Ұлттық руханиятымыздың ұлағатты тұлғасы

19 рет оқылды
0

«Ұлы сөзді жазу даналық та, оның өз санаңда қалыптасуы асқан даналық қой», – деген сыншы- әдебиеттанушы Сағат Әшімбаевтың мерейтойымен бірге жары, жазушы Шәрбану Бейсенованың жетпіс жылдығы қоса аталып өтті. «…Оның өмір жолын Ұлттық руханиятымыздың тарихи тағдырынан тысқары қарастыру еш мүмкін емес. Баршамызды толғандырған аса бір тарихи кезеңде ол лапылдап шыққан күндей болып ортамызға келді. Баршамыздың сай-сүйегімізді сырқырата тебіренткен аса бір тарихи кезеңде ол лапылдап батқан күндей болып ортамыздан кетті… Соның бәрі Сағаттың бұл дүниеге келіп-кетіп жататын көп пенденің бірі еместігін, орны ойсырап тұратын асыл мұраттар жолында арпалысып өткен аз ардақтарымыздың сойынан екендігін қапысыз аңғартқандай. Оны ерекше ойсыратып тебіренткен екі оқиға болды. Біреуі –Алматыдағы Желтоқсан, екіншісі – Мәскеудегі тамыз оқиғасы еді. Екеуінің тұсында да оның айрықша ақпейіл көңілі мен сезімтал жүрегіне қарлы Қаратаудай жүк түскен-ді…», – деп жазды кезінде Қазақстанның халық жазушысы Әбіш Кекілбайұлы өзінің «Азаматтық формуласы» атты естелігінде.

«Әдебиет дегеніміз – шындық деген сөздің синонимі» дегенді өмірлік қағидасына, шығармашылық ғұмырының бағдаршамына айналдырып өткен қоғам және мемлекет қайраткері, сыншы, публицист Сағат Әшімбаевтың мерейлі тойы әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетіндегі «Қазақ интеллигенциясы: Қарыз бен Парыз» атты Халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциядан басталып, кешкісін М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрында жалғасты. Кезінде тарих ақтаңдақтарының құнды деректерін қозғаған, ұлттық сананы жаңғырту бағытында орасан міндет атқарған  «Қарыз бен Парыз» бағдарламасы Сағат Әшімбаев шығармашылығының биік шыңы деседі әріптестері. Еңбек жолын «Лениншіл жас», қазіргі «Жас Алаш» газетінен бастаған ол әдебиет және өнер бөлімінің әдеби қызметкері, бөлім бастығы, кейін «Жұлдыз» журналының сын және библиография бөлімінің меңгерушісі болып қызметтер атқарды. Ал 1976-79 жылдары «Жас Алаш» газеті редакторының орынбасары болады. 1974 жылы жарық көрген «Сын мұраты» атты алғашқы кітабына Қазақстан Жастар одағы сыйлығы беріледі. 1986 жылдан 1991 жылдар аралығында Қазақ КСР Телевизия және радиохабарын тарату жөніндегі мемлекеттік комитеті төрағасының орынбасары, төрағасы болып қызмет істейді. Өзінің алдындағы қазақ зиялыларының ой-мақсаттарын, көкейінде кеткен армандарын аса мәдениетті, парасатты терең білімімен ұштастыра білген қаламгер, шын мәнінде, өз туған халқының алдындағы перзенттік қарызы мен парызын өтеп кеткендей. «Жүректен қозғайық» атты авторлық бағдарламасы бірнеше жылдар бойы көрермендердің жүрегінен жол тапты. Елімізден шет жүрген қандастарымызға арналған «Қауышуы» да сол кезеңнің айтулы хабарының бірі болды. Сағат Әшімбаевтың негізгі тақырыбы – сын жанры бола тұра, осындай жылдамдықты, ұшқырлықты қажет ететін танымдық хабарларға үнемі уақыт тауып, ұштастыра білді. Оның арасында зерттеу-талдау еңбектері, көңілге қонымды сын мақалалары да мерзімді баспасөз беттерінен түскен жоқ.

Кеш барысында  қатар оқыған, қатар жүрген әріптес-жолдастары  небәрі 44 жасында аққан жұлдыздай ағып өткен ардақты жанмен бірге жүрген жастық шақтары жайлы жүрек тербер жылы естеліктерімен бөлісті. Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының төрағасы, ақын Нұрлан Оразалин айтқандай, «қазақ прозасының «Сүйінбикесі»  – Шәрбану Бейсенова да өз жетпіс жылдығын өмірде де, шығармашылықта да қатар жүрген, балаларына тәлімді әке болған қаламгердің мерейтойымен бірге атап өтті. Қазақ прозасындағы санаулы қыздарымыздың бірі де бірегейі Шәрбану ханымның шығармаларынан сахналанған көріністер көңілге қуаныш сыйлап, жиналған қауымды әдемі бір әсерге бөледі.

– Шәрбану Сағаттың халқы үшін аянбай еңбектенуіне, алаңсыз шығармашылықпен айналысуына бар мүмкіндік жасаған қаламгер. Өзі де шығармашылықпен айналыса жүріп ер-азаматының бабын жасаған қайраткерлігіне, сабырлылығына риза болмасқа болмайды,– дейді Нұрлан  ақын Мырқасымұлы замандасы жайлы. – «Мизамшағының» өзі бір төбе дер едім.

– Әкемнен халыққа қызмет ету, мақсатты өмір сүруді, адал қызмет етуді, ойыңды ашық та нақты жеткізуді, екі сөйлемеуді, жүйелі оқуды, яғни білімге деген құштарлықты үйрендім. Ол кісі философия, әлемдік философия, әлем әдебиетін жаңғақша шаққан аса білімдар болатын, – деп еске алды кездесу соңында сөз сөйлеген Мәулен Сағат­ұлы Әшімбаев.

Әуезді әуен мен күмбірлеген күй кездесу қызығына нәзік сыршылдық үстемеледі.

comments powered by HyperComments