Ғұмыр бойына созылған экспедиция

138 рет оқылды
0

Ел үшін еңбек еткен жандарды халық ешқашанда ұмытпаған. Әрдайым естерінде сақтап, олар өмірден өтіп кетсе де құрметпен еске алуды дәстүрге айналдырған. Сондай жандардың бірі – академик Шахмардан Есенов. Ол азды-көпті 67 жыл өмірінде артында мол із қалдырды.  Қазақ мектебін бітірген қарапайым ауыл баласы республиканың сол кездегі астанасы Алматыдағы Қазақ тау-кен металлургия институтына оқуға түсіп, оны үздік бітіріп шыққан. Еңбек жолын Жезқазған геологиялық барлау экспедициясында бастаған ол қарапайым геологтан санаулы жылдар ішінде бас инженерге дейін көтерілді.

Есенов өзін «Сәтбаевтың шәкіртімін» дейді екен. Кен орындарын барлап, көлемін анықтау барысында атақты академикпен жиі-жиі пікір алысқанын, қызметтес болған әріптестері әрдайым айтып отырады. Орда бұзар отыздан асқан бойда, 1960 жылы Қазақ ССР Геология және жер қойнауын қорғау министрінің орынбасары, арада бір жыл өткен соң сол саланың министрі болып тағайындалды. Сол кезде ол 33 жаста ғана еді. Кеңестер Одағында мұндай жасында министр болғандар некен-саяқ екен. Ол геологияның қыры мен сырын басқалардан жақсы білді. Ол Жезқазғанның ұшы мен қиырына көз жетпейтін иен даласын экспедициясымен кезіп жүріп, кен орындарын тауып, институтта алған теориялық білімін өндірісте жалғастырып, дамытып отырды. Кейін жинақталған тәжірибесін ғылыми жұмыстарына кеңінен пайдаланған. 1965-1967 жылдары Қазақ КСР Министрлер Кеңесі төрағасының орынбасары қызметіне тағайындалды. 1967 жылы қамал алар шағы қырықтың қырқасына шыққан кезінде Ғылым Академиясына президент болып сайланды. 1974 жылы екінші рет сала министрі, біраз жылдардан соң бұрын өзі қабырғасынан түлеп ұшқан Қазақ политехникалық институтына кафедра меңгерушісі, Қазақстан Тәуелсіздік алған жылы Парламенттің мүшесі болды. Геологияда сіңірген еңбегі бүкілодақтық Лениндік және Қазақстан Мемлекеттік сыйлықтарының иегері атандырған.

Өткен аптада Ғылым академиясында Шахмардан Есеновті көз көргендер, қызметтес болғандар, кейінгі ұрпақ өкілдері 90 жылдық мерейтойын атап өтті. Мәдени шараны Ұлттық Ғылым академиясының президенті Мұрат Жұрынов құттықтау сөзімен ашып, Шахмардан Есенов өмірінің бірқатар кезеңдеріне тоқталды. Академиктің тоқсан жылдық мерейтойы қарсаңында ұлдары мен қыздары  арнайы түсірген «Өмір бойына созылған экспедиция» атты деректі фильмі көрсетілді. Фильмдегі естелік айтушы ғалымдар оның Хрущевтің басшылығы тұсында тағдыры талқыға түскен Маңғышлақты Түркіменияға беру жөніндегі Мәскеуде болған айтыс-тартыста Есенов Қазақстан геологтары да кенді ешкімнен кем өндірмейтінін дәлелдеп бергенін, әл-Фараби бабамызға Орта Азия елдері таласқан кезде саланың білікті ғалымдарын ұйымдастырып, оның есімін өзімізге қайтарғаны жөнінде де құнды естеліктер айтқан. Фильмнен кейін сөз алған академик Серік Қирабаев Есенов жайында көрген-білгендерінен сөз қозғап, оның ұлағатты өмірін өзгелерге үлгі тұтты. Кешті ұйымдастыруға ат салысқандардың бірі Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің вице-министрі Бибігүл Амангелдіқызы  жиналған қауымды академиктің 90 жылдық мерейтойымен құттықтады. «Нұр-Отан» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары Мұхтар Құл-Мұхаммед мырзаның салтанатты жиынға арнаған  құттықтауын «Нұр-Медиа» холдингінің бас директоры Жанай Омаров жеткізді.

