазақстанды дамыған елдер қатарына қосуға, кешенді әлеуметтік мәселелерді шешуге, сондай-ақ халықтың тұрмыс деңгейін арттыруға мүмкіндік беретінін айтты.

Жанармай жетіспеушілігі жойылады

Жалпыұлттық телекөпір барысында Атырау мұнай өңдеу зауытын жаңғырту жұмыстары таныстырылды. «Зауытты жаңғыртудың бірінші кезеңін аяқтадық, хош иісті көмірсутек өндірісі бойынша кешен пайдалануға берілді. Қазіргі уақытта екінші кезеңі — «Мұнайды терең өңдеу кешені құрылысын» жүзеге асыру қарқынды сатыда тұр. Жобаны жүзеге асыру ішкі нарықтағы жоғары октанды бензин мен авиаотын тапшылығын жойып, өндірілетін өнім сапасын жақсартады, қоршаған ортаға зиянды әсерін төмендетеді. Келесі жылы-ақ біз каталитикалық крекингке шикізат қабылдаймыз», — деді елордамен байланысқа шыққан Атырау мұнай өңдеу зауытының бас директоры Ғалымжан Амантурлин. Өз кезегінде Қазақстан Президенті мұнай мен газды қайта өңдеу еліміздің басты мақсаты екендігін атап өтті. «Сіздердің зауыттарыңыз ең ірі әрі өте қымбат жоба саналады. Біз оны соңына дейін, яғни екінші кезеңін де толықтай аяқтаймыз. Одан ары Атырау облысында мұнай химиясымен айналысатын боламыз», — деді Назарбаев.

Жаңа ашылған нысандар экономикаға серпін бермек

Алматы облысында шойын өндіретін зауыт іске қосылды. «Текелі кенді қайта өңдеу кешені» ЖШС директоры Бақыт Шалбаевтың айтуынша, жаңа зауыт инновациялық тәсілмен 400 мың тонна өнім шығаруға қауқарлы. Өндірісте қазақстандық шикізат қолданылады. Бүгінде зауытта жабдықтарды іске қосу жұмыстары толықтай аяқталды. Өз кезегінде Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев жақында аталған өндірісте құрылыс жұмыстары жүріп жатқанда кеңінен танысқанын еске салды. «Сол кезде Текеліде шағын домна пешінің салынғанына таңданған едім. Бұл қызықты жоба қолданбалы шойынды шығарады. Бұл – өте жақсы әрі қажетті өндіріс, адамдарға жұмыс орындары ашылады. Сондықтан табысты болыңыздар!», — деді Президент.

 

Ал Шығыс Қазақстан облысында атом электр стансалары үшін отын шығаратын зауыттың құрылысы ресми түрде басталды. «Қазатомөнеркәсіп» ұлттық компаниясының мәліметінше, алдағы уақытта өндірісте жылу шығаратын өнімнің көлемі жылына 200 тоннадан кем болмайды деп күтілуде. Бұл өз кезегінде әлемдік ядролық-отын нарығына шығуға мүмкіндік береді. Өнім 2020 жылы шығарылатын болады. «Осы зауытта біздің жоғары технологиялар енгізілетініне мақтан тұтамыз. Қазіргі уақытта аталған өндіріс үшін қажетті құралдар мен жабдықтарды жасау жұмыстарына кірісіп кеттік»,-деді АРЕВА-ның отын бизнесі бойынша бөлімінің келісімшарттар жөніндегі аға вице-президенті Клаус эль Уста. Өз кезегінде CGNPC-URC бас директорының орынбасары Цай Юченг «Қазатомөнеркәсіп» компаниясымен серіктестікке өте қуанышты екенін атап өтті. Отын жинақтары Қытайдың атом электр стансаларында пайдаланылады. Елбасы осы жобаға қатысушыларды құрылыстың басталуымен құттықтай келе, бұл нысан өте қажет екенін және алдағы уақытта өз нәтижесін беретіндігін атап өтті.

«Баян сұлу» 5 мың тонннадан астам өнім шығарады

«Баян сұлу» фабрикасының печенье шығаратын өндірісі іске қосылды. «Құрметті Нұрсұлтан Әбішұлы! Осы жылдың қыркүйегінде Сіз біздің кәсіпорынға келгеніңізде бүгінде тұрақты жұмыс істеп тұрған вафли шығаратын өндірістің бірінші желісінің іске қосылғандығын баян еткен едім. Енді, міне, бүгін печенье шығаратын екінші желіні іске қоспақпыз. Өнімділігі өте жоғары заманауи құрал-жабдық жылына 5 мың тоннадан астам өнім шығаруға мүмкіндік береді», — деді «Баян сұлу» АҚ президенті, басқарма төрағасы Тимур Садықов. Оның атап өтуінше, фабрика өнімі бүгінде Ресей, Германия, Қытай, Моңғолия, Өзбекстан, Әзербайжан елдеріне жеткізілуде. «Жаңа желі іске қосылғаннан кейін экспорттық сату 40 пайызға артатын болады», — деді ол.
Тұрғын үй құрылысы артып келеді

