МҰЗАФАР ӘЛІМБАЕВ

62 рет оқылды
0

Қазақстан жұртшылығы, қазақ әдебиеті мен руханияты орны толмас ауыр қазаға душар болды. 95 жасқа қараған шағында Қазақстанның Халық жазушысы, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, көрнекті ақын, қоғам қайраткері Мұзафар Әлімбаев дүниеден озды.

Мұзафар Әлімбаев 1923 жылы 29 қазанда Павлодар облысы, Шарбақты ауданындағы Маралды ауылында туған. ҚазҰУ-ды бітірген. Тырнақалды өлеңі он бес жасында Павлодар облыстық «Қызыл ту» газетінде жарық көрген. Соғыс жылдарында шығармалары республикалық, облыстық және майдандық газеттерде басылып тұрды. Армиядан оралған соң (1948), «Пионер» журналында поэзия бөлімін басқарады. 1956-1958 жылдары «Қазақ әдебиеті» газетінде бөлім меңгерушісі, Бас редактордың орынбасары қызметін атқарған. 1958 жылы «Балдырған» журналы ашылған күннен 1986 жылға дейін журналдың бас редакторы болған. Алғашқы кітабы – «Қарағанды жырлары» 1952 жылы басылып шыққан. Жүз сексен әнге өлең жазған. 70 төлтума және аударма кітаптардың авторы. Шығармалары 20 тілге аударылған. Көркем аударма саласында Сағдидың «Бостанын» («Жәннат» деген атпен), Петефи мен Тоқтағұлдың, Аполлинердің таңдамалы өлеңдер жинақтарын, Ю.Фучиктің «Дар алдындағы сөзін», Орбелианидің «Ғибратнамасын» және Пушкин, Лермонтов, Маяковский, Ғ.Тоқай, М.Жәлил, Фирдоуси, Х.Әлімжанның өлең-жырларын қазақ тіліне аударған. 1982 жылы «Аспандағы әпке» жинағы үшін республикалық Абай атындағы Мемлекеттік сыйлығына ие болды. Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қызметкері (1978), Қазақстанның халық жазушысы, Жамбыл атындағы халықаралық сыйлықтың лауреаты. Қазақстан Республикасының алғашқы Әнұраны авторларының бірі. Отан соғысының І және ІІ дәрежелі ордендерімен, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет грамотасымен, «Отан» орденімен марапатталған. «Қарағанды жырлары», «Жұмбақтар», «Лирика», «Алатау баурайында», «Менің Қазақстаным», «Таңдамалылар», «Шынықсаң, шымыр боласың», «Жолдар – жырлар», «Жүрек лүпілі», «Өрнекті сөз – ортақ қазына», «Көңіл күні», «Балдәурен шіркін, балалық», «Тәрбие туралы әң­г­імелер», «Ер еңбегі – айнасы», «Қалам қайраты», «Көңіл күнделігінен», «Маржан сөз», «Ақмаңдайлым», «Аянның алақаны», «Сүймеген жүрек семеді», «Өмір. Өнер. Өнерпаз», «Екі тақтай бір көпір», «Нақылдар кітабы», «Аулақ бол жаман әдеттен», «Хат», «Нақылнама», «Көп томдық шығармалар жинағы», «Балдәурен», т.б. кітаптары жарық көрген. Мұзафар Әлімбаев ел тәуелсіздігін жан-жүрегімен жырлаған абыз ақсақалымыз. Ол қазақ әдебиетін жаңа биікке көтергендердің алдыңғы қатарында болды. Саналы ғұмырын халқымыздың бірлігі мен келісіміне, ұлт әдебиетінің әлемдік биікке көтерілуіне арнады. Жетпіс жыл бойы Қазақстан жұрты мен қазақ халқының рухани өсіп-өнуіне аянбай еңбек еткен Алаш қауымының ардақтысы, еліміздің абыз ақсақалы Мұзафар Әлімбаевтың жарқын бейнесі халқымызбен бірге мәңгі жасай береді.

Қазақстан Республикасының

Мәдениет және спорт министрлігі, Қазақстан Республикасының

Ақпарат және коммуникациялар министрлігі, Алматы қаласының әкімдігі, Павлодар облысының әкімдігі, Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының секретариаты

 

ҰСТАЗДАРДЫҢ ҰСТАЗЫ

Ақын Мұзафар Әлімбаевты жұртшылық осылай қабылдайтын. Негізі мектеп бітірген шәкірттер, жоғарғы оқу орнын бітірген азаматтар өздеріне сабақ берген мұғалімдерін, оқытушыларын ұстазым деп бағалап жүр ғой.

Киелі сөз өнерінің асқан шебері талай-талай қаламгерлерге ұстаз бола білді. Ал ол шәкірттері де ұстазының жолын қуып, бүгінде өздері де ұстаз болып жүрген жайы бар. Ендеше Мұзағаңды ұстаздардың ұстазы демей не дейміз?