– Ұлы адам әрдайым бастамашы болады, себебі ол басқаларға қарағанда алысқа көз тастап, жаңалыққа басқалардан гөрі ерекше ынтық болады…» деп жазған Георгий Плехановтың сөздерімен бастаған естелігінде Мұхтар Абрарұлы осы теңеудің ғалымның өмірі мен тағдырын толық сипаттап беретінін жеткізе келіп: – Өткен ғасырдың басында жазылған Георгий Плехановтың бұл сөздері тамаша адам және ұстаз, елеулі мемлекеттік қызметкер, ғылым мен өндірістегі кереметтей ұйымдастырушы Шахмардан Есеновтің өмірі мен қызметіне тікелей қатысты. Қазақтар үлкен істерге мұрындық болып жүретін алдына қойған биік мақсаттары бар азамат туралы «Отызында орда бұзған, қырқында қамал алған» дейді. Шахмардан ағаның осындай тұлғалардың қатарынан екені даусыз. Сырдарияның бойынан түлеп ұшқан ол шын мәнінде, «өзін-өзі жасады, өз тағдыры өз қолындағы адам» деп айтуға тұрарлық халықтың адамы еді. Оның елі мен жері үшін жасаған адами және кәсіби ерліктерін тізбектеп отырудың қажеті жоқ. Жиынға қатысып отырған жұрт оларды жақсы біледі. Тек оның Қаныш Сәтбаевтың ең сүйікті әрі талантты шәкірттерінің бірі ретінде талай тәжірибеден өтіп, өз саласына ерен еңбегін сіңіріп, 33 жасында-ақ министрлік тізгінін ұстағанын айтсақ та жеткілікті, – деп жазған Мұхтар Құл-Мұхаммед.

Әл-Фараби атындағы ұлттық университеттің ректоры Ғалымқайыр Мұтанов осы оқу орны жанындағы баспадан «Өнегелі өмір» сериясымен шыққан «Шахмардан Есенов» атты кітапты таныстырды. Кітаптың тұсауын академиктер Мұрат Жұрынов пен Көпжасар Нәрібаев кесті.

Иә, академик Шахмардан Есенов өмірде қандай адам болған?  Аты аңызға айнала бастаған академиктің қарапайым тіршіліктегі жұртпен қарым-қатынасы, рухани жан-дүниесі, адами  қасиеттері туралы кезінде көз көргендер не айтқан?

Қазақстанның Халық жазушысы  Әзілхан Нұршайықов:

«… Жезқазған жағының жай-жапсарын тәптіштеп сұрап білгеннен кейін Қаныш Имантайұлы өзінің ең сүйікті шәкіртінің бетіне күлімдей қарады.

– Ал айналайын Шаха, не шаруамен келдің?, – деді Сәтбаев. Ол өзінің жасының, дәрежесінің үлкендігіне қарамастан Шахмарданды құрметтеп, «Шаха» деп атайтын. Шахмардан оған алғашқыда қысылып та жүрді. Бірақ мені олай атамаңызшы деп ағасының аузынан қақпады. Бір жағынан, оным әдепсіздік болар деп те ойлады. Екіншіден, алдына келген үлкен-кішінің бәрін пәленшеке деп құрметпен атау Қанекеңнің сүйегіне сіңген сыпайылық екенін түсінетін. Талай жас адам президенттің кабинетіне кіші болып кіріп, одан марқайып, көңілі көтеріліп шығатынын талай рет естіген де, көрген де болатын.

Шахмардан келген жұмысын айтты.

Оны осынау Жезқазғаннан Орталық Комитет Алматыға әдейі шақыртқан екен. Осындағы Геология министріне орынбасар болуына ұсыныс жасапты. Әлі бітпеген аса маңызды геологиялық зерттеулері бар. Міне, осы жөнінде інісі ағасымен ақылдасуға келіпті.

