«Мық шеге» туралы толғау

1 004 рет оқылды
0

Ұлағатты ұстаз, ғұлама ғалым, көрнекті сатирик Темірбек Қожакеевтің 90 жылдығына орай

… Жетпістің жетеуіне жеткенше жемісті еңбек етіп кеткен сайыпқыран сатирик, журналист, ұлағатты ұстаз  Темірбек Қожекеевтің бақиға озғанына бақандай 13 жыл өтіпті-ау.

Құдайға шүкір, күрмеуге келмейтін қысқа ғұмырда ұрпақтарға «Өлмей-тұғын сөз қалдырған» қыруар еңбектерін мирас еткен Темкеңнің орны ерекше еді. Бір ғана әл-Фараби университетінің журналистика факультетінде жиырма жылға жуық декан болып, жүздеген журналистерді тәрбиелеп шығарғанын айтсақ та жеткілікті. Зейнолла Қабдолов қатты риза болып, оны «Мық шеге» деуі тегін дейсіз бе? Қазақ сатирасының арғы-бергі тарихын түбегейлі зерттеп, том-том зерттеулерін қалдырып, зерделеген де Қожакеев екеніне ешкім таласпас. Бұл жөнінде кезінде КСРО кеңістігіндегі әйгілі ғұламалар да мойындағаны белгілі.

… Анау бір жылы оның туған жері Меркіге барып қайтқанбыз. Айтулы бір колледжді Қожакеев есімімен атағанының куәсі болып, мәрмәр тастан қашалып жасалған биік тұлғасына тәу етіп оралғанбыз. Темкең Қазақстан Жазушылар одағы жанынан өзі ұйымдастырған «Сықақшылар» қауымдастығының төрағасы болатын. Сатириктердің аяқ алыстарын жіті қадағалап отыратын. Бақиға озардың алдында маған телефон кісінетіп:

– Аграрлық университет студенттерімен кездесуге дайындал, – дегені есімде.

Сол кездегі университет проректоры Динара Жүсіпәлі қызы бізді қарсы алды. Үлкен жиынжайдың стендіне менің кітаптарымды тізіп қойыпты. Университеттің кітапханасы бай екенін содан байқадым.

…Кездесу көңілді де қызықты өтті.

 ***

Тас – уатылады, сүйек – мүжіледі, су – құриды, сүйектен өтетін сөз ғана болмаса, темірдің ерекше металл екеніне ешкім күмән келтіре қояр ма екен! Сонау ықылым заманнан бері темірдің орны айырықша екені белгілі. Темір – қоршау, темір – құрсау, темір – құрал, темір – ыдыс… Айтпаңыз деймін, темірдің бағасы мүлде бөлек! Әскери ұғымда «Темірдей тәртіп керек» деп жатады.

Сонау дүниені дүр сілкіндірген сұрапыл соғыста да Қазақстан ақындарының айтыс шымылдығын ашқан жыр алыбы Жамбылдың:

Асу да асу белім бар,

Айдын да шалқар көлім бар,

Ел басқарған ерім бар,

Жер қойнына қарасаң

Лықсып жатқан кенім бар,

Алтын, құрыш, қалайы,

Қорғасын, мырыш, – Темір бар!

деп төгілгенде де жүрек тебіренісін темірмен түюі тегін емес! Қош делік. Ал, енді о заманда бұ заман темір тегеурінді адамды көрдіңіздер ме? ХХ ғасырдың 74 жылын жасап, ХХІ бастапқы үш жылын көзімен көріп, өз болмысымен көп көңілін тояттатып, саф сөздерімен санамызды сусындатып өткен сайып қыран сатирик, ғұлама ғалым, ұлағатты ұстаз, аяулы азаматты білетін едік. Ол темір тұлғалы Темірбек Қожакеұлы болатын.

Академик-жазушы Зейнолла Қабдолов Темірбек туралы тебірене жазған естелігінде былай дегені есімізде: «Қазақ университетінің филология, журналистика факультетінде қырқыншы, елуінші жылдары оқыған адамдар эстетикалық ілім жағынан өз қатарларынан оқ бойы озық тұратын мамандар… Неге десеңіз, олар әдеби білім жағынан Әуезов мектебінен шыққан адамдар. Дәл осы ұлы мектепте пісіп-жетілген менің талантты достарымның бірі – Темірбек Қожакеев!

