Франциядағы лаңкестік оқиғаның әлемдік маңызға ие болуының алты бірдей себеп-салдары

1 993 рет оқылды
0

Мұсылман әлемі үшін жұма қасиетті күн болса, христиан сеніміндегі елдер үшін айдың 13-іне сәйкес келген жұма күні – сәтсіз күн саналады. Осы қорқынышты растағандай, қарашаның 13-і кешкі сағат тоғыздан өте Париж тыныштығын бірнеше дүркін жарылыс, бей-берекет атыс бұзды: 129 адам көз жұмып, 200-ден аса адам жарақат алды. Француздар не болғанын түсініп үлгірмей жатып, президент Франсуа Олланд «Бұл соғыс қимылы!» деп мәлімдеме жасады. Үш дүркін жарылыс болған «Стад де Франс» футбол стадионына осы кеште  Олланд та барған болатын, бірақ алғашқы жарылыстан соң-ақ ол дереу Елисей сарайына аттанды. Ал стадионды лық толтырған футбол жанкүйерлері Франция мен Германия арасындағы матчты соңына дейін тамашалады, олар сыртта жарылыс, айғай-сүрең, жаппай дүрбелең жүріп жатқанын сезбеген де…

Бүгінде әлем бойынша Париждегі оқыс оқиға туралы жазбаған-айтпаған ақпарат құралы кемде-кем. Еуропалық басылымдар өткен сенбі күні мұқабасын Франция жалауымен көмкеріп, жарылыстардан кейінгі Париждің суреттерін беріп жатты. Франция үш күндік аза жариялап, 16 қарашада Франция мен Еуропалық Одаққа кіретін елдердің көпшілігі бір минуттық үнсіздік шарасын өткізді. Жер-жерде Франциядағы қайғылы оқиғаға орай көңіл айтып жатқандарда есеп жоқ.

Кейбір қалаларда ғимараттар Франция жалауын еске түсіретін үш түске: көк, ақ, қызыл сәулеге оранды. Лондон, Нью-Йорк, Берлин, Рио-де-Жанейро, Мәскеу, Варшава қалаларында қарапайым азаматтар қолдарына Франция жалауының, Эйфель мұнарасының суретін, «Франция, біз сенімен біргеміз», «Біз қорықпаймыз» деген мазмұндағы жазуы бар плакаттар ұстап, көшеге шықты.

Осы күндері Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Франция президенті мен халқына көңіл айтып, арнайы жеделхат жолдады. Онда: «Терроризмнің таралуы бүгінде барлық мемлекеттер үшін ортақ қауіпке айналды. Қазақстан терроризм мен экстремизмнің барлық түрін айыптайды, оны халықаралық қауіпсіздікке төнген қатер санайды» делінген. Сондай-ақ жүздеген қазақстандықтар Астанадағы Франция елшілігі мен Алматыдағы консулдығына барып, гүл шоқтарын қойып, арнайы журналға жұбату лебіздерін жазып, Париж трагедиясына бейжай қарай алмайтынын аңдатты.

Бірақ лаңкестік оқиғалар бұл ғана емес еді. 10 қазанда Түркияның Анкара қаласында екі дүркін жарылыс болып, онда 95 адам мерт болған. Бұл оқиғаға «Ислам мемлекеті» ұйымы кінәлі делінген болатын. Сондай-ақ Египеттегі Ресей әуе кемесінің жарылысын ұйымдастырған «Ислам мемлекеті» ұйымының мүшелері деген дерек бар.

 Бұл ұйым Ливанда Париж трагедиясынан бір күн бұрын екі дүркін жарылыс ұйымдастырып, 37 адамның ажалына себеп болды. Бірақ бұл оқиғалардың ешқайсысы Париж трагедиясы сияқты кең ауқымда айтылмады, барша әлем бірге қайғыратындай маңызға ие болмады.

Осы орайда, Франциядағы дәл осы оқиға неге әлемдік масштабтағы маңызға ие болды деген сұрақтың туындауы заңды. Оның себеп-салдарлары  көп-ақ.

Біріншіден, дәл осы оқиғаның алдында әлемдік маңызы бар бірнеше жиын өткізілді. 11-12 қарашада Мальтада Миграция мәселесіне арналған еуропалық саммит өтті. Бұдан соң іле-шала Еуроодақ – Африка саммиті ұйымдастырылды.

