Түркі қағанаты: Көмкерме бөрік кигендер

78 рет оқылды
0

Бүгінде қазақ мемлекеттілігі мен этносының тарихын, әсіресе оның ерте заман мен орта ғасырлардағы тарихын теориялық және практикалық мәнде терең игермеген, тек өзінің субъективті ойларын ғана басшылыққа алған адамдар «Қазақ жерінде мемлекеттік құрылым күні кеше ғана қалыптасты» деп теріс ойлайды. Неге олай? Өйткені олар «қазақ» этнонимінің XV ғасырда ғана пайда болғанын көлденең тартады. Осыдан барып, этнос пен этнонимді шатастырып, қазақ ұлтын да, оның мемлекеттілігінің бастау көзін де XV ғасырмен шектейді. Шын мәнінде, ұлт –аяқ астынан пайда бола қалатын категория емес. 

Ұлт – белгілі бір территориядағы түрлі этностардың ұзақ уақыт бойында ортақ дамуының туындысы. Осы уақыт бедерінде оның атауы да өзгеріп отыруы мүмкін. Яғни, этноним шартты ұғым болса, ұлт – абсолютті ұғым. Ал мемлекет ұлттың дамуына сәйкес пайда болады, дамиды, яғни ұлттық сана мен әлеуеттің толысуының туындысы. Бірақ мемлекет кез келген ұлттың пешенесіне бұйыра бермейді. Мемлекет – ұлт дамуының екінші сатысы. Ол ұлттың саяси аренаға шығуы, белгілі бір территорияда өзінің еркіндігі мен иелік құқын, ұлттық құндылықтарын қамтамасыз етуі, айналадағы елдермен тепе-тең қарым-қатынасқа түсуі. Дүниежүзіндегі барлық мемлекеттердің балаң, қалыптасу және кемелдену кезеңі болады, оның үстіне мемлекеттің өзі де ұдайы даму процесінен тұрады, әрі бұл процесс барлық жерде және барлық уақытта бірдей болмайды. Сол себептен түрлі тарихи кезеңдердегі әр түрлі мемлекеттік құрылымдарға бүгінгі мемлекеттің өлшемімен қарауға болмайды. Қазақстандағы және көрші елдердегі мемлекеттіліктің дамуы да дәл осындай түрлі тарихи кезеңдерді бастан кешті. Қазақ жерінде тіл, дәстүр және территория ортақтығы негізінде ұйымдасқан тарихтағы түрлі этностар құрған мемлекеттердің бәрі – қазақ мемлекеттілігінің бастауы. Солардың бел ортасында тұрған VI-IX ғасырларда өмір сүрген көне түркілер және олар тарапынан құрылған Түркі қағанаты.

Аталған кезде өмір сүрген түркі және біріккен түркі қағанаты иелігіндегі түрлі этностардың кейін келе бүгінгі Қазақстан мен оған көршілес өңірлерде жаңа типтегі саяси биліктің, мемлекеттердің пайда болуына түрткі болғаны белгілі. Тарихтың осынау ұзақ кезеңінде көне түркілер қазақ жерінде мемлекеттілік дәстүрді жалғастырушы әрі қазақ этногенезін байытушы фактор ретінде өмір сүрді.

Бүгінгі Қазақстан жағрапиялық тұрғыдан бір кездегі Батыс Түркі қағанатына тән территорияны толығымен алып жатыр. Тарихтағы айбарлы, алып мемлекеттен біздің еншімізде қалғаны тек осы аумақ қана. Қазақ тарихының Батыс түркі қағанатынан басталған көне түркілік кезеңі (VI-XII ғ.) Қарахан мемлекетінің тарихымен аяқталды. Қазақ тарихының көне түркілік кезеңінде біздің жерімізде Түрік қағанаты, Түркеш қағанаты, Қарлұқ қағанаты және Қараханиттер мемлекеті деп аталатын мемлекеттер өмір сүрді. Бұлардың бәрінің бастауы – Түркі қағанаты. Күлтегін ескерткішінде олардың өмір сүрген аймағын «Он иелік» деп атайды. Бұл он оқтардың жері дегенді білдіреді. Ертеде Он оқ түріктері өмір сүрген бұл аймақтың саяси, мәдени және экономикалық орталығы Талас өзенінің шығысында, қазіргі Құлан, Меркі өңірінде болған. Талас Алатауының бөктеріндегі Мыңбұлақ, көне қытай деректеріндегі Цянчуан ‒ қағанаттың жаздық ордасы болған. Тарихи әдебиеттерде түркі дәуіріне байланысты кездесетін көптеген оқиғалар осы өңірде өткен.

