Түркі жұртын тәуелсіздікке талпынтқан

131 рет оқылды
0

Адам баласы еркіндік, азаттық үшін жаралған. Демек азаттық – адамзатқа арман болмауы тиіс. Сондықтан тұтас ұлттың тәуелсіз мемлекет құруы – ең биік жетістік.  ХХ ғасырдың соңына дейін түркі жұртының ішінде жалғыз Анадолы түріктерінің ғана тәуелсіз мемлекетке ие болып келгенін ескерсек, бүгінде соның қатарында әлемдік қауымдастықтың тең құқықты мүшесі болып отырған Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан, Түркіменстан және Әзірбайжан мемлекеттерінің азат елге айналамын дегенше қандай өткелектерден өтіп, қандай қиындықтарды жеңгенін жүрегімізбен сезетініміз анық.

1917 жылы Қазан төңкерісінен кейін Ресейде патша тақтан құлағанда сол империяның ұзақ жылдар бойы боданы болып келген Орталық Азиядағы түркі жұрты енді еркіндік аламыз деп қуанған-ды. Бұл тұрғыдан алғанда Орталық Азия мемлекеттері тарихында Түркістан Автономиясы (Қоқан автономиясы) деп аталатын автономиялық мемлекеттің алар орны маңызды. Ол қалай құрылды?

Түркістан автономиясы алғаш рет 1917 жылы 28 қарашада Ресей мемлекеті құрамында Түркістан өлкесі халықтарының өзін-өзі басқаруын қамтамасыз ету мақсатында құрылды. 1917 жылғы Қазан төңкерісінің жеңісінен соң, 22 қараша күні Ташкент қаласында өз жұмысын аяқтаған 3-Түркістан өлкелік кеңестер съезі Түркістан өлкесінде Түркістан Халық Комиссарлары Кеңесінің құрылғанын, осыған орай бұл аймақтың билігі кеңестік билікке  көшетінін мәлімдейді. Алайда бәрін өздері кесіп-пішкен бұл кеңестік үкіметтің құрамында (14 мүшесі бар) жергілікті мұсылман халықтарының бірде-бір өкілі болмады. Кеңестік биліктің отаршылдық сипатын танытқан бұл саяси шешім Түркістан халықтарының өзін-өзі басқару құқығын мойындамауы еді. Бұған жауап ретінде құрамында Мұстафа Шоқай, Мұхамеджан Тынышбаев, Махмұд Бехбудий, т.б. тұлғалар бар «Түркістан өлкесі мұсылмандар кеңесі» 26 қараша күні Қоқан қаласында 4-Түркістан өлкелік төтенше мұсылмандар съезін өткізді. Съезд үш күнге созылып, 1917 жылдың 28 қараша күні Түркістан өлкесін Түркістан автономиясы деп жариялап, Түркістан Құрылтайын шақырғанға дейін саяси биліктің Түркістан Уақытша Кеңесі мен Түркістан халық билігіне өтетіні жөнінде қаулы қабылдады. Осылайша Түркістан автономиясы атты мемлекет пайда болды.

Түркістан Уақытша Кеңесі құрамына 54 адам еніп, оның ішіндегі 32 тұлға Түркістаннан Бүкілресейлік Құрылтай жиналысына сайланған депутаттар еді. Бұлардың арасындағы 11 адам – тұрғындары негізінен қазақтарды құрайтын Сырдария мен Жетісу облыстарынан еді. Сондай-ақ  Түркістан Уақытша Кеңесі құрамында, мұсылмандар съезінде сайланған өкілдермен бірге, түрлі өлкелік «еуропалық» ұйымдардың 13 өкілі болды. Бұл – Түркістан Халық Комиссарлары Кеңесінің шешіміне қарағанда Түркістан автономиясын құрғандардың анағұрлым демократ екенін көрсетсе керек.

Түркістан Уақытша Кеңесі басқару жүйесі 12 адамнан тұратын Түркістан автономиясының Уақытша үкіметін бекітті және Түркістан өлкесіндегі барлық халықтардың теңқұқықтығын қамтамасыз ететінін мәлімдеп, өлкенің барлық тұрғындарын Түркістан автономиясы төңірегіне топтасуға шақырды. Осылайша 1917 жылы қарашада Түркістанда қос билік орнап, оның алғашқысы кеңестік негізде құрылған ресейлік қоныс аударушылардың мүддесін көздейтін басқару жүйесі болса, кейінгісі –жергілікті халықтардың өзін-өзі басқаруын шынайы қолдайтын үкімет болды.

Басқару жүйесін алып қарасақ, Түркістан Уақытша үкіметінің төрағасы және Ӏшкі істер министрі болып Мұхамеджан Тынышпаев, Ӏшкі істер министрінің орынбасары болып заңгер Ә.Оразаев бекітілсе, Уақытша үкіметтің Сыртқы істер министрі қызметіне Мұстафа Шоқай тағайындалды. Дегенмен соңынан Түркістан автономиясы үкіметінің төрағасы Мұстафа Шоқай болды.