Ал 15-16 қарашада Түркияда «Үлкен жиырмалықтың» саммиті өтуге тиіс болатын. Жиырма алпауыт мемлекеттің басшылары, халықаралық ұйымдардың жетекшілері, әлемдік саясаткерлер бас қосқан жиынның шымылдығын Париждегі террорлық әрекеттің салдары ашты. Дүниежүзілік ортақ мәселелерді талқылауға жиналған әлемдік алпауыттар бұл оқиғаға қатысты үн қатуы тиіс еді. Осылайша, Париж оқиғасы «Үлкен жиырмалықтың» күн тәртібі мен мазмұнына бірқатар өзгеріс енгізді. Ең әуелі, «жиырмалық» көшбасшылары Париж оқиғасының құрбандарын бір минуттық үнсіздікпен еске алды.

Осы саммит барысында Ресей президенті Владимир Путин мен АҚШ президенті Барак Обама холда отырып жиырма минут көзбе-көз сөйлескен. Протоколсыз әңгімеге екі жақтан екі аудармашы ғана қатысқан. Оларды есептемегенде, екі президент оңаша шүйіркелесіп, оқшау әңгіме айтты деуге болатындай. Бұдан соң Владимир Путин мен Ұлыбритания премьер-министрі Дэвид Кэмерон ресми келіссөз жүргізіп, оның мазмұнын Кэмерон мырза журналистерге өз аузымен жеткізді. Ресейді «Үлкен жетіліктен» аластаған алпауыттардың бұл әрекетін әркім әр саққа жүгіртуде. Әсіресе, ресейлік сарапшылар осы күндері «Сириядағы дағдарысты Ресейсіз шешуге болмайтынына, «Ислам мемлекеті» террорлық ұйымымен күресте Ресейдің көмегі керек екенін» айтып, Кремльдің бәсін көтеруге тырысып-ақ бақты. Рас, осы жиында Ресейдің аты жиірек аталып, Владимир Путиннің дипломатиялық жетістіктері баса айтылды. «Жиырмалықтың» бұл жиынына келе алмаған Франсуа Олландтың өзі бұл күндері мұндай «танымал» емес. Бірақ халықаралық жиындар барша әлемнің Париждегі қайғылы оқиғаларға дер шағында бір кісідей үн қатуына себепші болды.

Екіншіден, Франциядағы жарылыстар жалпақ әлемде ешкімнің қауіпсіз жағдайда еместігін ұқтырды. Рас, бұған дейін Иракта, Ливияда, Сирияда азаматтық соғыстар мен шетелдік әскердің интервенсиясынан қаншама бейбіт тұрғын қырылды, әлі де күн сайын талай бейкүнә жан жазықсыз оққа ұшып жатыр. Төрткүл дүниеде террорлық әрекетсіз-ақ өлім-жітім көп: табиғат апаттары, техногендік апаттар, аштық, жұт, соғыс талай адамның өмірін жалмап жатыр. Бірақ соңғы жылдардағы адам шығыны дәл осы Париждегі қайғылы оқиғадай әлемдік қасіретке баланбаған, әлемдік ақпарат құралдары тарапынан бір мезгілде, ұқсас мазмұнда, дәл осылай айтылмаған-жазылмаған… Неге? Себебі  Еуропаның қақ төрінде отырса да, барынша қауіпсіз әрі бейбіт қалада өмір сүрсе де, 129 адам аяқ астынан кісі қолынан опат болды. Екі жүздей адам ауыр жарақат алды, жарылыс дүмпуінен тұтас қала тіксінді, түнгі ұйқысынан, алаңсыз тірлігінен безінді.

Бес жылдан бері сұрапыл қантөгісті басынан кешіп жатқан Сириядағы адам шығыны туралы ақпарат көбіне қалыпты жағдай ретінде қабылданады. Басшысы «диктатор» деп айыпталған, азамат соғысы жылдар бойы толастамаған, түрлі мемлекеттердің мүдделік қайшылығына ұрынып, қақпақылға ұшыраған елде адам өлімі жаңалық құрлы саналудан қалғалы қашан. Ал азаматтық қоғамды әспеттеген, адам құқығы мен демократияны жақтайтын мемлекетте, ең бастысы, бөтен елдің әскері кірмеген, алаңсыз тұрмыс кешіп жатқан бай да бейбіт елдегі лаңкестік әрекет аспаннан жай түскендей әсер етті. Психологиялық тұрғыдан алғанда, Париждегі 129 еуропалықтың қазасы қабырғаны қаттырақ қайыстыратыны содан.

