Тарихи өңірдің бекзат тұлғасы

46 рет оқылды
0

Ұмытпасам, 2001 жылғы күз айларының бірі болатын. Халықаралық «IREX» қорының ұйымдастыруымен Мәскеу қаласында ТМД елдерінің ең озық жоғары оқу орындары, білім-ғылым саласын басқаратын азаматтардың қатысуымен АҚШ-тың ең үздік 50 университетінің ректорлары шақырылып, кең ауқымды симпозиум өтті. Қазақстан делегациясын сол кездегі Білім және ғылым министрінің орынбасары Нұралы Бектұрғанов бастап барды. Қазақ делегациясының үйлестірушісі Қазақстандағы «IREX» қорының өкілі Ғалия Хасанова. Аймақтық жоғары оқу орындары басшылары қатарында Ерлан Сыдықов, Болатбек Әбдірәсілов, Әбдімүтәліп Әбжаппаров, Әбдіманап Бектұрғанов, Абзал Тәлтенов, Алтынбек Нұхұлы, т.б. азаматтар бар. Біздің ҚазҰУ-дан проректор Зұлхайыр Мансұров, Уәлішер Төкеев және мен бар едім. Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің делегациясын ректор Қылышбай Бисенов бастап келген екен. Симпозиум өте жоғары деңгейде ұйымдастырылыпты. Әлемдік ғылым-білімнің тұтқасын ұстағандардың біразы жүр. «IREX» қорының бас хатшысы Марк Помар мырза да осында жүр. Өзім екі мәрте (1997, 2000) жылдары тәжірибеден өткен Оклахома Мемлекеттік университетінің ректоры Джек Дженсуолт мырзаны да кезіктірдім. АҚШ-тың әр ректоры университеттік автономия, университеттік заманауи даму үрдістері туралы сөйлегенде көп нәрсенің байыбына, ХХІ ғасыр ғылым мен білімнің ғасыры екендігіне шын көз жеткізесің. Бүкіл мәжілістер мен секциялық талқылаулар, тәжірибе алмасу туралы жаңа келісімдерге қол қою, уағдаласу рәсімдері 5 күн бойы бір жерде өткізілді. Біз орналасқан «Moskau new Star» қонақ үйінің әр түрлі ауқымдағы холлдары мен залдарында түрлі шаралар жүргізіліп жатты.

Ара-арасында қазақстандықтар шүйіркелесіп қаламыз. Сондай сәттердің бірінде Қызылорда университетінің ректоры Қылышбай Алдабергенұлымен таныстым. Өзі техника ғылымдарының докторы екен. Тез тіл табысып кеттік.

– Ақмешіт – тарих-қала, тарихнама,– деймін қалжыңға сүйеп.

– Иә, Қазақстанға астана болған Ақмешітің жөні бөлек!

– Сұрастыра келгенде, Жалағаш ауданы «Мәдениет» кеңшарында дүниеге келіп, қаладағы С.Сейфуллин атындағы орта мектепті Алтын медальмен бітірген екен. Алматыдағы Қазақ политехникалық институтқа түсіп, өнеркәсіптік және азаматтық құрылыс мамандығы бойынша үздік бітіріп шыққан.

1985 жылдың 12 желтоқсанында Қылышбай Алдабергенұлы «Флюоритті кендер мен қожды байыту қалдықтары негізінде жасалатын қуыс бетондар» тақырыбына диссертациясын сәтті қорғап шығып, техника ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесін алады.

1995 жылы танымал ғалым, Ресей Инженерлік академиясының академигі, техника ғылымдарының докторы, профессор Роман Леонидович Серыхтың жетекшілігімен Ресей Федерациясының Томск мемлекеттік сәулет-құрылыс академиясы жанындағы диссертациялық кеңесте «Ыстық климат факторларын ескере отырып, шағыл құмдар мен флюоритті кендерді байыту қалдықтарын пайдалану арқылы кеуек бетон жасау технологиясы» тақырыбына докторлық диссертациясын сәтті қорғап шыққан.

