Ұлы Жібек жолының алғашқы картасы

71 рет оқылды
0

 

Ұлы Жібек жолының қайта жаңғыруы көз алдымызға өткен тарихтың сырлы қырларын тағы бір елестеткендей. Біздің тарихымыз бен мәдениетіміз Жібек жолымен тығыз байланысты. Себебі түркі халықтарының қасиетті мекендері түгел осы Жібек жолының бойына орналасқан. Жібек жолы тек Қытаймен ғана шектелмейді, Жібек жолын ашуға және оны Еуропаға дейін жалғастыруға түркі халықтарының қосқан үлесі зор. Егер тарихта түркілер болмаған болса, Жібек жолы болмас та еді.

Біздің жыл санауымыз бойынша ІІІ ғасырда ежелгі Қытайдағы Хань империясы құлап, оның орнына өзара қырқысқан ұсақ мемлекеттер пайда болды. Бұл бірнеше ғасырға созылды. Сонымен тарих керуені ақырын жылжып, 581 жылы Яңжиян деген адам тоз-тозы шыққан Қытайды қайтадан біріктіріп, Суи династиясын құрып, өзін Венди патша деп жариялады. Венди патша таққа отырысымен бар күшін мемлекетті оңалтуға арнады. Мемлекеттің билік апараттарын патша ордасына шоғырландырып, саяси және экономикалық бірқатар реформалар жүргізді. Мемлекеттің жаңа ақшасын шығарып, тың жерлерді ашып, шекара өңірлермен қатынас жолдарын дамытты. Нәтижесінде халқының саны артып, шаруашылық шалқыды. Заман сырғып, 605 жылы Суи династиясында Яңгуаң таққа отырып, өзін Яңди патша деп жариялады. Яңди билікке келісімен мемлекетті көркейту ісін жалғастырды. Жол қатынастарын жақсартып, Қытайдың солтүстігі мен оңтүстігін тұтастыратын алып су жолы Даюнхы каналының құрылысын сәтті аяқтады. Алайда оның алдында тағы бір маңызды міндет тұрды, ол – сауда істерін дамыту арқылы Батыс аймаққа (ежелгі заманнан бері қытайлар Орта Азияны Шиүй – Батыс аймақ деп атап келді) жол ашу еді.

Сол тұста патша ордасында көреген де білімді, сыртқы байланыстарға шебер Пейжүй деген уәзір болған-ды. Оның арғы аталары да патша ордаларына адал қызмет атқарған сенімді ұлықтар еді. Пейжүй – Түркі қағанатының екіге жарылуына себепкер болған адам. Ол өзінің сыртқы байланыстардағы айлакерлік әдістеріне сүйене отырып, түркі қағандарының ортасына от жағып, араздық туғызған. Сондай айлакер саясаттың кесірінен бүтін қағанат Батыс және Шығыс түркі қағанаттығы болып екіге жарылды. Сол Пейжүйдің қулығы негізінде Суи патшалығы түркі қағанатын соғыссыз жеңген еді. Суи Яңди таққа келген соң, Пейжүйді ордадағы ең сенімді бес уәзірдің бірі етіп тағайындады. Сол тұста Яңди патшаның алдыға қойған мақсаттары көп болатын.

Күндердің күнінде патша Пейжүйді ордасына шақырып, кеңес құрғаннан кейін оны Хыши дәлізіне орналасқан маңызды сауда орталығы Жаңие (қазіргі орны Гансу провинциясы Жаңие қаласы) қаласына барлау жасап, сауда істерін реттеуге жұмсайды.

Хыши дәлізі ежелден ішкі Қытайдың батысқа бағыттаған сауда жолы өтетін маңызды аймақ болып есептеледі. Оңтүстік қапталында алып Чилиян (Кілен – ежелгі ғұн тілінде тәңір деген мағынаны білдіреді) тауы шығыстан батысқа созылып жатады, солтүстік қапталында біріне бірі тізбектелген шөлді аймақтар батыстан шығысқа қарай созылып жатады. Сол Суи патшалығының тұсында Хыши дәлізінің оңтүстігінде тұйғындар, ал солтүстігінде түркілер мекен ететін. Қытай үшін осы екі ұлыстың қыспағы ортасынан Батыс аймаққа шығуға тек Хыши дәлізінің ғана көмегі тиетін.

Батыс аймаққа жол ашу, сауданы дамыту, өзге елдермен қарым-қатынас орнату, шекараны кеңейту – Яңди патшаның аңсаған арманы. Осы арманды арқалаған оның уәзірі Пейжүй 606 жылы патша ордасы Лояңнан аттанып, Чиңлиң асуын асып, Хаңхыдан өтіп, Хыши дәлізіне жеткен соң ондағы Жаңие, Увей сияқты жерлерге барлау жұмыстарын жүргізіп, Жаңие қаласындағы сауда істерін реттеуді қолға алады.

