Максимус Онгкили: Жасыл технологиялар елі

125 рет оқылды
0

Жасыл технологияларды дамыту саласында Қазақстан өзіне тиімді серіктес тапты. Бұл – қазірдің өзінде азиялық елдердің ішінде жасыл экономиканы дамытуда көшбасшы болуға айналған, экономикада тұтынылатын қуаттың 22 пайызын жаңартылатын қуат көздерінен өндіріп отырған ел – Малайзия.

«Астана ЭКСПО-2017» көрмесі аясында малайлық компаниялар басқа мемлекеттердегі әріптестерімен 14 меморандумға қол қойды. Бұл келісімдердің жалпы құны 2,5 миллиард доллардан асады. Малайзияның қазақ ЭКСПО-сында ауыз толтырып айтарлық жетістігі осы. Малайзиямен жасалған жобалардың бірі «Астана су арнасы» компаниясымен жасалған келісім екен. Малайзия үкіметі суды тазалау технологияларын қазақ жеріне алып келуге ынта білдіріп отыр.

Қазақстан Президенті ұлттық экономикада жасыл энергетиканы кеңінен қолдану қажеттігін талай жиындарда айтып жүр. Инвесторлар кеңесінің отызыншы отырысында сөйлеген сөзінде Елбасы Астана ЭКСПО-2017 көрмесін ұйымдастыру жасыл экономиканы дамытуды қолға алу ісінің алғашқы сатысы екенін атап өткен еді. «Біз «Болашақтың қуаты» деп аталатын жасыл технологиялар мен инвестициялардың халықаралық орталығын құрдық, ол көрме аяқталған соң да өз жұмысын одан әрі жалғастыра береді. Біз осы саланы дамыту үшін қолда бар мүмкіндік пен ресурстардың бәрін қолдануға тиіспіз», – деп қадап айтты.

Осыған орай, екі ел арасындағы жасыл экономика бағытындағы әріптестіктің жай-жапсарын сұрау үшін Малайзияның энергетика, жасыл технологиялар және су ресурстары министрі Максимус Джохнити Онгкили мырзаға жолығып, эксклюзивті сұхбат алудың сәті түсті.

КЕЛЕШЕК ДАМУДЫҢ КІЛТІ – ЖАСЫЛ ЭНЕРГЕТИКА

– Онгкили мырза, алғашқы сұрақ қазақ және малайлық компаниялар қол қойған келісімдерге қатысты. Малайлық компаниялар Қазақстанға нақты қандай жобалар алып келмек?

– Қазіргі таңда Малайзия мен Қазақстан арасындағы сауда-саттық, экономикалық байланыс көңіл көншітерлік деуге болмайды. Қазақстанда малайлық компаниялар саны аз болғанымен ақырындап жұмыс істеп жатыр, бірақ қазақстандық компаниялар біздің елде жоқтың қасы. Екіжақты алыс-берісті көбейту қазіргі таңда күн тәртібінде тұрған мәселе. Бір жағынан, біздің осы көрмеге қатысуымыздың басты себебі де – осы. Мысалы, ЭКСПО көрмесі аясында қол қойылған 14 келісімнің алтауы жасыл инновацияларға байланысты болса, тағы екеуі – қалдықтарды өңдеуге қатысты жобалар, қалғандары – туризм, бизнес, ислам қаржыландыру жобалары. Бұдан басқа білім беру, су ресурстарын пайдалануды үнемдеу жобасы да бар. Бұл келісімдердің жасалуы үлкен жетістік деп ойлаймын. Алдағы үш-төрт жылда осы жобалардың нәтижесін көріп қалармыз.

– Қазақстан жасыл экономиканы дамытуды көздеп отыр. Бұл саладағы Қазақстанның мүмкіндіктері жайлы не ойлайсыз?

– Қазақстанның бұл саладағы бастамашылдығы ұнайды. Жасыл технологияларды енгізу үшін әуелі экономикада нақты қай салаларды дамыту қажеттігін анықтап алу керек. Малайзия су ресурстары мен ислам қаржыландыру саласы бойынша көшбасшы ел, бұл салалар бойынша өз тәжірибемізбен бөлісуге дайынбыз. Көздеген мақсаттарына жетуге Қазақстанның қажыр-қайраты молынан жетеді деп ойлаймын.