…Қысқасы, Темірбек деген бір мық шеге! Дүниенің қаны қашқан, қаусаған, қаңыраған жерін қағып-қағып жіберіп, қалпына келтіру үшін осындай адамдардан шеге жасар ма еді?» – дейді. Энциклопедиялық білімді академик ағамыз дауылпаз ақын Маяковскийдің: «Бәлшевектер шымыр, ширақ шегедей» дегеніне «мық» сөзін қосып, онан сайын күшейтіп жібергені сезіліп тұр. Асылы, Қабдоловтан асырып айта қою қиын.

Жалғыз Зейнолла ағамыз емес, қиян шеттегі бауырлас елдердің ғибратты ғұламалары да Темірбек Қожакеев еңбектеріне тәнті болғаны белгілі. Темеңнің журналистика, әдебиеттану, қазақ сатирасы тарихы хақында инемен құдық қазғандай тер төгіп, қалың оқырманға ұсынған қадау-қадау зерттеу еңбектеріне әзірбайжан, қырғыз, өзге де көптеген ғалымдардың берген бағаларын көзі тірісінде-ақ өз құлағымен естіп, көңілі көншіген-ді.

Ұзақ жылдар бойы бір ғана Қазақ ұлттық университетінде ұстаздық еткен Қожакеев шәкірттері ұланғайыр республикамызда қоғам қайраткерлері – Бас редактор, ғылым докторлары, кандидаттары болып шарлап жүр… Тұманбай Молдағалиев, Нұрлан Оразалин, Сұлтан Оразалинов, Әбдеш Қалмырзаев, Жанғара Дәдебаев, Намазалы Омашев, Серік Әбдірайымов, Оразбек Сәрсенбаев, Бексұлтан Нұржекеев, Ұлықбек Есдәулетов, Жүнісбек Сұлтанмұратов, Есенбай Дүйсенбайұлы, Жарасқан Әбдірашев, Баққожа Мұқай, Қастек Баянбаев, Смағұл Елубаев, Ғаббас Қабышев, Ахат Жақсыбаев, Мұхтар Құл-Мұхаммед, Еркін Жаппас, Үмбетбай Уайдин, Көпен Әмірбек, Алтынбек Сәрсенбаев Толымбек Әлімбек… тағысын тағы тағылар… бұл тізімді жалғастыра берсек, Алматыны алты айналып, Қарағандыны қырық, Оңтүстікті отыз орайтындай қашықтыққа сүйреуі сөзсіз. (Аты аталмай қалған кісілерден алдын-ала кешірім сұраймын). Сонымен Темірбек Қожакеұлын орнынан аунатып және бір есімізге түсірейікші. Ол қандай тұлға еді? Қандай ерекшелігі болды? Діттегені не еді? Бітпегені не еді? Даралануы мен саралануының сыры неде? Өзіміз ғана емес, өзге жұрттардың көзі қарақты оқымыстылары Қожакеұлын қалайша қастерлеп, «бөлек бедел» деді. Зекең оны неге «мық шеге» деді? деген сауалдарға жауап іздеп көрелік. Темең мылжың сөздің емес, мықты істің адамы болатын. Әдетте, біткен іске сыншылар, піскен асқа жеушілер, «Әй, соны қойшы» деушілер аз емес қой.

Басы ақылға, сөзі нақылға толы сатирик дәріс беру сыртында сан сырлы сықақтар да жазды. Енді сол шығармалардан қысқаша үзінділер келтірейік.

Ессіз «Әзілкешке» ескерту

…Ол:

– Ұйықтап жатып жан шошырлық қорқынышты түс көрем, арасында ылғи Қожакеев жүреді, – деп шағыныпты.

– Жылқы еті тауып жей алғанның тісіне кіреді, тауып жей алмағанның түсіне кіреді, – деген ата-баба. Сол айтпақшы, Т.Қожакеев есі бардың басына кіреді, ессіздің түсіне кіреді. Әзілкеш ессіз болса, өзінен көрсін…

Темірбек Қожакеев осыдан біраз жыл бұрын «Менен мықтың қайсы» дейтін бір ақынның творчествосы жайлы «Сұрауға сұрау» деп сын жазды. Қалай жазғанын қараңыздаршы: «Қайда? Неге?» деген сауалнамаңызда: «Бір кездегі Таудай зорайып жататып ірілігім қайда? дейсіз…

Ау, Тәуелсіз ел болып, әлем аренасына шығып отырған бүгінгі халқымызды он бес ғасыр бұрынғы арғы атамыз көк түріктен тарыдай ұсақ болып кетті деп осынша тұқыртқанымыз қалай?..

