Қоңырау соққан қаламгер

112 рет оқылды
0

Сонау тоқсаныншы жылдардың басында, бүгінде  алпысты алқымдап қалған, ол кезде  өрімдей бір топ журналист-қаламгерлер Алматының солтүстік-батысында бой көтерген Ақсай ықшам ауданындағы зәулім үйден пәтер алып, арқа-жарқа болып қалдық.  Екі-үш баласымен қаланың төрт бұрышында пәтерден-пәтерге көшіп қонып жүрген  «пақырлар» пәтерлі болып бір қуанса,  қазақтілді басылымдарда қатар қызмет атқарып келе жатқан әріптестерімен көрші болғанына тағы бір қуанып, ес шыққандай әсерде болдық. Қазақтың танымал ақындары Мылтықбай  Ерімбетов, ғалым-журналист Әнуар Тарақ, Көлбай Адырбек,  Мейрамбек Төлепберген, марқұм Болат Орманов, журналистиканың қызығына енді бас қойып, жазуынан шабыттанып жүрген Бейбіт Сапаралы, Жүсіпбек Қорғасбек, Қыдырбек Рысбеков, Бекен Нұрахметов, марқұм Гүлзира Молдажапарова…

Қазақтың белгілі карикатурист-суретшісі Еркін Нұразхан мен қаламы жүйрік, ойы оңды ақыны Әділғазы Қайырбеков сынды құдайы көршілерімізбен  әлі күнге қуаныш-жақсылықтарымыздың басы-қасындамыз. Сол жылдары алды онға шыққан, соңы екі жастағы балаларымыздың тәмпіш танауларымен  аулаға серуенге шыға қалсақ, әңгіме-дүкен құрып, ойдағы мен қырдағыларды түгендеп, одан қала берсе немерелеріміздің қызықтарына мәз болысып, үйге тарай қоймаймыз.

Бірде осындай кешкі әңгіме үстінде Әділғазы ақын тереңнен толғап, балаларымыздың балалығынан сөз бастап кетті.

– Балалардың барлығы дерлік  осы аудандағы №123 қазақ мектебінде оқыды ғой. Сонда есік алдында қоңырау соғып отыратын шал есімнен кетпейді. Керемет бір естелік жазуға оқталып-оқталып қойдым, уақыт жоқ. Білесіңдер ме, ол шал кім? – деп әдейі бізге көз тоқтата қараған ақын әңгімесін ары жалғастырып кетті. – Ол қазақ балалар жазушысы Сансызбай Сарғасқаев еді. Өмірбақи шығармашылығын балаларға арнаған қарт жазушы сол кездің өзінде әжептәуір жасқа келіп қалған болатын… Жазуға уақыт та болмай,   жылдар өткен сайын көмескіленіп барады. Егер жазамын десең, идеямды саған бердім, – деп ойлы жымиған ағаның сөзінен кейін, шын мәнінде көңілге  түрлі ой келіп, ақыры сол жылдары мектеп директоры болған Бақытбек  Арпабековті іздей бастадық.

Білім саласында ұзақ жылдар бойы қызмет атқарып, 1993-2013 жылдары, жиырма жыл  Әуезов ауданына қарасты №123 мектептің басшысы болған  Бақытбек Ильясұлы  бүгінде Жетісу ауданындағы №102 мектептің директоры екен. Ол кісі де әңгіме тізгінін сол ардақты қазақтың қара шалынан бастады.

– Өмірінің соңында мектепке қоңырау соғушы болып тұрғанын естігенде кейбіреулер «Онысы несі, күн көре алмай қалды ма?» деуі де әбден мүмкін. Жо-жоқ,  мүлдем олай емес. Біздің мектепте балалары, одан кейін немерелері оқыды. Мәселе мұнда да емес, менің пайымдауымша, өзінің жүрегі қалаған кәсібінен алыстай алмауынан ба деймін. Өмірін балалар әдебиетіне арнаған  жазушының «Достар», «Сәуленің жаңа достары», «Көңілді балалар», «Бір көшенің балалары», «Тәмпіш танау» тәрізді дүниелерінің бәрі балалар арасындағы достық, тазалық, бауырмалдықты паш ететін. Мына тірлікке сәби, бала көзімен қарау қаламгер шеберлігінің биіктігі. Міне, сондықтан да болар, өз өмірін балаларсыз елестете алмайтын, олардың тәтті қылықтары мен балдай тілдері… аңғал мінез, періште көңілдерінен алыстай алмай жүрген сәтінде келіп, мектептің көлеңкесінде күміс қоңыраудың сылдырынан жанына ләззат алып отыратын-ды.

– Алғаш жұмысқа тұруға өтініш айтқан сәтіне тоқталайықшы?..

– Бірде хатшы қыз қабылдау бөлмесінде егде кісінің күтіп отырғанын ескертті. Мұғалімдердің тамыз кеңесінің алдындағы әдеттегі шағын жиын өтіп жатқан. Сыртқа беттеген қызметтестеріммен бірге шығып, ақсақалға амандасып, кабинетке ерте кірдім. Шырамытып отырмын, бірақ ол кісі біздің мектепке  келеді деген ой жоқ қой.

«Айналайын,  мені танып отырған боларсың, балалар жазушысы Сансызбай деген көкең боламын», – деді салмақты үнмен.

Мен сасқанымнан  орнымнан атып  тұрып, қайта амандастым. – Құлағым сізде, – дедім абдырап. «Мені білесің, мені білсең шығармашылығымды да білетін боларсың, өмірбақи илегенім – балалар өмірінен шығармалар жазып келемін. Енді қалған ғұмырымда да осылардың арасында болсам деген арман саған жетелеп келді. Маған лайық жұмыс тауып бер», – деп жылы жымиып қойды.

Содан мектепте сабақ арасында қоңырау соғушының, оның үстіне мектеп күзетшілігін де қоса бердім. Мектептің бүкіл құрал-саймандарынан бастап, парта-орындықтары, бүкіл жиһаздарын қарап-күзететін осындай орнықты адам іздеп отырғанбыз. Сөйтіп, қазақтың қаламы жүйрік қара шалы біздің ұжымның бір мүшесіне айналып шыға келді. Оқушылардың салтанатты жиындарында құрметті қонақ болып төрімізде отырды. Шығармаларынан үзінділер оқып,  тіпті талай оқушымыздың тіл маманы мамандығын таңдауына ол кісінің  септігі тиді деуге болады. Өмірінің соңғы айларында  денсаулығы сыр бере бастаған кезіне дейін біраз жыл қызметтес болдық, тіпті қайтыс болғанда да мектеп ұжымы ақтық сапарға шығарып салуға атсалыстық. Апамыз бен балаларының, жақындарының қасында болдық.

Міне,  оқушылардың алаңсыз күлкісіне күміс қоңыраудың үнін қосқан талантты шалдың біздің мектепке жұмысқа тұрғаны, осылай болған, – деп сөзін аяқтаған Бақытбек Арпабековтің  қазақ әдебиетіне, қазақтың сөз өнеріне деген ұлы құрметін осы қазақтың қара шалына деген ықыласынан көріп, іштей риза болған едік.

P.S. Кезекті жаңа оқу жылы басталар тұста осы бір естелік-сырды газет оқырмандарымен бөліскенді жөн көрдік.

 

 

comments powered by HyperComments