Елге қалқан болар «ертөстіктер»

253 рет оқылды
0

Елдің абыройы мен айбыны, қорғанысының беріктігі қару-жарағының санымен, ядролық оқтұмсықтардың қуатымен ғана өлшенбейді. Мемлекет өр ұландарымен, айбынды жауынгерлерімен мықты. Ел шетіне жау келсе, қорған болатын қалқанымыз – солар. Сондықтан әскер қатарындағы ұландарымызға артылған сенім мен жүктелген жауапкершілік мол. Алайда соңғы уақытта Отан алдындағы борышын өтеуге құлықсыздар, әскери тәртіпке шыдай алмай тұра қашатындар қатары артып, қалқанымыздың оқ пен отқа төзімділігіне күмән көбейе бастады.

Қашқын сарбаздар

«Вертер синдромының» салқыны ма екен, соңғы үш айда елдің батысындағы әскери бөлімдерден үш сарбаз қашып кетті. Бірі табылды дегенді естісек, екіншісіне іздеу жарияланып жатты.

Әскери бөлімнен қашқан сарбаздардың бірі – Сергей Пыхалов. Ол Ақтаудағы №6656 әскери бөлімінде Отан алдындағы борышын өтеп жүрген. Қарағандыдан шақыртылған сарбаз дәрігерлік тексеру кезінде әжетханаға сұранып, содан ұшты-күйлі жоғалған. Әскери қызметтегі жігіттің табан жалтыратқаны белгілі болған соң, суреттері қоғамдық орындарға ілініп, кең көлемді іздеу шаралары қолға алынды. 13 шілдеден басталған іздеу жұмыстарына жүзден астам адам жұмылдырылса да, қашқын сарбазды табу оңай болған жоқ. Пыхалов 20 шілде күні бір-ақ табылды. Ақтаудан із суытқан жігіт Атырауда ұсталды.

Отан алдындағы борышын өтегісі келмеген тағы бір сарбаз 1 мамыр күні Ақтөбедегі №6655 әскери бөлімінен қашып кетті. Әскери бөлім командирінің тәрбие және әлеуметтік құқықтық жұмыс бойынша орынбасары Денис Чаның айтуынша, сол күні сарбаздар моншаға барған.

Моншадан кейін қатардағы жауынгер Ғалымжанов “таза ауа жұтып” қайтуға шығып кетеді де, таксиге отырып, автобекетке асығады. Автобекетке жеткен бойда азаматтық киімін киіп, Қандыағаштағы үйіне тартып отырады. Бірақ дереу іздеуге кіріскен күштік құрылымдар теміржол мен автобекетті қоршауға алып, артынша Қандыағашқа әскерилерді аттандырады. Ғалымжанов көп ұзамай үйіне жақын маңда ұсталды.

“Ғалымжанов Өскемен қаласындағы әскери бөлімге шақырылған. Ол сол кезде әскери борышын өтегісі келмейтінін айтты. Онымен психологтар, әскери-тергеу басқармасының қызметкерлері, әскери прокуратура өкілдері сөйлескен. Жас баланың үстінен қылмыстық іс қозғап, оның өмірін бүлдіргілері келмегендіктен, оны үйіне жақын маңдағы әскери бөлімге ауыстырды”, – дейді әскери бөлім командирінің тәрбие және әлеуметтік құқықтық жұмыс бойынша орынбасары Денис Ча.

Ча мырзаның айтуынша, ауқатты отбасынан шыққан Ғалымжанов тым ерке. Әскери бөлімдегі тәртіпке төзе алмаған. Сөйтіп биылғы жылдың желтоқсан айына дейін әскери борышын өтеуге тиіс сарбаз қиындықтан ертерек құтылуды құп көріпті. 20 жастағы жауынгер төрт сағаттың ішінде табылғандықтан, ауыр жазаға ілінген жоқ.

Әскери бөлімнен ұшты-күйлі жоғалған оралдық жігіт те үш күннен соң өз үйінен табылды. Ол 23 маусым күні №25744 әскери бөлімінен қашып кеткен. Кешкі демалыс алдында барлық жауынгерлерді түгендеу барысында бір сарбаздың жоқ екенін байқаған кезекші бірден шу көтерген. Үш күннен соң полицейлер қашқын сарбазды Маңғыстау облысы, Жетібай ауылынан тапты. Әскери прокуратураның мәліметінше, ауылына дейін ол жолай кездескен көлік арқылы жеткен. Ата-анасы ажырасып кеткендіктен, жалғыз қалған  анасына демеу болғысы келіпті. Бір жағынан үйін қатты сағынған, әскердегі темірдей тәртіптен қажыған. Сөйтіп бар мәселенің бір-ақ шешімі бар деген тоқтамға келген: әскерден қашып кету.