1996 жылғы 23 мамырда Қ.А.Бисенов Ы.Жақаев атындағы Қызылорда политехникалық институтының ректоры қызметіне тағайындалды. Сол кездегі жоғары оқу орындары арасындағы ең жас ректорлардың бірі бола жүріп, иниституттың өркендеуіне үлкен еңбек сіңірген.

1998 жылдың 24 наурызындағы Қазақстан Республикасы Үкіметінің №256 Қаулысына сәйкес Қорқыт Ата атындағы Қызылорда гуманитарлық университеті мен Ы.Жақаев атындағы Қызылорда политехникалық институтының негізінде құрылған Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің ректоры болып тағайындалады. Қылышбай Алдаберген­ұлы Сыр өңіріндегі мемлекеттік университет мәртебесіне ие болған алғашқы жоғары оқу орнын уақыт талабына сай классикалық үлгідегі аймақтық көпсалалы университет ретінде қалыптастыруға, оның әрі қарай дамып, өркендеуіне қомақты үлес қосып келеді.

Міне, алғаш танысқан кезімізде 44 жастағы ректордың қысқаша өмірдерегі осындай еді. Өзі сондай ашық-жарқын. Қазақы әңгімеге бейіл жан болып шықты.

– Қызылордада болғанмын, 1986 жылы. Сонда қазақтар үшін ерекше қымбат көне қаланы түгел сүзіп шыққан едім. Онда біздің әдебиетіміздің алыптары Сәкен, Сәбит, Мұхтар, Ілияс, Бейімбет, бергісі Асқар Тоқмағамбетов, Әбділдә Тәжібаев, Мұхаметжан Қаратаев, Сырбай Мәуленовтің іздері сайрап жатыр екен… Халқы соншалық қарапайым. Көне базардағы бір кездері сол алыптар дәм татқан қолдың айранын іштім. Көктемгі кез. Жиде гүлдеп келеді екен. Хош иісі мұрын жарады. Әлі күнге есімнен бір кетпейді.

– Бауке, – деді ол кісі жалт бұрылып. – Қызылордадан шыққан жастар көшбасшысы Ғани Мұратбаевты білесің ғой. Бозбала шағында өмірден өткен сол ағамыз осы Мәскеудің «Новодевичьеве» зиратында. Басына барам деген жігіттерді ұйымдастырып, сол кісінің қабіріне зиярат етіп қайтпақшымыз, – деді Қылышбай Алдабергенұлы.

Сол жолы Мәскеудің бір қиырындағы зиратқа барып, Ғани Мұратбаевтың бейітін тауып, құран бағыштап, тәу еттік.

Ол кісімен етене танысқаным да, міне, сол Мәскеу сапарынан басталған еді.

Арада жылдар өтті. Қызмет бабымен кейде Алматыда, кейде Астанада кездесіп қалып жүрдік. Жылы жымиыс, сол баяғы биязы сабырлылық, әйтеуір бір бекзаттық бар бойында.

2007 жылдың 2 қыркүйегі мен 2011 жылдың 7 қыркүйегі аралығында Қ.А.Бисенов Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің IV шақырылым депутаты болды. Парламент қабырғасында, Мәжілістің Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің мүшесі ретінде заң шығару жұмысына белсене қатысты, елдің бәсекеге қабілетті дамуына өз үлесін қосты.

Қазақстан Республикасы Заңдарының жобаларына қорытынды дайындау жөніндегі екі жұмыс тобының жетекшісі болып, депутат ретінде 84 заң жобасын әзірлеуге белсене араласты.

Қ.Бисеновтің ҚР Парламенті Мәжілі­сінің депутаты ретінде Республика Үкіметіне жолдаған «Байқоңыр» ғарыш кешені, білім мен ғылымды дамыту проблемалары, мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асыру, әлеуметтік нысандар салу, автомобиль жолдарын күрделі жөндеу және салу, жастардың рухани байлығын көтеру жөніндегі сауалдары және басқа да ресми хаттары ел тұрғындарының экологиялық және әлеуметтік-экономикалық жағдайларын жақсартуға үлкен ықпалын тигізді. ТМД Парламентаралық ассамблеясының мүшесі ретінде ол білім, ғылым және мәдениет салаларында халықарлық ынтымақтастықты дамытуға көп үлес қосты.