– Малайзиямен салыстырғанда Қазақстанда желдің қуат көзін пайдалану ісі жақсы жолға қойылған. Екі ел арасында жел қуат көздерін дамыту саласында әріптестік байланыс орнатудың мүмкіндігі бар ма?

– Рас, желді қуат көзі ретінде пайдалануды біз Қазақстаннан үйренсек болады. Жалпы, жасыл технологияларды дамытуда біз таңдау жасай аламыз: өзіміз ойлап тапқан технологиялармен қатар жапон, қытай, кәріс технологияларын да іске жаратып жүрміз ғой. Бұл жерде мәселе бұл технологиялардың шығын құны мен тиімділігіне ғана байланысты. Малайзия ең әуелі күн сәулесін тұтыну жобаларын, су ресурстарын қолдану және биомассадан газ өндіруді қолға алды, сондықтан жел көзін пайдалануды әлі ұқсата алмай жатқан жайымыз бар. Бұл салада Қазақстан бізге қандай ұсыныс бере алар екен, әріптестік орнату ісі соған байланысты болады.

– Әзірше Қазақстан мен Малайзия арасындағы экономикалық байланыс нашар деп қалдыңыз. Екі ел арасында алыс-берісті көбейтуге не кедергі?

– Екі мемлекеттің экономикалық байланысын айтқанда, ең әуелі екеуіне де тиімді болатын саланы дұрыс таңдау маңызды. Қазақстанда негізінен мұнай мен газ саласы жақсы игеріледі. Ал бізде су ресурстары жобалары жақсы дамыған. Осы екі салада әріптестік орнатуға болады. Бұдан басқа, екі мемлекет те ауылшаруашылық саласына мән беретін елдер. Мысалы, Малайзия ЖІӨ-нің 17 пайызы аграрлық саладан алынады. Осы салаларда әріптестік орнату үшін екі елден дұрыс серіктес болатын компаниялар табу қиынға түсетін шығар. Екінші бір мәселе қаржыландыру ісіне тірелетін болуы керек. Соңғы жылдары малайлық компаниялардың бірқатары Қазақстанға келіп жұмыс істей бастады. Олардың саны арта береді деген үмітіміз бар.

– Астана ЭКСПО-2017 көрмесі аяқталды. Бұған дейін басқа елдердегі осы аттас көрмелерді көріп жүрсіз. Астаналық көрме несімен есте қалды?

– Әлбетте, Астана ЭКСПО көрмесі мұның алдындағы көрмелерге қарағанда өзгеше, себебі алдыңғы көрмелердің тақырыбы өте ауқымды болатын, қатысушылар ұсынған жобалар да, олар көтерген мәселелер де шашыраңқы көрінетін. Ал қазақстандық көрменің тақырыбы қуат көздеріне арналды. Шынымды айтсам, біз осындай көрмені көптен күттік. Себебі Азияда жаңартылатын қуат көздері бойынша, Лаосты ескермегенде, Малайзия алдыңғы орында. Жасыл технологияларды дамыту ісі Малайзияда соңғы онжылдықта мықтап қолға алынған. Елде тұтынатын қуаттың 22 пайызы қайталанбалы қуат көздерінен алынады. Ал 2050 жылға қарай жаңартылатын қуат көздерінен алынатын қуат көлемін 50 пайызға жеткізуді көздеп отырмыз. 2025 жылға дейін межеленген энерготиімділік саласындағы ұлттық іс-қимыл жоспары жүзеге асып жатыр. Сондықтан біз үшін жаңартылатын қуат көздері туралы тәжірибемізбен бөлісу, болашақ қуат көздері жайлы пікір таластыру өте пайдалы болды.

– Сонда «Болашақтың қуаты не?» деген сұраққа Малайзияның берер жауабы қандай?

– Әлбетте, Малайзия жасыл технологиялар жағында. Біздіңше, болашақтың қуаты біз әлі ашпаған жаңартылған қуат көзі болуы мүмкін. Яғни, бұл салада тындыратын шаруа, ашылатын жаңалық көп. Болашақтың қуаты – қайталанбалы қуат көздерінде. Ең бастысы, бұл қуат көздері жаңартылып тұратын әрі шығыны неғұрлым аз болуы тиіс. Көмірді тұтыну, көмірқышқыл газын шығару аясы тарыла беруі тиіс. Яғни, Малайзияның ұстанымы – жасыл әрі жаңартылатын қуат көздерін дамыту.

– Сұхбатыңызға рахмет!

 

 

comments powered by HyperComments