Бақтыгүл МАХАНБЕТОВА: Қазақ жазушыларын әлемге танытсақ деп едік

1 299 рет оқылды
0

Заман алға озды. Биік мансаптыдан қарапайым қойшыға дейін әдебиетті дәріптеп, жата-жастана кітап оқитын күндер артта қалды. Бұрын қолына қаламы мен қағазын беріп, таңдаулы демалыс орындарына жатқызып қойып, аялап отырып жаздырған қаламгерлер билік қамқорлығынан қағылды. Жаңа заман келді де, әр жазушыға «өз арбаңды өзің сүйре» делінді. Жазу дертіне шалдыққан қаламгерлер бұйда үзбей, әйтеуір қисалаңдап жүріп арбасын сүйреп келеді. Бірақ, бұл ұлттың ұтылысына да алып келген сияқты. Әдебиеті арқылы өзге жұртқа айдындана қарайтын қазақ қаламгерлерінің жүзі пәс, көңілі жүдеу.Ал енді осы кемшіліктің орнын толтыратын мүмкіндік бар ма? Өз ішінде қайнап, өз ішінде тұншыққан бүгінгі қазақ әдебиетін жарық әлемге алып шығатын жол бар ма?

Бар екен. Көркем шығармаларды әлем оқырмандары алдында насихаттау туралы айтып, тыңнан жол салып жүрген «Bestseller KZ» әдеби агенттігінің негізін қалаушы Бақтыгүл Маханбетовамен осы тақырыпта ой бөлісіп көрдік.

– Астанадағы бір жиында сіздің қазақ туындыларын ағылшын тіліне аударып, әлем оқырмандарына ұсыну мақсатында жаңа бастама жасап жатқаныңызды естіген едім…

– Өзім отыз жылдан бері ағылшын тілін оқытып келе жатқан ұстазбын. Тілді жақсы меңгерту үшін ең алдымен сөздік қорды қалыптастыруға жағдай туғызу керек. Тіл мен әдебиетті қатар ұсынғанда ғана нәтиже болады. Көпшілік жастардың қазір ағылшын тілін оқып, бірақ оны еркін сөйлеу деңгейінде білмей қиналатыны сондықтан. Мәселен, біздің оқулықтарды алып қарасаңыз, қазақ тілін оқытқанда да  грамматикалық тақырыпқа сәйкес өңделмеген әдеби шығармадан үзінді бере салады. Оның тілін жеңілдетіп, ықшамдап, мағынасын сақтай отырып, сөздік қорды тиімді сіңдіру жағына мән бермейді. Сондықтан, ондағы күрделі сөздер түсініксіз болып қала береді. Қазақ тілін үйренгісі келген өзге ұлттар осының салдарынан қазақ әдебиетін де оқымайды. Осыған көзім жеткеннен кейін қазақ әдебиетін британдық үлгіде насихаттау керек шығар деген ойға тоқтадым. Британдық үлгі бойынша, кез келген шығарма ағылшын тілін оқитындардың тіл білу деңгейіне қарай ықшамдалып, өңделіп беріледі. Онда мағына, тереңдік, негізгі айтар ой, позиция сақталады, сөздік қор молынан қамтыла отырып, қысқартылып аударылады. Шығарманы аударғанда оны ағылшын тілін аз білетіндер үшін аз көлемге сыйғызады, ал көп білетіндер үшін көлемдірек етіп аударады. Яғни деңгей-деңгейге қарай, әр түрлі нұсқамен дайындалады. Одан шығармаға зиян келмейді. Сол секілді,  британдықтар, өздерінің классиктерінен басқа,  біз білетін Толстой, Достоевский, Чехов секілді орыс жазушыларының шығармаларын да ағылшын тіліне аударып оқытып жүр. Оны да өңдеп, тілді оқушылардың деңгейіне қарай икемдеп береді. Ағылшын тілін оқыту орталығын ашқаннан кейін мен де  осы британдық тәсілді қолға алдым.  Британ әдебиетінің  ықшамдалған көлемді шығармаларының деңгейлік мазмұнын пайдалана бастадым. Сабақ барысында «Көркем шығарма оқу» бөлімінде қазақ жазушыларының танымал шығармаларын ағылшын тілінде мазмұнын айтқызудың өзін деңгейлік әдіспен жүргізіп отырдым.  Бүгінгі уақытта  қалың кітаптарды оқып отыратын  оқырманды табу қиын, сондықтан да уақыт сұранысына қарай осындай тиімді әдістен қашпау керек және  одан шығармаға келер зиян жоқ.  Негізгі ой да, ақпарат та, оқиға да сақталған әрі өңделген шығарма оқырманға керекті азықты бере алады. Кейін шет елдерге семинар, конференцияларға барғанда бұл тәсілдің қазақ шығармаларын шетелдіктерге таныстыруда таптырмас жол екенін түсіндім.