– Қай орынбасарлыққа ұсынбақ? – деді академик аға басын изей отырып.

– Біріншісіне, Қаныш аға.

– Біріншісіне бар. Оның арты министр болу деген сөз. Бірақ орынбасар болсаң да, министр болсаң да, ғылымнан қол үзбе. Орынбасар кезіңде диссертацияңды тиянақтап таста. Сен дипломсыз да ғалымсың. Бірақ осы күнгі жұрт қатырма тысты қағазға көбірек сенеді. Ал министр болған кезде сенің өрісің кеңейеді. Жалғыз Жезқазған емес, бүкіл Қазақстан кеніне құрық саласың. Сонда Оңтүстік Маңғыстаудағы мұнайлы газ өндірісін де, Жетібай мен Өзен байлықтарын да зерттейсің. Успенка кен белдеуін тиянақтайсың, Алтайдың түсті металын түгендейсің.

Осылай деп Қаныш Имантайұлы екі қолын екі жағына жайды.

– Мінеки, көрдің бе, сонда сенің құлашың бүкіл Қазақстанды қамтиды.  Сонда сен болашақ ұрпаққа қаншама геологиялық қазына көмбесін қалдырасың. Бұған сенің күш-қуатың жететініне сенемін, айналайын.  – Осылай деп академик аға Шахмарданды еркелете арқасынан қақты. – Жолың болсын, қалқам! Жасқанба. Бірақ жай министр болма, ғалым министр бол. Түптің түбінде ғылымға да ие керек. Ал сен ғылым үшін, геология үшін жаратылған жансың. Геология – менің тұңғыш қызым, сенің туған апаң ғой. Ендеше, оны ешқашан жетімсіретпе.

Содан кейін президент үстелді саусағымен тықылдатып, төмен қарап сәл отырды да, бұйра шаш арыстан басын қайтадан жоғары көтерді.

– Сенің дәрежең өскен сайын қас дұшпаның да көбейе береді. Күндеу сөздер де қардай борайтын болады. Бірақ соның бәріне қасқайып, қарсы тұр. Иілме, майыспа, сынба!

Осыдан жеті жыл кейін осы кабинетке өзі ие боларын Есенов онда білген жоқ еді. Бұл 1960 жылдың жазы болатын.

… 1970 жылы менің «Махаббат, қызық мол жылдар»  деген романым жарық көрді. Оқырмандардың жылы сөзімен жігерленіп, бұл кітабымның бір данасын академик жазушы Ғабит Мүсіреповке ұсынуға бел байладым. Есіктен қоңырау шылдырлады. Мырзабек пен келіншегі Зура екен.

– Кімге жазып жатырсың? – деді Мырзабек алдымдағы кітапқа назар аударып.

Мен Ғабит ағамызға осы кітапты сыйлауға тәуекел еткенімді айттым.

− Ойың дұрыс, – деді Мырзабек. – Ағаларың кітабыңды бермесең оқымайды. Оқымаған соң білмейді. Сен екінші кітапқа да автограф жаз.

– Кімге?

– Академия президенті Есеновке.

– Ойбай-ау, ол кісі ғалым ғой. Көркем әдебиетке көз салады дейсің бе?

– Көз салғанда қандай! Әйелі Камила – тарихшы. Әдебиетке құмар адам.

… Мырзабек айтқандай ертеңінде мен Есеновке кедергісіз кірдім. Есенов орнынан тұрып, үстелді айналып, есікке қарай аяңдап келіп қарсы алды.

– Шаха, сіздің уақытыңызды бөлгеніме кешірім өтінемін. Рұқсат етсеңіз, бір-ақ ауыз шаруам бар. Соны айтайын деп келдім.

– Айтыңыз.

– Мынау менің биыл баспадан шыққан кітабым еді. Осыны сізге және сіздің үйдегі келінге сыйлайын деп әкелдім. Шаруам осы ғана. – Папкамды ашып, ішінен кітабымды алдым да, президентке ұсындым.

