Салиха ҚОЖАҚОВА: Өнерге еңбегі ерте сіңсе де, лайықты бағасын алмай кетті

/  656 рет оқылды
0

Қазақстанның еңбек сіңірген артисі Салиха ҚОЖАҚОВА айтқан сыр

Қыстан гөрі көктемнің жаңбырлы жылымық күндері мен түндерін еске салған Алматының соңғы аптадағы ауа райы кілт бұзылды. Айнала аппақ қардан көрпе жамылып, қаланың аумалы-төкпелі ауа райы секілді жүргіншілердің де көңіл күйлері өзгеріп сала бергендей. Өйткені ауа тазарса адам баласының да жан сарайы ашылып сала береді ғой. Жапалақтап жауып тұрған аппақ мамық қар, бірақ жерге түсер-түспестен еріп кетіп жатыр. Бұл, енді, қаламыздың жылы табиғатына байланысты болар,бәлкім?!

Осындай оймен театр табалдырығын аттағанымызда, қазақ өнерінің қара шаңырағы рухтандырып жіберді. Енді ше?! Сөз өнерінен шебер мүсіндер жасап, сахнада іздері сайрап жатқан кешегі қара шалдар мен данагөй аналарымыздың рухтары әлі күнге дейін театр ішін нұрландырып, өз сәулелерін шашып тұрғандай.

Біз іздеп келген актриса да жаңа ғана жанарын бір сулап алған сынды, көңілі құлазып, мажыққан сәтіне тап келдік. Терезеден сыртқа көз тастап отырған актрисаның жүзінен әлдебір мазасыздық байқалады.

– Есболған тірі болса, бүгін 76-ға толар еді, – деді бізге бұрылмаған күйі. – Тым жас кетіпті ғой, 43 жас деген… жылдар өткен сайын өкініш өзегімді өртейді,– деп бізге орындық ұсынды.

Әңгімеміз де қазақ мәдениетінде, өнерінде өшпес із қалдырған, кино мен театр сахнасында өзіндік қолтаңбасы қалған сахна саңлағы – Есболған Жайсаңбаев жайлы өрбіді.

– Қатыгез заманда жастардың ғана емес,жалпы адам баласының бір-біріне деген бауырмалдығы-мейірімі жоғалды. Ұлы махаббаттан, ұлы сезімнен бауырмалдық та, мейірім де туады. Есағаңның күнделігін оқып отырып, қайран қалдым. Әңгімені де осыдан бастасақ…

– Әкеден тым ерте айырылып, он үшке толар-толмас шағымда тұл жетімге айналған мына менің маңдайыма қазақтың Есболғандай талантты азаматын жолықтырған тағдырыма сансыз ризамын. Өзімнен үлкен әпкемнің қолында тәлім-тәрбие алып, бойжете бастадым. Мектепте жүргенімде талайлар сияқты көркемөнерпаздар үйірмесіне қатысып, ән-жырға, биге әуес болдым. Ауылда, бертін келе аудандық байқауларға қатысып, тіпті бірінші орын алған сәттерім де болды. Сөйтіп жүріп, өнердің ауылына жақындай түстік.