– Қалайша?

– Мысалы, бір жиынға барғанда резонанс тудыратын жақсы шығарманың бір бетке сыйғызылған аудармасын әдейі назарға ұсынып көрдім. «Оқып көріңізші, мынау біздің пәленше деген жазушының шығармасы. Сізге ұнай ма?» деп. Олар оқиды да, сүйсінеді. «Шынымен, қазақта осындай шығарма бар ма? Бұл жазушы кім? Оның тағы қандай шығармасы бар?» деп сұрай бастайды.

 – Демек, қазақ қаламгерлерінің шығармалары өзге тілдерге аударылса, басқа елдің оқырмандарын да қызықтырады ғой…

– Әрине, қызықтыратын туындылар бар. Өзгелердің осындай қызығушылығын көргендіктен, қазақ шығармаларын ағылшын тіліне, басқа да шет тілдерге аударып, әлем назарына ұсынуға көбірек күш салуға тиіспіз деген ойға келдім. Ол үшін өзге елдерде әдебиет қалай насихатталатынына зер сала бастадым. Шет  елдердегі кітабы ең көп таралып жатқан қаламгерлердің бәрінің жанында бір-бір әдеби агент, тіпті, үлкен әдеби институт  жұмыс істейтін жағдайлар бар екен. Яғни, қаламгерлердің бәрі әдеби агенттермен келісімге отырып, шығармасын насихаттап, таратуды жолға қойған.

– Мұндай үрдіс жалпы қашан қалыптасқан?

– Дүниежүзіндегі тұңғыш әдеби агенттік 1875 жылы Ұлыбританияда қалыптасыпты. «Litrejections» сайтынан алынған мәлімет бойынша, бүгінгі күні Лондонның өзінде 111 кәсіби әдеби агенттік жұмыс істейді. Одан кейін 1893 жылы Америкада да әдеби агенттіктер дүниеге келе бастады. Бұл бастаманың жемісті болғаны сондай, қазіргі күні АҚШ-та да 1000- нан астам танымал агенттік тіркеліп, жұмыс істеп келеді. Олардың 134-і Нью-Йоркте. Канадада 30 шақты агенттік бар. Ал Аустралияда мұндай ұйым 1967 жылы ашылған. Қазіргі таңда ол жерде де 20 шақты агенттік жұмыс істейді.

Бұл нені көрсетеді? Бұл біз «кітап оқу қалып бара жатыр» деп байбалам салып жүргенде, озық елдер баспа ісін, әдеби шығармаларды табыс көзіне айналдырудың жаңа мәдениетін дамытып жатыр деген сөз. Мәселен, Германияның бес ғасырдан астам тарихы бар Франкфурт кітап жәрмеңкесі кезінде жыл сайын 700 миллиондай жаңа кітап оқырманға жол тартады екен. Бұл сондағы 2000-нан астам баспа үйі қызу жұмыс істеп жатқанын көрсетеді. Қытайда әдеби агенттік 1987 жылы ғана іске қосылған. Ал Ресейде 1990 жылы жазушылардың авторлық құқығын қорғау мақсатымен ашылған ұйым әдеби агенттікке айналды. Сондықтан, біздің ұйым тек еліміздегі ғана емес,  Орта Азиядағы алғашқы ұйым болып саналады.

– Сіздің ойыңызша, қазақ қаламгерлері шығармаларының арасында дүниежүзі оқырмандарын қызықтыратын туындылар бар ма екен?

– «Жоқ» деп ауызды құр шөп­пен сүртуге болмайды. Біздің қаламгер­ле­ріміздің кәсіби деңгейі де, тума таланты да, еңбекқорлығы да жеткілікті. Тек сол дүниелерді  шет елдерге насихаттау керек.