«Жауынды күнде

Ағашты ағашқа ысқылап

Шырақ жағатыным қайда?» –дейсіз.

 

Атом қуатын игеріп, ғарышқа құлаш ұрып жатқанда тасты тасқа соғып, от жаққан заманды іздеп зарлағанымыз не?

 

«Үмітім жіп құсап

Бырт-сырт үзіліп жатыр», – дейсіз. Неге сонша үмітсіздікке ұрындыңыз?

 

«Ойларым ойран болып,

Бомба түскен үйлердей бұзылып жатыр», – дейсіз.

Сізді осынша күйретіп, қиратып кеткен не?

«Қара бұлттарға көміліп қалғандаймын.

Пойыздың астына түсіп,

Кіндік тұсымнан кесіліп,

Бөлініп қалғандаймын», – дейсіз.

Сіздің кеудеңізді, бөксеңізді екіге бөліп тастаған қандай қайырымсыз күш? Еліміз еңсе көтеріп жатқанда сізге не болды сонша? Неге күйректікке түстіңіз? Жазушылар одағы қазанының бір құлағынан айрылып қалдым деп осынша күйзелуге, осынша күңіренуге бола ма? Шүкіршілік қайда? Тәуба деген болмай ма? «Нысап қарын тойғызар, нысапсыз жалғыз атын сойғызар» дегенді естімеп пе едіңіз?

Сіздің «Көктүріктер сарыныңыз» осындай сұраулар туғызды. Осындай пікір білдіруге мәжбүр етті. Қаттырақ естілген жері болса кешірерсіз.

Сәлеммен, аттасыңыз! Тек сіз – «Хансыз» мен – «Бекпін» деп тәмамдайды. Мақтамен бауыздағандай мысын құртқан мысқыл осылай болса керек. Стилі де, жазу үлгісі де мүлде өзгеше.

* * *

Қыран көзді, саба маңдайлы, сырықтай бойы болмаса да, ойы өрелі, төртбақ тұлғасы шымыр да ширақ, бет-жүзі Алматының албыраған алмасындай, уәдесіне берік: айтса – бітті, кессе үзілді! дейтін кесек тұлғалардың бірі Темірбек Қожакеевті менің білгеніме алпыс жылға жуық мезгіл ағындап өте шығыпты-ау!

Мезгілден асқан ұры бар дейсіз бе! Менің Темең жайлы жаңағы сипаттауым оның жас мөлшері жиырманы ғана тұспалдаған шағы. Достастық, сырластық, сыйластық, қастаспадық, керіскен де, келіскен де кездеріміз болды, бірақ зіл сақтамадық. Кектілік емес, тектілік сақтадық.

Бұрынғы Совет, қазіргі Қазыбек би көшесі бойында өткен ғасырдың 49 жылы ол ҚазГУ, мен ҚазПИ-де қатар оқыдық. Бізге дәріс берген ұлы Мұхтар Әуезов оған да дәріс берді. Арада жылдар зымырап өтіп жатты. Бұл бірінші көргенім болса, екінші рет 1956 жылы «Ара» журналында кезікті. Сол кезіккеннен о дүниеге аттанғанша бал достығымыз үзілмеді. Жазушылар одағы жанынан «Найзагер» деп аталатын сатира қауымдастығын құрды. Өзі басқарды.

Мен білетін Темірбек Қожакеұлы аузын ашса, көмекейінен күлкі төгілетін шын мәніндегі сатирик еді. Сынай да, сыната да біледі. Айта да, жаза да біледі. Яғни, іскер. Жоғарыдағы сатириктер шоғырының шығармаларын талдағанда шемішкеше шағып, шындықты бет-жүзіне қарамай айтатын. Соңынан ерген жастарды да естен шығармайтын.

Темірбек Қожакеұлы елдегі өзгерісті елемейтін енжар емес, нағыз қайраткер де болды. Желтоқсанның жойқынында Темірбек Қожакеұлы тасада қалып, қара басының қамын ойлаған жоқ. Дүрліккен дүрбелең мен шарпыған оттың ішінде жүрді. Жәй ғана жүрмей, кеудесін ұлтжандылық намысы кернеп: – Жүргенсіздікті доғарыңдар! – деуге дейін барды.