Нарынқол, қазіргі Райымбек ауданындағы Киров колхозында он жылдықты бітірдім. Қазақтың қара өлеңінен сарай салған Мұқағали ақынның жары Лашын – менің ұстазым. Қазақ тілі мен әдебиетінен сабақ берді. Мектеп бітіріп, қалаға аттандық. Әпкемнің айтуынша, есепші болуым керек. Бірақ ауылдан келген балалар орыс тілін білмейміз, әрең-әрең үшке тапсырдым. Зауқым жоқ, оқығым келмейді. Әпкем үлкен қалада біреу өлтіріп кетеді, одан да ауылға қайт деп артымнан келіпті. Барғым жоқ. Қалайда оқуға түсуім керек! Қазіргі Виноградов пен Дзержинский көшесінің бұрышындағы бұрынғы ұйғыр театрының ғимаратының жанынан өтіп бара жатсақ, «Студияға балалар қабылданады» деген жазуды көріп қалдым да, қуанғаннан кіріп кеттім. Бір әйел мен ер адам отыр екен, жөн сұрадым. «Қабылдаймыз, қабылдаймыз» деді. Кейін білсем, Рахия Қойшыбаева мен Камал Қармысов ағамыз екен. Сонымен, Пушкиннің «Сібірден хаты» мен Абайдың «Желсіз түнде жарық айын» айтып, 5 деген бағамен 150 баланың ішінен іріктелген 25 баланың қатарынан бір-ақ шықтым. Қабылдау комиссиясының төрағасы Әзірбайжан Мәмбетов екен. Әке бейнесі тіпті есте жоқ, ал шешемнен де ерте айырылғанмын, әпке-жездемнің арқасында жетімдікті көрмесем де, көңіл жарты бейшара ал кеп жылайын… Көңілде шер болып қалған, әке-шешесіз өскен бойжеткеннің жүрегіндегі сағыныш, қала берді бойды кернеген намыс осылайша бір сәттіліктің қуанышынан ағыл-тегіл болдым ғой. Сол өнер деген құдіретті саланың табалдырығынан аттаған өрімдей қыз-жігіттердің ішінде Есболған да болды. Студенттік шақтың қызықты сәттері осылай басталды. Бірде сабақ арасында «Атам ауырып қалыпты, ауылға кетіп барамын» деген еді, ойымда ештеңе жоқ: «Атама сәлем айтшы»,– дедім күле құшақтап. Құдай аузыма салды ма, кейін осындай ғашықтық хаттар легі басталды да кетті.

Есболған қойшының баласы, оның үстіне жақын болғандықтан сабақтан босай қалсақ, не мейрам күндері тобымызбен ауылына ертіп барады. Аш құрсақ студенттер тойып ет жеп, сорпа ішіп, арқаланып келеміз. Нүкетай Мышпаева әрі ауылдас, әрі аталас әпкем ғой, Есболған өзі тұрып жатқан пәтерін бізге, екеумізге босатып берді де, өзі басқа пәтерге көшіп кетті. Күнде келіп тұрады. Отырып-отырып кетеді. Күлеміз. Әңгімені керемет айтады.Өзі қалжыңбас, әзілқой. Көп оқиды. Білімді. Зерек. Нүкетай әпкеме ұнайды, «Сен қыз, сандалма, қандай терең жігіт, етегінен ұста, қор болмайсың» дейді. Ауылдағы әпкемді шақыртып алып, тіпті Есболғанды таныстырып жүрген де осы Нүкетай. Менсінбей жүріп, өзім де бауыр басып қалғанымды білмей қалыппын. Сонымен, қосылдық қой. Есболғанның махаббаты жеңді, адамдығы жеңді. Өзінің кісілігімен, адамгершілігімен, бауырмалдылығымен, махаббатымен жеңді! Мінезі салмақты, сауатты, көп білетін, өйткені қолынан ешқашан кітабы түспейтін. Көп оқыған адам көреген ғой. Қайда жүрсе де, қайда болса да кітапты арқалап жүретін-ді. Сол әдет бүгінде ұлымыз Шыңғыстың қанына сіңген. Ол да әкесі сияқты кітапты көп оқиды.

Шаңырақ көтердік. 1960 жылы академтеатр жанындағы студияны бітірдік те, екеуміз де Әзірбайжан ағаның ұсынысымен театрда қалдық. Мен он тоғызда, Есболған болса небәрі жиырма жаста. «Салиха-Салиха» деп алақанына салды. Әке-шешені ұмыттық. Менің әкем де, шешем де Есболған болды. Ата-ананың мейіріміне шөліркеп өскен маған қосағымның сүйіспеншілігі жоғымның орнын толтырған сияқтанады, ең бақытты сәттер басталды. Әруағыңнан айналайын, бір қатты дауыс көтермей өтті өмірден. Тату-тәтті ғұмыр кештім. Көп беруге үлгермей кетті. Жас кетті. Өмір бойғы тынымсыз еңбегінің жемісін де көре алмады, желтоқсан айында атақ алды, мамыр айында қайтыс болды. Бірақ артында ұрпағы, өнердегі өмірі қалды. Дегенмен, әлі де жоспарлаған, келешекке үміт артқан талай тірліктері бар еді, өзімен бірге кетті. Шыңғыс Айтматовтың «Қош бол, Гүлсарысын» аударды, өзі қойды. Швейкті жазды, басты рөлді өзі ойнады. Одан кейін түріктің «Қылмыскер» деген пьесасын аударды. Оны сахнаға шығарсам деген еді, үлгермеді. Өзекті өртейтіні де осы. Әйтпесе… Үш ұл – үлкені Мұхтар, Шыңғыс, он жылдан кейін қыз болса деп күтіп едік, Нарлан келді өмірге. Мұхтардың атын жеребе тастап қойдық, енемнің қолына түскені Мұхтар болды, ал Шыңғысты Фарида мен Ыдырыс қойды. Перзентханадан шыққан күні Фарида Ыдырыспен бірге, Нұрмұхан ағамыз бастап үшеуі үйге келді. Барымен базар болып, шай ішіп, әңгіме-дүкен құрып отырып, ұлдың атын қойып кетті. Нұрмұхан аға Адай деп қойғысы келіп еді, ана екеуі жеңіп кетті.