Ол кітапқа бірден қолын созбады. Алдымен жеңіл қозғалып, креслодан көтерілді. Мен: «Мұнысы несі, кітабымды алғысы келмегені ме?» – деп іштей сасқалақтап, президенттің бетіне қарадым. Шахмарданның денесінің зорлығы отырған адамға айқын білінеді екен. Мен өзімді биік жартастың етегінде тұрғандай сезіндім. Менің қолайсызданып қалғанымды аңғарды ма, жылы жымиып, ұсынған кітабыма қарай қолын созды.

– Кітап деген адамзаттың ұлы ұстазы ғой. Оны түрегеп тұрып қана қабылдау жөн шығар, – деді ол жайлап қана.

Бұл сөзі ол маған арнап емес, өзіне айтқан тәрізді болып танылды, өзімен-өзі сөйлесіп тұрғандай сияқтанды.  Содан кейін кітаптың мұқабасына көз жүгіртіп, алдымен аты-жөнімді ойына тоқуға тырысқандай болды.

«Махаббат, қызық мол жылдар», –  деп романның атын дауыстап оқыды да, кірпігін қайта-қайта қағып, бөгеліп қалды. Содан соң түрегеп тұрған қалпында қоңыр дауыспен тақпақтата үн қатты.

Құдай-ау, қайда сол жылдар,

Махаббат, қызық мол жылдар?!

Ақырын-ақырын шегініп,

Алыстап кетті-ау құрғырлар!

– Осылай ма? – деп ол тағы да жымиып маған қарады.

– Осылай, – дедім мен де орнымнан тұрып.

Ол креслоға қайта жайғасты.

– Мен сіз қызмет ететін энциклопедияда Мұхамеджан ағамыз Қаратаевтан басқа кітап жазатын ешкім жоқ деп ойлаушы едім.

Қаратаев біздің бас редакторымыз. Президент оны ресми түрде фамилиясымен ғана атамай, алдымен «Мұхамеджан ағамыз» деп алуы оның жүрегіндегі үлкенге деген өзгелерде кездесе бермейтін ұлттық ілтипатты аңғартқандай-ды. Өйткені лауазымы жоғары жас жігіттердің бәрі өзінен үлкендерге «Әй, Бәленбаев, сен сөйт, сен бүйт!» деп бұйыра сөйлеуді жаппай әдетке айналдырған болатын.

Президентпен бұл кездесуде мен екі нәрсені көңіліме түйдім. Бірі оның өзіне сыйлаған кітапты орнынан тұрып қабыл алғаны болса, екіншісі, ағаларға деген ілтипаты еді».

Сол кездесуде Шахмардан Есенов жазушыға Абайдың өзге өлеңдерін де жатқа оқып берген. Нұршайықов академиктен мұны күтпесе керек. Аң-таң болып:

– Сіз Абай өлеңдерін қалай жатқа білесіз? – деген сөз аузымнан қалай шығып кеткенін аңғармай қалдым.

Президент қысқа тұжырып жауап берді.

– Жақсы адам, азамат болуы үшін Абай өлеңдерін білуі керек. Одан соң қалаған мамандығыңды игере бер. – Ол осымен тоқтамақ болған сияқты еді. Бірақ сәл ойланып, ойын әрі қарай жалғады. – Бұл әсіресе басшы болып жүрген қазақтарға қажет. Абай өлеңдерін оқып, білмеген адам білікті басшы бола алмайды. Ал мен Абайдың 100 жылдығына шыққан үлкен томын 1945 жылы, студент күнімде, нан картешкесі жойылмай тұрған кезімде сатып алдым. Соны қолтықтап жүріп институтты бітірдім. Соны арқалап жүріп он бір жыл Жезқазған-Қарсақбай арасын, Ұлытау өңірін шарладым, қазақ даласын кездім. Геолог қапшығымда әр жерден тапқан кен тастарының қасында қазақ даласының данышпаны Абайдың кітабы жатты. Менделеев кестесінде жоқ жаңа металл тапсам, атын Абай қойсам деп арман еттім».

