Ұтымды инвестиция — табыс кепілі

1 196 рет оқылды
0

Игерілмеген қаржыны тиімді қолдану әдісі

Шілде айында Ұлттық банк төрағасы Данияр Ақышев банктерге Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының игеріліп үлгермеген қаржысын басқа қажеттіліктерге жаратуды ұсынғаны есте. «Осыған дейін БЖЗҚ активтерін игерген Ұлттық банк банктерге бөлінген қаржыны инвестициялау туралы ұсыныс жіберген еді. Белгілі бір критерийлер қойылды. Біз банктерден ол талаптарға қаншалықты келісетіндігін сұрадық. Шешім қабылдауы үшін белгілі бір уақыт та бердік. Кейінірек банктердің жартысы ақшаны пайдаланып, жартысы бас тартты. Біз тағы бір раунд жүргізіп, банктерге тағы да ұсыныс тастадық. Алғашқы сценарий бойынша кейбір банктер ғана қаржыны игеріп, өзгелері бас тартты. Нәтижесінде бізде игерілмеген қаржы қалды. Осы жағдайға байланысты ол ақшаны қаржыландыруды өте қатты қажет етіп тұрған экономиканың басқа да секторларына бағыттауды ұсынамыз», – деп түсіндірген еді Данияр Ақышев.

Қазақстандық нарық қатысушыларының пікіріне сенсек, Зейнетақы қорындағы қаражатты алу – банктер үшін тиімсіз. Бұл қаражаттың пайыздық үстемесі банктерге қиынға түспек. Жалпы, банктерге барлығы 200 млрд теңге ұсынылған, алайда екі кезеңде де 94,4 млрд теңге ғана игерілді. Қаражаттың толық игерілмеген себебі ресустардың құнының жоғары болуы, сондай-ақ олардың шағын және орта кәсіпкерлік қажеттіліктерін қаржыландыруға бағытталатыны айтылған еді. «Банктер ұсынылған ресурстарға жеткілікті сұраныс білдірмегендіктен олар басқа бағыттар бойынша қайта бөліне алады», – деп түсіндірді ҚР Ұлттық банктің төрағасы  Данияр Ақышев ҚР Премьер-министрі Кәрім Мәсімовке зейнетақы қаржысының неге баяу игеріліп жатқандығын түсіндіру барысында.

ҚР Ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаев банктер тарапынан сұранысқа ие болмаған БЖЗҚ қаржысы даму институттарына, «Самұрық-Қазынаға» немесе өндіріс кәсіпорындарына жіберілетіндігін жария еткен.

 Қазақстанның Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорындағы қаражатты тиімді пайдалану мәселесі қаралып, оның түрлі салаларды қаржыландыруға бағытталатыны айтылып жүрген-ді. Таяуда «Қазақстанның даму банкі» АҚ басқарма төрағасы Болат Жәмішев  Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорындағы қаражат қайда жұмсалатынын тәптіштеп айтып берді.

Ірі жобаларды қаржыландыруға бағытталған қаражат орнымен жұмсалуы тиіс. Инвестицияны жемісін беретін салаларға бөліп, зейнетақы қорындағы қаражатты ұтымды пайдалану керек. «БЖЗҚ қаражаттары қайда жұмсалады деген сауал көп қойылуда. Зейнетақы қорындағы қаражат банктерге беріледі. Оның қатарында біздің банк те бар. Қазақстанның даму банкінің қаржылық көрсеткіштері өте жақсы, сонымен қатар біздің рейтинг тәуелсіз банктің деңгейінде. Біз зейнетақы қорының инвестициялары үшін өте сенімді әрі тартымды нысандардың біріміз. Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының қаражаты өте қымбат, сондықтан біз ол қаражатты жобаларға бөлген кезде өзіміздің қаржымен, сондай-ақ Ұлттық қор мен бюджеттің қаржысына қосамыз. Мысалы, Қазақстан даму банкі үдемелі индустриалдық-инновациялық даму бағдарламасының екінші кезеңінде қолға алынатын жобаларға 225 млрд теңге қарастырдық. Оның тек 65 млрд теңгесі ғана БЖЗҚ қаражаты. Зейнетақы қорының 15 млрд теңгесін «MEGA Silk Way» сауда орталығына, 17,5 млрд теңгені жүк вагондарының құрылысына және 30 млрд теңге экспорттық және экспорт алдындағы қаржыландыруды қолдауға бөлініп отыр. Бұл – биыл біздің БЖЗҚ-дан алған қаражаттар», – деді банк басшысы.

