Қырғызстан: Билікке кім келер екен?..

367 рет оқылды
0

Үш күннен соң қоңсы ел – Қырғызстан жаңа президентін сайлайды. Тәуелсіздік алғаннан бергі ширек ғасырда осымен бесінші президент билік басына келгелі тұр. Ақаев, Бакиев, Отынбаева, Атамбаев… Алғашқы екеуінің биліктен өз еркімен бас тартпағаны белгілі. Қос төңкеріс ел экономикасын жылға артқа шегінуге мәжбүрлесе де, саяси реформаларды жүзеге асыруда бұл елдің бағыты дұрыс сияқты еді. Батыс әлемі бұл елді «Орталық Азиядағы демократия аралы» деп атауы тегін емес. Бір жағынан, Қырғызстанмен шекаралас елдердегі саяси «тұрақтылықты» меңзеп, көзге шұқу болса, екінші жағынан – советтік тоталитарлы жүйе құрсауынан босап, жаңа демократиялы мемлекет құруға жасаған талпынысты қолдау, қолтығына су бүрку болатын. Бұл елде кез келген саяси оқиға күтпеген төңкеріске ұласуы әбден ықтимал. Бірақ ендігі жерде Қырғызстан төңкерістен бойын аулақ салғанды жөн көреді. Кезекті сайлау науқаны өрттің алдын алу қамына ұқсауы да содан.

Әу баста бұл науқанға қатысуға 59 үміткер талап білдірген. Олардың ішінен тіркеуден өткен 12-і соңғы межеге – дауыс беру сатысына дейін жетті. Бірақ солардың ішінде екеуі ғана жеңіске жетуге қауқарлы. Олар – экс-премьер-министр Сооронбай Жээнбеков пен оппозиция өкілі Омурбек Бабанов. Сайлаушылардың басты таңдауы осы екеуінің біріне түсері анық.

Сооронбай Жээнбеков – Социал-демократиялық партияның үміткері, анығын айтқанда, президент Атамбаевтың үкілеп бәйгеге қосқан үзеңгілесі. Өзі екінші мәрте президент болуға құқы жоқ болғандықтан, Атамбаев Жээнбековті үміткер ретінде таңдап алды деген сыбыс бар. Көздегеніне қолы жетсе, Ресейдегі «Путин-Медведев» синдромы Қырғызстанда қайталанады-мыс.

«Ата-Жұрт» оппозициялық одағының атынан додаға түскен Омурбек Бабанов – Қырғызстандағы ең бай адамдардың бірі, мультимиллионер.

Шындығында, бұл екі үміткердің екеуі де жоғарғы билікке жақын тұлғалар. Екеуі де аймақ басқарған, екеуі де мемлекеттік қызметтерде болып, қазіргі президент Алмазбек Атамбаевтың тұсында премьер-министр лауазымына тағайындалып, отставкаға кетіп үлгерген. Содан болар, олардың сайлауалды бағдарламаларында атап айтарлықтай айырмашылық жоқ.

Әйтсе де, Жээнбеков пен Бабановтың арасындағы ең ірі айырмашылық – туып-өскен аймақтарында. Біріншісі – оңтүстіктің, екіншісі – солтүстіктің адамы. Егер бұған дейінгі басшылардың шыққан жеріне талдау жасасақ, президент тағында он бес жыл отырған Асқар Ақаев – оңтүстіктен еді, ал «Қызғалдақ төңкерісінен» соң билікке келген Құрманбек Бакиев – солтүстік аймақтың тумасы болатын. Одан соң бір жарым жыл өтпелі кезеңдегі президент қызметін атқарған Роза Отынбаева ел астанасы Бішкекте туып-өскен. Ал қазіргі президент Алмазбек Атамбаев – тағы да солтүстік аймақтың өкілі. Осылайша, оңтүстік пен солтүстік алма-кезек итжығысқа түсіп, жоғары лауазымға таласып келе жатқандай…

Ендеше, басты екі үміткердің біріне бірі қарсы екі өңірдің – оңтүстік пен солтүстік топтың өкілі болуы қисынды сияқты. Ендігі мәселе қай үміткердің ел басқару қабілеті немесе кәсіби біліктілігі басым дегенге емес, қай топтың мерейі үстем шығатынында сияқты. Екі үміткердің арасында жас айырмашылығы да бар: Жээнбеков – 59-да, ал Бабанов – 47-де.  Осы орайда, Бабановтың Қазақстанмен тығыз байланысы бар екенін айта кеткен ләзім. Ол тоқсаныншы жылдардың ішінде Қазақстанға көшіп келіп, энергетика, тұрғынүй, қонақүй салаларында жеке кәсіпкерлікпен айналысқан. Бизнесте тасы өрге домалағаны сол, қазіргі таңда Қырғызстанның санаулы мультимиллионерлерінің бірі.