Академик Шахмардан Есенов геолог мамандығымен ғана шектеліп қалмаған. Әдебиетке, шешендік сөз өнеріне де ыңғайы барын 1971 жылы 10 желтоқсанда «Қазақ әдебиетінде» жарық көрген «Өнегелі әдебиет үрдісі» мақаласынан да айқын байқалады. Ол сол мақаласында өзінің көркем сөз өнерін саралай келіп: «… Жер қыртысын ақтарып кен іздеген геологтай, жазушылар да адам жанының  бар қыртыс-қалтарыстарына терең үңіліп, қалт жібермей тап басады. Қоғамның қай кезеңі, қандай әлеуметтік ортасы болсын өз қиялдарында қайта толғап, соның көркем болмысын қайта жасауға тек жазушылардың құдіреті жетеді. … Өз халқының, адамзат тарихының даму жолын білмей, өзіңді мәдениетті адаммын деп санау қиын» деген құнды ойларын ортаға салған. Тарихшы академик Кеңес Нұрпейісов: «Шахмардан Есеновті ғылым мен әдебиет, ғылым мен жазушылық өнердің, тарих пен көркем әдебиеттің арақатынастары әрқашан қызықтырып, толғандырып отырған», – дегені де оның осы қасиетін айқындай түседі.

Ол өндірісті ғана ойлап қойған жоқ, ұлттық  мәдениетті де назарынан тыс қалдырмаған жан. Тіпті жан-дүниесі ұлттық мәдениеттің бір саласы салт-дәстүрімен де біте қайнасып кеткен. Оны Мемлекет және қоғам қайраткері Бижамал Рамазанованың «Білікті басшы болды» деп аталынған естелігінен де көруге болады.

«…1965 жылы Мәскеуде пленум өтетін болып, бар басшы соған кетіп бара жатты. Соның алдында ғана Ілияс Омаров Мемлекеттік жоспарлау комитеті басшылығына тағайындалып, орнына Ләйла Ғалымжанова  Мәдениет министрі болған-ды. Қазақ ССР Министрлер Кеңесінің  төрағасы Мәсімхан Бейсебаев пленумға кететін болып, орынбасары Шахмарданды шақырып алып: «Министрлікте мәдениетке уақытша бағыт-бағдар беріп отыратын адам болмай тұр. Сондықтан өндіріспен қоса осы міндетті де уақытша ала жүруіңе тура келеді. Салалық министрлік басшыларына тапсырма бер. Мәдениет саласын көтеруді ойластырсын…  Жоспар жасаңдар», – деп тапсырма береді.

Есенов дереу мәдениет бөлімдегілермен ақылдаса отырып, жоспар жасап, барлық салалық министрлерге арнайы хат жолдайды. Бәрінен де «Мәдениетке бөлінетін қаражат жоқ» деген жауап алады. Сонда Есенов барлық министрлерді шақырып алып, жиын өткізген. Ол: «Мәдениет деген – сіздер ойлағандай алтын мен күміс, мұнай мен темір, көмір емес. Мәдениет – халықтың дәстүрі, салты, әдет-ғұрпы. Көмірің қара, алтының сары екен деп бізді ешкім танып, қадірлемейді. Бізді басқаларға танытатын – мәдениетіміз бен өнеріміз… Оны дамытып, келер күнге жалғап отыратын мәдениет ошақтары: клубтар, мәдениет сарайлары, кітапханалар, театрлар бізде әлі де жетіспейді. Сондықтан мәдениетке сіздер мен біздердің қамқорлығымыз керек. Құрметті жолдастар, турасын айтсам, бүгінгі министрдің орынбасары Есенов те, Мәдениет министрі Ғалымжанова да, сіздер де ертең-ақ бұл өмірден өтеміз де кетеміз. Ал мәдениет, өнер мәңгілік! Ол – халықтың айнасы, беті…», – деп арғы-бергі тарихтан қозғап, қамқорлықтың, нақты шаралардың қажеттілігін айтты».