Әскерден қашу деректері биылға дейін де бірнеше мәрте тіркелген.  Олардың арасында әскердегі қиын өмірге үйренісе алмай безгендер де, жасаған қылмысы үшін жаза арқалаудан қорқып, қашып кеткендер де бар. Мәселен, 2014 жылы  Алматы облысының Боралдай кентінде орналасқан №2177 әскери бөлімінен қатардағы жауынгер Серік Дәулетбай әскери қару ұрлап, із суытқан. Қашпас бұрын әскери бөлімде  келісімшарт бойынша жұмыс істейтін қызметкерді соққыға жыққан. Басынан ауыр жарақат алып, миы шайқалған старшина әскери госпитальда көз жұмды. Жедел іздестіру шаралары нәтижесінде кеден қызметінің мамандары Алғабас ауылындағы туыстарының үйінде бой тасалаған Серік Дәулетбайды құрықтады, қолындағы оқ-дәрілерді тәркіледі. Жазадан жалтарамын деп ойлаған жауынгердің үстінен бірнеше бап бойынша қылмыстық іс қозғалды. Сот шешімі бойынша Серік Дәулетбай кінәлі деп танылып, 16 жыл қатаң режимдегі колонияда жазасын өтейтін болды.

Армиямыз айбынды ма?

Биыл Отан қорғаушылар күнінде ҚР Қарулы күштерінің 25 жылдығына арналған әскери парад елдің қорғаныс күшін, әскери айбынын жаһанға жария етті. Сап түзеген сарбаздарымыз, шеп құрған әскери техникамыз, қару-жарағымызды көріп, көз тойды. Қалқанымыз мықты екен деп қуандық. Алайда халықаралық сарапшылар Қазақстанның қорғаныс қуатын әлсіз деп бағалады. Жаһандық әскери күш-қуат рейтингіне енген 106 мемлекеттің ішінде 53-орыннан көрінуіміз құрыш қалқанымыздың күші онша мығым емес екенін аңғартқандай.

Қарулы күштеріміздің әлеуеті неге әлсіз деген сауалға жауап іздегенде алдымыздан бір емес, бірнеше мәселе кесе-көлденең шығады. Отан алдындағы борышын өтеп жүргендердің қашу оқиғаларынан бөлек, елімізде әскерге бармау «синдромы» өршіп тұр. «Әскери қызмет дегеніміз – дені сау әрбір азаматтың асыл парызы, ардақты борышы, кімде-кім әскер қызметінен жалтарса, онда ол патриот емес», – деген еді Бауыржан Момышұлы. Өкінішке қарай, бүгінде әскер дейтін тәрбие мектебінің тағылымынан өтуді азаматтық парызым, Отан алдындағы қасиетті борышым деп білетіндер азайып барады. Әр жылдың көктем және күз айларында өткізілетін әскерге шақыру кезінде түрлі сылтау айтып, азаматтық борышынан жалтаратындар көп-ақ.

Әскерден жалтару деректері қызылордалық жастар арасында ушығып тұр. Облыстағы әскерге шақыртылған жігіттердің төрттен бірі медициналық тексеруден өтуге келмейді екен. Мәселен, 2014 жылдың көктеміндегі әскерге шақырту науқаны кезінде медициналық комиссия бақылауынан өтуі тиіс 1600-ден астам жастың 372-сі мамандарға қарасын көрсетпеген. Ал 2015 жылы 1116 қызылордалық әскери комиссариатқа келмеген. Сыр өңірінде әскерге барғысы келмейтін жастардың қатары көбейіп кеткені соншалық, облыс әкімі Қырымбек Көшербаев олардың аты-жөнін жергілікті басылымға жариялатамын деп оқталды. «Бұларға Отан керек емес болса, Отанға олардың не керегі бар?», – деп ашына айтқаны есте.

2015 жылдың сәуірінен бастап ҚР Әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы кодексі мен ҚР Қылмыстық кодексі әскерге барудан жалтаратын азаматтарға қатысты жаңа баптармен толықты. ҚР Қылмыстық кодексінің 387-бабына сәйкес, әскери қызметтен босатуға заңды себептері жоқ азаматтар әскери қызметтен жалтарған жағдайда 1 мың айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде (шамамен 2 млн теңге) айыппұл төлейді немесе оны бір жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан шектеп, сол мөлшерде түзету жұмыстарына жібереді не болмаса көрсетілген мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы кесіледі. Ал әскерге бармаудың жолын іздеп, қасақана өз денсаулығына зиян келтірген немесе аурумын деп жалған құжат жасатып әлек болатын азаматтарға 3 мың айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде (шамамен 6 млн теңгеге дейін) айыппұл салынады немесе 3 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеп, түзеу жұмыстарына жіберіледі не болмаса осы мерзімге бас бостандығынан айырылады.