Есболғанның шығармашылық жылдары басталды да кетті. Спектакль, кино… радио…дубляж… Бір сәт дамыл жоқ. «Ақ бақсы» фильміне бір жылдай жүріп түсіп келді де, келгеннен соң жүрегі сыр беріп, ауруханадан бір-ақ шықты. Бір ай жатты. Соның өзінде қолынан кітабы, қалам-қағазы түспепті. Дәрігерлердің тыныштық сақтасын дегенін, ештеңе ойламау керек деген ескертпесін де тыңдамады. Жасырып оқып жүріпті. Кейіннен медбикелер айтты, төсегінің астынан том-том кітап шыққанын… Сол кезде Жиреншенің рөліне дайындалып жүрген-ді, осы рөлде ойнағандардың бәрі қайтыс болды, мен де сол рөлді жақтырмадым. «Денсаулығыңды ойла, соны ойнамай-ақ қойшы»,– деп жалындым. Сөйтіп жүргенде, жүрек талмасынан кетті ғой. Дер кезінде дәрігер шақырмай, сол жағы ұйып, жансызданып қалғанша үйге жеткен екен, жедел жәрдем келіп, ауруханаға жеткенше біраз уақыт өтіп қалды да, сол ұйықтағаннан оянбады… Сонша еңбек сіңірген киносын көруге де мұршасы келмеді. Өнерге еңбегі ерте сіңсе де, өзінің лайықты бағасын ала алмай өтті өмірден.

– Есболған ағаны өнер сүйер халқы ұмыта қойған жоқ, ұмытпайды да. Ең үлкен атақ та халықтың ризашылығы болар. Дегенмен, актердің жеке өмірі туралы ештеңе біле қоймайтынымыз өкінішті. Ол кісі қандай әке болып еді?

1389677303–Тұла-бойы тұнған мейірім болатын. Маған деген махаббаты үлкен қамқорлыққа ұласып, одан әрі өзінің әулетіне жалғасты. Ұлдарын керемет жақсы көрді. Сол кезеңнің әдеті ғой, балалар орыс мектебінен білім алды, сөйтсе де, жаз бойы ауылда қора тазалап, қи шығарып, тілін сындырып келетін. Тіпті үлкен ұлды, Мұхтарды он екі жастан кейін ауылға жіберіп оқытты. Кемпір-шалдың баласы. Қала балалары ауылдың балаларына қарағанда мәдениетті деп жатады. Оның бәрі бос сөз, жаңсақ пікір. Мәдениеттің түп тамыры – ауылда. Үлкенді сыйлау, кішіге қамқор болу, үлкеннің алдын кесіп өтпеуді үйренді, тәлім-тәрбиенің қою қаймағын атасы мен әжесінен, қала берді ауылдастарынан сіңіріп келді. Бертінге дейін әкесі екеумізге сіз дейтін, папа-маманы да кейін айта бастады. Мектепті өте жақсы бітірді, жоғары оқу бітірді, математик. Оның үстіне ата-енем де бір Құдайға қараған иманды, жақсы адамдар еді. Өсіп-өнген, жеті бала тәрбиелеп отырған айрандай ұйыған отбасына тап болдым. Енем ірі денелі, бойы биік, зор адам еді. Көп сөйлемейтін. Атамыздың үшінші әйелі екен. Баламын, еркелігім тағы бар, бірде шай ішіп отырып: «Ата, неге әйел ала бергенсіз»,– деп сұраппын. Ол кісі де қабағы ашық, арасында әзіл тастап қоятын көңілді кісі: «Е, балам-ай, бір перзентке зар болып, үсті-үстіне ала бергенмін ғой» деген-ді, ыңғайсызданып қалсам керек. Іле-шала өзі қалжыңға бұрып әкетті. Қырық жасында Есболғанның жиырма бестегі анасын алып, содан бала сүйіпті. Тұңғыштары қыз, содан кейін Есболған –ұлдың үлкені екен. Өте ерке, үй тірлігіне жоқ, өнерге жақын болып өсіпті. Бала тәрбиесіне уақыт тауып, үнемі қадағалап, әңгімеге тартып, керек-жарақтарын түгендеп отыратын. Әке болып қаһарын шашып, жоқтан-өзгеге ашу шақырып көрген жан емес. Әзілдесіп, өзімен тең ұстап тәрбиеледі. Нарланды ерекше жақсы көрді, он жылдан кейін көрген, оның үстіне атын да өзі қойды. Үйге жеткенше, Нарланға жеткенше асығамын деп отыратын. Ақшаны қалай табады, солай шашып жібереді. Қолы ашық, жомарт. Оның үстіне ауылдағы шиеттей бауырлары мен қарындастарына көмектеседі. Бауырмал. Солардың жоғын түгендеп, шапқылайды да жүреді. Өзі тауып жатқан соң мен де қарсы бола қоймадым.

