Жоғары білімді жұмыссыздар: Еңбек нарығы қашан жүйеленеді?

Жоғары білімді жұмыссыздар: Еңбек нарығы қашан жүйеленеді?

Жоғары білімді жұмыссыздар: Еңбек нарығы қашан жүйеленеді?
ашық дереккөзі

Биыл Білім және ғылым министрлігінің шешімімен жоғары білімді мамандарды даярлауға 53 864 грант бөлінген. 2020 жылғы шілдедегі статистикалық мәліметтер бойынша елімізде 636 405 студент университетте білім алып жатыр. Олардың 70 пайыздан астамы ақылы түрде білім алады. 2019 жылы еліміздегі білім ордалары 142,4 мың маман даярлап шығарған. Ал 2019-2020 оқу жылында 163,5 мың адам жоғары оқу орнына түскен екен. Аз көрсеткіш емес. Десек те, диплом алып, маман атанғандардың басым көпшілігі өз саласы бойынша жұмыс істеуге құлықсыз. Солайша уақытын, мемлекеттің я өзінің қаражатын шығындап, 4 жыл бойы оқып  алған білімін кәдеге асыра алмай жүр, не асырғысы келмейді. «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы сарапшыларының дерегі бойынша 2018 жылы ЖОО түлектерінің 60 пайызға жуығы мамандығы бойынша жұмысқа орналаса алмаған. Сәйкесінше еліміздегі жұмыссыздық деңгейі де төмендемей тұр. 2020 жылдың II тоқсанындағы қорытынды бойынша елімізде 453 971 адам жұ­мыссыз ретінде тіркелген. Соның ішінде жастар арасындағы жұмыс­сыздық деңгейі (15-28 жастағылар) 4 пайыз болған. Диплом бар, жұмыс жоқ, бірақ маман жеткіліксіз.

Кінәні кімнен іздейміз? Дип­лом басып шығарып, оны таратумен ғана айналысып кеткен жоғары оқу орындарынан ба, жем­қорлық жайлаған қоғамнан ба, әлде бұған грант жеңіп алып, білімді бас­ты мұрат тұтпаған студенттер се­беп пе?

Күрек ұстайтын  «қол» табылмай тұр

Нұр-Сұлтан қаласындағы «Афалина» HR агенттігінің қыз­меткерлері жұмыс іздеушілердің басым бөлігі экономикалық са­лаларға сұрау салатынын айтады. Заң­герлер де жұмыс таба алмай жүр­гендердің көш басында.  Кері­сін­ше құрылыс, өндіріс салаларына ма­ман тапшы. Осыған байланысты биыл ең көп грант құрылыс сала­сын­д­ағы мамандықтарға (2 500 грант), электротехника және энер­гетика мамандықтарына (1 800 грант), тау-кен өндірісі саласына (1 702 грант) тағайындалыпты.

Сарапшылардың пікірінше, елімізде маркетолог, web ди­зайнер, химик, ақпараттық тех­но­логия, өнеркәсіп саласының ма­ман­дары жетіспейді. Ал астроном, астрофизик, механик, геодезист кар­тограф сияқты басқа да маман­дар­ға аса зәруміз. Бұл мамандық­тарды таңдаушылар жоқтың қасы, қажеттілік те жыл санап артып келеді.

Ал ақпараттық технология са­ласына оқуға түсушілер са­ны көп, бірақ сапа жағы ақсап тұр. Қаншама грант, қыруар қаржы қа­растырылғанымен, бұл саланы оқыту әлі жүйеленбеген.

Мұнай-газ және энергетика са­лаларына ерекше назар аударып отырғанымызбен, оларды да жеткілікті дәрежеде игере алмай отыр­мыз. Мұнайға баймыз дейміз, бірақ оны сыртқа экспорттап тасу­дан әрі аса алмай келеміз. Соң­ғы кездері сұранысқа ие мамандардың қатарына дәрігерлер де қосылып отыр. Әсіресе, ауыл-аймақтарда дә­рі­герлер тіптен аз. Ауыл ша­руа­шы­лығы, мал шаруашылығы секілді салаларға да жас мамандардың аса қажет екені анық. Сарапшылар енді он жылдан кейін мал шаруашылығы мен аграрлық саланың тізгінін ұстар маман таппай қалуымыз мүмкін екенін айтады.

