Рашид Жақсылықов: Біз – жерасты байлығына көп сенетін халықпыз

2 461 рет оқылды
0

Мұнай мен газ – отандық экономиканың тірегі. Мемлекеттік бюджеттің негізгі кіріс көзі де осы саладан. Бүгінде әлемдік мұнай алпауыттарымен отандық кәсіпорындар да бәсекеге түсіп жүр. Жер қойнауынан шикізат өндіруде қазақ мұнайшылары қаншалықты қарымды? Шетелдік инвесторлар ішкі мұнай нарығын дамытуға қаншалықты мүдделі? Мұнай арзандады, бірақ елімізде бензин қымбат. Неге? Мұнай өңдеу зауыттары ішкі сұранысты неге толық қанағаттандыра алмай отыр? «KazService» Қазақстандағы мұнайсервистік компаниялар одағының Президиум төрағасы Рашид Жақсылықов мырза отандық мұнай кәсіпорындарына қатысты бірқатар түйткілдің бетін ашып, оларды жоюдың жолдарын көрсетті.

«Экономиканы дербестендіру керек»

– Рашид Хасенұлы, әлемдік мұнай нарығындағы қазіргі ахуал отандық мұнай саласына қалай әсер етіп отыр?

– Бір өкініштісі, халық мұнайшыларды мұнай нарығындағы жағдай ушыққанда ғана еске алады. «Қара алтынның» бір баррелі 100 доллардың үстінде тұрса, экономика құлдырамаса, жағдай қиындамаса, «отандық мұнайшылардың жағдайы қалай екен?» деп ешкім алаңдамайтыны қызық. Мұнай саласын дамыту үшін не істеу керек? Тиімділігін арттырып, тың серпін беру үшін қалай ықпал етуге болады? Бұған дейін де мұнай бағасы арзандағанмен жағымсыз құбылыс ұзаққа созылған жоқ. Мәселен, 2008 жылы дағдарыстан 8-9 айдың ішінде тез еңсемізді түзеп алдық. Алайда «қара алтынның» құны қайтадан түссе, экономикаға кері әсер етпеудің жолдары қарастырылмады. Терең зерттеу жұмыстары жүргізілген жоқ. Әлбетте, Қазақстан экономикасына әлемдік нарықтағы мұнайдың арзандауы кері әсер етуде. Біріншіден, біздің бюджетіміздің негізгі кірісі мұнай мен газ өндірісінен түседі. Екіншіден, 1 мұнайшыға 5 мұнай қызметкерінен келеді. Сонда егер елімізде 50 мың мұнайшы бар болса, оған 250 мың мұнай қызметкерін қосыңыз. Егер сол екі жүз елу мың азаматтың отбасында орташа есеппен алғанда, бес адам бар деп есептесек, 1 миллион 200 мың адам  мұнай саласының арқасында күн көріп отыр. Сондықтан біз мұнай өндіру саласына аса қатты мән беріп, оның дамуына жағдай жасауымыз керек. Бұл экономикалық тәуелсіздігімізді нығайтуға сеп.

– 2008 жылы дағдарыстың алғашқы толқынында ұзақмерзімдік жоспар құрмағанымызға қынжылдыңыз. Сіздіңше, қандай шаралар атқарылмай қалды?

– Ең алдымен мұнай саласына балама бола алатын тағы бір салаларды дамыту керек еді. Яғни, экономиканы дербестендіру. Еврейлерде: «Бар ақшаңды бір қалтаға салма»,  – деген жақсы сөз бар.  Ауыл шаруашылығы, мал шаруашылығын дамыту, отандық өнім өндіруге көңіл бөлу т.б. Қазақстан Дүниежүзілік сауда ұйымына мүшелікке өтті. Бірақ мен «еуропалық, америкалық инвесторлар Қазақстанға келеді де өндіріс орындарын үйіп-төгіп салып тастайды» дегенге сенбеймін. Оларға бұл тиімсіз. Керісінше, өздері өндірген дайын өнімді қазақ нарығына енгізуге, көптеп сатуға мүдделі болады. Сондықтан индустриаландыру бағдарламасын пайдалана отырып, экономиканың нақты саласын дамытуға күш салу қажет еді. Қазір біз мұнайды шикі түрінде сатумен мазутты отын ретінде жағумен шектеліп отырмыз. Ал мұнайдан шығатын қалдықтармен қаншама саланы аяғынан тік тұрғызуға болады. Атап айтқанда, күкірттен күнделікті қоқыс салып шығаратын целлофан қалтаны шығаруға мүмкіндік бар. Медицина саласы соңғы кездері мұнай қалдықтарын кәдеге жаратуға жайлап мойын бұрып келеді. Қалдықтардан тұтынатын өнімдер өндіруге көңіл бөлмеушіліктің астарында еліміздегі кен қойнауларын игеріп жатқан шетелдіктерге қызмет етуді қанағат тұтушылық жатыр. Бірақ «осыған да шүкір» дейтін тәубешіл, қанағатшыл сезімнен арылуымыз қажет. «Бүгінімнен ертеңім жақсы болсын» деген ынтамен, құлшыныспен әрекет етуді үйренетін кез жетті. Біз –жерасты байлығына көп сенетін халықпыз. Бірақ жер бізді емес, біз жерді байытатынымызды әлі күнге ұқпай келеміз. Кейде іргелес отырған екі көршіні алсақ, бірінің ауласында жеміс-жидегі жайқалып тұрады, ал бірінде керісінше, қу тақыр. Жігіттің екі анасы болады. Бірі – жарық дүниеге әкелген анасы, екіншісі – еңбек.