Сол үшін қызметтен де қуылды, «ұлтшыл» да атанды. Партиядан да шығарылды. Бұл оның жұдырықтай жүрегін сыздатпай қойған жоқ. Денсаулығына сызат түсірді.

…Кейін сатириктер қауымдастығы атынан оншақты сықақшылар Елбасына арнайы хат жазып, Қожакеевке таңылған «қиянат қамытын» сыпыртып тастадық. Ол өзінің университетіне, ұстаздық ісіне қайта оралды. Жалғыз емес, жанашырлары бар екенін жанымен сезді.

* * *

Ескі ғасыр мен жаңа ғасыр тоғысқан жылдары, Темеңнің денсаулығы күрт нашарлай берді. Анау жиырмадағы, орда бұзар отызындағы баданадай көздері шүңірейе, кірбің тартқан. Қою қара шашы қырау шалып, селдіреген. Шапшаң қимылы шабандаған. Қолдары қалтырап, ұмытшақтық пайда бола бастаған. Көп ұзамай бақиға озды.

Темірбек Қожакеұлынан қапияда айырылып қаламыз деген мүлде ойымызда жоқ еді. 96-ның жазында 70-ін, 2001 жылдың жазында 75 мүшелін туған топырағы Меркеде жасалған ұланасыр торқалы тойына топырлай барып қағанағымыз қарқ болып қайтқан еді. Қазір көрген түстей болды.

* * *

…Жастар газетінде бөлім меңгерушісі болып жүріп, 1956 жылы жаңадан шыға бастаған «Ара–Шмель» журналына қызметке ауысқан кезім. Журналдың тұңғыш редакторы болып қазақ әдебиетінің классигі Ғабит Махмұдұлы Мүсірепов тағайындалды. Орынбасары – орыстың танымал жазушысы Дмитрий Снегин. Фельетон бөлімін әйгілі Асқар Тоқмағамбетов басқарды. Менімен қарама-қарсы столда Садықбек Адамбеков бар-ды. Әкім Таразы, Садықбек үшеуіміз – фельетоншылармыз.

Журнал салған жерден мықты беделге ие бола бастады. Тиражы да. қаламақысы да көп. Өткір-өткір материалдар қос тілде шығады. Сол кездегі Орталық партия комитеті ғана болмаса, өзге төрелеріңді Ғабең пысқырмайды да.

…Бір күні денесі шымыр, апайтөс, батыр бейнелі Темекең біздің бөлмемізге кіріп келді.

– Ассалаумағалейкүм!

– Ағалейкөмассалам!

– Мені білесіздер ме?

Садықбек «көрген емеспін» дегендей басын шайқады.

– Мен білем, – дедім. – Сіз Қожакеевсіз ғой?

– Әлбетте! Әу, қайдан біле қойдың? – деп күлімсіреді Темекең.

– Университетте 49 жылдың күзінде Асқар Тоқмағамбетовпен кездесу өткенде баяндама жасаған сіз емес пе?

– Әрине, әрине… тану-түйсігің күшті екен, ұнаса көре жатарсыздар, – деп айналасы екі бетке жетер-жетпес сықағын ұсынды.

Тілі тотияйындай екен. Уытын төге жазыпты. Үлкен дайындығы бар қаламгер екені сезіліп тұрды. Садықбек те оқып шықты.

– М-м… О, бәрекелді! – деді Садықбек.

Әдетте маған бір, авторға бір жалтақтап, көңіл жыққысы келмесе де кейін бәрібір авторлардың жазғандарын жаратпай тастайтын Садықбек күлімсіреп қойды да, «адресін алып қал» деді маған шегір көзін ойнақшытып.

…Кешікпей-ақ Темеңнің тоң мойын топасты сынаған сықағы «тонауға түспей-ақ» сол қалпында шыға келді. Талабы қатаң Ғабең де сәл жымиып, лездеме кезінде:

– Міне, сықақты осылай, әрі ықшам, әрі өткір етіп жазу қажет, – деп ескертті.

Ғабең Жазушылар одағының төрағалығына ауысты. Сол кезде де, кейін редактор Жүсіпбай Алтайбаев кезінде де Темең үзбей өткір сықақтар жазып тұрды. Көбіне шартты тақырыптардағы шағын көлемді сықақ әңгіме, фельетондар. Сол кезден бастап көп уақыт Темірбек Қожакеұлы саяси-сатиралық «Ара–Шмель» журналының редакциялық алқасының тұрақты мүшесі болды.

