Көбелек қанатынан туған дауыл

137 рет оқылды
0

 

«Дүниенің бір бұрышында көбелектің қанатынан туған леп жер шарының екінші бұрышында дауыл тұрғызады-мыс» деген теория бүгінде ақиқатқа айналған. Дүние шыр айналып, Ғалам тарылып барады. Содан болар, бір елде болған оқиғаның басқа мемлекеттерде ірі саяси, экономикалық, мәдени өзгерістерге себепші болуы қалыпты жағдайға ұқсай бастады. Әйтпесе, кеше ғана Германияда өткен Бундестаг сайлауы мен бір жыл бұрынғы Брексит референдумының, одан кейінгі АҚШ пен Франциядағы президент сайлауларының арасында не байланыс болуы мүмкін? Байланыс бар, болғанда да ол – біріне бірін сабақтас қылған бұлтартпас желі.

Бұл оқиғаларды бір-бірімен байланыстырып тұрған желі – ғаламданудың кері айналымға түскені. Шекаралардың ашықтығы, адам құқығы мен бостандығы, либералды демократия құндылықтарының қаншалықты тиімді екені жөнінде талас туындай бастады.

Мысалы, Меркель ханым осымен төртінші мәрте Германия канцлері болып сайланды. Бұл дегеніңіз Христиан-демократиялық одағының басшысы он екі жылдан бері билік басында отыр деген сөз. Германия тарихында мұндай «рекордты» жасаған екі канцлер бар еді: бірі – екінші дүниежүзілік соғыстан кейін Батыс Германияны басқарған Конрад Аденауэр, екіншісі – қос Германияны қайта біріктірген Гельмут Колль. Осы мерзімді абыроймен аяқтап шықса, Ангела Меркельдің билік басындағы «шежіресі» аттай он алты жылды қамтиды екен. Айтпақшы, осынау ұзақ жылдарда Ангела Меркельдің «тұсында» төрт бірдей президент ауысқан: Хорст Келер, Кристиан Вульф, Иоахим Гаук және Франк-Вальтер Штайнмайер. Германияда президент лауазымы тек өкілдік қызмет атқарады десек те, бір канцлердің төрт бірдей президентпен жұмыс істеуі оның мықтылығын білдірсе керек. Оның үстіне, Ангела – Германия тарихындағы тұңғыш әйел канцлер екенін есте ұстаған ләзім.

Осы жерде Меркельдің бір артықшылығын айтып кеткен жөн болар – ол қиын-қыстау жағдайда компромисс табудың шебері әрі кез келген жағдайда ақпаратты қайнар көзден алғанды тәуір көреді. Мысалы, «Spiegel» журналының жазуынша, ол сайлау өткен соң әлеуметтанушыларға тапсырыс беріп, сайлаудың нәтижесі туралы қоғамдық пікірді зерттеген. Осылайша, өзі жайлы, өзі басқаратын партия жайлы, қарсыластары жайлы неміс жұртының не ойлайтынын бажайлап, сергек отырған сыңайы бар. Шынайы қоғамдық пікірге құлақ түрсе, ол өзінің кемшіліктері мен қателіктерін жақсы біледі деген сөз, бәлкім, оның демократиялы мемлекеттің билік басында ұзақ отыруының бір құпиясы осында болар.

Кешегі өткен сайлауда Христиан-демократиялық одағы/Христан-социалдық одағының блогы мен Социал-демократиялық партиясының коалициясы жеңіске жетті. Меркель бастаған блокты сайлаушылардың 33 пайызы қолдаған, ал Мартин Шульц басқаратын Социал-демократиялық партиясы сайлаушылардың 20 пайызының даусына не болды. Бірақ бұл нәтиже Меркель үшін де, Шульц үшінде ауыз толтырып айтатын жетістік емес, себебі олар басқаратын партиялар тарихындағы ең төмен көрсеткіштердің бірі. Ал атышулы «Германия үшін балама» атты оңшылдар партиясы 13 пайыз дауыс алған. Бұл партия тұңғыш рет Бундестагқа өз мүшелерін кіргізді. «Азаттық» радиосының хабарлауына қарағанда, партия белсенділерінің Кремльмен астыртын байланысы бар.