Академик Досмұхамед Кішібеков «Ел азаматы туралы бірер сөз»  естелігінде тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінін былай топшылапты.

«… Сөз соңында Шахмардан Есеновтің тек үш қана қасиет-қырын баса айтқым келеді. Біріншіден, ірілік, ауқымды, қарымды қасиеті. Ол – оның рухани ірілігі. Қандай мәселе болмасын Шахаң оны сол кең өлшемдік тұрғыдан шешетін-ді. Сол қасиет оны ауылда өскеніне, қазақ мектебінде оқығанына қарамастан орталыққа алып келді. Инженерлік институтқа түсіріп, геолог мамандығын игеріп қана қоймай, оны көрнекті өкілі қатарына дейін көтерді. Геологиялық экспедицияны басқарып, Геология министрі, Министрлер Кеңесі Төрағасының орынбасары дәрежесіне жоғарылатты, Қазақстан Республикасының Ғылым академиясына президент еткізіп сайлатқызды. Жаңа кен байлықтары көздерін ашқаны үшін Лениндік және Мемлекеттік сыйлықтарға лауреат еткізді, дүниежүзілік аты әйгілі ғалымдармен үзеңгелестік дәрежеге жеткізді. Екіншіден, оның адамға барынша мейірімділік, рахымшылық қасиеті. Ол қасиет оның кімге де болса жәрдем, қолдау сұрап келген адамдардың бетін қайтармай, қол ұшын беріп, қолғабыс тигізуге даяр тұрғызды. «Шахаңнан сұрап үй алдым», «Сол кісінің көмегімен еңбегімді бастырып шығардым», «Жағдайымды жөндедім» дейтіндер жиі кездеседі. Шахаңның бұл азаматтық қасиеті әсіресе, Қазақ ұлттық техникалық университетінде ұзтаздық қызмет атқарып жүрген кезінде айқын байқалды. Ол үлкен академиктік дәрежесіне қарамастан студент, аспирант, жас талапкер мұғалімдермен өзін тең ұстап, олармен ашық сөйлесе білді, жағдайларын пайымдап жүрді. Жиналыс, кеңестерде солардың атынан мәселе қойып отырды. Сондай-ақ, ол мемлекеттік мүдденің тізгінін де ұстап білді. Үшіншіден, Шахаңның ержүрек, батыл, батыр ойын бүкпей айтатын адам болғандығы. Орыста «Семь раз отмерь, один раз отрежь» деген мақал бар. Шахаң ішінен неше рет өлшеп, есептейтінін кім білсін, әйтеуір мәселе шешуге келгенде жалтақ емес, қолы қалтырамайтын, батыл кісі болатын.  Қоғамда мұндай адамдардың болуы, әрине ғанибет. Ешкімді сергелдеңге салмайтын.

Осы айтылған үш қасиеттің біріншісі – оны әлем көгіне көтеріп, ғалым, мемлекеттік қайраткер жәрежесіне жеткізсе, екіншісі – адамның досы, жанашыры, гуманист етті, халыққа жақындастырды. Үшінші қасиет – оның өз басына келгенде неше түрлі ауыртпалықтар да әкелді. Кейде Шахаң: «Осы менің тұзым жеңіл, кісіге жақсылығым өзіме зиян болып қайтады», − деуші еді. Бірақ сонда да болса ол осы мінезінен ауытқыған емес, істеген ісіне өкінбейді. Шахаң біртуар ел азаматы бола білді».

Академик Камал Ормантаев:

«… Шахмардан ағамен алғаш рет Мәскеуде қонақүйде таныстым. Бізді сол кездегі Қазақстанның Ресейдегі елшісі, техника ғылымдарының докторы, қазақтың абзал азаматтарының бірі Беркімбай Пәрімбетов мырза таныстырған-ды. Дәл содан бері Шахаңмен ең көңілі жақын, бірге туған ағалы-інідей боп сыйласып кеттік. Ақылы мінезіне, мінезі тұрпатына сай кең ойлап, кең пішетін, тереңнен толғап, әріден түйіндейтін, болашағын анық болжайтын көріпкелдігі бар тамаша жан еді.