Жээнбеков президент болып сайланған жағдайда Алмазбек Атамбаевтың саясатын жалғастыратынын мәлімдеп үлгерді. Бірақ төрт жылда Атамбаевтың сыбайлас жемқорлықпен күрес, кедейшілікті жою, денсаулық сақтау, білім беру ісін реоформалау, туризмді дамыту сияқты салаларда ауыз толтырып айтарлық жетістігі жоқ екені мәлім. Сондықтан Атамбаевтың қолдауы Жээнбековке көмек бола ма, әлде таяқ болып тие ме – күмәнді.

Егер оқыс жағдай болмаса, Қырғыз президентінің сайлауы екі турда өтуі әбден ықтимал. Егер басты екі үміткердің ешқайсысы басым дауыс жинай алмаса, сайлау нәтижесі белгілі болған соң, кемі екі аптадан соң екінші тур өтуі тиіс.

Жалпы, Қырғызстандағы қазіргі сайлауалды науқаны – астыртын күштердің жасырын шайқасына ұқсайды. Үміткерлердің әрқайсысы өз бағдарламасын таныстырып, насихаттаудың орнына, қарсыласының осал тұсын тауып, оның жағымсыз қылықтарын елге әшкерелеумен әлек. Үгіт-насихат науқаны «компроматтар соғысына» айналып кете жаздады. Оның үстіне, қырғыз сайлауына түрлі қылмыстық топтардың араласу ықтималдығы ендігі жерде ресми түрде мойындалды.

Бұл тақырып қоғамдық пікірдің талқысына түскен соң, Қырғызстан премьер-министрінің орынбасары Темір Жұмакадыров билік пен қылмыстық топтардың байланысын жоққа шығарып, мәлімдеме жасауға мәжбүр болды. «Өкінішке қарай, біздегі кейбір саясаткерлер ұйымдасқан қылмыстық топтарды өз жағына тартуға тырысады, және оларды өздерінің белгілі бір мақсатына жұмсауға. Соған қарамастан, ұйымдасқан қылмыспен күрес қарқынды түрде жүріп жатыр», – деді ол.

Бұған дейін, 30 қыркүйекте Қырғызстан Ұлттық қауіпсіздік жөніндегі мемлекеттік комитет Жогорку Кенештің депутаты Қанатбек Исаевты және ұйымдасқан қылмыстық топтардың өкілдерін қамауға алғаны хабарланды. Олардың үстінен қылмыстық іс қозғалып, «Қылмысқа дайындық», «Жаппай тәртіпсіздік» және «Билікті күшпен басып алу немесе билікті күшпен ұстап тұру» деген баптар бойынша айып тағылған.

Осыдан соң президент Алмазбек Атамбаев 2 қазан күні Қауіпсіздік кеңесін шақырып, арнайы жиналыс өткізді. Ол «Президент сайлауы қарсаңында жағдайды ушықтыруға жасалған қандай да бір талпынысқа жол берілмейді» деп кесіп айтты. Осылайша, бұл елдегі кезекті сайлау науқаны мемлекеттің тыныштығы мен елдегі саяси жағдайдың тұрақтылығына төнген қауіптің себепшісіне айналуы мүмкін екені жария болды.

Бұған қоса, сайлауға екі апта қалғанда Жогорку Кенеш пленарлық отырыстардан бас тартты. Мұның себебі парламенттегі 120 депутаттың жартысынан көбі пленарлық отырыстарға келмей, сайлауалды науқанда жүргені. Парламент спикері Чыныбай Тұрсұнбеков сайлауға дейін депутаттар тек комитеттер мен фракцияларда жұмыс істейтінін хабарлады. «Одан әрі – сайлаудан кейін» деді спикер. Яғни, пленарлық отырыстар тек келесі президенттің есімі анықталған соң ғана өткізіледі деген сөз. Қырғыз депутаттары негізгі міндеттерін ұмытып, президентке үміткерлердің шашпауын көтеріп жүр. Бұл елде парламент қаншалықты құзырлы болса да, президенттік лауазымға ие болатын тұлғаның рөлі басым екені осыдан-ақ көрінеді.

Қырғызстанда 3 миллионға жуық сайлаушы бар. 15 қазанда олар өз таңдауын жасайды. Айналдырған бес жылда екі бірдей төңкерісті бастан өткерген Қырғызстан бұл өткелден де өтіп, әділ сайлау мен саяси тұрақтылықты ұштастыра алады деп тілейік.

 

comments powered by HyperComments