 

Ақтөбе облысында тұрғын үй құрылысын дамытуға негізделген кәсіпорын іске қосылды. «Үй Құрылысы комбинаты» ЖШС-ның құрылтайшысы Нүркен Тұрбаевтың айтуынша, жаңадан салынған комбинатта германиялық «Wekcenmann» компаниясының үздік жабдықтары орнатылды. Өндіріске 3 млрд. теңгеге жуық қаржы инвестицияланды. Зауыттан шыққан өнім құрылыстың өзіндік құнын 15-20 пайызға төмендетеді, сондай-ақ құрылыс мерзімін екі есеге қысқартады. Атап айтқанда, бірінші кезеңде кәсіпорын жылына 50 мың шаршы метр баспананы тұрғызуға мүмкіндік береді. «Бұл өндірісті іске қосу өте маңызды. Осы орайда Ақтөбе Қазақстанның ең дамыған мегаполистерінің бірі болуы тиіс. Сондықтан тұрғын үй құрылысына назар аударылуда және осы бағытқа қаржы бөлініп жатыр. Қаланың жанында жаңа шағын аудан салынып жатыр. Сонымен қатар бұған дейін ескерткенімдей, біртектес, тартымсыз үйлерді емес, сәулетті әрі әдемі нысандарды салыңыздар. Комбинат жұмысы табысты болуын тілеймін», — деді Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев.

Сонымен қатар телекөпір барысында ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев гербицид шығаратын өндіріс орнын іске қосты. «Президент мырза! Біздің зауытымызды өзіңіз Тәуелсіздіктің 20 жылдығы қарсаңында қосқан едіңіз. Бүгінде біз өнімнің 66 түрін шығарамыз және біздің ауыл шаруашылығымыздың қажеттілігін толықтай өтейміз», — деді «АвгустНан» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің басқарушы директоры Мұрат Сәрсембаев. Оның атап өтуінше, қазіргі уақытта өндіріс өз өнімдерін Ресейге экспортқа шығаруды қолға алып отыр. «Бүгін біз үшін жаңа кәсіпорынды, толық әрекет ететін гербицид өндірісі зауытын іске қосатындығымыз жайында мәлім ету — зор мәртебе. Бұл біздің еліміздің ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілер үшін аса қажет. Калий тұзы өндірісі импорт алмастыруды қамтамасыз етеді. Бұл ТМД аумағындағы ірі әрі толық автоматтандырылған кәсіпорындардың бірі болады», — деді Сәрсембаев.

 

Күретамыр тармағы кеңейе түсті

 

Жалпыұлттық телекөпір барысында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Алматы-Шу темір жолымен пойыздардың қозғалысына рұқсат берді. «Алматы – Шу темір жолы жолаушылар тасымалдау мен транзиттік жүктерді өткізетін маңызды жол торабы. Ел экономикасы өскен сайын жүк пен жолаушы тасымалына сұраныс артып келеді. Соған орай, Сіздің тапсырмаңызбен «Нұрлы жол» экономикалық бағдарламасы аясында екінші жол құрылысы жүзеге асырылуда. Құрылысқа 90 пайыз отандық өндіріс материалдары пайдаланылды. Биылғы жылдың тамыз айында Сізге таныстырылған отандық жаңа үлгідегі кең қорапты жолаушылар вагондары сертификаттау сынағынан өтті. Бүгін пайдалануға дайын тұр», — деді Алматыдан тікелей желі арқылы байланысқа шыққан «ҚТЖ» ҰК» АҚ «Алматы темір жолы бөлімшесі» филиалының директоры Съезбек Әлішев.

 

Инвестиция тартуға кім жауапты?