Суи патшалығы тұсында Жаңие қаласы шетелдермен сауда қатынастарын орнатуға қолайлы орын болып табылды. Қытайдың орта жазығында ұзаққа созылған соғыс жүргендігінен Батыс аймақтан келетін суда керуендері ішкі Қытайға өтуден тартынып, осы арада ғана сауда жасап, кері қайтатын. Жаңие қаласына сол тұста арысы Парсыдан, берісі Батыс аймақтағы Гаучаңнан, түстігі тұйғыннан, терістігі түркі ұлыстарынан саудагерлер келетін. Сол қалада Батыс аймақтан нефрит тастар, хош иісті заттар, металдан құйылған ыдыстар, кептірілген жидектер және көшпенділер тарапынан түйе-жылқы, бағалы аң терілері, құс қауырсындары, жүн-тері сияқты заттар саудаға салынатын. Сонымен қатар Қытайдың жібегі, шайы, фарфордан жасалған ыдыстары жан-жаққа сауда керуендері арқылы тасымалданып жататын. Тағы бір айта кетерлігі, алыс шалғайлардан келетін сауда керуендеріне ілесіп миссионер, елші, әнші-биші, саяхатшы сияқты әр түрлі адамдар да сол қалаға баратын.

Пейжүй Жаңиеге келісімен шетелдіктермен сауданы барынша қолдап, саудагерлерге түрлі қолайлы жағдай жасап, шетелдіктерге мейлінше қолайлы жағдай жасаса, енді бір жағынан шетелден келген түрлі саладағы адамдармен тығыз қарым-қатынас орнатып, олармен ашық-жарқын әңгімелесті. Ол өзінің уәзірлік мәртебесіне қарамастан кез келген адаммен еркін кеңесіп, түрлі ақпараттарды жинады. Соның нәтижесінде шалғайдағы елдердің ішкі жағдайларын біле бастады. Ол Жаңиеге келген әрбір шетелдіктен өзі келген елінің орналасқан жерін, тау-суларын, елінің басқару жүйесін, салтын, тілін, жейтін тамағын, киетін киіміне дейін егжей-тегжейлі сұрап, хатқа түсіреді әрі сол адамдардың суретін аса шеберлікпен қағазға салады.

Пейжүй Жаңиеде бір жыл жатып, тынбай еңбектеніп, «Батыс аймақтың суретті жазбалары» атты үш томдық кітап жазып шығады. Аталмыш кітапқа Батыс аймақтағы мемлекеттердің жағдайы, орналасқан жерлері, жол қатынастары, мемлекеттің басқару жүйесі, елінің салт-дәстүрі, тілі, ғұрып- әдеттері, сауда істері туралы мәліметтер мен әр елден келен адамдардың суреттері және жол карталары енгізілген.

606 жылы Пейжүй Суи елінің астанасы Лояңға қайта барып, патшаға Батыс аймақтағы елдердің жағдайын толық түсіндіріп, өзі жинақтаған «Батыс аймақтың суретті жазбалары» атты кітапты табыс етеді. Патша шексіз қуанышқа бөленді. Сол сәттен бастап ол Пейжүйдің мәліметтеріне сүйене отырып болашақ жоспарын жасады. Содан көп өтпей Хыши дәлізінің оңтүстігіндегі тұйғындарға үздіксіз шабуыл жасап, тұйғындарды бас көтерместей етіп жеңді. Артынша Қытаймен Батыс аймақ арасындағы сауда жолын ретке келтіріп, батыстан шыққан сауда керуендерін ішкі Қытайдың Чаңан (бүгінгі Қытайдың Шиан қаласы) қаласына дейін қатынауына жол ашты.

Аталмыш «Батыс аймақтың суретті жазбалары» атты кітапта Қытайдан Батыс аймаққа қатынайтын сауда жолының үш бағытағы картасы көрсетіліп, Батыс аймақтағы тохар, таңғыт (даңшияң), тұйғын, түркі сияқты 44 елдің мәліметтері мен оларға қатысты суреттер берілген. Бұл сол кездегі патша ордасы үшін үлкен жаңалық, баға жетпес құнды құжат болып табылды. Өкінерлігі бұл кітап алмағайып замандарда жоғалып кеткен, біздің заманымызға жетпеген. Ал кітаптың мазмұны жайлы дерек жетерлік, ол «Суи жылнамасы: Пейжүйдің өмірбаянында» көрсетіледі. Онда «Батыс аймақтың суретті жазбалары» атты кітаптың кіріспесі берілген. Жылнамада былайша хатталған:

«Керуен жолы Жаңиеден шығып Донхуаңға (Дахата, Дон хуаң — Хыши дәлізінің батыс қақпасына орналасқан маңызды кент, Ұлы Жібек жолы бойындағы батыс-шығыс мәдениеттерін түйістірген мәдениет орталықтарының бірі. Хань Уди Хыши дәлізіндегі ғұндарды ығыстырып шыққанан кейін құрған батыстағы төрт әкімшілік орталықтарының бірі. Қазіргі орны қытайдың Гансу провинциясындағы Донхуаң қаласы) жеткен соң жол үшке бөлініп кетеді. Үш жолдың үшеуі де маңызды керуен жолдары.

Терістік жол Донхуаңнан шығып Үбір (орны қазіргі Шыңжаңдағы Құмыл қаласы), Барыс көл (орны қазіргі Шыңжаңдағы Баркөл ауданы), теле тайпалары мен түркі қағанаттығының жерлерін басып, солтүстікке ағатын өзеннен (қазіргі Іле өзені) өтіп, Рум жеріне жеткен соң батыстағы теңізге (бүгінгі Жерорта теңізі) барып тіреледі.

Ортаңғы жол Донхуаңнан шығып, Гаучаңды (орыны қазіргі Шыңжаңдағы Тұрпан қаласы), Янжиді (орны қазіргі Шыңжаңдағы Янжи ауданы), Кучаны (орны қазіргі Шыңжаңдағы Күшар ауданы), Шәлікті (орны қазіргі Шыңжаңдағы Қашқар қаласы) басып Цоңлиңнан (Памир) асып, Ферғана еліне жетеді, одан ары қарай Шутыршна елі, Қаңлы елі, Кебут елі, Кошания елі, үлкен Арсак және кіші Арсак, Амол елдері арқылы Парсыға өткен соң, батыс теңізге (бүгінгі Парсы шығанағы) барып тіреледі.

Оңтүстік жол Донхуаңнан шығып, Пішамшанды (орны қазіргі Шыңжаңдағы ежелгі Кроран қаласының орны), Ұдынды (орны қазіргі Шыңжаңдағы Хотан қаласы), Сакукті (орны қазіргі Шыңжаңдағы Қағылық ауданы), Кавантаны (орны қазіргі Шыңжаңдағы Тасқорған ауданы) басып, Цоңлиңнан (Памир) асып, Уахан (орны қазіргі Ауғанстандағы Уахан қаласы), Тохар (орны қазіргі Ауғанстандағы Абат жері), Абдал (орны қазіргі Ауғанстандағы Заришап), Бамиян (орны қазіргі Ауғанстандағы Бамиян), Жагуда (орны қазіргі Ауғанстандағы Жагуда) жерлері арқылы солтүстік Брахманға (Бүгінгі Пәкістан жері) өткен соң, батыс теңізге (Араб теңізі) тіреледі.

Жоғарыда аталған үш жолдың бойындағы елдер оңтүстіктен солтүстікке, солтүстіктен оңтүстікке баратын жолдар арқылы бір-бірімен байланыста болып тұрады. Шығыс Қыз елі (сол замандағы Ферғананың батысындағы бір ел) мен оңтүстік Брахман (қазіргі Үндістан) елі бір-бірімен оңтүстік-солтүстік бағыттағы жол арқылы қатынай алады. Үбір, Гаучаң, Пішамшан қалалары Батыс аймақтағы маңызды өткелдер, ал тоғыз жолдың торабындағы Донхуаң болса Батыс аймақтың бас қақпасы», – делінген.

Яңди патша осындай маңызды жазбаша мәліметке сүйене отырып, елінің кейінгі болашағын болжады. Батыс аймақтағы елдермен байланыс орнатып, сауда істерін барынша дамытты. Батыс аймаққа қатынайтын сауда жолдарының картасы салынды. Ол картадағы жолдар бүгінгі біздер айтып жүрген Ұлы Жібек жолы.

Ал Пейжүй жазған кітап қайда, қашан жоғалды, дәп басып айту қиын. Кім жоғалтты, ол жағы да белгісіз. Тек бір анығы ол кітапта бүгінгі Орта Азияда қандай елдердің болғаны, Түркі қағанаттығының жалпы жағдайы қалай болғаны туралы көп мәліметтердің болғаны рас. Өкініштісі, ол кітап қазір жоқ. Бәлкім күндердің күнінде бір дерегі шығып та қалар.

 

Қалбан Ынтыханұлы,

аудармашы, деректанушы

comments powered by HyperComments