2011 жылдың 12 тамызында Қылышбай Алдабергенұлы Бисенов Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің ректоры болып қайта тағайындалды.

Осыдан біраз жыл бұрын облыстық «Сыр бойы» газетінің 85 жылдығына шақырылдық. Облыстық әкімшіліктегі салтанаттан кейін, Қылышбай Алдабергенұлы келген қонақтарды университет студенттерімен кездесуге шақырды. Сол жиында сөз берілгенде, аймақтық университет облыстық, қалалық, аудандық бұқаралық ақпарат құралдарын түгелге жуық жас мамандармен қамтып отырғанын тілге тиек еттім. Бұл істе өзім ғылыми жетекшілік еткен кешегі шәкірт, бүгінгі әріптестерім Гүлмира Әшірбекова, Зухра Ермағанбетова, Асыл Оразова, Аягөз Әбдіразақованың еңбегінің де зор екенін айттым. Жиын соңында ойламаған жерден ректор мырза маған университеттің ең жоғары марапаты «Қорқыт Ата» атындағы Алтын медалін табыс етті. Бірге барған әріптес қаламгерлердің алдында шәкірт тәрбиелеген ұстаздығымның жемісін көргендей бір марқайып қалдым.

Қылышбай Алдабергенұлы Сыр өңірінің өзіндік ерекшелігіне орай жаңа мамандықтар ашып, сол салаларда білікті мамандар даярлаудағы қолға алған тәжірибелі басшы, іскер ұйымдастырушы екендігіне көз жеткіздім.

Осыған орай оның қызметінің маңызды бағыттарының бірі – студент жастарды ұлттық өнерге баулу, ата-бабаларымыздың мәдени мұраларына құрметпен қарау, отансүйгіштік сезімдерін тәрбиелеу.

Ежелден Сыр өңірі халық өнеріне деген айрықша ілтипатымен ерекшеленеді. Қорқыт Ата атындағы ҚМУ-де қазақ халқының өзіндік орындаушылық өнерін сақтап, дамыту мақсатында 1998 жылы Республикадағы алғашқы «Дәстүрлі өнер – жыр» мамандығы ашылды. Онда кәсіби орындаушы термеші-жыршылар дайындалуда.

2004 жылы Мемлекеттік «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында Арал маңының ежелгі және ортағасырлық тарихын кешенді зерттеу мақсатында Қорқыт Ата атындағы ҚМУ, Ә.Х. Марғұлан атындағы Археология институты және Н.Н. Миклухо-Маклай атындағы Этнология және антропология институты арсында үшжақты келісім жасалды.

Сол келісім негізінде Орталық қызметкерлері Арал маңының ежелгі және ортағасырлық тарихын зерттеуге бағытталған ғылыми ізденістер жүргізіп келеді:

– 2004 жылдан бастап Орталық қызметкерлері Ә.Х. Марғұлан атындағы Археология институты және Н.Н. Миклухо-Маклай атындағы Этнология және антропология институттары ғалымдарымен бірлесіп, ортағасырлық Жанкент қаласында және антикалық Шірік-рабат, Баланды ескерткіштерінде археологиялық зерттеулер жүргізуде;

– 2005-2007 жылдары Орталық қызметкерлері және Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтымен бірлескен РФ Астрахан облысындағы, Батыс Моңғолияның Баян-өлке аумағындағы және Ақтөбе облысындағы этникалық қазақтардың тұрмыс-тіршілігін зерттеу мақсатында құрылған этнографиялық экспедициясы жұмыс жүргізді.

Сонымен қатар, халықтық өнерді, ұлттық салт-дәстүрлерді насихаттау, студенттерді эстетикалық, мәдени, рухани тәрбиелеу мақсатында университетте 2011 жылы «Археология және этнография» көрме залы ашылды.