«Бәйтерек» компаниясы мен «MEGA Silk Way» сауда орталығы құрылысына бөлінген зейнетақы қоры қаражаты 15 жылға беріледі. Несиенің жалпы сомасы – 15 млрд теңге. Оған «Бәйтерек» девелопмент есепшотындағы қаражаттар кепілдік болады. Бұл ең сенімді кепілдік болып табылады. «Несиенің пайызы жайлы айтар болсақ, біз БЖЗҚ-дан 15 пайызбен алдық, аталмыш жобаға 16,5 пайызбен бердік», – деп атап өтті ҚДБ басқарма төрағасы Болат Жәмішев.

Б.Жәмішев мырзаның айтуынша, БЖЗҚ қаражаттары бір орында сақталып қана қоймай, сенімді көздер арқылы инвестицияланып отыруы шарт. Бұл оның құнсызданып кетуінен сақтайды. Қордағы қаражаттың инвестиция ретінде құйылуы міндетті шаруа, себебі үстінен түсетін үстеме пайыз қордағы қаржыны молайта түспек. «Тағы да атап өткім келетіні – Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан қарыз алушы банк болып табылады. Зейнетақы қорынан банкке инвестицияланған қаражаттар өте жоғары деңгейде қорғалған. БЖЗҚ қаражаты инвестициялануы тиіс. Ол инвестиция ретінде бір салаға салынбаса, одан пайда, кіріс болмайды. Ол қаражат құнсыздана береді. Сондықтан олар әрдайым жоғары тиімді құралдарға бөлініп отыруы тиіс. Соның бірі – Қазақстанның даму банкі», – деп түйді ойын Б.Жәмішев. «Қазақстан даму банкі» мәліметтері бойынша, банктің биыл қаңтар-маусым айларындағы таза пайдасы 10, 881 млрд теңгені құраған. Бұл 2015 жылғы сәйкес кезеңімен салыстырғанда, 26,8 пайызға артық. Таза пайыздық кіріс 32,8 пайызға – 19,7 млрд теңгеге дейін артты.

ҚР Ұлттық экономика министрінің бірінші орынбасары Марат Құсайынов жуырда зейнетақы қорындағы қаражаттың қандай салаға инвестицияланатыны туралы айтқан-ды. «Экспорт алды және экспорт қаржыландыруын ынталандыру үшін Ұлттық қордан 15 миллиард теңге қарастырылған. Осы қаражатты Мемлекеттік комиссияның 2016 жылдың 28 маусымда мақұлдаған механизмі бойынша БЖЗҚ-ның 30 миллиард теңге көлеміндегі қаражатына қосу есебінен 372 миллиард теңге сомасына әлеуетті экспорт операцияларының тізімі жасалды. Бүгінге дейін 9 миллиард теңгеге 4 жоба мақұлданды. Атап айтсақ, «Шымкентмай» ЖШС, «Масло-Дел» АҚ, «Евраз Каспиан Сталь» ЖШС, «RG Brands» ЖШС компаниялары. Бұдан бөлек сомасы – 21,9 миллиард теңге тұратын 10 жоба қарастырылып жатыр», –  деді ҚР Ұлттық экономика министрінің бірінші орынбасары. Оның айтуынша, бүгінге дейін 2 миллиард теңгелік бір жоба  – «RG Brands» ЖШС қаржыландырылған. Бұл соманың 0,6 миллиард теңгесі Ұлттық қордан бөлінген.

Ұлттық қор мен БЖЗҚ-ның 45 милиард теңге көлеміндегі қаражатын 2016 жылдың 1 қарашасына дейін игеру жоспарланып отыр.

Тұрғын үй құрылысының дамуына 251,2 миллиард теңге қарастырылған. Бұл қаражат екі жыл ішінде игеріліп бітеді екен. «Бәйтерек» холдингі қарастырылған 174,2 миллиард теңгенің 141,9 миллиард теңгесін операторларға («ҚИК» АҚ, «Бәйтерек Девелопмент» АҚ және ЖАО) аударды, оның ішінде 22,6 миллиард теңгесіне әкімдіктің облигациялары сатып алынды. «Мердігерлермен 83,6 миллиард теңгеге келісімшарттар жасалып, 22,6 миллиард теңге игеріліп қойды. 8,9 мың шаршы метр тұрғын үй аумағы немесе 148 пәтер пайдалануға берілді», — дейді Құсайынов.
 

comments powered by HyperComments