Он оқтар – Істеми қағанның заманында қалыптасқан әскери-әкімшілік бірлестік. Демек, қазіргі Қазақстан, шын мәнінде, көне Түркі қағанатының мемлекеттік дәстүрі мен тарихына, ғұрып-әдеті мен тіліне, елдік аумағына мұрагерлік етуші бірден-бір мемлекет деуге толық негіз бар.

Күлтегін мәтініндегі Бұмын (Түмен) және Істеми – Түркі қағанатының құрылып, батыс (Tarduč) және шығыс (Tülis) екі қанатқа бөлінгеннен кейінгі қағандары. Білге қаған інісі Күлтегінге ескерткіш орната отырып, Түркі қағанатының тарихындағы мемлекеттің екі қанатының іргесін қалаған осы екі тұлғаны айрықша атап көрсетеді. Қайсыбір тарихшылар айтқандай, қағанаттың екі қанатқа бөлінуі билеушілердің басы бір жерге сыймағандықтан барған қадам емес немесе қағанаттың, мемлекеттің ішкі жанжалдан екіге бөлініп кетуі емес.

Қытай деректері бойынша Бумын – шығыс түріктердің атасы, ал Істеми болса – батыс түріктердің атасы. Э.Шаван және Цын Чжунмянь сынды ғалымдар Батыс Түрік қағандарының бәрі Істемиден тарағанын дәлелдейді. Қытай деректері ол екеуі ағайынды, әрі екеуі де ұлы Ябғұның баласы. Түріктер ұлы Ябғұның кезінде біртіндеп күшейді дейді (Суй кітабы, түріктер баяны). Кейін қағанат ыдырап, бөлінгеннен кейін, шығыс түріктердің Түпкі ханы (орталығы) Орхон (Onkun) өзені бойында, батыс түріктердің Түпкі ханы (ордасы) Іле (Ili) өзені бойында болды. Қытай деректері тағы да бұл қағанатты «байырғы үйсін жерінде» құрылды дейді. Әрине, Іле өзені Батыс Түріктің алғаш орда тіккен қонысы еді де, кейін елдің орталығы Батыстағы Талас өлкесіне көшірілді. Істемидің ұрпағы Тоң ябғұ қағанның кезінде ордасын Шаштың солтүстігіндегі Цянчуанға (Мыңбұлаққа) көшіреді. Жапон ғалымы Мацуда Хисау Мыңбұлақты қазіргі Меркі дейді. Ол араб деректеріндегі Mirki немесе Barki. Тоң ябғұ қағанның осында орда тіккені «Көне Таң кітабы. Батыс Түрік баянында» да жазылған. 628 жылы Таң мемлекетінің будда монағы Суан Цзан Үндістанға бара жатқан жолында Тоң ябғұ қағанға Сұяб маңында кездеседі. Қытай монағы оның ордасының сән-салтанатын тамсана суреттейді. Бір өкінерлігі, осы өңірді Батыс Түркі қағанатының орда тіккен жері ретінде қарап, ондағы тарихи маңызы бар объектілерді қайта жаңғырта алмай келеміз. Меніңше, «Қасиетті Қазақстан» бағдарламасы бойынша қолға алынатын объектілердің ішіндегі бірі де, бірегейі Меркедегі Батыс Түркі қағанатының орда кешені болуы тиіс. Егер біз Алтайда Күлтегіннің, Жамбыл жерінде Істемидің ордасын көтерсек, сол замандағы бабаларымыздың елдік рухы қайта жаңғырып, айдарымыздан жел есер еді.

