Адам ағзасына қажетті органдарды шошқа ағзасында өсіру тәжірибесі басталды

770 рет оқылды
0

Ұлыбританиялық ғалымдар адамдарға қажетті органдарды жануарлардың ағзасында жетілдіру тәжірибесін қолға алды. Әлем халқы бұның этикалық тұрғыдан дұрыс-бұрыстығын талқылап жатқанымен, ел билігі экспериментті қалай жүргізу керектігіне қатысты ресми регламентті бекітіп те қойған.

Жапондық зерттеуші Хиро Накаучи өз зертханасында адамның мүшесін доңыз бен қойдың ағзасында өсіру жобасын қолға алған.

«Біз үш-төрт жыл бұрын тышқанның ұйқы безін егеуқұйрықтың ішінде өсірдік. Осы тәжірибені кері жасағанда да сәтті өтті. Біз екі түрлі жануардың жасушалық қоспасын алдық. Егер бұны адам мен доңызға қолданатын болса, доңыздың ішінде адамның мүшесін өсіруге болады», — дейді профессор.

Адамға қажетті мүшенің жасушасын жануардың жұмыртқа жасушасына орналастырады. Сонда бұл эмбрионда адамның да, доңыздың да гені болады. Мұндай эмбрионды «гибрид» деп атайды. Бұл эмбрионнан сізге қажетті бүйрек, бауыр не болмаса жүрек жетіледі. Бірақ бұның қаупі зор. Себебі доңыздан адамға түрлі ауру берілуі мүмкін. Доңыз ағзасында жетілген мүшенің қандай болатыны белгісіз әрі функциясын толық атқара алатындығына күмән бар.

Еуропа елдерінің көпшілігінде, Азия мен Американың көптеген штаттарында мұндай тәжірибеге тыйым салынған. Ал құпия немесе бейресми зертханалардағы эксперименттерді ғалымдар жария ете бермейді. Бейресми деректер әлемде 50-ге жуық қой мен доңызға гибридтік эмбрион салынған дейді.

 

 

comments powered by HyperComments