Өрелі өзгерістер – көпке үлгі

67 рет оқылды
0

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Әбу-Дабидің тақ мұрагері, Біріккен Араб Әмірліктерінің Қарулы күштері Жоғарғы Бас қолбасшысының орынбасары, шейх Мұхаммед бен Заид Әл Наһаянмен кездесті. 

Кездесуде Елбасы Қазақстан мен Біріккен Араб Әмірліктері арасындағы қарым-қатынас өзара сенімге негізделгенін атап өтіп, оны әрі қарай табысты дамытудың маңыздылығына назар аударды.

 ‒ Сіздер бізді халықаралық аренада да, экономикада да әрдайым қолдап келесіздер. Осы жылдар ішінде сіздермен достық қарым-қатынас орнаттық. Қазақстанға ерекше көңіл бөліп отырғандарыңыз үшін ризашылығымды білдіремін, ‒ деді Мемлекет басшысы.

Қазақстан Президенті қазіргі уақытта экономиканың түрлі секторларында, соның ішінде мұнай химиясы, ауыл шаруашылығы және атом өнеркәсібі салаларында бірқатар бірлескен жобаларды іске асыру жоспарланып отырғанын айтты.

Нұрсұлтан Назарбаев мұсылман елдері арасында заманауи технологияларды дамыту жағынан Біріккен Араб Әмірліктері көш бастаушылардың бірі болып отырғанын атап өтті.

‒ «Болашақтағы өзгеріске сай боламын десең, бүгін өзің өзгер» деген дана сөз бар. Сіздер сол жолдан таймай келесіздер, ‒ деді Мемлекет басшысы.

Әбу-Дабидің тақ мұрагері екі жақты байланыстар серпінді дамып келе жатқанын айтып, Нұрсұлтан Назарбаевтың екі ел арасындағы қарым-қатынасты нығайту ісіндегі белсенді рөліне тоқталды.

‒ Біз көп нәрсені сіздерден үйреніп келеміз. Сіздің реформаларыңыз уақыт талабына сай жүргізілуде. Қазақстан Сіздің көреген саясатыңыздың арқасында тұрақты дамып келеді, ‒ деді шейх Мұхаммед бен Заид Әл  Наһаян.

Бұдан бөлек, кездесуде халықаралық және өңірлік күн тәртібіндегі өзекті мәселелер әңгіме арқауы болды.

 

 

comments powered by HyperComments