Осы жазда Жерорта теңізі арқылы кәрі құрлыққа ағылған босқындардың азапты жағдайы, қайғылы тағдыры біраз талқыланды. Талай жоғары мінберден айтылып, талай мәмілегер жиындарда ортаға салынды. Шын мәнінде, БҰҰ Босқындар ісі жөніндегі агенттігінің дерегіне жүгінсек, Жерорта теңізінде былтыр 3500  адам, ал биылдың өзінде 2500 адам ажал құшқан екен, бірақ мұның бәрі статистикалық дерек түрінде суыт жеткізіліп, шолақ қайрылушы еді. Бірақ қыркүйек айында Түркияның Бодрум қаласының жағалауынан табылған үш жасар босқын баланың мәйіті дүние жүзін селк еткізді. Бұл сурет көптеген ақпарат құралдарында жарияланып, әлеуметтік желілерде таратылған соң ғана босқындардың мәселесі шектен тыс ушыққаны түсінікті болды. Ақыры, Еуропалық Одақ Брюссельде кезектен тыс саммит шақырып, босқындарды квотамен қабылдауға шешім шығарған болатын. Босқындар мәселесі әлі оң шешімін тапқан жоқ, бірақ бұл жерде қаншама мың босқындардың өлімі ескерусіз қалса да, бір баланың ажалы әлемдік адасудың диагнозын дәл қойып бергенін айтқан ләзім.

Қайғылы сипатына орай жалпы көрсеткіштерден гөрі жалқы оқиғаның салмағы басым түсті. Париж трагедиясы барша әлемді тітіркендірді, себебі өркениеттер қақтығысының не нәрсеге әкелетінін сездіргендей болды. Геосаяси ойындардың құрбаны әркез бейбіт халық екенін анық ұғындырды. Қай елде, қай кезеңде болмасын, қитұрқы саясаттың алып жығары – қарапайым азаматтар. Сирияда от пен оқтың астында қалған, бас сауғалаған, жақындарынан айрылып, жоқтау айтқан – бейбіт тұрғындар. Еуропаның төрінде, өркениетті Парижде жылаған, үнсіз қамыққан – қарапайым азаматтар…

Үшіншіден, бұл террорлық әрекеттің саяси салдары қандай болмақ? Яғни, кейде салдар белгілі бір оқиғаның себебін түсінуге жетелейді. Алысқа бармай-ақ, АҚШ-та 2001 жылы 11 қыркүйекте болған алапат лаңкестік әрекеттің салдары Иракқа басып кіруге ұласқанын айтсақ жеткілікті. Иран мен Сирияны «ядролық қару жасады» деген айыптардың ашық айтылуы, терроризм ошағын іздеу әрекеттері ерекше белсенді болған кезең бұл. Нью-Йоркте Бірақ 3000-дай адамның өмірін жалмаған трагедия сол кезде барлық әлемдік ақпарат құралдары арқылы баяндалып, видео мен фотошежіресі жарияланған еді. Сонда да Жер шарының түкпір-түкпіріндегі талай халық америкалықтарға шын көңілден басу айтып еді…

Террорлық әрекеттен зардап шеккен француздар қайғырып, опынып, жоқтау айтып жатқанда, еуропалық саясаткерлер, алпауыт елдердің басшылары не деді?

Франция президенті Франсуа Олланд дереу: «Бұл соғыс қимылы» деп баға беріп, «Бұл біздің басымызға түскен ауыр сынақ. Біз мұның тамыры қайда екенін білеміз, біз қылмыскерлердің кім екенін,  террористердің кім екенін білеміз», – деді. АҚШ президенті Барак Обама: «Біз коалицияның басқа мүшелерімен тізе қосып қимылдай отырып, Сирияда бейбітшілік орнатуға және «Ислам мемлекеті» ұйымының көзін жоюға күш жұмылдырамыз… Теріс ұғымдағы идеологияға сүйене отырып жазықсыз адамдарды өлтіру тек Францияға не Түркияға ғана жасалған шабуыл емес, бұл барша өркениетті әлемге жасалған шабуыл» деп нақтылады. Ал Ұлыбритания премьер-министрі Дэвид Кэмерон: «Біздің қауіпсіздігіміз бен бақуаттылығымыз Сирияда не Иракта болсын, «Ислам мемлекеті» ұйымының әлсіреуіне, түптің түбінде жойылуына тікелей байланысты екені анық болды» деп тұжырды. Ақыры, АҚШ пен Еуроодақ мемлекеттері Ресеймен тізе қосып, Сириядағы террорлық ұйым ошағын талқандау үшін одан әрі бомбының астына алуға уағдаласқаны мәлім. Көп ұзамай-ақ, 16 қарашада Франция әуе күштері Сириядағы «Ислам мемлекеті» ұйымының сарбаздары орналасты деп болжанған жерлерді нысанаға алды. Париж оқиғасының «жауабы» ретінде француз әуе күштері Сириядағы Ракка қаласына жиырма бомба тастаған.