– Әлемдік нарықтағы мұнай бағасының төмендеуінен ішкі нарыққа төнген қауіп бар ма?

– Қауіп деуге келмейтін шығар, салдары бар. Мұнай құны күрт құлдырап кеткеннен кейін ірі мұнай компанияларының көпшілігі алдарына қойған даму жоспарларын тоқтатып тастады. Бұл – соларға қызмет көрсетіп отырған кәсіпорындарға жұмыс берілмейді деген сөз. Қызмет көрсететін компанияларды бөліп қарастырсақ, жобалаудан басталып, тасымалдаумен аяқталады. Олардың ортасында құрылысшылар бар, бұрғылаушылар мен қажет дүниелерді жеткізушілер бар. Егер өнім өндірілмесе, қосалқы нысандар салынбаса, отандық мұнай компанияларының жағдайы қиын. Мен Маңғыстау, Атырау, Ақтөбе, Қызылорда мен Батыс Қазақстан облыстарындағы ағайынды айтып отырмын. Ол жақтағылардың басым бөлігі – ірі мұнай компанияларының төңірегінде нан тауып жүргендер. Теңге бағамының құбылуы мен мұнайдың арзандап кетуінен мұнай кәсіпорындары шығындарын тежеп отыр. Осының салдарынан мұнайдың арқасында жан бағып отырған 250 мың азамат тығырыққа тіреледі. Өйткені жұмыс жоқ қой. Яғни, мұнай нарығындағы жағымсыз жайт біздің аяғынан енді тік тұрып келе жатқан экономикамызды шатқаяқтатты.

– Ірі мұнай компаниялары тоқтап қалған жобаларын қайтсе жалғастыра алады?

– Бүгінде мұнай бағасы тым болмаса 60 доллардан ассын деп жанталасып жатыр бәрі.  Егер алпыстан жоғарыласа, компаниялар даму бағдарламаларын қайта қолға алуға уәде беріп отыр. Екіншіден, инвесторлардың кірісі азайғандықтан, мойнындарындағы әлеуметтік жауапкершілікті орындауға шамалары жетпей жатыр.

Шетелдердің қитұрқы ойыны сабақ болуға тиіс

 – Шет елдерден келетін еңбек ресурстарының шабуылынан қалай қорғану керек?

– Қазақстанның шығысы мен батысында екі алып мемлекет іргелес жатыр. Батыстағы көршіміздің Еуропамен арасы бұзылса, жұрт қай елден жұмыс іздейді? Әлбетте, Қазақстаннан. Қызмет бабымен ай сайын кем дегенде 7-8 ресейлік компания өкілдерімен кездесіп тұрамыз. Олар біздің мемлекеттегі әр компаниялармен келісімшарт жасай отырып, өз кәсіпорындарын дамытқысы келеді. Олар несімен ұтады? Ресейде, мұнай өндірісі ғылым ретінде де жақсы дамыған. Олар мұнда келгенде тәжірибесімен, технологиясымен, жылдар бойы жинаған мамандарымен келеді. Сонымен қатар олар рубльді еркін айналымға жібергенде біз теңгені күштеп ұстап отырдық. Ресейліктер ұсынатын қызмет құны бізге қарағанда әлдеқайда арзан болғаны және біздің ішкі нарыққа оңай енгені осы себепті. Ал енді шығыстағы көршімізге келсек, оның екпінінен біз ғана емес, бүкіл әлем сескенеді.