Мұзағаңның тұңғыш өлеңі он бес жасында Павлодар облыстық газетінде жарық көрген. Майданда жүргенде майдандық газеттерге өлеңдері басылған. Соғыстан оралған соң оның қандай қызметтер атқарып, қазақ әдебиетіне қандай еңбек сіңіргенін бүкіл ел біледі. Әсіресе «Балдырған» журналын ашып, соған 25 жыл басшылық жасаған кезінде қазақ балалар әдебиетінің дамуына сіңірген еңбегі өлшеусіз.

Қазақ балалар әдебиетінің қамқоршысы Мұзағаңның шарапаты маған да тиген. Педучилищеде оқып жүрген кезімде «Балдырған» журналына «Қуандырам» деген өлеңім жарық көріп, содан бастап Мұзағаңның шәкірттерінің бірі болдым. Журналға жолдаған дүниелерім бірінен соң бірі жариялана бастады.

Мұзағаң өте өнімді жұмыс істейтін қаламгер еді, оның балаларға арнап жазған кітаптарын санап шығуға да едәуір уақыт кететін шығар. Одан тысқары ересектерге арналған жыр жинақтары, монографиялары, тәрбие туралы әңгімелері, мақал-мәтелдері, зерттеулері мен эсселері, әнге арнап жазған өлеңдері, аудармалары, айта берсең шығармашылығы сан-салалы бұндай адам біздің әдебиетте өте аз ғой.

Мұзафар Әлімбаев ағамыз 1982 жылы «Аспандағы әпке» кітабы үшін Мемлекеттік сыйлыққа ие болды. Бұл – қазақ әдебиетінде балаларға арналған шығармаларға берілген жоғары дәрежелі жалғыз сыйлық. Осының өзі-ақ оның қаламгерлік қуатының қаншалық мықты екенін танытатын болса керек.

Мұзағаңның өмірінде әрбір жанға тек жақсылық тілеумен өткенін оның «Ақ батасынан» да көруге болатын шығар.

Жаныңыз жәннәтта болғай, Мұзаға!

 

Сұлтан Қалиұлы,

жазушы

 

БАЛАЛАР ӘДЕБИЕТІНІҢ  БАҒБАНЫ ЕДІ…

«Өмір-думан, дүние жалған» демекші, бұл дүниеден Мұзағаң – Мұзафар Әлімбаев та өтті деген суық хабар жетті. Қазақ балалар әдебиеті үшін мемлекеттік сыйлық алған қартымыздың өмірден өтуі қабағымызға кірбің, жүрегімізге мұң ұялатты.

Десек те балалар әдебиеті үшін  Мұзағаңның орны бөлек. Артында айтылар әңгіме, естеліктер мол… Өмірдің думанды шағы еді ғой, ол кез.

Мұзағаңды мен жалындаған жастық шағымда көрдім. Бізді байланыстырған «Балдырған» журналы. Ептеп-септеп осы журналда шыққан әңгімелерімді оқыған қарт қаламгер бірде ауылдан Алматыға келгенде қабылдау бөлмесіне шақырып алды.

– Әй, інім! Қаламыңның жүрісі балаларға келіп тұр. Ерінбей жаз. Қазіргі аттаған қадамыңа қуанып жүрмін. Мәселен, мен күніне 10-15 бет жазбасам, өзіме-өзім ренжимін. Сен де сөйт. Жарай ма?, – деп жол сілтеп еді. Ұстазымның сөзін жерге тастамағаныма оқырманым куә.

Жасым алпысқа толғанда туған ауданым шақырып, белгілі ақын-жазушылар Сұлтан Қалиұлы, марқұм Қаржаубай Омаровты ертіп туған мекенге барып қайтып едім. Ел-жұртты аралап, көңіліміз көншіп, қалаға қайтарда ойда-жоқта Мұзағам ойыма түсе қалды. Ілияс пен ақын Сара ауылының дәмін қарт қаламгерге ұсынып, сәлем беріп шықтым. Арбаға таңылған ағамыз аса риза болды.

– Ау, мынау құлагер ақын мен Сараның мекенінен алып келген қымыз бен сірне ме? Ау, жарайсың інім. Мені есіңнен шығармапсың. Рахмет, саған, – деп қуанғаны әлі есімде. Кейін де қазақ балаларына арналған «Тәтті алма» атты төрт томдығымды апарып бергенімде де қатты қуанып еді.

Енді міне, «дүние жалған» деген де кезек келді. Қазақ балалар әдебиетінің бағбаны дүние салды. Қимай қоштасып тұрмыз….

Топырағыңыз торқа болсын, алдыңыз пейіш, артыңыз ырысты болсын, Мұзаға!

 

Шәкен Күмісбайұлы,

жазушы, халықаралық «Алаш»

әдеби сыйлығының иегері

comments powered by HyperComments