Түркістан автономиясының құрылуын қанша ғасыр бойы жатжерліктер боданында болып, құқықтары тапталған Түркістан өлкесінің халқы зор қуанышпен қарсы алып, оны қолдауға даяр екендерін білдіріп жатты. Тіпті 1918 жылы қаңтарда Түркістан қаласында өткен Сырдария қазақтарының съезі Сырдария облысы (Алаш автономиясы жарияланғанға дейін) Түркістан автономиясы құрамында болатынын білдіріп, жас мемлекеттің абыройын көтере түскен-ді. Алайда тағдыр қырын қарап, Орталық Азиядағы түркітектестер болашағына үмітпен қараған Түркістан автономиясын 1918 жылы 2 ақпанда Кеңес үкіметі қарулы күш қолдану арқылы зорлықпен таратып, оның мүшелерін тұтқынға алды. Осылайша Орталық Азия халықтарының ынтымақтастығы негізінде дүниеге келіп, 72 күн өмір сүрген Түркістан (Қоқан) автономиясы жойылды. Кейіннен өздерінің басқыншылық саясатын бүркемелеу үшін Түркістан автономиясын құрған тұлғаларды қудалап, сатқын деп атады. Мысалы 1967 жылы, Мәскеудегі «Наука» баспасынан жарық көрген 12 томдық «История СССР» деген кітаптың 7 томында Түркістан автономиясына мынадай баға берілген: «1917 жылғы қараша айының соңында өзбек, қазақ, қырғыз және тәжік ұлтшыл буржуазиясы Қоқан қаласында Уақытша үкіметті құрды».

Жасыратыны жоқ, сол тұста Орталық Азия халықтары арасында қазақ оқығандарының өзгелерден озықтау көрініп, саяси талас-тартыстың алдыңғы шебінде жүргені орыс-кеңес шовинистерін шошындырған. Олардың Орталық Азияны біріктіріп, түркілер конфедерациясына қол жеткізіп, үлкен мемлекет құруынан қорыққаны сондай, бұл бағытта көшбасшылық қылған қазақ оқығандарының ізіне түсіп, оларды ақыр-соңында 30 жылдардағы репрессияда қынадай қырды. Ал шетелге кетуге мәжбүр болған Мұстафа Шоқайға жаппаған жаласы қалмады. Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде Европада жүрген Мұстафаны КСРО-ға қарсы құрылған «Түркістан легионын» құрған сатқын ретінде айыптады. Шындығында, «Түркістан легионы» Мұстафа Шоқай қайтыс болғаннан кейін құрылғанын бүгінде сауатты адамның бәрі біледі. Ал айтулы ұлт қайраткері соғыс кезінде түркістандықтарды неміс жазалаушыларының қолынан құтқарып, қандастарын ажалдан аршалап қалған болатын.

Орталық Азияның «оянуынан» қорыққан КСРО «Түркістан автономиясын» елдің жадынан өшіре алмайтынын түсінгендіктен ол туралы, оны құрушылар туралы тек жаман көзқарас тудыруға тырысты. Соның айқын бір белгісі Мұстафа Шоқайға қарсы жасалған кеңестік үгіт-насихаттың классикалық үлгісі – 1968 жылы жарық көрген, КГБ офицері Серік Шәкібаевтың «Үлкен Түркістанның күйреуі» атты повесі болды. Деректі шығарма ретінде жарыққа шыққан бұл кітапта М.Шоқай бейнесін бас пайдасы үшін Отанын сатып, нацистерге қызмет қылған опасыз ретінде «сомдайды». Алайда әлемде Мұстафа Шоқайдың саяси қызметінің маңызы басқаша бағаланып жатты. Соның бірі – 1953 жылы Түркістан ұлттық комитетінің өтінішіне сәйкес АҚШ Сенаты желтоқсанның 13-ін Түркістан күні деп жариялауы болды.

«Ақтың отын ақымақ үрлеп сөндіре алмайды» деп қазақ халқы айтқандай, түптің түбінде ақиқат айтылмай қалмайды. Бүгінгі тәуелсіз Қазақстанда Мұстафа Шоқай –ұлттық қаһармандарымыздың бірі. Ол құрған «Түркістан автономиясы» жалғыз қазақ қана емес, өзбек, түркімен, қырғыз мемлекеттерінің тарихында да әспеттеліп жатыр.

Әлем тарихында Париж коммунасы секілді 70 күннен аса өмір сүріп, тарих қойнауына кетсе де, халқымыздың дара перзенті Мұстафа Шоқай құрған «Түркістан автономиясы» Орталық Азия халықтарын тәуелсіздікке талпынтқан ұлы оқиға болып қала бермек.

 

comments powered by HyperComments