Бізде 1991 жылы кітап шығарумен айналысатын 14 баспа болса, соңғы жылдардағы баспа ісімен айналысатын 393 мекеме тіркелген. Мұны баспаға ұсынылатын шығармалардың көптігімен де түсіндіруге болады деп ойлаймын. Баспаның көптігі бәсеке тудырады. Бәсеке – дамудың басты шарты.

Ең өкініштісі, бізде әдебиетті насихаттау жоқтың қасы. Әдеби шығар­малардың таралуы және бағалануы өте төмен. Мен мұны қазақ қаламгерлерінің шығармалары шет тілдерге аударылып, өзге елдерге таралмай жатқандығымен байланыстырып айтып отырмын.

Қазақ тілі сөздік қорға қандай бай екенін 15 томдық сөздік арқылы ғана аңғаруға болады. Мұнда 106 мың атау сөз бен 48 300 сөз тіркесі қамтылған. Ал әлемдегі ең бай тілдер қатарына жататын түріктердің түсіндірме сөздігінде 92 292 сөз бар, яғни түрік тілінен қазақ тілі 14 мың сөзге бай деген сөз. Солай бола тұра, Нобель сыйлығына қазақ жазушысы емес, түрік жазушысы Орхан Памук ие болды. Бұның ең үлкен себебі, жаңа айтқанымдай, аударманың жоқтығынан, жарнама жетіспеушілігінен.

– Сонда қазақ қаламгерлері шығарма жазуды біледі, бірақ насихаттауды білмей ме? Әдеби агенттік дегеннің бар екенінен қазақ әдебиеті  хабарсыз ба?

– Иә, өкінішке қарай, қазақ қаламгерлері арасында әлі де әдеби агенттіктің не екенін, оның қандай қызмет атқаратынын толық түсіне алмай жүргендер бар. Әдебиет және өнер институты қазақ әдебиеті мен фольклорын, өнерін зерттеуде, ұлттық әдебиет пен өнердің тарихы мен теориясын, шығармаларды зерделеп жатыр. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде құрылған Абай атындағы зерттеу институтының да алыс елдерге насихаттауға лайықты жақсы бастамалары аз емес. Ал жүйелі түрде қазақ қаламгерлерінің шығармаларын екшеп, таңдаулы дүниелерді әлемге танытуды ешбір ұйым мойнына алып отырған жоқ. Бірен-саран қаламгерлер ғана өз ынтасымен шетелдік әдеби агенттіктермен байланысқа шығып жүр.

Біз де мықты сыншылармен, әдебиеттанушылармен, қаламгерлермен бірігіп, біраз қазақ шығармаларын іріктеп, әлем назарына ұсынуға дайындап жатырмыз. Ал кімдердің шығармасын алғанымызды әзірге құпия ұстай тұрайын.

– Қаламгерлер өз шығармаларын сіздерге сеніп тапсырып жатыр ма?

– Шығармасы кең таралғанын кім қаламайды? Сол секілді, біз де өз жұмысымыз жемісті болуы үшін қаламгер шығармасына жоғары талаппен қараймыз. Және өз ісімізді жоғары кәсіби деңгейде атқаруға тырысамыз.

– Сіздерге түсетін пайда қандай?

– Бірінші кезекте біз өзімізге келетін пайданы емес, адам жанын ізгілендіру жолында аянбай еңбек етіп жатқан қазақ қаламгеріне көрсетілер лайықты құрметке ие қылуды нысанаға алып отырмыз, егер қаламгердің қанжығасы майлана бастаса, біз де құр қалмаймыз. Әдебиетімізді  насихаттау еліміз үшін де маңызды болғандықтан, қазір үкіметтік  құзырлы мекемелерге  және жеке компанияларға да ұсыныс жасап,  қаражатқа қол жеткізуге әрекет жасаудамыз. Қалғаны бір Алланың қалауында. Сәтін салса, жеңісті күнге де жетерміз. Қазір хит ән орындағандар жұрт аузында, ал ертең ұмытылатын сондай әндерге қарағанда, ертеңге аманат болып ұсынылатын әдебиеттің маңыздылығын түсінген қолы күліс қазақ кәсіпкерлері қолдау білдіріп жатса, біз қуана әріптес болар едік.

Ниетіміз – қаламгерлер мен оқырмандар арасында алтын көпір болу.

 

Әңгімелескен

Динара Мыңжасарқызы

comments powered by HyperComments