Жас мамандардың ауылға барып жұмыс істеуіне мем­лекет тарапынан да барынша қол­дау көрсетіліп отыр. Оқу бітір­ген жас маман мемлекеттік бағ­дар­ламалар арқылы тәжірибе жолын ауыл­дан бастай алады. Бірақ ауыл­дық квота арқылы оқуға түскен та­лапкерлердің өзі оқу бітіріп, дип­ломын қолына алғаннан кейін ауыл­дан ат тонын ала қашады.

Бізде екінің бірі – қаржы, ке­ден, салық салаларының ма­маны болғысы келетіндер. Олар­дың көптігі сонша – бір грантқа отыз талапкерден таласып жүр. Грант­қа түсе алмағандары ақылы түр­де оқиды. Олар да диплом ал­ған­нан кейін мамандық бойынша жұ­мыс істемейді, экономистер – жүр­гізу­ші, ал заңгерлердің пицца жет­кізу қызметінде жүргенін талай көр­дік.

Жастар неге мамандық бойын­­ша жұмыс істемей­ді, олардың  өзіне қатысы жоқ ма­ман­дыққа бейім болуы, жаппай кәсіп ашып кетуіне не себеп?

Ауырдың үстімен, жеңілдің астымен

Жеткізу қызметі демекші, курьерлік 2020 жылы сұра­нысқа ие қызметтердің көш ба­сына шыққан. Пандемия талай кә­сіпті қолданыстан тықсыруға шақ қалғанда, жеткізушілердің жұ­мыс қарқыны, керісінше күш алды. Курьерлер өздерінің кірістері айына 500 000 теңгеге дейін жеткенін ай­тады. Қарап тұрсақ, пандемияға дейін де жеткізу қызметінде жүр­ген­дердің көбісі жастар болатын.

Университетті енді ғана аяқ­таған жас мамандар бастап­қы­да жалақысының аз болатынын желеу етіп, мол пайда әкеледі-ау де­ген іске кетеді. Аз жұмыс – көп жа­лақы принципін басшылыққа алып, ауырдың үстімен, жеңілдің ас­тымен жүруді құп көреді. Әлеу­меттік лифт ұғымы, қазіргіше айт­қанда сәннен қалған. Бірден байып кеткісі келеді, не бастық болғысы келеді.

Жастардың кәсіпкерлікке бет бұруы, әрине елімізде­гі бизнесті дамытуға зор үлес қоса­тыны сөзсіз. Жоғары оқу орын­да­рын­да да кәсіпкерліктің бас­тапқы ұғымдарымен таныстыратын түрлі пәндер оқытылып жатыр. Десе де, бізде жалпы бір салаға басымдық бе­рілсе, бәрі жаппай соған ұмты­лып, қалғаны ақсап қалып жата­тыны рас.

«Шын мәнінде, бізде алған ма­ман­дығына сәйкес еңбек нары­ғында жұмыс істемейтіндер көп. Оның бірнеше себебі бар: бірінші­ден, басында мамандық таңдайтын кезде баланың өз қалауы ескеріл­мейтіні. Бала әке-шешенің, туған-туыстардың ықпалымен, солардың айтуымен білім алып, мамандық иесі болып шығады. Бірақ ол өзіне ұнамайды, не сол мамандық бойынша жұмыс табылмайды. Мы­салы, бізде экономика және заң са­ласы бойынша мамандар даяр­лай­тын жоғары оқу орындары көп. Бірақ еңбек нарығында оларды түгел жұмыспен қамтитындай мүм­кіндік жоқ. Нәтижесінде, сұраныс пен қажеттілік сай емес. Ол-ол ма, бізде қажетті мамандардың санын, сапасын бес-он жылда дәл анықтап айтып беретін маман жоқ. Тіпті, қоғамға керек маманның санын анық­тайтын әдістеме де жоқ. Со­ның салдарынан мыңдаған қазақ жастары босқа сабылып, керексіз диплом үшін оқып немесе алғашқы игерген мамандығына сай жұмыс таба алмай, екінші мамандықты игеріп жүр.