Темең сықақшылар шығармаларына сарапшы ретінде сын айтса да, өзі мінеп жазса да дөп тигізіп отырады. Жаңсақтық жасап, қате баспайды. Қиянатқа бармайды. Қара қылды қақ жаратын, туғаны жоқ тура би іспетті болатын.

…Біз білетін Темекең қазақ сатирасын қалыптастырудың қарлығаштары: Сәкен Сейфуллин, Ерғали Алдоңғаров, Аманғали Сегізбаев, Сәбит Дөнентаев, Ілияс Жансүгіров, Бейімбет Майлин, Асқар Тоқмағамбетов, тағы басқалардың шығармаларын жіліктей зерттеп, жіпке тізгендей етіп оқырманға жеткізді. Сондай-ақ Қадыр Тайшықов, Жиенғали Тілепбергенов, Жұмағали Сәрсеков, Дүйсенбек Еркінбеков, Сейділдә Төлешовтің сатиралық шығармаларының ақ-қарасын айқындап, сарапқа салу да сындарлы сыншы-сатириктің сыбағасына тиген еді. Жауынгер-жанрдың кейінгі өкілдері С.Адамбеков, О.Әубәкіров, Ш.Смаханұлы, Ғ.Қабышев, Ү.Уайдин, К.Әмірбек, С.Кенжеахметов және алдарыңызда тұрған пақырдың туындыларын талап тұрғысынан талдау да Темекең еншісіне тигені белгілі.

…Осыдан табаны күректей ширек ғасыр бұрын «Жазушы» баспасынан жарыққа шыққан «Сатира және дәуір» деген көлемді монографиясынан кейін де ыспар сатирик, ғұлама ғалым қаламын «суытып» көрген емес. Шабысынан шалдықпай, сарапшылдығы сарқылмай, жер тереңінен жарып ағатын бұрқырама бұлақтай ағыл-тегіл еңбек, дарынды кітаптар жазып үлгерді.

Темекең – ұлтым, елім дегенде еңірей елегізіп, ет-қоңын кесіп беруге даяр кесек тұлға еді. Келемеж сөздің көсемі, сатираның шешені, нақыл сөздің нөсері! Өз аттасы Жүргеновтей жоғарғы лауазымы болмаса да, жүріп өткен жолдары жоталы да сала-сала болатұғын.

* * *

Қайран Темең!

– Ассалаумағалейкум, Теме – деуші ем. Ол күлімсіреп:

– Әуликөмассалам, қалың қалай, Міңке? – дейтін Мен:

– О, Темке, төртаяқты емес, екіаяқтыдан құрыды ғой діңке! – деуші ем.

Әзіліміз жарасушы еді. Көбісіне әңгімеміз сатира жанры төңірегінде болатын. Ол бақиға озған соң мені ешкім «Міңке» демейді. Тек Үмбетбай ғана «Мықа» дейді. Өзгелері «Мәке» деседі. Бүгінде Темең күміс күлкісі мен сарапты сынын өзімен бірге ала кеткендей күй кешудеміз. Сатираның бір қауырсыны қырқылып қалғандай болды. Кейінгі кезде сындарлы сынды самсай жанған отпен іздесең де таба алмайсың. «Бадырақ көз, сен тимесең мен тиме!» Ешкімді ешкім сынай қоймайды. Сынай қалғанда да ұпай жинау үшін сынайды. Шетінен «Мен мықтымынға» салады. Айтқан ақылыңа құлақ асқылары да келмейді. Мата даңқымен бөз өтіп жүр, өйдә, құда да құдағи да тыныш. «Қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған заман» дегені осы. Баяғыда Тәкен Әлімқұлов аса танымал бір ақын жайлы «Сын көрмеген творчество» деп мақала жазғаны есімізде. Тура іремей сойған еді. Бүгінде мұндай сын атымен жоқ. Қалам түрткендер шетінен шедевр жазатын секілді. Сауырларынан сыйпатқысы да келмейді. Енді қайтып тотияйын тілді Темеңді таба алмайсыз. Қалдырып кеткен томдарына ғана үңілесің. Шеберлігіне сүйсінесің. Сынаған кейіпкерлерінен түңілесің, жиренесің.

«Айтпаса сөздің атасы өледі» дегендей, бүгін бес күндік фәниде «Бармыз»! деп базарлап жүрген бейбақтар ертең «Жоқпызға!» жатқызылып, бақиға озатынын білмегенсиді.