«Археология және этнография» көрме залына қойылған жәдігерлер:

– антикалық Шірік-рабат қала қорымынан табылған қолөнер және тұрмыстық бұйымдар;

– ортағасырлық Жанкент қаласынан табылған керамикалық, культтық және нумизматикалық материалдар;

– ортағасырлық Сортөбе және Сырлытам-қала ескерткіштерінен алынған тұрмыстық бұйымдар;

– Аралдың кепкен табанынан ашылған Aрал-асар қонысы мен Кердері мавзолейінен табылған жәдігерлер;

– орталықтың көрме залы қорында ХАЭЭ мұрағатынан алынған видео, фотоқұжаттар және археологиялық ескерткіштердің қалыптасуы мен таралуына қатысты карталардың электронды нұсқалары сақталған.

Қ.Бисеновтің ұлт руханиятына жанашырлығының тағы бір тұсы оның қазақ әдебиеті мен мәдениетіне жанашырлығынан көрініс табады.

Қазақ сөз өнерінде өзіндік орны бар Нысанбай жыраудың «Кенесары – Наурызбай» дастанына байланысты жазылған зерттеу мақалалар жинақталып, кітап болып шығуына Қылышбай Алдабергенұлы тікелей басшылық жасады. Осы істің ұлт руханияты үшін қажет екендігін саналы түрде түсіне отырып, бастамашы болды.

Әдебиет – заманның көркем шежіресі. Қай заманда болмасын қоғамда болып жатқан өзгерістер, тарихи оқиғалар сол кезең әдебиетінде шынайы суреттеліп, әділ бағасын алып отырады. Ұлттың мұңын мұңдап, жоғын жоқтайтын да, қуанышы мен қайғысына ортақтасатын да – әдебиет. Сондықтан болса керек, әдебиетті ұлт тарихымен тағдырлас деп жатамыз.

Қазақ тарихында азаттық, ел тәуелсіздігі үшін болған ірілі-уақты көтерілістердің қай-қайсысы болсын көркем әдебиеттің назарынан тыс қалған емес. XV-ХІХ ғасырлардағы ұлттық поэзия сол дәуірдегі саяси оқиғалар мен қоғамдағы өзгерістерді көркем шежіреге айналдырды. Қалың бұқараның көңіл-күйі мен ой-арманын тап баса суреттеді. Ақын-жыраулар қаламынан халық бойына қайрат пен жігер рухын себетін отты жырлар туды. Қоғамдағы ащы шындықты ашу жолында сөз зергерлері түрлі ізденістерге барды. Әдебиеттегі мұндай көркемдік ізденістер қазақ поэзиясына жанрлық, мазмұндық, поэтикалық жаңалықтар алып келді. Осындай көркем шығармалардың арасында Нысанбай жыраудың «Кенесары – Наурызбай» дастанының орны ерекше. Нысанбай Жаманқұлұлы Кенесары бастаған ұлт-азаттық көтеріліске бастан-аяқ қатысқан. Кене хан жасағының рухани көсемі атанған жырау-абыз.

Қолда бар мәліметтерге қарағанда, осы уақытқа дейін жырдың алты-жеті нұсқасы хатқа түсірілген. Е.Бекмаханов, С.Мұқанов, Е.Ысмайлов т.б зерттеушілер «Кенесары – Наурызбай» жыры алғаш рет 1875 жылы баспа бетін көрген деген пікір білдіреді. Жырдың осы 1875 жылы шыққан нұсқасын 1938 жылы қолжазба қорына өткізген С.Шәріпов: “Бұл өлеңді жұрт аузынан жинаушы – С.Жантөреұлы. 1872 жыл, октябрь. Шаhар- Орынбор” – деп белгі соғады. Ал 1870 жылы “Бунт султана Кенесары Касымова” деген атпен «Вестник Европы» журналында Н.Середаның бірнеше мақаласы жарияланғаны белгілі. Мақалада автор Нысанбай жыраудың «Кенесары – Наурызбай» жырына жақсы баға береді. Н.Середаның қолына түскен жыр үлгілері кейін “Записки Оренбургского императорского русского географического общества” журналында жарияланған нұсқа болуы әбден мүмкін. Олай болса, жырдың алғашқы нұсқасы 1872 жылы жарияланып, кейін сол мәтін 1875 жылы қайта басылып шыққан болуы мүмкін деп пайым жасауымызға болар еді.