Сонымен, Германиядағы парламент сайлауы Батыстағы либералды демократия құндылықтары мен мемлекеттердің даму бағытын таңдау мәселелерін сарапқа салуға түрткі болды. Мұның себебі – бүгінгі таңда ең күшті демократия саналатын Германияда он екі-он алты жылда билік басындағы тұлғаның тұрақтылығы. Басқаша айтқанда, билік басындағы тұлғаның ауысуы – еуропалық демократия үшін, оның ішінде неміс демократиясы үшін соншалықты маңызды мәселе емес екен. Бірақ, әлбетте, Меркельдің сонша ұзақ уақыт билік басында қалуы бұл елдің авторитарлы жүйеге өтуін білдірмесе керек. Ашығын айтқанда, Меркельдің дәл осы жолғы жеңісі – неміс қоғамының ішкі қорқыныштарын айшықтаған оқиға болды. Біріншіден, 2005 жылдан бері өрлеу үстінде келе жатқан ұлттық экономикасының арқасында Германия қазіргі таңда кәрі құрлықтағы ең іргелі әрі пәрменді ел саналады. Неміс жұртының көп бөлігі экономикалық «жиделі байсынды» дәл осы Меркель ханым жүргізген саясатпен байланыстырады екен. Яғни, оның орнына басқа канцлер келген жағдайда, бақуаттылық пен береке көзден бұл-бұл ұшатындай көреді. Екіншіден, Шығыс Еуропадан бастау алып, Голландия мен Францияны қоса шарпыған, енді Германияның өзіне сынамалап ене бастаған «ұлтшылдық» ауанынан сескену бар. Расында, «ұлтшылдық» идеясынан неміс жұртының аузы күйген: оны әлі күнге фашизм идеологиясымен шатастырады. Сондықтан «Германия үшін балама» партиясының 13 пайыз дауыс жинап, Бундестаг құрамына енуі бұл ел үшін ішкі арпалыстың сыртқы көрінісі ғана.

Осы орайда, «Германия үшін балама» партиясы  негізінен елдің шығыс аймақтарында қолдауға ие болғанына назар аудару керек. Яғни, кезінде социалистік идеология аясында өмір сүрген аймақтар бүгінгі Германия үшін өзгерісті тілейді. Ал Меркельдің партиясын қолдап дауыс бергендер әлі де консерваторлық көзқарастағы топтар екеніне дау жоқ. Бір ғажабы, осы жолы бірінші рет дауыс берген жастардың көбісі Меркель ханымды қолдады.

Герман сайлауы қарсаңында жан-жақты талқыға түскен басты тақырып – мигранттар мәселесі еді. Ангела Меркельдің 2015 жылы 1 миллион мигрантты шекарадан өткізіп, неміс жеріне қоныстандыру саясаты оның беделіне біраз нұқсан келтірді. Әсіресе, түрлі қылмыстар мен кикілжіңдердің көбеюі, келімсектер мен жергілікті тұрғындар арасында алауыздықтың өршуі Меркельге деген наразылықтың артуына себепші болған. Бірақ одан кейінгі оқиғалар: Брексит пен Трамп феномендері неміс сайлаушыларын «эксперимент» жасаудан сақтандырды. Яғни, «битке өкпелеп, тоныңды отқа салма» деген қағидаға сәйкес, неміс сайлаушылары мигранттар мәселесін кейінге ысырып, жалпы Германияның тұрақтылығы мен ұлттық экономиканың өсімі сақталуы үшін іс басындағы партия мен канцлерге дауыс берді. Әйтсе де, «Меркельге қарсы» дауыс бергендердің дені дәл осы мигранттар мәселесіне қатысты қарама-қайшы көзқараста екен. «The Guardian» газетінің жазуынша, «Германия үшін балама» партиясына дауыс бергендердің 89 пайызы Меркельдің миграциялық саясатына наразы.

Сонымен, Бундестагта тұңғыш рет алты партияның фракциясы өмір сүре бастайтын  болды. Мұның өзі неміс қоғамының ішкі бөлінісінен хабар беретін сияқты. Расында, Германияда қазір оңшылдар мен солшылдардың ғана емес, ұлтшылдық пен еуропалық құндылықтар арасындағы көзге көрінбес майдан жүріп жатыр. Тіпті, елді дүрліктірген «Германия үшін балама» партиясының өз ішінде бір-біріне қарама-қайшы әрекет ететін екі топ бар: ұлтшылдар мен экономистер. Бірі Германияда немістің ұлттық құндылықтарының басым болуын қаласа, екіншісі мемлекеттің экономикалық саясатта тәуелсіз болуын жақтайды.

Қорқыныш демекші, неміс сайлаушылары АҚШ пен Франция сайлауларынан жақсы «сабақ» алғанға ұқсайды. «Sueddeutsche Zeitung» газетінің жазуына қарағанда, немістердің үштен бірі сырт мемлекеттің осы сайлау барысына ықпал етуінен сескенген көрінеді, ал сайлаушылардың 77 пайызы хакерлік шабуылдарды күткен. Қазіргі таңда АҚШ президенті Дональд Трамп пен Кремльдің сайлау кезіндегі астыртын байланысы тексерілу үстінде екені мәлім, ал Франциядағы сайлауалды науқаны кезінде оңшылдардың үміткері Марин Ле Пеннің Кремль басшысына жолығып қайтқаны ақпарат құралдарынан мәлім болған. Бұған қоса, Мәскеу Еуропадағы ресейлік ақпарат құралдары арқылы француз сайлауының үгіт-насихат жұмысына белсенді түрде атсалысты деген дерек бар. Осындай жағдайдан соң, неміс сайлаушыларының төтеннен келер тосын оқиғадан алдын ала қауіптенуі түсінікті де. Сыртқы ықпалдан қорқудың нәтижесі белгілі.

 

comments powered by HyperComments