– Ақшаға бола жүз шайысып көрген жоқсыздар ма?

– Ақша дегеннен шығады, бірде мынандай қызық жағдай болды. Өзім өз болып, әйел секілді тапқан айлығын өзім жұмсап көрейінші деген ой келді. «Басқа көлденең табыстарыңда шаруам жоқ, айлығыңды бұдан былай маған бересің»,– дедім. Ол кезде қолымызда Майра деген сіңілім бірге тұратын. Таңғы шайда ондай әңгіме болғаны өзімнің де ойымнан шығып кетіпті де, жұмыстан шаршаңқырап үйге келсем, есіктің алдынан төрге дейін үш сомдықтарды тізіп жол салып қойыпты. Сөйтсем, менің келе жатқанымды терезеден көріп, Майраға: «Таңертең әпкең ақша бермейсің, бәрін елге таратып жүресің, бұдан былай мен ұстаймын» деп ашуланып кеткен, біз аяғының астына шашып қояйық, күлсін, – депті. Сол күні ғана киностудиядан алған 300 сомын тізіп қойыпты, ол ылғи үш сомдықтар екен, бірнешеуін аяғыммен басып кеттім. «Ой, мынау ақша ғой», – деп көзім жанып шыға келмеймін бе?! Ал кеп күлейік!.. Өзі әдемілеп картоп қуырып қойыпты, жақсы көруші еді. Несін жасырамыз, ол заманда барған ауыл-аудандарда актерлерді сыйлап, тіпті кейде конверт салып жіберетін жағдайлар да кездесетін. Ондайда жол бойы-ақ шашып-төгіп, достарына таратып жібереді екен. «Әй, Салихаға, балаларға апарсаңшы» дегендерге: «Ой, Салиха мөшек-мөшек ақшаның үстінде отыр ғой, жетеді ақша» дейтін көрінеді. Әріптес ағаларымен де қалжыңдасып, еркелей беретін. «Бүгін біреу бір сиырдың еті мен екі қой әкеп тастапты үйге, Салиханың есі шығып жатыр», – деп Мүлік ағаны алдап қойыпты бір күні. Дастарқан басындағы әрбір көңілді әңгіме, шүйіркелесіп отырып ішкен асымыз, Есболғанның орынды қалжыңдары, кейде тіпті өзінің ойлы көзқарастарымен бөлісіп отыратын әрбір кеш бағасыз сыйлықпен тең еді…

Ақкөңілдігі сол, кейде үйде өзіміз жататын жер таппай қаламыз, елден келгендердің бәрінің тоқтайтын жері – Есболғанның үйі. Сондай сәттерде, әрине, ақша жетпей қалады, кейде қабағыма кірбің түсіп кететіні өтірік емес. Иығыма жөндеп бір жібі түзу көйлек те кимеппін. Есболғанның махаббатына, өзіме деген сүйіспеншілігіне, құрметіне мастанып, қанағат тұтып жүре беріппін. Тіпті, көзі тірісінде дұрыстау үй де алмаппыз ғой. Екі бөлмелі үйдеміз әлі де, қара шаңырақ болды қазір, елу жылдан бері сол үйдің түтінін түтетіп отырған жайым бар. Балалар өсті, өз қолдары өз ауыздарына жетеді, жұмыстары бар, үйлерін де өз еңбектерімен алды. Әкесінің атағын, абыройын түсірмей, ешкімнің алдына ештеңе сұрап бармай-ақ, Құдайға шүкір, тұрмыстары жаман емес.