– Қазақстан Дүниежүзілік сауда ұйымына толық мүшелікке өткенде қалай болады жағдай?

– Егер 2021 жылға дейін экономиканы дербестендіріп, импорт көлемін азайтып, ішкі нарықты отандық тауарлармен қамтамасыз ете алатын жағдайға жеткізбесек, жағдай қиын болады. Дүниежүзілік сауда ұйымына кіргеннен кейін отандық компанияларға жағдай жасау, жеңілдіктер беру деген тәрізді мәселелерді қозғау әсте мүмкін болмай қалады. Егер ДСҰ шарттарын бұзсақ, айыппұл төлеуге мәжбүрлейді. Дотация не қаржылық қолдау дегенді мүлде ұмытамыз. Сондықтан табыс көзі болады деген салаларға баса назар аударып, олардың кіріс қуаттылығын арттыру қажет.

– Тәуелсіздік алған 24 жылдың ішінде экономиканы дербестендіріп, нақты салаларды толығынан аяғынан тік қоя алмадық. Әлі күнге импортқа тәуелдіміз. Айналдырған бес жылдың ішінде қыруар шаруаны атқарып үлгереміз бе?

– Адам өмірінде 24 жыл өте ұзақ көрінуі мүмкін. Бірақ мемлекет тарихында бұл қас-қағым сәтпен тең. Әрі жиырма төрт жылды босқа өтті деуге болмайды. Біз экономиканың басымдық берілуі тиіс қандай салалары бар екенін және оны қалай дамытуға болатынын үйрендік. Екіншіден, әртүрлі бағдарламалар арқылы кәсіби мамандар дайындап жатырмыз. Үшіншіден, еліміздегі отандық компаниялар халықаралық стандарттарға жауап бере алатын деңгейге көтерілді. Мәселен, «ТеңізШевройл» компаниясының еншілес кәсіпорындары. Табыс көзін көрген сайын құныға түсу – экономикалық заңдылық. Шетелдіктердің қитұрқы ойыны бізге сабақ болуы тиіс. «Олар сөйтіп жатыр ғой» деп қол қусырып қарап отыру бізге әсте жараспайды. Кім ақылды? Кім сапалы әрі қауіпсіз қызмет ұсынады? Кім жұмысына жауапкершілікпен қарайды? Солар ғана сұранысқа ие. Қазақстан Тәуелсіздігін алғаннан кейін келген компаниялардың бәрі осындай таңдаулылар. Біз үшін таңсық көрінген салаларды шетелдік компаниялардан үйрендік. Бүгінде отандық мұнай компаниялары әлемдік деңгейдегі әріптестерімен бәсекеге түсуге дайын. Бәлкім, ауыл шаруашылығы сияқты саланы ойлану керек шығар. Бірақ шетелдік мұнай компаниялары жер қойнауын игеру мақсатында келген күннен бастап, біз олармен қоян-қолтық жұмыс істеп келеміз.

– Соңғы кездері «қазақстандық тауар» мәселесін жиі көтеріп жүрсіздер. Сіздерді алаңдататын не?

–  Мұнай-газ саласындағы қызмет көрсету саласы негізінен үшке бөлінеді: біріншіден, жеңіл қызмет – сабын, қағаз жеткізу немесе мұнайшылардың тамағы т.б. Одан табатын пайда аз, 15-30 пайыз арасында.  Екіншіден, жеңілдігі орташа қызмет: инжиниринг, жобалау, құрылыс, тасымал т.б. Қазір мұндағы отандық кәсіпорындардың үлесі 60 пайызға жуықтады. Әлемге танымал ірі компаниялармен бәсекеге түсіп, иық тіресе қызмет көрсетіп келе жатыр. Үшіншісі, жоғарғы саты, яғни, жоғары технологиялық қызмет көрсету. Бұл жерде табатын кіріс көзі 100-200 пайыз көлемінде. Қазір біз кіре алмай отырған да – осы сала. Ақылымыз не қабілетіміз жетпегендіктен емес, Қазақстанда жоғары технологиялық өндіріске қажетті бөлшектерді шығаратын зауыт жоқ болғандықтан. Ендігі мақсатымыз – жоғары технологияларды шығаратын зауыттарды елге көшіру. Әрине, қазір жоғары технологияларды шығарып отырғандар үшін Қазақстан нарығы қызық емес. Өйткені тиімсіз: халық саны аз. Біз оларға қызмет көрсету орталықтарын аштыруға тиіспіз. Мәселен, сұхбатымызды жазып отырған сіздің диктофоныңыздың ішін ашып көрмесек, оның қалай жасалғанын білмейміз ғой. Егер біз қалап отырған қызмет көрсету орталықтары ашылса, бұзылған бөлшектерді Қазақстанда-ақ ауыстыратын отандық мамандар тәжірибе жинақтар еді. Бизнестегі қағида – барынша тиімді, барынша арзан ұсыныс жасау, қызмет көрсету.

