Қоғамдық кеңес мүшелерін мерзімінен бұрын алып тастауға болады

Қоғамдық кеңес мүшелерін мерзімінен бұрын алып тастауға болады

Қоғамдық кеңес мүшелерін мерзімінен бұрын алып тастауға болады
ашық дереккөзі
ҚР Парламенті Мәжілісінде өткен дөңгелек үстел барысында ҚР Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі Болат Тілепов «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне қоғамдық кеңестердің қызметі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң жобасының негізгі ережелерін таныстырды. Іс-шараға Парламент депутаттары, орталық және жергілікті мемлекеттік органдардың Қоғамдық кеңестерінің басшылары, мемлекеттік органдардың, ҮЕҰ-нің өкілдері және сарапшылар қатысты. Қоғамдық кеңестер қызметі бойынша талқылауға ұсынылған үкіметтік түзетулер 2019 жылғы қарашадан бастап Мәжілістің қарауында жатыр. Осыған байланысты депутат Қанат Мусин қоғамдық кеңестер әлеумет пен билік арасында сындарлы байланыс орнағанын, сондай-ақ, бүгінде елімізде 200-ден астам Қоғамдық кеңес құрылғанын атап өтті. «Біздің азаматтарымыздың бағалауы бойынша Қоғамдық кеңестер қоғамдық пікір білдірудің және қоғам мен билік арасындағы диалогтың дербес және маңызды институты ретінде қалыптасты», – деп атап өтті депутат. Айта кетейік, заң жобасы жергілікті деңгейде сандық құрамды және республикалық деңгейде қоғамдық кеңестер құрамының сандық параметрлерін белгілеу бойынша бірыңғай тәсілді ұсынады. Қоғамдық тыңдауларды, қоғамдық сараптаманы, қоғамдық мониторингті, мемлекеттік органдар басшыларының есептерін ұйымдастыру және өткізу тәртібін нормативтік бекіту ұсынылады. «Қоғамдық кеңестерге қажет болған жағдайда қоғамдық бақылаудың әртүрлі формаларын жүргізу үшін тәуелсіз сарапшыларды тарту мүмкіндігін беру ұсынылады. Заң жобасында қоғамдық кеңестер саласындағы уәкілетті органды айқындау арқылы мемлекет пен Қоғамдық кеңестердің өзара іс-қимыл жасау тетігі белгіленеді, оның құзыретіне қоғамдық кеңестердің қызметін үйлестіруді және әдістемелік қамтамасыз етуді жүзеге асыру кіреді. Бұл органға Мемлекет басшысына Қоғамдық кеңестердің қызметі туралы жыл сайынғы Ұлттық баяндаманы дайындау және енгізу бойынша өкілеттіктер берілетін болады», – деді Болат Тілепов. Айта кетейік, Қазақстанда түрлі деңгейдегі 234 Қоғамдық кеңес жұмыс істейді: республикалық деңгейде – 18, өңірлік деңгейде – 216 кеңес (облыстар деңгейінде, Нұр-Сұлтан мен Алматы, Шымкентте – 17, қалалар мен аудандар деңгейінде – 199).