Батыс Түркі қағанатының, тіпті тұтас Түркі қағанатының тарихы біздің отандық тарихнама үшін айрықша кезең. Өйткені дәл осы кезде біздің ата-бабаларымыз өздерінің төл жазуын жаратып, төл тарихын тасқа қашады. Бізге ешбір боямасыз, қоспасыз төл сөзін қалдырды. Сол сөзді тудырған мемлекетті, оның тарихын қалдырды. Біз осы тарихқа жақсылап ие болсақ, оны жаратқан өз ата-бабаларымыз екенін батыл айта алсақ, қашанда еңсеміз биік, бетіміз жарық болмақ. Өкінішке қарай, біздің әріптестер Елбасының бастамасымен Елордаға бұдан 17 жыл бұрын әкелінген Күлтегін ескерткішінің өзін ұмытып кетеді. 2001 жылы Қазақстан үкіметі осынау әйгілі ескерткіштің Жапонияда жасалған ғылыми көшірмесін Астанадағы Еуразия ұлттық университетінің бас ғимараты ішіне әкеліп орнатты. Осы арқылы мың жыл бұрынғы бабалар сөзі ұрпағымен қайта қауышты. Жазылған сөз өз иесін тапты. Біз де көне бабамыздың рухымен қайта қауыштық. Ескерткіш тастың келуіне орай Елбасы Н.Назарбаев арнайы құттықтау сөзін мәлімдеп, артынша «Байырғы түркі өркениеті: жазба ескерткіштер» атты халықаралық ғылыми-теориялық конференция болып өтті. Бұл тәуелсіз Қазақстан тарихында түркология жөніндегі бірінші әрі кең ауқымдағы халықаралық конфренция еді. Оған еліміз бен шетелдерден көптеген түрколог-ғалымдар, жазушылар және қоғам қайраткерлері қатысты. Солардың қатарында көне түркі ескерткіштеріндегі құпия жазудың кілтін бірінші болып ашқан В.Томсеннің отанынан түрколог, Копенгаген университетінің профессоры Ш.Вольфганг, Ресей ғылым академиясының шығыстану институтының Санкт-Петербург бөлімшесінің профессоры, атақты түрколог С.Г. Кляшторный, қырғыз халқының даңқты перзенті Ш.Айтматов келіп қатысты және сөз сөйледі.

Бірақ конференция дүркіреп өткенімен, онда көтерілген маңызды мәселелер, идеялар сол айтылған жерінде қалып қойды. Өз қолымызбен тірнектеп жинаған сол тарихымызды ұмытудың, оған ұдайы мән беріп отырмаудың кесірі бүгінде кейбіреулердің бізді XV ғасырдан ары тарихы болмаған халық деп айтуына алып келді. Басқаны былай қойғанда, «Халық тарих толқынында» мемлекеттік бағдарламасы аясында құрылған тарих факультетінде көне түркі тарихы оқытылмайды. Есесіне қоғамда «Шыңғыс хан қазақ па, емес пе?» деген дау етек алып отыр. Шын мәнінде, бізге Шыңғыс ханның ұлтының кім екенінен гөрі Күлтегін, Тоныкөк әлдеқайда маңызды болуға тиіс еді.

Өйткені біздің нақ тарихымыз, мемлекеттілігіміздің түп-төркіні, рухани тірегіміз, кие-құтымыз Түркі қағанатында жатыр. Ол – Шыңғыс ханнан да бұрын пайда болған құндылық. Шыңғыс ханның өзі дүниені бағындыруда сол құндылыққа негізделген. Ал сол қағанатты танудың бірінші қадамы, беташары Күлтегін ескерткішінен басталуы тиіс. Егер «Құран кәрім» біздің имандылығымыздың негізі болса, Күлтегін ескерткіші мемлекеттік идеямыздың түп қазығы болуға тиіс. Себебі ол ата-бабамыздың тасқа басылған төл сөзі. Оның үстіне, ол – жай сөз емес, ұлттың, мемлекеттің тарихы мен тағдыры, өкініші мен өксігі, ғибраты мен сабағы, арман мен мұраты туралы сөз. Ондай тағдырлы жазу басқа халықтардың тарихында кездеспейді. Қазақ халқының тарихын кемсіткісі келетін, оның мемлекеттілігіне күмән келтіретін жат күштер біздің сол тасқа қайта оралуымызды, оны әспеттеуімізді қаламайды.