– Отандық мұнай компанияларына мемлекет тарапынан қандай қолдау бар?

– Бүгінгі KIOGE конференциясын Үкімет ұйымдастырып отыр. Шараға шетелдік компаниялардың өкілдері де қатысуда. Олармен келіссөздер жүргізіп, өзара тиімді серіктестік орнатуға мүмкіндік алдық. Қалаған компаниялармен жеке-жеке кездесіп, он бес шақты отандық кәсіпорын тиімді мәміле жасады. Конференциядан бұрын Атырауда «ТеңізШевройлдың» 40-тан астам қызметкері қазақстандық мұнайшыларға ішкі мұнай нарығын дамытудың жолдары, алдарына қойған мақсат-жоспары, қол жеткізу тәсілдері т.б. өз салаларына қатысты мәселелерді егжей-тегжейлі түсіндіріп берген. Бұл біздің инвесторлар талабын жете сезінуімізге және оларға жауап беруімізге оң ықпал етеді. Тендерлерден неге қалыс қала беретініміздің де басын ашып алдық. Жергілікті мұнай өндіруші компанияларды екіге бөлеміз: біріншісі, ашық топ. Олар шынында да, отандық кәсіпорындардың дамуына мүдделі әрі қолдайды. Екіншісі, жабық топтар, тек қара басын ойлайтындар. Қазақстанға инвестор болып келсе де, біздің елді инвесторына айналдырғысы келеді. Ашық жұмыс жасайтындардың қатарындағы «ТеңізШевройл» қазақстандық сервистік мұнай компанияларының дамуына орасан зор үлес қосты. Ондай кәсіпорындар өздерінің даму жоспарларын бізге алдын ала жариялап отырады. Тендерге қатысқысы келетін отандық компанияларға байқау кезінде кездесетін техникалық кедергілерді егжей-тегжейлі түсіндіріп береді. Шет елдердегі отандық кәсіпорындармен қызметі сәйкес келетін ірі компаниялардың жұмыс тәсілін кеңінен үйретеді. Мұнай-газ саласына қажетті отандық мамандарды өз қаражаттарына шет елдерде оқытып әкелді. Тағы бір шетелдік ірі мұнай компаниясы өздерінің тендеріне тек қазақстандық кәсіпорындарды ғана қатыстыруға шешім қабылдады. Біздегі шетелдік компанияларға рұқсат жоқ. Есесіне, Ақтөбедегі қытайлық CPNC компаниясымен келіссөздер ауыр жүріп жатыр. Дегенмен, соңғы бес айда бірқатар тиімді келісімдер жасалды. Біз оларға «Қазақстан мамандарына ерекше бап керек» деп отырған жоқпыз. Тек тепе-теңдікті қалаймыз. Мәселен, неге қазақ мамандары CNPC төңіректесе де, екі қолға бір күрек таба алмай жүр? Осыдан он жыл бұрын CNPC біздегі жұмысын енді бастағанда оның аяғынан тік тұрып кетуіне отандық кәсіпорындар көп үлес қосты. Енді қазір күшейіп алған CNPC отандық мұнай компанияларымен арадағы байланысты шорт үзді. Бұл дұрыс емес қой. Бір кездері мыңнан астам адамға жұмыс беріп отырған «Ақман» бұрғылау компаниясы Тараздан, Оралдан жұмыс іздеп кетті. Қазір олыс әкімдігімен де, CNPC компаниясымен де мәселені шешу мақсатында жұмыс істеп жатырмыз. Мұнайшылр мен мұнай компанияларының құқығы аяққа тапталса, біз дәлелдерді жинаймыз да «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасына жолдаймыз. Осылайша, қолдан келген көмекті көрсетуге тырысамыз. Болашақта  CNPC өткізетін тендерлерге Ұлттық Кәсіпкерлер палатасы бақылаушы ретінде қатысатын болды. Өйткені жемқорлықтың арқасында күн көріп отырған қытай компаниялары көп. Мәселен, жобаны жүзеге асыруда бесінші, алтыншы деңгейдегі мердігерлікті, яғни, аяқтауды қазақстандық компаниялар мойнына алады, ал олар тек делдалдық қызметтің арқасында оңай олжаға кенеліп отыр.