… Шахмардан ағаның ана жылы Ұйғыр ауданына аң аулап барып, Кетпен ауылында тұратын Нұркен Ақпаров деген азаматтың үйінде қонақта отырып айтқан мына бір өсиетті сөзін осы күнге дейін ұмыта алмаймын. «Камал, іргелі ел, мәдениетті халық болғымыз келсе, анау дүниежүзіндегі ең өркениетті мемлекеттер қатарында өмір сүргіміз келсе, ұрпағымыздың тәрбиесін ата-баба дәстүрі негізінде қолға алуымыз керек. Бүгінгі сәби – ол ертеңгі еліміздің ер-азаматы», – деген ұлағатты сөзі дәл бүгін айтылғандай құлағымда тұр».

Геология-минерология ғылымдарының докторы Борис Зейликтің де естелігі жұртты бейжай қалдырмасы анық. Ол өзінің естелігінде Балқаш геология-геофизикалық экспедициясының бастығы болып істегенін, Геология министрі Шахмардан Есенов сыртта іс-сапарда жүргенде  Орталық Комитеттің ауыр өнеркәсіп бөлімінің басшысы шұғыл шақырып, ай-шай жоқ қызметтен босатылатынын, орнына Алматыдан басқа маман баратынын жеткізген. Сол кезде Шахмардан Есенов келіп қалып: «Осы саланың министрі менмін. Неге экспедиция басшысының тағдыры менсіз шешілмек», – деп бөлім қызметкерлеріне қарсы тұрып, оны қорғап шыққан.

Егер сол кезде Есенов болмағанда оның тағдыры басқаша шешілер еді. Есеновтің өз кадрларына деген жанашырлығы, оларды қай кезде де  жоғарының  әділетсіз әрекеттерінен қорғағаны басқа да жандардың естеліктерінде кездеседі.

Қазақстан Жазушылар одағы және Сәулетшілер одағының мүшесі Сайын Назарбек  академикпен болған әңгімесін әлі күнге ұмытпапты. Ол бір жолы Есеновтің Маңғыстау мұнайы жөнінде: «Маңғыстаудың мол мұнайын игеруге өзіміз аздық еттік. Жергілікті ұлттық кадрлар жетіспейді. Алматыда мұнай факультеті ашылғанымен, студенттер бітіріп үлгере алмай жатыр. Содан мұнайшы мамандарды басқа жақтан шақыруға тура келді. Мемлекет Маңғыстауға мол қаражат бөлмек». Сол қаражаттың игілігін өз халқым көрсе екен деген ой Шахаңа маза бермеді. Жоғары жақтағы басшылармен келіспей-ақ, өзі Түркіменстанға өкілін жіберген. Өкіл қазақ мұнайшыларымен кездеседі. Оларды Маңғыстауға қоныс аударуға үгіттейді, қаржылай көмек көрсетуге уәде береді. Мамандар біртіндеп тарихи Отанына орала бастаған. Бір күні Шахаңды Мәскеудегі Орталық Комитет шұғыл шақыртып, қатаң талап қояды. «Енді Түркіменстаннан бір үй көшіріп алатын болсаң, партбилетті үстелге қоясың», – деп қатаң ескерту жасаған.

Иә, академик Шахмардан Есенов үлкеннің алдында ізет сақтап, кішілерге қамқор бола білген жан екені естеліктерден анық байқалып тұр. Адами қасиеттерін жоғары ұстаған академик кезінде еліміздің ғылымын жоғары сатыға көтере отырып, қоғамдық-саяси өмірде ірі тұлға болып қалған.

Кештің соңынан Абай атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық опера және балет театрының әншілері Бағдат Тілегенов жетекшілік еткен фолклорлық-этнографиялық «Сазген сазы» ансамблінің сүйемелдеуімен концерт берді.

comments powered by HyperComments