Жастар ауылда еңбек етуден қашады. Оған қаладағы инф­рақұрылым мен ауылдағы инф­ра­құрылымның сай еместігі себеп екені сөзсіз. Бос уақыт өткізу, өзін-өзі дамыту, қалыптасқан қарым-қа­тынастар жүйесі ауылда бол­майды. Бір жағынан эконо­ми­калық-мате­риал­дық жағдай, екінші жағынан әлеуметтік-психоло­гия­лық жағдай ауылдан қашуға итер­мелейді. Со­нымен қатар ауылда қарьера жасау мүмкіншілігінің болмауы, табыс­тың аздығы жас­тарды қалаға қарай ығыстырушы факторлар деуге болады»,  – дейді әлеуметтанушы, әлеу­меттану ғы­лым­дарының кан­дидаты  Рамазан Салықжанов.

Жастардың ауылға бармауы ондағы халық санының азаюына, мамандар тапшылығына әкеліп отыр. Жалпы, осының бар­лы­ғы әлеуметтік  теңсіздікке,  ауыл мен қала арасындағы теңсіздіктің одан әрі ушығуына әкелді. Дамыған елдерде ауыл мен қаланың айыр­ма­шылығы біліне бермейді, қалада – өндіріс орындары, зауыттар, ал ауыл­­да – мал шаруашылығы, егін­ші­лік­пен айналысады. Басты айыр­ма­шылық сол ғана. Тұрмыстық жағ­дай тең.

Еңбексіз баю ұстанымымен қаржылық пирамиданың шыр­мауына арбалып, соған шүбәсіз сеніп жүрген жастардың қатары да өсіп барады. «Ата-анамыз универси­тет бітіргеннен зейнетке шыққанға дейін еңбек етеді, бірақ соның же­місін көріп отырған жоқ, біз де сол соқпақпен жүргіміз келмейді»,  – дейді олар. Бірақ тегін ақшаны кім таратсын? Онымен қоса түрлі биз­нес тренинг өткізушілер мен оқы­ма­ған психологтардың ақыл сатуы да күрт көбейді. Осы орайда Абай­дың «Арсыз болмай атақ жоқ, Ал­дам­шы болмай бақ қайда?» деген сөз­дері ойға оралады.

Сондай жастардың бар­лы­ғының жоғары, кем дегенде кәсіптік немесе техникалық білімі бар. Себебі қазір мектеп бітірген соң оқу оқымай қалған дегенді есті­мейміз. Ата-ана баласын жұрттан қалмасын деп, қайтсе де оқытады, түлектер әйтеуір жоғары білімімді куәландыратын бір жапырақ қа­ғазым болса болғаны деп оқуға тү­седі. Бір айта кететін нәрсе, ата-анамызға масыл болмаймыз деп ҰБТ-дан жиған балы жеткен ма­мандықтың грантын қанағат етуші жастар да жетерлік. Сосын студент­тердің салғырттығына жоғары оқу орындары мен колледждердегі бі­лім­нің сапасыздығы қосылады.

Оқымай ма, оқыта алмай ма?

Дипломы бардың бәрі маман емес қазір. Жоғары оқу орын­дары жыл сайын қаншама тү­лекке үлкен өмір жолдамасын ұстат­са да, олар қоғамнан өз орнын бірден тауып кете алмайды. Жұмыс тапса да қатардағы ортанқол қыз­мет­кердің бірі болып, айлықтан ай­лыққа деген ұстаныммен жүре береді. Сонда біздің білім алайық, ғылым игерейік деген ниетіміздің болмағаны ма, әлде білім беру са­пасы расында төмен бе?

Еліміздегі жоғары оқу орын­дарының жемқорлыққа бейім екенін әрбір сегізінші студент куәландырды деген ақпарат бар. «Nur Otan» партиясы «Jas Otan» Жас­тар қанатының төрағасы Елнұр Бей­сенбаев «Таза сессия» акция­сының екінші кезеңіндегі анонимді сауалнама қортындысын жарияла­ған болатын. Сауалнамаға 64 же­кеменшік жоғары оқу орнында оқып жатқан 20 мыңнан астам студент қатысқан. Респондент­тер­дің пікірінше, жемқорлық фактісі көбінесе емтихан және есеп тап­сыру кезінде (23,8%), дипломдық жұмыс қорғау кезінде (8,7%) орын алады екен. Ал «ЖОО студенттері па­раны кімге көп береді?» деген сұ­рақ арқылы студенттердің 30 пайы­зы  параны оқытушыларға беретіні, ал 4,4 пайызы ректорларды тікелей сатып алатыны анықталған. Жасо­тандықтардың дерегіне сүйенсек, Қазақстан бойынша сессияны жабу бағасы – 22 мың теңге, бір пәнді тап­сыру 14 мың болса, курстық жұ­мыс 32 мың теңге тұрады екен. Бұдан бұрын ҰБТ-ны сатып алу да көп кездескені жасырын емес. Қыс­қасы, білімнің басты жауы  жем­қор­лық болып тұр.