VIII ғасыр туындысы болып табылатын бұл ескерткіштің пайда болуы мен бүгінге жетуінің өзінде үлкен тарихи астар жатыр. Біздің соңғы екі ғасыр бойы басымыздан кешкен оқиғаларымыз, бодандықта бұлқынуымыз, тәуелсіздік алуымыз бен сол тәуелсіздікті баянды ету жолындағы арман-мұраттарымыз мың үш жүз жыл бұрын осы таста жазылған жайлардың тағы бір мәрте қайталануы болып табылады. Өйткені ол кездегі жағдай да бүгінгі жағдаймен ұқсас еді. Түркі халқы елу жыл бойы Таң империясының боданында болып, тәуелсіздігін қайта алған еді. Таң ордасына бас иген кейбір түркі сарбаздары жеке бастың араздығы үшін ел мен жерін құрбандық етіп, империяның ірге кеңейтуі жолында «ісін, күшін беріп» қызмет етіп жүрген кезде, талауға түскен мемлекетті бодандық кептен құтқарып, қайта құру жолында аянбай еңбек еткен ерлер деп Елтеріс Құтлық қағанды, оның ұлдары Күлтегін мен Білге қағанды және Ел білгесі Тоныкөкті айтуға болады. Айналадағы жауларға, құрығы ұзын Таң патшалығына пәрменді түрде қарсы тұру, енді қайта бодандық кепке түспеу үшін сол кезде түркі халықтарының ішкі бірлігі ауадай қажет болды. Ал Таң мемлекеті болса түркі ұлттары мен ұлыстарының бірде анасын, бірде мынасын өз жағына тартып, енді ғана тәуелсіздік алған Түркі қағанатына қарсы қойды. Қарсы қойып қана қойған жоқ, амалын тауып, оны жойып жіберуді жоспарлады. Осы кезде Білге қағанның жан-жаққа жіберген көріпкелдері (барлаушылары) жағдайдың шынымен де олар ойлағандай қиын екенін, табғаштар мен түркештер, қырғыздар, қытандар мен байырқулар жан-жақтан көтерілгенін айтып келеді. Жағдайдан алдын ала хабар тапқаннан кейін, Күлтегін өзі бас болып қырғыздарға, түркештерге қарсы жорыққа шықты. Сүңгі бойлар қарды бұзып, Көгмен асуынан асып, Аны (Енесай) суының бойындағы қырғыздарды, одан соң «Алтай тауын жолсызбен асып», «Ертіс суын өткелсізден кешіп» өтіп, Жарыс жазығында түркештермен соғысып, оларды тізе бүктірді. Шығыста байырқуларға, қытандарға жаза жорығын жасады.

Осылайша, Күлтегін әкесі Елтеріс Құтлық қаған шығыста Қыдырхан тауынан батыста Темір қақпаға дейінгі халықты бір тудың астына біріктіріп қайта құрған Түркі қағанатын баянды ету жолында жан аямай күресті. Түркі жұртын ынтымаққа, берекеге шақырды. Күлтегіннің саяси ұстанымы да елдің ішкі бірлігін көздің қарашығындай қорғап, сырт елмен тату-тәтті тұру еді. Бұл бүгін де өте өзекті мәселе. Ол осы саясаты үшін Таң императоры Тан Суанцзунның құрметіне бөленді. Суанцзун оның батырлығы мен ержүрек, парасаттылығына, бейбітшілік сүйгіш ниетіне тәнті болды. Мұндай көңіл-күйін ол Күлтегін ескерткішінің келесі бетіне жазған қазанамасында баян етті.

Демек, сонау ерте заманда-ақ, Түркі қағанатымен бірге тарих сахнасында белсенді рөл ойнаған этнос-қырғыздар. «Қырғыз» этнонимі ерте дәуірден бар. Қытайдың «Жаңа Таң кітабының» 217-бумасында олардың қолбасылары үлкен ту тігеді, туы қызыл болады, оған ұлыс таңбасы салынады, төбе басылары қысты күні сусар бөрік, жазды күні шошақ төбелі алтын түймелі көмкерме бөрік, нөкерлері ақ киіз қалпақ киеді және қайрақ асынғанды ұнатады деп жазылған. Деректер олардың тілі мен жазуы түрік-оғыздармен ұқсас екенін де тілге тиек етеді. Бұл салыстыру негізінен сол кездегі Түркі және Біріккен Түркі қағанатына байланысты айтылған еді. Бұл қағанаттардың жерінде жасап жатқандар түгелдей қазақтың ертедегі ру-тайпалары болатын.

Осы тектес көптеген жазба және ауызша деректер қазақ пен қырғыз тарихының ортақтығын одан сайын дәлелдей түседі. Қырғыздар Түркі қағанаты кезінде оның құрамына бірде қосылып, бірде шығып кетіп жүрді. Бұл оның бұған дейін де өзіндік даму жолы болғанын көрсетеді. Қырғыз тарихының ұзақтығы онымен тілі, діні, жазуы бір қазақ тарихының да арыда жатқанынан дерек береді. Демек, сол ерте замандарда қырғыздар өздерін бөлек ел ретінде сезініп, өздерінше әрекет етіп жүрген дәуірлерде қазақтың арғы ата-бабалары да түркі қағанатының құрамында олармен қойы қоралас, ауылы аралас өмір сүрді. Қазақтың ежелгі ру-тайпалары ол кезде бір тұтас түрік немесе оғыз деп аталатын. Бұл екі халық сонау VIII-IX ғасырларда Саян, Алтай тауларын бірге жайлап, бірге төстесе, кейін Қарахан мемлекеті дәуірінен соң, Алатаудың екі қапталын тең жайлаған елге айналды.

 

Тұрсынхан Қайыркен,

Л.Н. Гумилев атындағы

ЕҰУ профессоры,

тарих ғылымдарының докторы

comments powered by HyperComments