Әмірлер мен уәзірлер: Қандай жаза күтіп тұр?

91 рет оқылды
0

Кәрі құрлықты мигранттар мен Брексит діңкелетіп отырғаны аздай, оған Каталония дағдарысы бас ауру болып жабысты. Брюссель Барселонадан қашып шыққан каталондық шенеуніктерді бас сауғалатам деп, Мадридпен қырғи-қабақ болуға шақ қалды. Кеше ғана тәуелсіздік жариялаған каталондық шенділер бүгін түрмеде отыр. Осылайша, Еуропа өз ішіндегі тартыспен әуре болып жатқанда, Таяу Шығыстағы жағдай тағы мәз емес. Сауд Арабиясы 2030 жылға дейін жаңа сипаттағы елге айналу үшін ішкі тазарту жұмыстарын бастап кетті. Мұнда министрлер ғана емес, Сауд монарх әулетінің төре тұқымдары тұтқынға алынып жатыр.

КЕШЕГІ МИНИСТРЛЕР  БҮГІН ТҮРМЕДЕ

Өткен аптада Испания үкіметі Каталония женералитетінің бірнеше мүшесін тұтқындады. Осыдан соң женералитет президенті Карлес Пучдемон жеті бірдей үкімет мүшесімен бірге Брюссельден бір-ақ шықты. Оның бас сауғалап келгені әмбеге аян, себебі егер төңкеріс ұйымдастырды деген айыппен тұтқындалса, оған 30 жылға дейін жаза кесілуі мүмкін. Өзінің айтуынша, ол Каталония мәселесіне Еуропа одағы мүшелерінің назарын аудармақшы. Енді Мадрид еуропалық одақтастарынан Пучдемонды экстрадициялауды талап етіп отыр. Бұл іс қазір бельгиялық соттың қарауында, кешегі жексенбіде сот Пучдемонды адвокаттың қатысуымен тергеуге алды, бірақ қандай шешім шығаратыны әзірше күңгірт.

Жалпы, Пучдемонның Брюссельде уақытша тұрақ табуы ең әуелі Бельгия үкіметінің тынышын алатын сияқты. Каталондықтардың тәуелсіздік үшін күресі, Пучдемонның саяси қолдау іздеп Брюссельге келуі Бельгияның фламандтық ұлттық партиясының қолтығына су бүріккендей әсер етті. Осы партияның мүшесі, Бельгияның вице-премьері әрі ішкі істер министрі Ян Джамбон «Еуропа одағына мүше мемлекет осындай шетін қадамға қалай барды деп таң қалам» деп, испан үкіметінің іс-әрекетін сынға алды. Ал иммиграция министрі Тео Франкен «Пучдемон Бельгиядан саяси баспана сұрауы тиіс» деген мағынадағы мәлімдеме жасап, отқа май құйғандай болды. Шындығында, Бельгия үкіметі Пучдемон мен оның жақтастарын Мадридке экстрадициялауды құптаса да, бұл шешім қабылданам дегенше үш ай өтеді. Ал бұл аралықта Пучдемон саяси баспана сұрап, арыз беруге құқылы. Ол қазір онсыз да «Испания саяси жүйесіне сенімі қалмағанын» айтып жүр. Ендеше, ол келесі жылдың қаңтар айына дейін Брюссельде қалуы әбден мүмкін.

Америкалық www.сnbc.com сайтында жарияланған «The Associated Press» агенттігі тілшісінің мақаласында Бельгияның бүгінгі халі нақпа-нақ суреттелген:

Тұпнұсқа:

«The Catalan crisis is being called a «nightmare» and a «time bomb» for Belgium’s government. The outlawed independence referendum in Catalonia hasn’t just sparked a political crisis in Spain. The flight of the region’s ousted president to Brussels is sowing divisions within the Belgian government and looks set to damage ties between the two European Union partners».

 

Аудармасы:

«Каталония дағдарысы Бельгия үшін «түн ұйқысынан шошытатын» және «жарылғалы тұрған бомба» деп атала бастады. Референдум арқылы жарияланған тәуелсіздік Испанияда ғана саяси дағдарыс тудырған жоқ. Лауазымынан айырылған президенттің Брюссельге ұшып келуі Бельгия үкіметінің ішіне іріткі салып, Еуропалық одақ аясындағы екі әріптестің арасына сына қағып отыр».