Кенесары-Наурызбай жырының Жүсіпбек Шайхисламов нұсқасы 1912-15 жылдары Қазан қаласында екі мәрте басылып шығады. Жырдың бірнеше мәрте жарық көруі шығарманың Қазақстанның түкпір-түкпіріне кең таралуына себеп болады. Белгілі жыршы-жыраулар баспа бетінде жарияланған жырды жаттап алып, өздерінше өңдеп, өз нұсқаларын жасаған. Алайда басты мәтіннен алысқа кетпей, орныққан тұрақты мазмұнын сол қалпында қалдырып отырған.

Кеңес үкіметі орнағаннан кейін “Кенесары -Наурызбай” жыры екі рет кітап болып шықты. Бірі 1923 жылы Ташкент қаласында Халел Досмұхамедұлының алғы сөзімен басылса, одан кейінгісі 1924 жылы Мәскеуде Нәзір Төреқұлының басшылығымен жария болды.

Нысанбайдың «Кенесары-Наурызбай» жырынан басқа «Черняевтің Ташкентті алуы», «Күнімжанның оралуы», «Наурызбайдың сауалына жауап» деген толғаулары, Сайдақ қожамен айтысы, «Сейітбаттал» атты қиссасы болған. Ақын кезінде Жанқожаны да жырға қосқан. Өкінішке қарай, жыраудың «Наурызбайдың сауалына жауап» толғауынан басқа өлеңдері толық сақталмаған.

Нысанбай жырау шығармашылығын зерттеу ісі де ХІХ ғасырдан бастау алады. Жыраудың «Кенесары — Наурызбай» жырына байланысты алғаш пікір білдіргендердің бірі Н.Середа болса, ХІХ ғасырдың соңғы ширегінде қазақ халқының әдеби мұрасын жинап, жариялауға көп еңбек сіңірген ғалым А.Алектров та Нысанбай жыры туралы «Астраханский вестниктің» 1893 жылғы №1222 санында “Поэма о Кенесары батыре” деген мақала жариялайды. Қазақ зерттеушілері М.Әуезов, Х.Досмұхамедов, С.Мұқанов, Е.Бекмаханов, Ә.Диваев, Қ.Жұмалиев, Қ.Бекхожин т.б да Нысанбай жырау шығармашылығына байланысты зерттеу мақалаларын жазды.

Осындай құнды деректердің басын жинақтап, Нысанбай жырау мұрасын ғылыми айналымға енгізуде Қазақстан Республикасы Ұлттық Ғылым академиясының корреспондент-мүшесі Қылышбай Бисеновтің еңбегі зор.

Қылышбай Алдабергенұлы тату-тәтті, бірлігі жарасқан отбасының басшысы. Жұбайы педагогика ғылымдарының кандидаты, доцент, жоғары білім саласының қызметкері Сауытбаева Гүлсім Зікирияқызымен бірге ұл-қыз тәрбиелеп өсірген ұлағатты шаңырақ. Қызы – Меруерт заң ғылымдарының кандидаты, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ профессорының міндетін атқарушы, Маржан – заң ғылымдарының кандидаты. Ұлы Мұрат, ғылым магистрі, бизнес-саласының қызметкері, ал кенже ұлы Мағжан – Алматы қаласындағы Қазақ менеджмент, экономика және болжау университетінің студенті.

Ұлы Абайдың «Ақырын жүріп, анық бас, Еңбегің кетпес далаға, Ұстаздық еткен жалықпас, Үйретуден балаға!» – деген ғақлия сөздері, қашанда мақтан тұтатын дос ағам Қылышбай Алдабергенұлының өнегелі өмір жолына да арналғандай болып көрінеді маған!

 

Бауыржан Жақып,

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ

ректорының кеңесшісі,

ҚР ҰҒА корреспондент мүшесі,

филология ғылымдарының

докторы, профессор

comments powered by HyperComments