 

Қазақстан маңызды міндет ретінде үдемелі индустрияландыру бағытын жүргізе береді. «Қазақстан маңызды міндет ретінде үдемелі индустрияландыру бағытын жүргізе беретін болады. Бұл – Инвестициялар және даму министрлігінің негізгі жауапты міндеті. Сауда бір министрлікте, инвестициялар екіншісінде болып отыр. Мен өткен жылы бірнеше елде Ұлыбритания, АҚШ, Жапония, Оңтүстік Корея елдерінде болдым. Барлық жерде бұл елдердің бизнес капитандарымен кездестім. Ең үздіктерімен», — деп атап өтті Мемлекет басшысы. Мәселен, Қазақстан Президентінің атап өтуінше, Вашингтонда құны 10 трлн долларды құрайтын компаниялардың басшылары кездесуге келген. Ал бұл қаржы АҚШ-тың бүкіл экономикасына пара-пар. «Олардың барлығы да Қазақстанға қызығушылық танытуда. Біреу әрбір компания артынан жүріп, осында тарту қажет. Дұрыс жұмыс істей алатын елдер солай жасайды. Ал бізде бұл жоқ. Біз мұнымен нақты кім айналысатындығын анықтауға тиіспіз. Қай ведомство? Бізде сөйлесе алатын тарта алатын мұндай адамдар бар ма? Егер болмаса, онда олардың орнына ақша төлеп, шетелдіктерді қою керек», — деді Назарбаев.

«Біреулер экспортпен айналысуы тиіс. Үкімет сауда қайда, инвестиция қайда болуы керектігін айқындауы тиіс. Мұнымен кім айналысады? Мүмкін Сыртқы істер министрлігі Австралия, Канада және басқа да елдердегідей Сыртқы істер және сауда министрлігі болуы керек шығар. Ал Индустрия министрлігі индустриямен айналысуы қажет қой. Егер инновация болса, онда инновациямен. Әркім өз ісімен айналысуы қажет. Әйтпесе, іс өнбейді. Біз өзіміздің өте маңызды жұмысымызды үзіп алмауға тиіспіз», — деді Елбасы. Бұл ретте Қазақстан Президенті қаржыландыру мәселесі де аса маңызды екендігіне тоқталды. Халықаралық тәжірибе қаржыландыру болмаған жағдайда барынша мінсіз жасалған стратегияның өзі іс өнбейтіндігін көрсеткендігін баса айтты. «Біз индустриаландыруды қолдауға бағытталған ресурстарды жыл сайын ұлғайтып отыруға тиіс екендігімізді атап өткен орынды. Мәселен, аграрлық сектор бюджет шығыстарының 4,5 пайыз қолдауын ала отырып ел ІЖӨ-сіне небәрі 5 пайыз береді. Көлік пен коммуникациялар 8,3 пайыз береді, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық 6,8 пайыз бюджетті шығындайды. Ал бұл орайда ел ІЖӨ-сінің 16 пайызын беретін өнеркәсіп пен құрылыс бюджет шығыстарының 0,6 пайызына ғана қаржыландырылады», — деді Назарбаев.

«Біздің мақсатымыз – арман…»

«Біздің басты мақсатымыз — арман. Адамның арманы болған кезде ол ешуақытта қартаймайды. Арманмен өмір сүру қажет. Сол арманға қарай жылжу қажет. Арман өте үлкен болуы тиіс. Егер тіпті ортасына дейін жетер болсаң, онда зор табыстарға кенелесің. Бірінші кезекте мұны жастарға айтып отырмын. Бұл біздің 25 жылдығымыздың қарсаңындағы маңызды шаралардың бірі болды. Міндеттер жаңа, егер мен оны алдарыңа қойсам, жұмыс істейік», — деді Назарбаев. ҚР Президенті патшалық Ресей кезінде қазақтың жер қойнауының барлық байлығы шикізат күйінде сыртқы тасымалданғанын, тіпті еліміздің ішінде жолдардың да болмағанына ерекше тоқталып өтті. «Ал қазір қараңыздаршы, қандай темір жолды іске қостық. Бұрын мұндай болған емес. Өйткені, біз колония болдық. Мұнай, газ, алтын, күміс – құдайға шүкір бізде бар. Бұл біздің қалтамыздағы байлығымыз. Оны ешкім ала алмайды. Біз өзге елдердің шаңын жұтпауымыз қажет. Бұл біздің жолымыз емес», — деді Елбасы.

Іс-шара аясында Қазақстан Президенті «Алтын сапа» байқауының арнаулы сыйлықтарын тапсырды. Атап айтқанда, «Үздік индустриялық жоба» сыйлығы – «Атыраумұнаймаш» ЖШС директорлар кеңесінің төрағасы С.Түгелбаевқа, «Үздік инновациялық жоба» сыйлығы – «Химфарм» АҚ директоры Р.Байғаринге, «Сапа көшбасшысы» сыйлығы –  ERG менеджерлер кеңесінің төрағасы А.Машкевичке берілді, «Қазақстан электролиз зауыты» АҚ да осы номинация бойынша жеңімпаз атанды. «Парыз» байқауының гран-при жүлдесі «Ақсайгазсервис» АҚ президенті Т.Шектебаевқа табыс етілді.

Телекөпір соңында Президент іс-шараға қатысушыларды алда келе жатқан Тәуелсіздік күнімен құттықтады.

 

comments powered by HyperComments