«Мұнайдың құрамы әртүрлі»

– Жобалауға қатысты түйткілді де көтеріп жүрсіз. Қиындық неде?

– КСРО кезінде жобалауды Мәскеудегілер қолға алатын. Қазақстанға тек дайын жобалар келеді. Тәуелсіздік алғаннан кейін жобалау міндеті жүктелген шетелдік кәсіпорындар өз елдерінде отырып, Қазақстандағы кәсіпорындарды қайдан білсін?! Сол себепті жобаға әлемге танымал ірі компанияларды тартады. Ал жобалауда көрсетілген нәрсені тіпті, инвестор да өзгерте алмайды. Бастапқыда жобалауда отандық компаниялар қамтылмағандықтан, біз жобалау мәселесін қолға алдық. Қазір Құдайға шүкір, жобалаудың 50 пайызға жуығы Қазақстанда өтіп жатыр.

– Шетелдік және отандық қызметкерлерге жалақы тағайындауда әділетсіздік жиі қылаң береді. Мұндай жайт мұнайшылар арасында да кездесе ме?

– Ешкімді қолынан ұстап алған емеспіз. Бірақ естуімше, Қазақстан азаматтары айына 2 мың доллар алса, дәл сондай лауазымдағы шетелдік қызметкер күніне 800-2000 доллар арасында жалақы алады екен.

– Мердігерлерге қатысты қозғалған түйткілге не себеп  болады?

– Кейбір шетелдік компаниялар мердігерлікке отандық кәсіпорындарды көп қатыстырмас үшін және мың адаммен келісімшарт жасаспас үшін тендерді аса көп сомаға, мысалы, 1 жарым миллиард долларға жариялайды. Оны алу үшін 30 пайыз кепілдік беруіңіз керек. Қазақстанда қандай компания 500 миллион долларлық кепілдік бере алады? Мұндайда міндетті түрде шетелдік компания ұтады да, жұмысты қазақстандық компанияларға тапсырады. Бізде қазір жобалаудан бастап, кілтіне дейін дайындап бере алатын кәсіпорындар баршылық.

– Халық «әлемдік нарықта мұнай арзандады, бірақ бізде бензин қымбат» деп ренжиді. Мұнайды өңдеуде неге осалдық танытамыз?

– Қазақстандағы үш мұнай өңдеу зауыты ішкі нарықты толық қамтамасыз ете алмай отыр. Себебі зауыттар КСРО тұсында салынған. Ол кезде «отыз жылдан кейін Қазақстанда төрт миллион көлік жүреді» деп ешкімнің ойына кіріп шықпағаны анық.  Екіншіден, неге сол зауыттар қайта құрылымдауға жиі жабылады? Өйткені аталған нысандар Кеңестер Одағының талабына сай салынған, тозығы жеткен. Үшіншіден, КСРО-ның қитұрқы саясаты сол, Қазақстандағы мұнай өңдеу зауыттары тек Ресейдің мұнайын ғана өңдеуге арналған болатын. Ескеретін жайт, әр елдегі мұнайдың химиялық құрамы әртүрлі. Салыстыруға мүлде келмейді. «Неге арабтар бізден бай?» деп наразы болады кей ағайын. Себебі арабтардың мұнайы өте сапалы әрі арзан. Ары кетсе, бес доллар. Оны алып, танкіге құйсаң да, жүре береді. Ал біздің мұнаймен ілесіп құм, су, тұз, газ, парафин мен күкірт шығады. Батыстық нарыққа шығару үшін тазалап жіберу қажет. Ал бұл қосымша шығын.

– «KazService» мұнай одағында қанша компания бар?

– Бұл өте қызық сұрақ. Өйткені біздің азаматтар арнайы бір жоба үшін компания құрады, сосын жоба аяқталғасын басқа жоба таба алмайды да, компаниясы тоқтап қалады. Яғни, біркүндік кәсіпорындар да бар. Сондықтан мекемелердің санына қатысты нақты ақпарат беру қиын. Одаққа 100-ден астам компания мүше. Олардың алпыс пайыздан астамы тұрақты жұмыс істеуде.

– Әңгімеңізге рахмет!

Әңгімелескен Нәзия Жоямергенқызы

comments powered by HyperComments