Азаматтық борышын өтеуге тиіс қызметкері туралы мәліметтерді жасыруға тырысқан мекеме басшылары да жазасыз қалмайды.  2015 жылдан бастап қолданысқа енгізілген жаңа заңнама бойынша барлық кәсіпорындар қарамағында жұмыс істейтін азаматтары жөнінде әскери комиссариатқа толық ақпарат өткізіп отыруы тиіс. Өйтпеген жағдайда, кәсіпорын басшысына 10 айлық есептік көрсеткіштен 40 айлық есептік көрсеткішке дейін айыппұл салынады. Мәселен, 2015 жылы Астанада қорғаныс саласының мамандарымен бірлесе жұмыс істегісі келмеген 8 компания 9 млн теңге көлемінде айыппұл төлесе, 2016 жылы 14 кәсіпорын жазаланды.

Жаза қатаңдатылып, айыппұл арқалағандардың қатары артқандықтан болар, биылғы жылы әскери борышын өтегісі келетін жастардың қатары жылдағыдан әлдеқайда көбейген секілді. Бұл туралы наурызда журналистермен кездескен Қарулы күштер Бас штабы ұйымдастыру-жұмылдыру жұмыстары департаментінің бастығы, генерал-майор Мүслім Дайыров мәлімдеген болатын. Оның айтуынша, жыл өткен сайын әскерге шақырылушылар сапасы жақсарып келеді.

– Бүгінде талап арттырылды. Әскерге шақыру сапасы жыл өткен сайын жақсаруда. Мұны статистика дәлелдейді. Әрбір орынға конкурс бар, дені сау, әскери қызметке жарамды төрт жігіттің арасынан біреуін ғана іріктеп аламыз. 18-27 жастағы әскерге шақыруға жататын контингент қатары өте үлкен, сондықтан бірінші кезекте, физикалық параметрлері бойынша електен өткізу жүреді. Кеңес армиясында – 15 жыл, тәуелсіз Қазақстанда 25 жылдан бері қызмет етіп келемін. Тәжірибеме сүйене отырып айтарым, қазіргі іріктеу параметрлері бұрынғыдан әлдеқайда жоғары, – деді М.Дайыров.

Қорғаныс министрлігінің әскери-дәрігерлік комиссиясы орталығының бастығы, медици­налық қызмет полковнигі Қанат Сұлтанғазиннің айтуынша, егер бұрын әскерге шақырылушы азаматтардың 70 пайызы ғана әскери қызметке жараса, қазір бұл көрсеткіш 75-78 пайызға дейін өсті.

– Жарамайтындардың қатары шамамен 10 пайызды ғана құрайды. Мәселен, көру қабілетін түзетуді қажет ететіндер және басқа да уақытша жарамсыздар шамамен 12%-ға жетеді. Мүлдем жарамайтындар өте аз. Бұлар – бала кезден мүгедектер, созылмалы және туабітті кеселі барлар, олардың үлесі 0,5%-ға да жетпейді, – деді ол.

Денсаулығында кінәраты бар азаматтардан бөлек әскери борышын өтеуден босатылатындардың қатарында отбасылық жағдайы сай келмейтін және білім алуын жалғастырып жүрген жігіттер де бар. Сондай-ақ, ауыл және село мұғалімдері мен дәрігерлері, Парламенттің және жергілікті мәслихаттардың депутаттары сайланған кезеңде әскерге шақыртылмайды.

Қорғаныс министрлігі Қазақстан армиясын тек психологиялық және физикалық тұрғыдан барынша даяр жастармен толықтыру міндетін қойып отыр. Әскерге шақыру кезінде республиканың өңірлеріне нарядтарды пропорционалды бөлуді ескере отырып, «экстерриториалдылық қағидаты» сақталмақ. Яғни, шақырылушы негізінен, басқа өңірге жіберіледі. Әскери бөлімдер бойынша бөлу кезінде азаматтың алған мамандығы да ескеріледі.

Әрине, әскерге шақырту алғандардың көбі үйіне жақын маңдағы әскери бөлімде қызмет атқарғысы келеді. Ата-анасынан алысқа ұзап көрмеген бозбалалар шалғайға баруды ауыр қасірет санайды. Бірақ әскери тәртіп олардың талап-тілегіне бағынбайды, қалауына көнбейді. Қайда жібереді – сонда барып, әскери борышты өтеу шарт. Аймақ бөлек болғанымен, Отан ортақ. Республиканың қай түкпіріне аттанса да міндет біреу: ел шетіне жау келсе, «ереуіл атқа ер салып, егеулі найза қолға алып» жаудың бетін қайтаруға дайындалу.

 

 

comments powered by HyperComments