(Сілтеме: https://www.cnbc.com/2017/11/06/the-associated-press-catalan-crisis-belgiums-nightmare-spain-ties-at-risk.html).

Пучдемон болса, өз жақтастарының тұтқындалғанына қарамастан, қайтадан Барселона аймағының басшысы болуға дайындалып жүр. Испания үкіметі Каталония женералитетін таратып, 21 желтоқсанға кезектен тыс сайлау белгілеген. Брюссельдік прокурорлар Пучдемонның сайлауға түсе алатынын мәлімдеді.

Ал Испания премьер-министрі Мариано Рахойды осы елдің бұрынғы диктатор басшысы Франкоға ұқсататындар қатары күн сайын көбейіп келеді. Тәуелсіздікті талап еткендерді қудалаймын деген Испания еуропалық және демократиялық құндылықтарға кіреуке түсірді.

«Ритц-Карлтон»: Қамаудағы  құзырлылар

Өткен сенбіде Сауд Арабиясын билеуші әулеттің 11 өкілі тұтқынға алынғаны туралы суыт хабар әлемдік ақпарат айдыны үшін аспаннан жай түскеннен кем әсер еткен жоқ. Әулет мүшелерімен бірге төрт бірдей министр және бірнеше бұрынғы министрлер абақтыға қамалған. Осылайша, король Салман бин Абдул Азиз жалпақ әлемге өз елін «сыбайлас жемқорлықтан тазартып жатқанын» жариялады. Расында, Сауд Арабиясының ішкі жағдайымен таныс адамға 81 жастағы корольдің мұндай кешенді әрі батыл іске тәуекел етуге қауқары аз екені белгілі. Мемлекеттің бар ісі қазір 32 жастағы тақ мұрагері Мұхаммед бин Салманның құзырына көшкен. Аса маңызды шешімдердің бәрін тақ мұрагері қабылдайды. Ендеше, жемқорлықпен күрестің артында жас әмірдің тұрғаны құпия емес.

Әзірге анық болған жайт, тұтқындалған әулет мүшелері Эр-Риядтағы Ритц-Карлтон бес жұлдызды қонақүйінде қамауда отыр. «The New York Times» газеті күзетшілердің бірі түсірген бейнетаспа мен фотосуреттерді ғаламторда жариялады. Онда тұтқындардың үлкен фойеде, еденге қаз-қатар салынған төсеніштерде ұйықтап жатқаны бейнеленген. Қамауға алынғандардың ішінде Twitter, Apple, Citigroup сияқты ірі жобалардың инвесторы, миллиардер Әл-Уалид бин Талал, кеше ғана экономика және жоспарлау министрі болған ханзада Әділ Факих, Ұлттық гвардия министрлігін басқарған ханзада Митаб бин Абдулла бар. Олардың бәріне ел аумағынан шығуға рұқсат жоқ, бұған қоса банктердегі есеп-шоттарына бұғау салынған.

Осы орайда, жергілікті қаламгерлердің бұл жанжалға қатысты ой-пікірін білгеннің айыбы жоқ. Саудтық журналист әрі жазушы Халед Батарфи 5 қараша күні «Saudi Gazette» газетінде «Сауд Арабиясы және сыбайлас жемқорлықпен күрес» атты мақала жариялаған. Ол тақ мұрагері Мұхаммед бин Салманның жемқорлықпен күресті дәл қазір бастауының себебін былай деп түсіндіреді:

 

Тұпнұсқа:

«We have had to live with corruption issues for ages. Tons of cases were opened and closed, with years of investigations and few indictments. The government agencies charged with the task of fighting corruption have failed so far to give us solid results. Many of those responsible for the disasters like Jeddah floods in 2010 and 2013, are still free to enjoy the millions/billions they stole in the form of money and real estates. Not to mention all the mega projects with inflated cost and deflated quality and the shady deals, power abuse, money laundering and misuse of public funds and properties»

 

Аудармасы:

«Сыбайлас жемқорлық жылдар бойы біздің өміріміздің ажырамас бөлшегі болды. Том-том қылмыстық істер ашылып, жылдарға созылған тергеу-тексеру жұмыстары жүргізіліп, санаулы ғана айып тағылды, ақыры талай іс аяқсыз қалып келді. Сыбайлас жемқорлықпен күресуге тиіс болған мемлекеттік мекемелердің жұмысы мардымсыз болды, нақты нәтижеге қол жеткізе алмады. 2010 және 2013 жылдары Джидда сияқты аймақтарда су тасқыны болғанына кінәлі талай адам ақша мен жылжымайтын мүлік түрінде ұрлап алған миллиондар мен миллиардтардың әлі қызығын көріп жүр. Шығыны тым асыра бағаланған, сапасы төмен мегажобаларды, көлеңкедегі келісімдерді, билікті асыра пайдалану, ақша жымқыру, мемлекет қаражаты мен мүлкін асыра пайдалануды былай қойыңыз».

 

(Мақаланың ағылшынша нұсқасы «AlArabiya.net» интернет-парақшасынан алынды. Сілтеме: http://english.alarabiya.net/en/views/news/middle-east/2017/11/07/Saudi-Arabia-and-the-war-on-corruption.html).

Әлбетте, Ислам дінінің туын көтерген мемлекетте парақорлық, жемқорлық, ұрлық, мемлекеттің мүлкіне қол сұғу сияқты ірі қылмыстардың кең таралуы, тіпті билік жүйесінің өзегін – монарх әулетін шырмауы сүйінші сұрайтын жаңалық емес. Әсілі, король Салман мен тақ мұрагері Салман әмір «ауруын жасырған өледі» деген мәтелге сай әрекет етіп отырған сыңайлы. Шамасы, бұл тазарудың басы ғана, бас прокурордың айтуынша, талай тұтқындау әлі алда. Тақ мұрагері мемлекетте ірі реформалар жүргізіп, 2030 жылға қарай шетелдік инвесторларға қолайлы жағдай жасайтын, әділ заң жүйесі бар, жемқорлық пен парақорлықтан таза және замана көшіне бейімдеген жаңа Сауд Арабиясын барша әлемге таныстырмақшы.

Сауд Арабиясындағы бұл өзгерістерге қатысты оның басты одақтастарының бірі АҚШ үнсіз қалмады. АҚШ президенті Дональд Трамптың 6 қараша күні «Твиттерде» жазғаны:

Тұпнұсқа:

«I have great confidence in King Salman and the Crown Prince of Saudi Arabia, they know exactly what they are doing».

«Some of those they are harshly treating have been ‘milking’ their country for years!».

Аудармасы:

«Мен Король Салманға және Сауд Арабиясының тақ мұрагеріне сенемін, олар не істеп жатқандарын өте жақсы біледі».

«Олар айыптаған адамдардың кейбірі өз мемлекетін талай жыл бойы «сауып» келген!».

(Сілтеме: https://twitter.com/realDonaldTrump/status/927673257230327808).

Трамп мырзаның леп белгісінен еш тартынбай, әдеттегісінше өз эмоциясын жасырмай жариялаған пікіріне пікір қосу қиын. «Твиттер» демекші, саудтық әлеуметтік желілер сыбайлас жемқорлық пен тақ мұрагерінің іс-әрекетін қызу талқылауда. Мысалы, 4 қараша күні #The_king_fights_corruption («Король жемқорлықпен күресіп жатыр») деген хэштег «Твиттер» желісінде 1,4 миллион рет қайталанған. Ал 5 қарашадан бастап саудтық интернет тұтынушылар жемқорлықпен күресті «жоғарыдан басталған революция» деп атап, ал тақ мұрагерін ертегідегі зұлымдықпен күресетін ханзадаға балаған.

Иә, Сауд Арабиясы өз тарихындағы өзгеше дәуірге аяқ басқанға ұқсайды. Оның үстіне, жақында ғана бұл елде әйелдерге көлік айдауға рұқсат бергені белгілі, бұл құқықты саудтық әйелдер келесі жылдан бастап пайдалана алады. Жаңашыл реформаларды жүзеге асырушы – жаңалыққа құмар тақ мұрагері.

 

 

comments powered by HyperComments