Бүгінде қырғи тілді Асқар да, алдар кейіптес Адамбеков те, орақ тілді, от ауызды Оспанхан да, шоқ тілді Шона да, аңдығанын алып соғатын Алтайбаев та, бассыздар туралы бұрқырата жазып, сықақ балғасымен сазасын беретін Балғабек те, сыпайы сөйлегенсіп, сиқын қашыратын Сайымжан да арамызда жоқ. Осылардың бәрінің ортасынан өз биігімен бадырая көрінетін сатира сарапшысы Темірбек Қожакеевтің бақиға озғанына біраз жыл болыпты. Десе де абыз ойлы ақсақалымыз Әдібай, ғибраты мол сықақшы Ғаббас пен Еркін Жаппас, жүрісі палуанның жүрісіндей (Оспанханша айтсақ), үндемей жүріп ұсқынсыздарға бүйідей тиетін Үмбетбай, сахнаның сәнін келтіріп, екі езуіңді құлағыңа жеткізетін Толымбек, қағылез тілді Қажытай мен Қазықан, сатира аулына бөтен болмысымен төтен келген шегір көзді Көпен, шақпа тілді Ермұхан Шайқы, тас кенедей жабыса кететін Таңдай Кеней, соңғы кездері мықты көрініп келе жатқан, талма тұстан ұратын Төлеген Ілияшев, сатира семсерін айтыскерлік қылышымен қатар суырып жүрген Асхат Қылышбеков т.т. басқалар баршылық.

Саусақпен санағандай сатириктердің, сатира сарбаздарының бүгінде біразы кетіп, біразы қалды.

Қайран Темке, береріңді беріп, аларыңды алып, ұлыңды ұясына, қызыңды қиясына қондырып кеттің! Заманың нарық болса да, артың жарық болды. Фәниде жаның жаз еді. Жазғаның саз еді. Тыңдаушыларың мәз еді. Бақида да күлкің – кейісте емес, пейіште болған шығар. Кеңсайдың биік басында, Бәукең ағаңның қасында, жанарыңды Ай мен Күнге аймалатып қойып, бір аунап түсіп жатқан боларсың.

Темірбек Қожекеев мыңдаған әдеби, ғылыми журналистердің ағасы мен жағасы, ол һәм сықықшы, һәм сыншы, сарапшы, көздеп атқанда көзден тигізетін сүйрік сөздің сұрмергені. Ол сонау бір дүниені аласапыран еткен сұрапыл соғыста толарсақтан қан кешкен майдангер… Бір күні телефон кісінеп қоя берді.

– Қал қалай, Міңке? – деді әдеттегінше таныс дауыс. – Қазақтың ұлттық аграрлық университетінде сенімен кездесу өтеді екен ғой. Неге өзің айтпадың маған. Бұл жөнінде маған университеттің проректоры Дина Муфтаққызы Жүсіпәлиева телефон шалып, сен жайлы сөйлеп берсеңіз деп қолқа салды. Мен келістім. Сен жақсылап дайындалып кел. Баяғыдай сықақтарыңды жатқа оқитын бол! – деді.

– Бәрекелді, Теме! – деп қуанып кеттім. Өзіне тән асқан шешендігімен ол мен туралы да, қазақ сатирасы жайлы да көсіле сөйлеп, тыңдаушыларын тәнті етті. Бұл Темеңнің сексеннің сеңгіріне құрық тастам жер қалған тұсы – екі мың үшінші жылы еді. Көп ұзамай бақиға озды.

Сегіз қырлы бір сырлы Темеңнің толып жатқан адами қасиеттерін айтып тауыса алмағандықтан тоқсан ауыз сөзімнің тобықтай түйіні ретінде өз ойымды Әз ағамызға арналған жыр шумағымен доғаруға бекіндім:

Тау тұлға, тарлан аға,

Темірбегім,

Қым-қуыт қыспақтардан

жеңілмедің.

Қыңыр, топас, алаяқ,

арамбездің

Қаламмен қарып өттің

кеңірдегін!

Қолжазбаң қалды-ау

кеппей сиясы да,

«Кеңсайдың» неге

асықтың қиясына!?

Күлкіңді Алтын айға

аптатқандай,

Күндерді батырасың қиясына!

 

Мыңбай Рәш,

жазушы

comments powered by HyperComments