Қазір талпынысы жоғары жас­тар­дың көпшілігі шетелде оқуды мақсат етеді. Олар елімізде білім са­пасы төмен екенін алға тартады. Со­лайша білімді жастар шетелге ағы­лып жатыр. Олардың елге қай­туы да екіталай.

Бірақ оқуға ынталы, жақсы оқыған жас мамандардың біразы жұмыс таба алмай жүрген­дерін айтады. Тағы бір айта кететін мәселе, еліміздегі жоғары оқу орын­дарында тәжірибеден гөрі құрғақ теорияға басымдылық беріледі. Со­лайша қанша үздік оқыған ма­ман болсын, теорияны практика жүзінде іске асыруға келгенде шор­қақтайды.

«Еліміздегі ұлттық университет­тердің бірінде оқып, үздік диплом­мен бітірдім. Бірақ мамандығым бойынша жұмыс таба алмадым, қазір уақытша бала қараумен айна­лысып жүрмін. Түйіндемемді ұсын­ған жұмыс орындары тәжіри­бемнің жоғы себепті және бос орын болма­ғаннан жұмысқа алмады»,  – дейді биыл бітірген жас маман Шынар Асқарқызы.

Қарызға алған білім

Жастардың өз мамандығы бойынша жұмысқа орна­ласуы үшін мемлекет тарапынан біраз шаралар қарастырылған. Бі­рақ, оқу бітіре сала жұмысқа ор­на­ласпағандар грант құнын мемле­кет­ке қайтаруы керек деген заң жастарды одан әрі алаңдатады. Іс тіпті сотқа дейін жетеді. Қаржы ор­та­лы­ғының мәліметінше, 2014 жылдың басынан бастап 2019 жыл­дың желтоқсанына дейін қар­жы орталығы сотқа жалпы сомасы 7,7 млрд теңгеге 3 997 талап арыз жіберген. Арыз бойын­ша 3,9 млрд теңгеге 2 160 сот актісі шығарылған.

Жастарды жұмыспен қамту мақсатындағы жобалар жоқ емес, бірақ нәтижесі мардым­сыз болып тұр. Мысалы, «Жастар тәжірибесі» жобасы жас мамандар­дың кәсібі бойынша бастапқы жұмыс тәжірибесін алу мақсатында ұйымдастырылған. Алайда ұзақты­ғы 6 айдан аспайды. Айлық жалақы мөлшері республикалық немесе жергілікті бюджеттерден 25 айлық есептік көрсеткішке тең.

«Бағдарлама жастар үшін мүм­кін­дік деп ойлаймын. Біраз нәрсе үй­ретеді, тәжірибе жинайсың. Ең­бек кітапшаңа еңбек өтілі ретінде жа­зылады. Бұл жоба,  әсіресе каран­тин кезінде пайдалы болды. Бірақ бір кемшілігі – қазір кез келген жер шарт жасасып алады да, бітіріп кел­ген жас маманды ресми жұмысқа алмайды. Себебі еңбекақыңды ор­на­ласқан мекемең емес, жұмыспен қамту орталығы төлейді», – дейді бағдарлама бойынша жұмыс істеп жатқан жас маман Айнұр Ешнияз.

Сонымен қатар бос жұмыс орын­дар жәрмеңкесі де тұ­рақ­ты түрде өткізіледі, бірақ ол жер­ден өз мамандығыңа сай жұмыс табу мүмкін бола бермейді.

Жапонияда жастарға такси жүргізушісі болуға тиым салынған екен. Себебі олардың тау қопарарлықтай жастық максимализмі мен жігері, ақылы, қажыр-қайраты мемлекетке, қоғамға пайдасы бар маңызды істерге жұмсалуы керек. Ал бізде керісінше. Диплом бар болса, жұмыс жоқ, жұмыс бар болса маман жоқ. Біреуінің білігі жетпейді, біреуінің білімі жетпейді. Тұйықталған шеңбер. «Я тілмаш я адвокат, болсам деген бәрінде ой». Әлі сол  түсінік. Ал Илон Масктар адамзатты Марсқа көшіргелі жатыр...