Кейбір деректерге қарағанда, былтыр ғана құрылған «Ислам мемлекетінің» ұйымының құрамында 30 мың әлде 50 мыңдай сарбаз бар екен. Сонда Сириядағы соғыс қимылдарына ашық кіріскен АҚШ, Ұлыбритания, Германия, Франция, Италия, Ресей сияқты мемлекеттердің жалпы саны жүз мың адамға жетпейтін ұйымды құртуға қауқары жетпейді деу қисынға келе ме?

АҚШ-тағы 11 қыркүйектегі оқиға Террроризмге қарсы халықаралық коалиция құруға түрткі болса, бұл жолы Сириядағы кикілжіңді шешуде барша әлемді бірге қимылдауға шақыратыны айтылды. Алпауыттарды тізе қосып қимылдауға мәжбүрлеген, ортақ іске шақырып, күш жұмылдыруға себеп болған шын себеп көп ұзамай нақтыланып қалар.

Жалпы, 14 қарашада Венада жиырма шақты мемлекеттің сыртқы істер министрлері кездесіп, Сирия мәселесі бойынша ортақ ұйғарымға келгендей болған. АҚШ мемлекеттік хатшысы Джон Керридің айтуынша, БҰҰ Сирия үкіметі мен оппозиция өкілдері арасында  ортақ келіссөздер ұйымдастыруға келіскен. Сондай-ақ Керри алдағы жарты жылда Сириядағы соғыстың аяқталу ықтималдығын меңзеген еді.

Жыл басында Францияда «Charlie Hebdo» журналының редакциясына шабуыл жасалған болатын. Сол кезде премьер-министр Мануэль Вальс «Біз соғыс жағдайында тұрмыз» деген болатын.  Енді осыған ұқсас сөздерді президент Олланд қайталады.

Француз басылымдары сенбі күні бірауыздан террорлық әрекетті айыптап, елді қарсы тұруға үндеген: «Le Parisien» «Бұл енді соғыс» десе,  «Le Figaro» «Париж көшелеріндегі соғыс» деп қолдады, «Libération» «Париждегі қантөгіс» деп жазды, болған оқиғаны «L›Equipe» «Сұмдық» деген бір-ақ ауыз сөзбен, ал «Aujourd›hui en France» «Париждің қақ ортасындағы террорлық қантөгіс» деп сипаттаған.

Бұл аз десеңіз, кейбір еуропалық саясаткерлер «ислам терроризмімен» күресті «үшінші дүниежүзілік соғыс» деп атап жүр. Халықаралық коалицияның енді қай бағыттағы күреске күш жұмылдыратыны анық сияқты…

Төртіншіден, Париж трагедиясының жалпақ әлемнің назарына ілінуіне батыстық ақпараттық технологиялардың сіңірген еңбегі зор. Мысалы, Ұлыбританияның BBC телеарнасы мен радиосы жарылыс болған сәттен бастап үш күн бойы Парижден арнайы репортаждар берумен болды. Қара жамылған француз басылымдарын былай қойғанда, көптеген ағылшын баспасөзі осы күндері қайғылы оқиғаны бүге-шігесіне дейін талдауға кірісті. Америкалық ақпарат құралдары террорлық әрекетті сипаттап, неғұрлым тың деректерді беруге тырысып, оған қоса 11 қыркүйекті еске алысты. Жалпы, Еуроодаққа мүше елдердің ешқайсысында бұл тақырып назардан тыс қалған жоқ. Барлық жерде қапалы жүздер, қайғылы көріністер, көңіл айту, жүректі толғантып, көңілді қозғайтын суреттер мен сөздер…

Бұған әлеуметтік желілердің ықпал-беделін қосыңыз. Осы күндері «Фейсбук» пен «Ютуб» желілері өз тұтынушыларына Франция жалауының суретін пайдаланып, қайғырған әлеммен біртұтас болуға үндеді. Тіпті, Фейсбуктың қожасы Марк Цукербергтің өзі аватарын француз жалауымен көмкеріп, үлгі көрсеткен. Өзін өркениетті әлемнің бір бөлшегі санайтын әрбір қайраткер, әнші, әртіс, шоумендер әлеуметтік желілерде Францияға лаңкестерді айыптаған пікірлер жазған.