– Екеуіңіз қатар ойнаған спектакльдеріңіз жайлы айта кеткен жөн болар еді?

– «Майрада» ол – Бақтияр, мен Айбаршаны ойнадық. «Түнгі сарында» да ол – Нұрхан, мен – Мөржанды сомдадық. «Жәмилада» – Сейіт, ал мен кішкентай пошташы қызды бейнеледім. Одан да басқа бірнеше спектакльдерде қатар сахналас болдық. Өте тапқыр болатын, суырып салма айтқыштығы да бар. Ойламаған жерден тауып кететін. Негізінен ол көбіне комедиялық кейіпкерлерді сомдады. «Еңлік-Кебектегі» Жапалы бір кездері көрермендерді дүр сілкіндірген аты шулы образының бірі болды. Есболған үшін театрға қайта-қайта келгендер де бар. «Аңсаған менің әнімсіңде» – Сейіт, ал Фарида– Жәмиланы сомдады. Сүйген жігітіне қыздың қолынан жетектеп апарып қосып жібереді. Есболғанның өз тағдыры сияқты. Үлкен әпкесі Хадишаны жігітіне жеті түнде қашырып жіберіп, шешесі мұны қараңғы бөлмеге екі-үш күн қамап қойыпты. Спектакльдегі кейіпкер тура өзін қайталайды ғой. «Өзім ғой, өзім» деп мәз болып отыратын.

Есболғанның Сейіті мен Жапалы әлі көз алдымда. Бір немерем тура Есболғанның құйып қойған өзі, мойны қып-қысқа, доп- домалақ. Келінім «атамның баласы ғой» деп мәз.

Бірақ «Ана – Жер-Анада» Әлиманы ойнағаным Есболғанның көңілінен шықпады. Рөлді алып шыққаным емес, оған ұнамағаны мүлдем басқа жайт. Қаралы жесір, көзім тірісінде қара жамылмай-ақ қойшы, ойнама», – деді бір күні. Ал ол бейне, негізінен менің табиғатыма, тағдырыма дөп келіп тұр еді, анам марқұмның тағдыры дәл солай болған-ды. Күйеуі соғысқа аттанғанда ішінде перзенті қалған. Жан-тәніммен-ақ кірісіп едім, бірақ Есболымның жанына жара салып алыппын. Онша қаламады. Іші сезіп жүрді ме, кім білсін?!.

– Қызғанған сәттері болды ма?

– Жастау кезім. Бір жақтан келе жатып, үйге телефон шалдым. Есболғанның өзі көтерді. – Ағай, – дедім аузымды орамалмен басып тұрып. –Қалайсыз? Сіз ойнаған спектакльдердің бәрін көріп, кейіпкерлеріңізге ғашық болып қалдым. Сіздің әйеліңіз, балаңыз бар екенін де жақсы білемін. Бірақ сізбен кездескім келеді, – деп жатырмын тоқтамай.

– Бұл кім өзі, – деді.

– Сіз мені танымайсыз, өзіңізді жақсы көретін бір қызбын, – дедім. Күлкі қысып-ақ тұр, бірақ сездірмеуге тырысып жатырмын.