Сол күні Париждегі атыстар туралы көп адам «Фейсбук» желісіндегі жаңалықтардан оқып-білген. Осы желінің «Мен қауіпсіз жердемін» деген сілтемесін пайдаланып, біраз адам өзінің амандығын хабарлаған көрінеді.

Бұған қоса, «Le Figaro» газеті «Твиттер» әлеуметтік желісінде #PriezPourParis деген хэштег пайда болғанын жазады. Мазмұны «Париж үшін дұға ет» дегенге саятын бұл жазбаны пайдаланып, әлеуметтік желінің миллиондаған тұтынушлары француздарға көңіл-қос білдірген.

Париждегі лаңкестік әрекетті ұйымдастырды деп айыпталған терроршылар өз әрекеттерінің мұндай ауқымдағы реакция тудыратынын болжамаған да шығар…

Бесіншіден, Париж тынышын алған бірнеше жарылыс пен атыс-шабысты оншақты террорист ұйымдастырды ма? Жыл басынан бері Париждегі қауіпсіздік шаралары күрт күшейтілген болатын. Қауіпсіздік қызметі бір жыл бойы лаңкестік әрекеттердің қаупі туралы дабыл қағып, тұрғындарды сақтандырумен болған. Қарашаның аяғында Парижде климаттық өзгерістерге қатысты үлкен саммит жоспарланған, бұл да арнайы органдар жұмысының күшейтілуіне бір себеп еді.

Сонда жеті-сегіз лаңкестің осыншама сақтық шараларын айналып өтіп, бірнеше аудандағы жарылыс пен атыс-шабысты өз күшімен ұйымдастыруы мүмкін бе? «Франс-пресс» агенттігінің хабарлауынша, олардың арасында Франция мен Бельгия азаматтары болған көрінеді.  Оның үстіне, лаңкестік әрекет жасаушылардың кейбірі французша ешбір акцентсіз сөйлегенін естіген куәлер бар. Сондай-ақ жарылыс болған жерде сириялық босқын азаматтың төлқұжаты табылды. Әзірге жергілікті полиция төлқұжаттың заңдылығын тексеріп жатыр.

Шындығында, жасы 26-29 жастағы жас жігіттердің осындай кең ауқымды қастандықты өз күшімен, еш қолдаусыз ұйымдастыруы мүмкін бе? Бірнеше ай бойы жоспарланған әрекетті жергілікті полицияның білмей қалуы мүмкін бе? Мұндай жағдай тек арнайы операцияларды ұйымдастыруға машықтанған кәнігі ұйымдардың басшылығының қолынан келуі мүмкін деген ой келеді.

Алтыншыдан, Франциядағы қайғылы оқиға еуропалық саясаткерлерді  босқындар мәселесіне басқаша қарауға мәжбүр етуі мүмкін. Бұған дейін «адам құқығы» мен «демократияны» ту еткен елдер енді  ұлттық қауіпсіздігі мен өз азаматтарының бостандықтарын қорғауға көшті. Трагедиядан соң Франция іле-шала мемлекет шекарасын тарс жапты. Ешкімді кіргізбейтін, ешкімді шығармайтын уақытша тәртіп орнатты.

Ал кейбір саясаткерлер сырттан келген келімсектерді өз  еліне қайтару туралы мәселе көтеріп жатыр. Адам құқығы мен бостандықтарын жалаулатып, мыңдаған босқынға шекарасын ашқан Еуропа енді өз қақпасын жабудың амалын іздеп әлек. Оның қандай амалдары бар екені бөлек мақаланың тақырыбы. Десе де, дәл осы қайғылы оқиғадан соң Еуропада  босқындарға деген көзқарастың өзгеруі кәдік.

Британдық «The Independent» газеті бірінші бетке шығарған «Бұл қалай болды? Енді не болар?» деген сұрақ осы күндері аса өзекті. Парижден соң «Ислам мемлекеті» ұйымы енді АҚШ-та террорлық әрекет жасауы мүмкін деген сыбыс бар. Бұдан бөлек, Еуропаның кез келген қаласын, тіпті Ресейді де қан қақсатуы мүмкін екені айтылып жүр. Бақуатты Еуропа береке-тынышынан айрылып, сансыраған жағдайда. Әлемде қауіпсіз мекен қалмауға айналды. Бірақ соғыс пен теңсіздіктен ұпай жинаған саясаткерлер мұны ойлап бас қатырмасы белгілі. Олардың жеке басына не қауіп бар? Кеше ғана Антальяда өткен «жиырмалықтың» көшбасшыларын түріктің 12 мың солдаты мен полицей қызметкері қорғады.

Ұлыбритания

comments powered by HyperComments