– Айналайын, қыз бала бөтен еркекке бұлай звондамас болар, ұят болады мұның, – деп трубканы 1389677403тастай салды. Үйге кірсем шырттай киініп, бір жерге жиналып жатыр екен. Тіс жармадым. Бірақ оның отбасына, өзіме адалдығына, әлгі «қызға» айтқанына іштей ризамын. Жаспыз, жиын-тойларға жиі барамыз. Ол әзілге болмаса, биге жоқ-тын. Үнемі ойға батып жүруші еді. Ел у-шу болып билеп, ақ тер, көк тер болып жатқанда езуіне темекісін қыстырып, сырттай қарап тұратын. Мен биге әуеспін. Жақсы әуен болса билегім келіп тұрады. Мұндайда үйге келген соң: «Иә, жастармен билеп, жақсы болып қалдыңыз ба?», – деп миығынан күліп, қызғанғанын білдіріп қоятын. Әріптес-жолдастарынан да қызғанып тұрушы еді. «Менің махаббатымда» Жақып екеуміз басты рөлдерді ойнадық. Театрға барса «сенің махаббатыңды» көрдім деп келуші еді. Бірақ «Салихашым, Салихашым» деп өтті өмірден. Өміріме, тағдырыма ризамын. Тек Есхошымды ойласам, өзегімді өртеген сағыныш маза бермейді. Мәңгілік сағыныш! Үш ұлдан немере сүйдім, шөбере көрдім. Осылардың қызығын көре алмады-ау деп қапаланамын. Ұлдарым да, келіндерім де жақсы, қабағыма қарап тұрады. Бірақ… Есболғанның махаббатындай қайдан болсын?! Немерелері де үнемі есіме салып отырады, «мынау атаның орны, егер атам тірі болғанда мына жерге отырар еді» ,–деп жоқтайды. Ондайда көз жасыма ерік беремін… Сондай сәттерде Шыңғысым: «Үшеуміздің біреуіміз қыз болғанда ғой, сырласар едің, ішіңдегіні шығарар едің», – деп жаны ашиды. Есболғанның бауырлары, қарындастарымен де жиі бас қосамыз. Әсіресе, туған күнінде, қайтқан күнінде қара шаңырағының ақ дастарқаны үнемі жаюлы… Бүгін де келеді ғой, Есхошымның туған күні, – деп Салиха апай қабырға сағатына қарап қойды.

Осынау қазақтың зиялы-өрелі ұлдарының бірі Әшірбек Сығай « Салиха мен Есболған жаңбырдың қос тамшысындай» деп әділ бағасын берген қос актер жайлы әлі талай әңгіме айтылар да, жазылар. Ал біз жарасымды әңгіме әсерінен арыла алмай, қазақтың дарынды актері Есболған ағаның ғашықтық хаттарына тағы да көз жібердік…

«…Тұңғыш рет дүниедегі Салиха атты қыздың қымбат тартқаны 22 февральдан басталады. Сол күнді қазіргі менің ойыммен ортақтаса отырып есіңе түсірші. Ұлбатай, Света, Сен үшеуің келдіңдер. Вечер бітіңкіреп қалғанда менімен биледің. Сол би үстінде сенің көзіңнен махаббат ұшқынын сезген едім. Талмай ұзақ қараудан би біткенше жалықпадық. Дархан тәуелсіз жан едім ол кезде…»

«…Басың бос, дара, жалғыз едің. Бірте-бірте сенің махаббатыңа жетем деушілер менімен жарыса түсті. Мен ол кезде дүние жүзінің еркек атаулысы бақталас болса, саған жететіндігіме шүбә келтірген емеспін. Саған қырындаған жандарға қызғанып емес, қызыға қарадым…»

«… Салиха! Өмірдің жасырын сырларын оның жадағай, жалаң емес, ой-қырларының мол екендігін, оның тәтті-ащысын жаңа айыра бастаған мен де өзіңдей бір жанмын. Артық айтылғандарын кешіре отырып, өз ойыңның елегінен өткізерсің. Бұл жазылғандардың маған қатысы қанша деген ойдан аулақ болуыңды қатты өтінер едім…» деп басталатын жиырма жастағы бозбаланың философияға толы қалың қоңыр дәптері бізге талай сырды ақтаратындай парақтай бердік, парақтай бердік… Құдай-ау, осындай да ғашықтық, осындай да риясыз сүйіспеншілік болады екен-ау дейсің, мойындай отырып. Ғашықтық атты ұлы сезімге басын байлаған қазақтың қайталанбас тұлғалы актері – Есболған Жайсаңбаевтың Салиха қызға махаббаты осы бір қалың дәптердің арнасынан шығып кетіп, біздің жан-дүниемізді жаулап алғандай…

Алматы аппақ көрпеге оранған күнгі аппақ, таза да шынайы сезімге толы сыр-сұхбатпен сіздер де таныса отырыңыз, оқырман!

 

Сұхбаттасқан Таңсұлу АЛДАБЕРГЕНҚЫЗЫ

        

comments powered by HyperComments